Жұма, 29 Наурыз 2024
Мәлімдеме 4620 7 пікір 9 Шілде, 2019 сағат 10:44

Дәурен Қуат. Қанатқақты

Осыдан төрт жыл бұрын, ұмытпасам, тамыз айы ортасынан ауған шақ, маған Қанат Әбілқайыр інім қоңырау шалып тұр:

–  Дәке, – дейді, – сізбен сөйлесетін сөз бар еді, – дейді. Мен мәселенің мән-жайын бірден ұға қойдым:

–  Сөйлесетін сөзді қайтесің, ертең жұмысқа кел, дайын кел.

–   Келістік, аға!

Қанат Әбілқайыр – мен сырттай ен салып жүрген талантты жігіттердің бірі. Жазушы, журналист. Бізде «жазушы» атанып үлгерген жастардың бәрі демей-ақ қояйын, біразы баспасөз жұмысына келгенде шоқырақтап қалады. Солардың көркем дүниеге қалай көлік сайлап қосылғанын білмеймін, көбінің қоғамдық, әлеуметтік, ұлттық мәселелерді жазуға құлашының жетпейтініне таңым бар. Менің талабымда жазушы бәрін жаза алуы керек. Біз шығармаларын жастанып оқыған бұрынғы қаламгерлер шетінен суырылған көсемсөзші, шебер журналистер еді. Ақыны да, жазушысы да... Ал кейінгілерден көркем шығармадан – журналистикаға, журналистикадан – көркем әдебиетке қамшы салдырмай өтетін аз ғана шоғыр болса, солардың қатарынан мен Қанатты көретінмін. Сондықтан оған бірден бұйырғандай етіп: «... ертең жұмысқа кел» дедім сенімді түрде.

Жұмысқа келісімен Қанат бірден іске кірісті. Күн аралатып, апта өткізіп, асықпай, ырғалып-жырғалып жүретін дәстүрлі баспасөздегі жағдай «Abai.kz» сайтында атымен жоқ: қазір болғанды қазір жарқ еткізбесең оқырман айнып қалады... дегенді жайымен ұқтырмақ едім, сөйтсем, Қанатым сақылдап дайын келіпті, мақаланың бірінен соң бірін төпелете жазды. Электронды поштада жатқан материалдарды да жылдам оқып, тез өңдеп, сайтқа сарт еткізе қояды екен. Ақпаратқа да жүйрік. Сөйтіп, компьютерімнің перне тақтасындағы түймелерді термелеп, мүйіздене бастаған саусақтарымның ұшы Қанат қызметке тұрған күннің ертеңінде ғана ептеп жіби бастады-ау деймін... Қанаттан кейін араға он-он бес күн салып «Абайдың» табалдырығынан Нұргелді Әбдіғаниұлы аттады. Одан бірер күн бұрын Нұргелдімен де телефон арқылы тілдескенім бар, ол да қызметке қабылданған. Оны-мұны жұмыспен сәл кешігіп кеңсемізге бас сұқсам, Қанат күліп отыр:

–  «Нұргелді» деген бала келіп кетті жаңа. Өзі бір қызық бала екен, мен сияқты мақтаншақ екен.

–  Ендеше сол мақтаншақ бала екеуің тізе қосып бірге жұмыс істейтін боласыңдар.

–  Әп-бәрекелді!

Екі «мақтаншақ» екі жақтап іске кіріскен соң маған жұмыс қалсын ба, арқам кеңіп, алаңсыз әңгіме-хикаяттарымды жазуға отырдым. Бірақ,  «мақтаншақпыз» дегенімен менің бұл екі інім әсіре мақтанға да, бөспе сөзге де әсте жоқ болып шықты. Әйтпесе, осы кейінгі төрт жылда (бұрынғыларды айтпағанда) «Abai.kz» қандай мәселе көтермеді, қай тақырыпқа түрен салмады?.. Кімдердің тарапынан қысымға ұшырамады? Соның бәрін жазып, бәрінде жеңіске жетсек те, бұл екеуі арзан атаққа, мадақ-мақтанға ат басын бұрмады, тура жолдан таймай тарта берді. Бүркеншек атпен пікір қалдырып отырған ағайын біле бермейді, бізде Жер, Көші-қон, Қазақ мәселесі атты тақырыптарға табу салынған. Сонда да бұзып-жарып, тәуекелге бел буып жазуың, айтуың керек. Айтпасқа, жазбасқа амал кем... есең кетіп барады. Ұлттың есесі кетіп барады. Бұндайда бұта паналап бұғып қалуды біз қабылдай алмаймыз. Алайда бүгін бұғып қалып, ертең бұлттан шыққандай бұғы мүйізденіп, бұтына толып жүретіндер бар. Міне қызық, ел шіркін кейде сондайларға есі кетіп, сөзіне иланады. «Ау, кеше сен қайда едің?» демейді, жылтырап сөйлеп берсе болды: осы күнгі жұрт жылтақайға еріп, жылтқа жылынады.

Еске түсіп отыр, 2016 жылы қазақ билігі кәрін төгіп, қазаққа кезекті мәрте шүйлікті. Қазақ көшін тоқтатып, алыстан ата жұртына оралған ағайынды келген жағына қайтаруға білек сыбана кірісті. Мұндайда күштік құрылымдардың күшіне мініп, жанығып кететіні бар емес пе, Жамбыл облыстық Көші-қон полициясы ҚХР-дан бері өтіп, Азаматтығын ала алмай, абдырап жүрген ағайынның басынан айқай асырып, кері қайтаруға жұмылды. 250 адам. Кілең қаракөз қазақ жастары. Шаңырақ көтерген, сәби сүйген бір өңкей жас отбасы, қайсыбірі ЖОО-ларда оқиды, қайсыбірі қарекет қылып,  тұяққапты тірліктің соңында жүр. Енді солардың бәрі бір күнде Қытайға қайтуы керек. Ал олардың ол елге барғандағы күні не болады? Оған қазақ билігінің басы ауырып, балтыры сыздамайтыны белгілі. Қанатқа «қамшыңды бас!» дедім. «Abai.kz» порталының тұрақты авторы, қоғам қайраткері, жалынды публицист Ауыт Мұқибек бір жағымыздан шығысты. Сонда Қанат не істеді дейсіздер ғой, алдымен  WhatsApp желісі арқылы депортациялануы мүмкін 250 жастың басын қосып, топ ашты, олардың әр қайсысымен жеке тілдесе отырып, мәселенің мән-жайын толық зерттеп, анықтап алды, сосын Тараздағы Көші-қон полициясы шақырған жиынға барды. Оның алдында 250-дің зары порталымызда бірнеше рет жарияланып, ел іші құлақтанып қалған. Тараз жиынына Қанат қана емес, тағы біраз  журналистер барған-ды. Бірақ полиция баспасөз өкілдерін жиынға қатыстырмай, залдан айдап шығады. Біздің Қанатты да. Әйтсе де Қанат сол жиыннан сұмдық мақала жазып келді. Тіпті, 250 жасты көзінен тізіп, көгендеп қойып аузына келгенді көкіген полиция бастығының сөзін де үнтаспаға тартып әкеліпті. Қалай? Қайтіп? Бұл енді біздің құпиямыз. Мақала ертеңінде порталымызда жарқ ете қалды. Мақаладағы жазылған жайтпен келіспейтіндігін білдіріп Тараз ғана емес, ақ жағалы Астана (ол кездегі астанамыздың аты – Астана болатын) дүрлікті. «Келіспесеңдер, міне» деп біз сонда оларға үнтаспадағы боқтық-боранды тыңдатуға мәжбүр болдық. Сол кезде барып саппастар сабасына түсті. Мәселеге премьер-министр Бақытжан Сағынтаев араласты (қазіргі Алматы қаласының әкімі). 250 жас аз уақыттың ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығын алды!

Біз бұны Қанаттың журналистік шеберлігі, тапқырлығы, батылдығы, азаматтығы деп білеміз. Білмейтіндер болса, біле жүріп ұмытып қалғандар болса, оларға еш өкпелемейміз. Өйткені, Қанат Бірлікұлы өзінің кәсіби міндетін адал атқарды. Бары – осы.

Айта берсек біраз жерге баруымыз мүмкін, осымен аялдайық.

Айтпақшы, жазушы Қанат Әбілқайыр «Abai.kz» порталына келген күннің ертеңінде маған қарап күліп:

– Аға, прозада сізбен жарысып жазғым келеді, –  деді.

–  Жарысайық, – дедім мен. Екеуміз жарысып біраз әңгіме-хикаят жазып тастадық. Қанаттың «Жылан кегі» атты тамаша хикаясы осылайша дүниеге келді. Көрдіңіздер ме, талант, оның үстіне еңбекқор талант қай уақта да жазуға мүмкіндік табады.

Қанат бауырым сайттың күнделікті жұмысымен бірге Бердібектануды да бастап кетті. Ұлы жазушы Бердібек Соқпақбаевтың кейіпкерлерін тауып алып тілдесті, жазушының цензура қайшысы тураған шығармаларындағы үзінділерді іздеп жүріп, үзбей жариялады. Ал мен Жазушылар одағы Басқармасының шақыруымен «Қазақ әдебиеті» газетіне аттанғанымда өзім қаз бастырып, қазақ баспасөзінің қатарына қосқан «Абайымды» Қанат Әбілқайырдың құзырына тапсырып, алаңсыз кете бардым. Сөйткен Қанатымыз да қанат қағып, қияға бет алыпты. Көпшіліктің тілімен айтсақ, ол «өсіп» барады.  Жолы болсын! Қанаттың қандай қызметке барғанын жақын арада сүйіншілейтін боламыз, ағайын. Ал «Абайдың» көші жалғаса бермек.

Дәурен Қуат

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594