Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
3477 4 пікір 26 Маусым, 2019 сағат 20:05

Мәулен Әшімбаев: Арыстағы апат халықты біріктіре түсті

Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары апат болған аймаққа арнайы келіп, зардап шеккен азаматтармен кездесуінде айтты.

Сапар барысында ол қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындармен кездесіп, апатқа байланысты құрылған облыстық жедел штабтың жұмысымен танысты. Сондай-ақ гуманитарлық көмек бойынша өзге өңірлерден келген заттарды қарсы алу жұмыстарына қатысып, зардап шеккен ата-аналармен және балалармен жұмыс істеп жатқан психолог мамандармен кездесті.

Ордабасы ауданы Төреарық ауылындағы Тәуке хан мектебіне Арыс тұрғындарының бір тобы уақытша орналастырылған. Олармен кездескен партия Төрағасының Бірінші орынбасары апаттың айтып келмейтінін назарға алып, жағдайдың бақылауда екенін және қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетінін тілге тиек етті.

– Қазір барша қазақстандықтар сіздермен бірге. Бұл төтенше жағдай қазақстандықтарды одан әрі біріктіріп, ұйыстыра түскенін көріп отырмыз. Осы жерде өз еркімен келіп, қолдау көрсетіп жүрген белсенді азаматтар да өте көп. Бұл біздің бекем бірлігіміздің жарқын көрінісі. Біздің күшіміз – бірлікте. Сондықтан бұл сыннан да мойымай, еңсемізді тік ұстап шығатынымызға кәміл сенемін, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол апаттың зардаптарын жою ісіне «Nur Otan» партиясының белсенді қатысып жатқанын айтты. Оның айтуынша, қазірдің өзінде партияның мұрындық болуымен еліміздің 9 облысынан 340 тоннадан астам гуманитарлық көмек келген.

– Партия тарапынан бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасады. Енді біз құрылыс материалдарын көбірек жіберуді қарастырамыз. Қазір жағдай тұрақты. Ең бастысы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Соған байланысты қазір аймақта барлық тиісті органдардың қарқынды жұмыс істеп отырғанын көріп отырмыз. Белсенді азаматтар тарапынан да қаржылай қолдау түсіп жатыр. Партия жиналған қаражаттың жұмсалуын ашық әрі әділ жүргізілуін бақылауда ұстайды, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол төтенше жағдайға байланысты құрылған жедел штабтың жұмысымен танысты. Одан бөлек, зардап шеккен балалармен жұмыс істеп жатқан партия жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің психолог мамандарымен кездесті.

Abai.kz

4 пікір