Сенбі, 20 Сәуір 2024
ШОЛУ 6566 9 пікір 10 Шілде, 2019 сағат 15:05

Нұрқаділовтен Байбекке дейін: Алматының әкімдері несімен есте қалды?

Алматы – еліміздің ең маңызды саяси-экономикалық, мәдени-рухани қаласы. Ал, Алматының әкімі болу әр кезде жауапкершілігі жоғары қызмет. Жуырда ғана бұл қалаға ҚР Премьер Министр қызметін атқарған Бақытжан Сағынтаев тағайындалды.

Сонымен оңтүстік астананың әкімдері ел есінде қандай істерімен қалғанына "Forbes" сайты шолу жасапты. Аталған шолуды қазақшаға қотарып бере отырып, айтылмай қалған азды-кем ойымызды қосқанды жөн көрдік.

Заманбек Нұрқаділов (1992-1994)

Білімі бойынша инеженер-құрылысшы. Медеу бөгенінің құрылысына қатысқан. Кейіннен партия органдарында жауапты қызметтер атқарды. 1985-1991 жылдары Алматы атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Алматыны екінші рет басқарды.

Нұрқаділов қала тұрғындарының есінде ең ашық және қолжетімді болуымен қалды. Ол көптеген жылдар бойы Алматының ерекшелігіне айналған “Азия дауысы” халықаралық байқауының негізгі ұйымдастырушысы болды. Нұрқаділовтың кезінде жекешелендіру басталып, қалада алғашқы коммерциялық кәсіпорындар, фирмалар мен банктер ашыла бастады.

Елдегі экономиканың ауыр халі оған қаланы жақсартуға, қандай да бір әлеуметтік жобаларды іске асыруға мүмкіндік бермеді. Керісінше, жарық пен газдың өшуі, қоғамдық көлік пен коммуналдық шаруашылық жұмыстарында жиі үзіліс болып тұратын.

Заманбек Қалабайұлы астананы болашақ Астанаға көшіруге қарсы болды. Алайда, парламент осы мәселе бойынша шешім қабылдағанға дейін (1994 жылғы 6 шілде) ол қызметтен босатылды.

Нұрқаділов өмірінің соңына дейін Алматыны ерекше сүйіп өтті. 1994 жылы қызметтен кеткеннен кейін ол мәжіліс депутаты болып сайланды. Кейіннен 1997-2001 жылдары Алматы облысының әкімі болып, Алматыда қызмет атқарды.

Сондай-ақ, республиканың барлық бөлімшелерін жаңа астанаға ауыстыруға қарамастан, 2001-2004 жылдары төтенше жағдайлар жөніндегі агенттікті басқарды. Өзі орнынан түскеннен кейін агенттік министрлікке ауыстырылып, Астанаға көшті.

2005 жылдың 12-қарашасында 61 жастағы Нұрқаділов өз үйінде өлі күйінде  табылды.

Шалбай Құлмаханов (1994-1997)

Мансаптық жолы Алматының алдыңғы мэрімен ұқсас. Құлмаханов та Нұрқаділов секілді құрылыс мамандығы бойынша білім алған, кейіннен партиялық және кеңестік орындарда жұмыс істеді. Алматы қаласы әкімінің қызметінен кеткеннен кейін ол екі рет Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетті басқарды. Содан кейін Алматы облысының әкімі болды. Сонымен қатар, 80-жылдары Құлмаханов қалалық әкімшілікте Нұрқаділовтың қол астында қызмет атқарды.

Құлмахановтың атқарған ерекше жұмыстары болмады. Ол басқарған жылдары Алматы да, қала тұрғындары да Нұрқаділов басқарған кездегідей қиын экономикалық кезеңді бастан өткерді.

2007 жылдың қаңтарында Төтенше жағдайлар министрі қызметінен кеткеннен зейнеткерлікке шыққан. Қазіргі уақытта Құлмахановтар отбасы үлкен бизнеспен айналысады. Ал, кейбір деректерге қарағанда Шалбай Құлмаханов уақытының көп бөлігін шет елде өткізеді.

Виктор Храпунов (1997-2004)

Энергетик. Көп жылдар бойы Алматыда  тұрған. Ол да Нұрқаділов сияқты Алматыны екі рет басқарған. Яғни, 1991- 1992 жылдары қалалық атқару комитетінің төрағасы болды.

Дәл Храпунов басқарған жылдары Алматы елорда атынан айырылып, Алматылықтар “оңтүстік астана тұрғындары” деп атала бастады.

90-жылдардың соңына қарай республика экономикалық өрлеуді бастан кешіріп, қала белсенді түрде дами бастады. Рас бұл жағдай көбіне ұнамады. Себебі Алматы тауларының етегіне коттедждер салу үшін, ондағы Алматының сәніне айналған алма бақтары кесілді. Сондай-ақ, тұрғындармен су қорғау аймағын құру туралы «келіссөздер жүргізу» мүмкіндігі жүзеге асты.

Храпунов Алматы әуежайына қатысты оқиғамен ерекше есте қалды. 1994 жылы әуежай өртенді. Кейін ол ұзақ уақыт бойы қайта жасалып, 2004 жылы ғана пайдалануға берілді.

Ал,1999 жылдан бастап «Алматы - менің алғашқы махаббатым» жаңа музыкалық фестивалі өткізілді.

Храпунов 2004-2007 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысының әкімі болды. Ал 2007 жылдың қаңтарынан бастап қарашаға дейін Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды. Бұл лауазым оңтүстік астананың бұрынғы әкімдері үшін “құтты орын”  болды.

Храпунов отставкаға кеткеннен кейін оның үстінен сыбайлас жемқорлық, алаяқтық, ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрылуы мен басқарылуы туралы айыптар басталды. 2018 жылдың қазан айында Храпунов сырттай 17 жылға бас бостандығынан айырылып, барлық атақтар мен марапаттарынан айырылды.

Бүгінде Храпунов және оның отбасы шет елде тұрады. Бірнеше мемлекетте, соның ішінде Швейцарияда бизнесін жүргізіп отыр. Ал, Храпунов өзіне тағылған айыптың саяси астары бар деп есептейді.

Иманғали Тасмағамбетов (2004-2008)

Қаланың тарихындағы ең беделді көшбасшылардың бірі ретінде қалды. Оның билігі кезінде Алматы көшелері тәртіпке келтіріліп, қоқыстардан тазартылды, барлық жерде жолдар мен көлік жолдары салынды. Және ол Тасмағамбетов 2011 жылғы Азиада ойындарын Алматыда өткізуге арналған конкурсты жеңіп алды.

Дегенмен, Тасмағамбетовтың кезінде Алматыда әйгілі “Шаңырақ оқиғасы” болды. 2006 жылдың жазында жағдай ушығып, заңсыз ғимараттарды бұзу кезінде тұрғындар мен полиция қызметкерлірінің арасында қақтығыс болып, бір полиция қайтыс болды.

Айтпақшы, Тасмағамбетов кезеңінде «Азия даусы» фестивалі  жабылды. Ол байқау соңғы рет 2004 жылы өткізілді.

Кейіннен Тасмағамбетов Астана қаласының әкімі, ҚР Қорғаныс министрі, Премьер-Министрдің орынбасары болды. 2017 жылдан күні бүгінге дейін Қазақстанның Мәскеудегі Елшісі болып қызмет атқарады.

Ахметжан Есімов (2008-2015)  

Ол жұмысын қоғамдық көліктің жұмысын өзгертуден бастады.  Және қалада бірінші болып автобустарға арналған арнайы жолақтарды енгізді. Оның бастамасымен “Алматы - жаяу жүргіншілер үшін” атты қалалық бағдарлама іске қосылды. Көптеген велосипед жолдары пайда болды, велосипед жарысы өткізілді. Ол Алматы автокөліктеріне қатты әсер етті.

Есімовтың кезінде көптеген сауда-ойын-сауық орталықтары салына бастады, бірақ коммуналдық қызметтер жақсы жұмыс істемеді.

Сондай-ақ, әйгілі “барахолка” базары өртенді. Кейін ол базар басқа жаққа көшіп, жұмысын бастады.

Ол Алматыға екі жаңа  Наурызбай және Алатау аудандарын қосты. Алматы метрополитені жұмысын бастады. Және Азияда ойындары сәтті өтті.  «Алматы Тур» велосипед жарысы өткізіліп, бірнеше спорттық нысандар қайта жаңартылды. Сонымен қатар, Алматы қысқы Универсиада ойындарын өткізу құқығына ие болды.

Алайда, Есімов мырза Алматыдағы Тәуелсіздікке тәу етер бір де бір жиынға қатыспады. Оны Есімов өзінің туған күнімен байланыстырған.

Алматы әкімдігінен кеткеннен кейін Ахметжан Смағұлұлы «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы »АҚ басқармасының бастығы болды. Ал 2017 жылдың желтоқсанынан бері «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы болып қызмет атқарады.

Бауыржан Байбек (2015-2019)

Алматының ең жас әкімі. Ол Алматыда бизнесті қызу қолға алды. Көп ұзамай азаматтар бірқатар инновациялық игіліктерді көрді. Және ол 4 жылда қаланың бет-әлпетін едәуір өзгертті.

Ол қоғамдық көліктің қызметін басқаша жалғастырды. Қоғамдық көлікте “Оңай” картасын енгізіп, автобустар мен троллейбустарға арналған арнайы жолақтардың санын көбейтті. Және Тимирязев пен Мұстафин көшелерін қайта қалпына келтірді. Қаланың автобус паркі қайта жаңартылды. Қаланың көшелерінен трамвайларды алып тастады. Алайда ол ісі қала тұрғындарының тарапынан сынға ұшырады. Бірақ ол  LRT - жеңіл рельсті қоғамдық көлігін енгізуге уәде берді.

Байбек тұрғындар мен қонақтар үшін жаяу жүргіншілер аймағын салған. Алматылық тұрғындардың бірнеше жылдан бергі аулалары қайта құрылды және барлық жерде ойын алаңдары салынды. Қазір Алматыда Smart City жобасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Жолдардың құрылысы жүргізіліп, арық жүйесін ауыстыру жалғасуда. Алайда, Алматылықтар қатты жаңбыр кезінде су тасқынынан зардап шегеді.

Байбектің қалада бір жақты көшелердегі жылдамдықты 40 км/сағ, ал, қаланың бас даңғылындағы жылдамдықты  60 км/сағ-қа қысқарту туралы шешімі сынға ұшырады.

Бірақ, оның кезінде Универсиада ойындары сәтті өтіп, қалада бірқатар спорттық нысандар бой көтерді. Сондай-ақ, ол тұрғызған “Атакенттегі” тиіннің мүсіні біраз сынға ұшырады.

Ал, 2019 жылдың 28 маусымында ол Алматы қаласы әкімінің қызметінен босап, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Енді Алматы әкімі болып Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев тағайындалды.

Сағынтаев қызметіне кіріскен бір аптаның ішінде қала тұрғындарымен кездесті. Қаланы жезөкшелерден тазарту туралы жедел тапсырма берді. Су жаңа әкімнің сол тапсырмасынан кейін полиция өкілдері жалма-жан рейд жүргізіп, әлгі әйдік кәсіппен шұғылданатын бірнеше адамды, оларды әрі-бері тасып жүрген бірнеше таксиді және жеңгетайлық жасап жүрген тағы бірнеше адамды ұстады. Ұсталғандардың ұзын-ырғасы 130 адам болды.

Айтпақшы, үйді-үйді аралап шықты. Үй аралап жүргенде тіпті, бір келіншек әкімді үйіне кіргізбей қойғаны әлеуметтік желіде әжептәуір әңгіме болды. Ауруханалар мен полиция қызметіне баға берді. Автожолдарды кеңейту мәселесін сөз етті.

Бақытжан Әбдірұлы қызметіне кірісе салысымен экс-әкім Бауыржан Байбекпен әлеуметтік желіде әзілдесті. Бауыржан Байбек "Твиттердегі" парақшасында "пост сдал" деп жазса, Бақытжан Сағынтаев оған жауап ретінде "пост принял" деді.

Онан соң, алматылықтарға бейне үндеу жолдап, тұрғындарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Бақытжан Сағынтаевтың әкімдіктегі қызметіне бір апта ғана уақыт толды. Сондықтан, оның қызметі туралы пәлендей сараптама жасау қиындау. Дегенмен, ол Үкіметті басқарып тұрғанда "Сағынтаев Үкіметі - ең көнбіс Үкімет" деген бағаға ие болғанын еске түсіргеніміз жөн болар.

Айтпақшы, ақпанда отставкаға кеткен Бақытжан Сағынтаев айналасы екі-үш айда екі-үш қызмет ауыстырып үлгерген.

2019 жылдың 21 ақпанында отставкаға кетті.

2019 жылдың 1 наурызында ҚР Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды.

2019 жылдың 24 наурызында ҚР Президент Әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалды.

2019 жылдың 28 маусымында Алматы әкімі болып келді.

Ақпаннан бері Мемхатшылық пен ПӘ жетекшілігін көрген Бақытжан Әбдірұлының Алматы әкімдігінде тұрақтап қалуына тілекшіміз, әрине.Тілекші бола отырып, жұмысты жезөкшелерден бастаған әкімнің Алматының, алматылықтардың игілігі үшін шынында кезек күттірмес шаруаларды шешетініне үміт артамыз деп түйіндейік...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

9 пікір