Жұма, 19 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 6301 12 пікір 27 Маусым, 2019 сағат 15:24

Арыстағы апат: Кеңестер Одағының зардабын қазақ әлі тартып отыр

Соңғы күндері елді дүрбелеңге салған Арыстағы апат бізге мына бір жайтты ұқтыруы керек. Қазақ кешегі Кеңестер одағының зардабын әлі тартып келеді. Өйткені, біріншіден, жарылған оқ пен қару бізге сол ескі дәуірден қалған. Екіншіден, Үкіметте әлі сол кеңестік кезеңнің идеологиясын басты бағдар еткен шал-шауқандар отыр. Еліміз егемендік алғалы 30 жылға жуықтады. Бірақ, осынша уақыт өтсе де отаршыл кезеңнің кейбір қалдықтарынан арыла алмай отыруымыздың себебі неде?

Оның басты себебі, елімізде Қазақстан Коммунистік халық партиясының әлі күнге "өлмей" сүйегін сүйретіп келе жатуы десек қателеспейміз. Сол коммунистер, атап айтсақ Владислав Косарев, Жамбыл Ахметбеков, Бірғаным Әйтімова, Қуаныш Сұлтанов, Владимир Божколар әлі күнге қазіргі "билікті жеңіп" шынайы халықтық билік орнатуды көксейді-міс.

Қой дейтін қожа болмаған соң, олар коммунистік дәуірдің насихатын ашықтан-ашық жасап келеді. Мәселен, былтыр ғана комсомолдың 100 жылдығы республика көлемінде аталып өтті. Қоғам белсенділері қарсы болып, айтып-жазып шырылдағанмен, комсомолдарды билік қолдап отырса, не амал бар?

Ал, Ж.Ахметбеков сол тойға наразы болған көпшілікке “Алаштың тойын тойламай ма өздері” деп қатты өкпеледі. Каратарис мырзаның осы бір ауыз сөзі аталған партияның мақсат-мүддесі тәуелсіз қазақ қоғамына мүлде сәйкес келмейтінін анықтап берді. Демек, алдағы  уақытта бұл партияның біздің билікте отыруға қақысы жоқ.

Сондай-ақ, Желтоқсан көтерілісінің қарсаңында “Мен Колбинді жан жүрегіммен қолдаймын” деп мақала жазып, жастарды маскүнем, бұзақыға теңеген Әйтімованың депутат болып отырғаны – алаңда шейіт кеткен жастардың  рухын қорлау деп білеміз. Бір жағынан бұл әрекет - Желтоқсан көтерілісіне кінәлі адамдардың барлығы бүгінгі билікте отыр деуге толық негіз болады. Алайда олар әр қылмысы үшін тарих пен келешектің алдында жауап беретінін ұмытпауы тиіс.

В.Косарев, Қ.Сұлтановтар да келмеске кеткен кеңес кезін аңсап әр жерден бір үн шығарып қояды. Бірақ, олардың ісі  – өліп бара жатқан малдың соңғы тұяқ серпуі секілді мағынасыз әрекет.

Бүгінде елімізде сол комунистердің күн көсемі Лениннің атымен аталатын 506 көше, 159 ескерткіші бар екен. Одан бөлек, 54 көше Кировтың атымен, 40 көше Маркстың атымен аталады. Алайда, мұның барлығы да біртіндеп қалпына келеді. Өйткені, олар қанша жерден тықпаласа да бүгінгі ұрпақ Ленин мен Марксты танымайды. Олардың идеясының бүгінгі кезең үшін құны көк тиын.

Жалпы, бүгінгі тәуелсіз кезеңде КСРО дан қалған кез-келген элементтен толық арылуға тиіспіз. Себебі ол - біздің алға жылжуымыз үшін аяққа оралғы болады. Мәселен, кешегі Арыста болған апаттың да бір себебі - Ресейдің ескі-құсқы техникасы. Ал, жерімізде құлаған Ресей зымырандарының зардабы туралы аз айтылып жатқан жоқ. Осындай жағдайда Ресейдің елімізде АЭС салуға өтініш білдіруі тіпті ақылға сыймайды...

Қазақстан кеш те болса отарсыздануға бет бұра бастады. Енді орыс тіліне мәртебе берген Ата-Заң толығымен өзгеруі тиіс. Сондай-ақ, кеңес кезінен қалған көше атаулары мен аудан ауылдар мүлдем өзгеріп, тәуелсіз ел азаматының маскасын киіп билікте отырған коммунистер санасы отарлық тәрбиеден азат жастарға жол беруге тиіс.

Түйін

Қош! Еліміздің Парламентінде коммунистер әлі омалып отыр. Олар осы жылы орындарын алдағы сайлауда жастарға босатып бермейтін болса, нағыз "жарылыс" сонда болуы мүмкін. Біз орайы келген соң, ойымызды айттық. Оның дұрыс-бұрыстығын өздеріңіз екшей жатарсыздар!

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

12 пікір