Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Ел іші... 5162 18 пікір 2 Шілде, 2019 сағат 13:31

Шерулетіп өткізген жарты жыл (ШОЛУ)

Билік бейбіт митинг өткізуге рұқсат берді. Мұндай да болады екен-ау, деген жұрт әуелде сенер-сенбесін білмеді. Әдетте біздегі кез келген митинг рұқсатсыз ұйымдасады. Жо-жоқ, рұқсат сұрайды ғой. Тек билік оған рұқсат бермейді. Ақыры жиналған жұртты бетперде киген ұрда-жық жендеттер күшпен тарататын. Қуаласпақ ойнайды. Арты соттау, әкімшілік жазаға кесу, қудалаумен аяқталады. Қазақстандағы бейбіт митингтердің ортақ сипаты осы.

Бұ жолы олай болмады. Билік өзі рұқсат берді. Алматы мен Астана (Нұр-Сұлтан) қалаларында маусымның 30-ы күні бейбіт митингтер өтті.

Алматыда «Сарыарқа» кинотеатрының артында орналасқан саяси-қоқыс алаңы бар. Ол жер біз үшін саяси «свалка» болғанымен, Коммунистердің киелі орны. Қызыл жалаулылар жыл сайын жиылып, көсемдеріне (Ленинге) құлшылық қылады. Бір жылдары Мұхтар Шаханов та, мемлекеттік тіл акцияларын сол алаңда өткізді. Оппозиция серкелері де сол жаққа жиналатын. Басқа жаққа билік жолатпайтын. Қысқасы, әлгі саяси «свалка» Алматыдағы саяси акциялар полигонына айналған. Кешегі рұқсат етілген митинг те сол алаңда өтті. Оған 1,5 мыңнан аса адам қатысты.

Ал Елордадағы митингті өткізуге өтініш жазып, рұқсат алған «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының жетекшісі Азаматхан Әміртай болды. Бас қаладағы жұрт біле бермейтін «Жерұйық» дейтін саябаққа да шамамен 1000-1500 адам жиылды.

Басқасын айтпағанда, Мәжілістегі қаһармандар мен қайраткерлер де алаңға шықты. Өткенде ғана «қай ел митингке шығып, мұратына жетіпті» деп сөйлеген Бекеңнің (Бекболат Тілеухан) өзі де "митингілетіп" кетті. Билік партиясының өкілдері митингке шықты дегенді бұрын естіп пе едіңіздер? Әй, қайдам... Олар не деді, кімге қайрылып сөйледі, ол туралы егжей-тегжейлі жаздық... Қайталап жатпайық...

Жә, 2019-дың жарты жылын өткердік. Осы жарты жыл қазақ үшін, Қазақстан үшін саяси процесстерге толы өтті. Қазақстанды кезексіз 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетті. Кезектен тыс президент сайлауын өткіздік. Қазақстан Тәуелсіздік тарихындағы екінші президенін сайлады. Астанадағы шетін оқиға мен Арыстағы апат ел-халықтың санасын сілкіп оятты. Өкінішке орай, жыл басы қазамен басталды. Қаңтарда Қарағандыдағы жанжалдан басталған толқулардың соңы кешегі Теңіздегі шеруге дейін ұласты. Қарап отырсақ, жыл басынан бері 100-ге жуық митинг өтіпті. Мыңдаған адамды полиция тұтқындаған. Жүздеген адамға әкімшілік жаза кесілген. Ондаған адам қамалған. Сөзіміз сұйық шықпас үшін, сол митингтерді хронологиялық реті бойынша еске түсіріп көрейікші...

Қаңтардан маусымға дейінгі митингтер хронологиясы

Қаңтар айы. Қарағанды оқиғасы

01.01.2019 жыл. Қарағанды қаласындағы «Древний Рим» мейрамханасында жанжал шығып, арты жаппай төбелеске ұласты. 3 адам жарақат алып, 1 адам қаза тапты. 23 жастағы қазақ жігіті кісі қолынан қаза тапты.

02.01.2019 жыл. Төбелес болған жерге ондаған адам жиналды.

03.01.2019 жыл. Халық митингіге шықты.Әділ тергеуді талап етті.

06.01.2019 жыл. Жүздеген адам Қарағанды орталығына жиналды. Митинг ұйымдастырды. Наразы халыққа облысы әкімі Ерлан Қошанов шығып, әкім ретінде, президенттің өкілі ретінде істі соңына дейін жеткізетініне уәде берді.

Ақпан айы. Бес сәбидің қазасы

04.02.2019 жыл. Ақпанның 4-іне қараған түні Астананың Сарыарқа ауданындағы Көктал-2 деп аталатын бөлігіндегі жеке меншік үйдің ауласында баспана өртенген. Бір үйдің бес баласы қаза тапты.

05.02.2019 жыл. Өрттен қаза тапқан бес сәбиді жерлеу рәсімі өтті. Қаралы жиынға жүздеген адам жиылды.

05.02.2019 жыл. Ақтөбеде ондаған адам жиылып, қаралы жиын өткізді.

05.02.2019 жыл. Алматыда ондаған адам жиылып, қаралы жиын өткізді.

Көп балалы аналар митингі

06.02.2019 жыл. Көп балалы аналар Астанада митинг өткізді. Ондаған адам жиналды. Президент Назарбаевтың атына көп балалы аналар атынан хат жазылды. Олар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа көпбалалы отбасыларын баспанамен қамтамасыз етуді, балаға мемлекеттен төленетін жәрдемақыны көбейтуді, тұрмыс жағдайларын жақсартуды талап етті. Жиналған жұртпен кездесуге Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев шықты.

06.02.2019 жыл. Алматыда бір топ көп балалы ана жиналды.

07.02.2019 жыл. Ақтөбе облысының Бершүгіп ауылында жұмысшылар митингке шықты. Облыс әкімдігіне барғандар билікке 200-ге жуық адамның атынан арыз-шағым өткізді.

07.02.2019 жыл. Ақтөбе облыстың әкімдігіне көп балалы аналар жиналды.

08.02.2019 жыл. Ақтөбе, Алматы мен Қызылорда қалаларында ондаған адам жиналып митинг өткізді.

09.02.2019 жыл. Астанада ондаған ана «Астана» кәнсерт залының алдына жиналып, әкімдікке талаптарын жеткізбек болды. Наразы аналарға әкімнің орынбасары Ермек Аманшаев келді.

10.02.2019 жыл. Шымкентте көп балалы аналар жиналып, әкімдікке барды.

11.02.2019 жыл. Алматыда  Асхат Берсалимов дейтін белсенді азамат саяси тұтқындар мен көп балалы аналарды қолдап жалғызілікті пикет өткізді.

15.02.2019 жыл. Астана қаласындағы концерт залына жүздеген адам жиналды. Олап көп балалы аналар еді. Әлеуметтік мәселелерін айтып, қала әкімімен кездесуді талап етті.

15.02.2019 жыл. Шымкенттегі «Түркістан» сарайына мыңнан астам адам жиналды. Әкіммен кездесуге келді.

16.02.2019 жыл. Шымкентте 300-ге жуық ана кездесуге әкімнің келуін талап етті.

18.02.2019 жыл. Алматыда көп балалы аналар жиналды.

20.02.2019жыл. Алматы әкімінің есеп беру жиынына бармақ болған белсенділерді полиция тұтқындады.Олар "Көкжайлауды қорғайық!" қозғалысының өңілдері еді.

20.02.2019 жыл. Кентаулық көп балалы аналар әкімнен әлеуметтік проблемаларды шешуді сұрады.

20.02.2019 жыл. Астана қаласындағы «Қазмедиа орталығы» алдында ер адам үкімет мүшелерінің келуін талап етті.

25.02.2019 жыл. Шымкентте де көп балалы аналар жиналып, қала әкімімен кездесуді талап етті.

25.02.2019 жыл. Жаңаөзенде ондаған жұмыссыз азамат митинг өткізді. Полиция 16 азаматы әкімшілік жазаға тартты.

27.02.2019 жыл. Алматыдағы «Нұр Отан» партиясы алдына бір топ белсенді жиналды. Оларды полиция ұстады.

28.02.2019 жыл. Ақорданың алдына бірнеше адам жиналды. Олар көп балалы аналар еді.

Наурыз айы. Астана атауын өтгертуге қарсы акциялар

04.03.2019 жыл. Көп балалы аналар наразылық білдірді.

06.03.2019 жыл. Ақтөбелік аналар биліктен баспана мәселесін шешуді талап етті.

11.03.2019 жыл. Жаңаөзенде 100-ге жуық жұмыссыз адам әкімдік алдында наразылық білдірді.

12.03.2019 жыл. Шымкентте көп балалы аналар наразылыққа шықты.

14.03.2019 жыл. Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтары мәселесі туралы резолюция қабылдады. Еуропарламент Қазақстан билігін «адам құқықтарын құрметтеп, халықаралық талаптарды орындауға, саяси қудалауларды тоқтатуға» шақырды.

18.03.2019 жыл. Астанада ондаған көп балалы ана Министрлер үйіне келіп, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевпен кездесуді талап етті.

21.03.2019 жыл. Астана қаласында бір топ азамат қала атауын өзгертуге қарсы митингке шықты.

22.03.2019 жыл. Астанада митинг өтті. Полиция ондаған адамды ұстады.

22.03.2019 жыл. Шымкентте полиция бірнеше адамды ұстады. Олар митинг өткізбек болды деген күдікке іліккен.

22.03.2019 жыл. Алматыдағы Гоголь мен Панфилов көшелерінің қиылысында ондаған адам жиналып, наразылық акциясын өткізді.

Сәуір айы

02.04.2019 жыл. Ақтөбеде әлеуметтік мәселелерді көтерген бір топ ана әкімдікке барды.

11.04.2019 жыл. Нұр-Сұлтанда ондаған көп балалы ана наразылық танытты.

12.04.2019 жыл. Шымкентте көп балалы аналар әкіммен кездесуге тағы жиналды.

16.04.2019 жыл. Нұр-Сұлтанда ондаған көп балалы ана наразылық білдірді.

От правды не убежишь акциялары

21.04.2019 жыл. Белсенділер сайлауға қарсы «От правды не убежишь» деген акция ұйымдастырды. Сот Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті кінәлі деп тауып, 15 күнге қамады. Белсенділер марафон кезінде «От правды не убежишь» деге жазуы бар плакат ұстап тұрған.

22.04.2019 жыл. Алматыда бір топ белсенді Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековтің қамалуына қарсы қалалық сот алдында жиналды.

24.04.2019 жыл. Қарағанды тұрғыны Төлесова мен Толымбековті қолдап, флешмоб өткізді.

25.04.2019 жыл. Парижде бір топ азамат Алматыда қамалған белсенділерді қолдап, акция өткізді.

25.04.2019 жыл. Freedom House ұйымы Қазақстан билігін Алматыда ұсталған белсенділерді босатуға шақырды.

25.04.2019 жыл. Прагада бір топ азамат Алматыда қамалған белсенділерді қолдап, акция өткізді.

25.04.2019 жыл. Amnesty International  ұйымы Төлесова мен Толымбековті қолдап, «ар-ождан тұтқыны» деп таныды.

26.04.2019 жыл. Лондонда бір топ азамат Алматыда қамалған белсенділерді қолдап, акция өткізді.

27.04.2019 жыл. Миланда бір топ азамат Алматыда қамалған белсенділерді қолдап, акция өткізді.

29.04.2019 жыл. Нұр-Сұлтанда бір топ азамат Алматыда қамалған белсенділерді қолдап, акция өткізді.

29.04.2019 жыл. Лондон марафонында «Шындықтан қашып құтылмайсың» баннері ілінді.

29.04.2019 жыл. Алматыда сот «Конституция» сөзі жазылған баннер ілген азаматты 5 тәулікке қамады.

30.04.2019 жыл. Будапешт пен Торонтода бір топ азамат Алматыда қамалған белсенділерді қолдап, акция өткізді.

Мамыр айы. Сайлауға сенімсіздік митингілері

01.05.2019 жыл. Нұр-Сұлтанда жүздеген (мыңнан асады) адам митингке шықты.

01.05.2019 жыл. Алматыда жүздеген адам митингке шықты.

01.05.2019 жыл. Шымкентте ондаған адам митингке шықты.

01.05.2019 жыл. Ақтөбеде ондаған адам митингке шықты.

01.05.2019 жыл. Қарағандыда ондаған адам митингке шықты.

02.05.2019 жыл. Шымкентте жәрдемақы талап еткен ана екінші қабаттан секірмек болды.

09.05.2019 жыл. Алматыда полиция бірнеше адамды ұстады. Олар рұқсат етілмеген митинг өткізуі мүмкін деген күдікке ілікті. Мұндай шаралар Нұр-Сұлтанда, Атырауда, Ақтөбеде де орын алды.

15.05.2019 жыл. Петропавлда 300-ге тарта жұмысшы наразылыққа шықты. Үш айдан бері жалақыларын алмаған азаматтар зауыт әкімшілігінің алдына жиналды.

16.05.2016 жыл. Ондаған көп балалы ана митингке шықты.

21.05.2019 жыл. Шымкентте жүзге жуық адам «әділетсіз» сот үкімені наразылық білдіріп, акция өткізді.

21.05.2019 жыл. Алматыда ондаған наразы азамат ипотекасын кешіруді талап етіп, «Нұр Отан» кеңсесінің алдына жиналды.

23.05.2019 жыл. Нұр-Сұлтанда 30-ға жуық ана баспана мәселесін шешуді талап етті.

Маусым айы

01.06.2019 жыл. Нұр-Сұлтанда «Халық құрылтайы» өтті. Оған жүздеген адам қатысты.

03.06.2019 жыл. Көп балалы аналар Ақорданың алдына барды.

04.06.2019 жыл. Еңбек және халықты әлеуметтік корғау министрлігіне жүзге жуық көп балалы ана келді.

05.06.2019 жыл. Алматылық белсенділер «Oyan, Qazaqstan» қозғалысын құрды.

09.06.2019 жыл. Алматы мен Нұр-Сұлтанда митингке жүздеген адам шықты. Полиция 500-ше жуық адамды қамауға алды. Бұдан бөлек, митингтер басқа қалаларда да өтті. Шымкентте полиция ондаған адамды ұстады. Ақтөбеде де ондаған адам ұсталды. Алматы мен Нұр-Сұлтанда ұсталғандардың арасында БАҚ өкілдері мен Халықаралық бақылаушылар да болған.

10.06.2019 жыл. Алматыда сайлау нәтижесін жарамсыз деп тануды талап еткен белсенділер митинг өткізді. Полиция 50-60 адамды ұстады. Сол күні Шымкентте де наразылықтар болып, оншақты адам ұсталған.

10.06.2019 жыл. Алматыдағы күндізгі болған митингте полиция тұтқындаған ақын Ринат Заитовты босатуды талап еткендер кешкісін митингке қайта шықты. Митигке жиналғандарды полиция күшпен таратты. Ондаған адам ұсталды. Бұл күні митигтер қаланың бірнеше жерінде өтті.

11.06.2019 жыл. Алматыда полиция бірнеше адамды ұстады.

12.06.2019 жыл. Нұр-Сұлтанда полиция бірнеше адамды ұстап әкетті.

12.06.2019 жыл. Алматыда белсенді жастар «Оян, Қазақстан» акциясын ұйымдастырды.

15.06.2019 жыл.  Сеулде бір топ азамат Алматыда қамалған белсенділерді қолдап, акция өткізді.

25.06.2019 жыл. Алматы әкімдігі белсенділерге митинг өткізуге рұқсат берді.

26.06.2019 жыл. Нұр-Сұлтан әкімдігі экологиялық ұйымға бейбіт митинг өткізуге рұқсат берді.

27.06.2019 жыл. Арыстың наразы азаматтары Шымкентте митинг өткізді.

29.06.2019 жыл. Атырау облысы, Жылыой ауданы, Теңіз жұмысшылар ауылында жұмысшылар арасында жаппай төбелес болды. 30-ға жуық адам жарақат алды. Өзге мемлекет азаматының қазақ қызымен түске нанайы суреті әлеуметтік желіге жарияланған. Арты наразылыққа ұласып, төбелеспен аяқталды.

30.06.2019 жыл. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жүздеген адам қатысқан бейбіт митинг өтті.

30.06.2019 жыл. Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы алаңда өткен митингке мыңға жуық адам қатысты.

30.06.2019 жыл. Ал Нұр-Сұлтандағы «Жерұйық» саябағында «Байтақ-Болашақ» экологиялық қозғалысы өткізген митингке жүзден астам адам қатысты.

Осы күні «Нұр Отан» партиясы өкілдері де ел арасына іріткі салушыларға қарсы митинг өткізді.

Қош! Былтырғы жолдауында экс-президент Назарбаев 2019 жылды – «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынған еді. Ал биыл қаңтарда «Жастар жылы» болып ресми бекітілді. Құзырлы органдарға бірқатар тапсырмалар жүктелді. Ол үшін арнайы бюджет те қарастырылған болды. Жастарға көңіл бөлінді. Біраз мүмкіндіктер жасалатын болды деп қуандық. Үкімет жыртығымызды жамамаса да, әйтеуір көңілде бармыз дедік. Түк бітірмеді деуден және аулақпыз. Азды-кем қолға алынған шаруалар да жоқ емес. Десе де, осы бір атаулы жыл сол жыл басынан бері үздіксіз өтіп жатқан саяси процесстердің тасасында қалғаны және шындық. Әсілі биыл, «Жастар жылы» емес, «митингтер жылына» айналып бара жатыр...

Түйін

Жарты жыл ішінде мемлекетімізде өткен митингілердің қысқаша хроникасы осындай. Бізді қазір басты үш сауал мазалайды. Жоғарыда атап көрсеткен жүзге жуық толқулардан не өзгерді? Бұл наразылық шаралары қашанға дейін жалғасады? Елде қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман тууы үшін Тоқаев билігі қандай қадамдар жасағаны дұрыс?

Бұл сауалдарға Сіз жауап беріп көріңізші, құрметті Оқырман!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

18 пікір