Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 6773 16 пікір 1 Шілде, 2019 сағат 11:35

Президент Тоқаев "үштілділік" жобасына тоқтау салу керек!

Егер Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің рухани тұтастығына үлкен қауіп төндіріп тұрған бірден-бір қатерлі мәселе "үштілділік" жобасына тоқтау салып, қазақ мектептерін "үштілділік" атымен жойылу жолынан құтқаратын болса, онда ол кісі саяси тұлға ретінде қазақ қоғамының қолдау тауып, сеніміне ие болуы мүмкін. Сондықтан осы мүмкіндікті жіберіп алмауы қажет. Ол үшін не істеу керек?

Мектептерге "үштілділік" енгізуі жобасын тоқтатып, ол мәселені қоғамның кең талқысына салуы керек, осыған қатысты білім беру бағдарламаларын ғалымдардың бірнеше сатылы сарапатамасынан жан-жақты өткізулері керек. Қайткен күнде де бұл мәселені қазақ қоғамы алдағы уақытта жайдан-жай қоймайды! Ал Білім және ғылым министрлігінде бұл мәселеге тек қатардағы орындаушы сипатындағы ғана емес, кәдімгідей білімі мен өресі жететіндей білікті мамандары болуы тиіс. Өйткені бұл мәселені азаматтық қоғам өз қадағалауына алатын болады. Әсіресе, қазақ мектептеріндегі пәндерді орыс тілінде оқыту деген норманы жою керек. Орыс тілін қазақ мектебінде шет тілдеріне теңеп, оқушыға шет тілін оқуға еркін таңдау мүмкіндігін беру керек!

Сол сияқты "орыс әдебиеті" пәні қазақ мектептерінде "Әлем әдебиеті" пәнінің құрамдас бөлігі ретінде ғана оқытылуы керек! "Тарих" пәні сабақтарын 68 сағттан 34 сағатқа қиып тастау жобаларын жойып, "Тарих" пәні сабақтарына толыққанды 68 сағаттық мөлшерін қайтару керек!

Және қоғамның әлеуметтік санаса жетік болуы үшін маңызды "Адам және қоғам" пәнін міндетті пән санатына қайтару қажет!

Қазақ мектептерінде ағылшын тілін, сол сияқты неміс, испан, француз, итальян жапон тілдерін оқыту мүмкіндіктері мен сапасын арттыру қажет! Бастауыш мектепте "Ана тілі" сабағын, бұрынғы "Әліппе" оқулығын қалпына келтіру керек! 

Мақсат Алпысбестің facebook парақшасынан

Abai.kz

16 пікір