Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
қазақ! 4560 11 пікір 10 Шілде, 2019 сағат 11:47

Қазақ қонақжай, бірақ қорқақ емес!

Шетелдіктерге қосымша нұсқаулық-инструктаж

(Қара сөзбен жазылған өлең)

Ежелгі Сақ пен Ғұннан мирас қалған, күллі Түркінің отаны, қасиетті, киелі Ұлы Далаға - Қазақ жеріне хош келдіңіздер! Қазақ елінің арғы атасы Ер Түрік, бергі атасы айбынды Алаш екенін білуге әркім-ақ, міндетті! Бұл топырақты басқан адам, сонау Түрік Қағанаттарынан бізге жеткен, ата-бабамыздың қаны мен тері тамған, мыңдаған жылдар тарихы бар елді, жерді, асқарлы-қарлы тауларды, айдынды-шалқар көлдерді, көз жетпес кең байтақ Даланы көргені үшін өзін бақытты санауы керек!

«Әр елдің Заңы басқа» деп Ұлы Бабаларымыз табыстап кеткендей, біздер қазақтардың керек десеңіз ең жақын Түркі бауырларымыздан да ерекшеленіп тұратын кейбір жан-сырымыздың өзгешеліктері бар! Біздер, қазақтар Ата-Бабамыздың аруағын қатты сыйлаймыз! Ата-бабалардың бейіттері, бірге жүрген замандас-қарындастар, ата-әжелер, аға-інілер барлығы да біз үшін киелі ұғым! Оны ескергісі келмеген кез келген жан тиісті жазасын алады! Өйткені, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан Ұлы Дала Заңының ұшқыны кеудемізде әлі өшкен жоқ! Әрбір қазақ өзінің жеті атасын біледі, бар еліміздің туыс екенін анықтап: «Қарға тамырлы Қазақпыз!» деген. Бар Қазақтың қайда жүрсе де, қай елде болмасын, тілінде өзгеріс-диалект жоқ... бұл да бізге атадан қалған аманат! Мысалы, мағрип пен машриқтың арабы, сол сияқты екі тәуелсіз елдің немісі де бір-бірін түсінбейді де, ал біздің қазақ бір қазақ!

Негізі, Қазақ момын екені, қонақжай екені рас, алайда, қорқақ емес, оған ынжықтық жат! Жүздеген жылдар бойы мұсылман болып келгенімізбен де, шариғатпен қатар, біздің өмірлік ұстанымызда бабадан мұраға қалған Намыс, Ұят, Обал, Сауап сияқты адами-ахлақтық сезімдер жүрегімізде қоса жүреді! Оған бабалардың «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы!» деген сөзі куә! Оған бұрынғылардың «Бетің күйгір» деген сөзі куә, өйткені, арын, бетін жоғалтқан адам, ешқашанда адам қатарына қосылмаған! Оған ешқандай полиция, прокурор, түрмесіз-ақ халқымыздың бар ұлы Далаға ортақ, Намыс атты Өмір Кодексін құра білгені куә!

Иә, біздер отарлаудың да қорлық-қиындығын көрдік, иә, қазір, біздің халықтың кейбір сорлы өкілдері ұлтымыздың салт-дәстүріне, діні-тілі-діліне жат, сатқындық тұрғыда шекесінен қарайтыны да рас. Бірақ, негізгі қазақ бәрібір сол қазақ! Солай жалғаса да береді!

Бұрын қазақта мемлекет болмаған деген мүлде жексұрын пікір! Біздің мемлекет сонау ежелден бастау алған! Оның жалғастырушысы Шыңғыс Қағанаты, содан атағынан әлем тітіренген Жошыхан басында тұрған Алтын Орда, Ақ Орда біздің мемлекет! Көпшілігінің атын жатқа білетін, ардақты, адал хандарымыз, бүткіл дауды екі-ақ ауыз сөзбен жарастырған дуалы билеріміз, әке-шешесі, бауырлары қарап тұрғанда, солардың көз алдында қан майданға шығып опат-мерт болған атақты батырларымыздың аруақтары бізді қолдап жүретіндігіне сенеміз. Кешегі, ел үшін шейіт болған барлық ерлерді, соңғы ханымыз Кенесарыны, Алаш Ардақтыларын пір тұтамыз. Екінші Дүниежүзілік зұлмат Соғыста аталарымыздың ешкімнен ықпағанын мақтанышпен еске аламыз! Міне, солардан жалғасқан Көк Түріктің пірі - Көк Бөрінің қаны, түйсік-гені әлі күнге дейін кеудемізде бар екенін сезінеміз. Бабалардың арманы болған, қазіргі тәуелсіздігімізге шын қуанамыз, бағалаймыз.

Осындай қуанышымызды бірге бөліскендерді дос санаймыз! Бағалағандарды асты-үстіне түсіп күтіп, бағалай да білеміз! Оған елімізге көптеген қиындықтар көріп айдалып келген елдерді құшағына тартып, соңғы түйір нанымен бөліскен ата-әжелеріміздің ісі куә! Қазір де елдегі сан түрлі ұлт өкілдерін ешкім де бөліп, шеттетіп көрген жоқ, тек қана дәстүрді сыйласа болды! Біз Қазақпыз...

Азкен Алтай Жетысуский

Abai.kz

11 пікір