Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 3126 0 пікір 2 Шілде, 2019 сағат 10:43

"Құлдық санамды күнде тамшылап сығып жүрмін"

Маған рухани авторитет Герольд Карлұлы бір күні:
- Құлдық санамды күнде тамшылап сығып жүрмін - деп, қойып қалмасы бар ма.

Арық сөйлеудің де реті бар ғой дегенмін сонда. Себебі ол уақта - кезінде партияның нағыз мишайқау қызметінде болғандардың өзі көлдей мақалаларында әлдеқашан азат екенін меңзеп, ақыр аяғы басқаларды құлдық санадан шықпады деп айыптап жатқан. Оның қасында Герольд Карлұлы жүйеден әбден таяқ жеген адамның баласы ғой. Сіз әлімсақтан азат боларсыз, ал мына сөзіңіз - қарапайым адам реномесін нығайта түсу үшін шығар деп ойладым. Қариялық еркелік деп. Күпірлік екен.

Себебі құлдың «азатпын!» деп айқайлауы бірден еркін адамға айналуына тіпті жетпейді екен. Құлдық сана - ол жылдар бойы рефлекс деңгейінде сіңіп дерт.

Мысалсыз болмасын. Осы Фейсбукте көріністері жыртылып-айырылады. Кең тарағаны - инверсия принципі.
Айталық, «қолдамасаң - жаусың» принципі. Ұлтшылдар мен намысқойлардың ат қылып мінген принципі. Ерікті адам басқаның қолдау-қолдамауынан да еркін болуы керек қой.

«Біз және билік» градациясы. Солшылдардың сүйікті ұстанымы. Большевизмнің салқыны. Большевиктер кезінде сәйкесінше - большинство болу үшін билік ұғымын абстракциялап бөлген ғой. Сол жамандаған билік бір күні өзі болып шыға келгенде, бәрі де кеш болған. Ендігәрі тағы да жаңа көзқарас үшін әбден ашыққан Тамбов мұжығы айырға түйрейтіндей көрінген. Сондықтан, жеңіс үшін жазыла салған арзанқол уақытша риторика әрі қарай қалып қойған. Енді «халық пен билік» ұғымынан ешкімнің айрылғысы жоқ.

Ренегаттық. Жем жеген астауды танымай кету. Кеше қызметте болдың - қараң көрінбеді. Бүгін қызметтен қуылдың, енді келіп сарнайсың. Бұларды «тізгін өзіңде де болды ғой?» деп тоқтатуға болады. Бірақ тоқтауға өресі жете бермейді.

Мемлекеттің тек вертикал ұйымдасуын ғана білетіндер. Олар елді бастық пен бағынышты негізінде ғана ұстауға болады деп ойлайды. Әркім ақыға жасаймын деп алған жұмысын бітіріп, ешкімге бағынбай, ешкімге бастық болмай өмір сүру моделінің бары қаперіне де кірмейді. Нарықты тек түсінде көрген кертартпалар.

Мұндай мысалдар көп. Тоқетері, құлдық сана туралы біреуге бірдеңе айтатын бет жоқ. Бельгерге қарағанда әлдеқайда азат болуы тиіс өзім әлі тамшылап сығып жүрмін. Басқалар сықпаса да жаңбырлатып жүр.

Жастар жасасын.

Мораль: темекі тартпаңдар.

Ерлан Оспанның facebook парақшасынан

Abai.kz

0 пікір