Жұма, 29 Наурыз 2024
Аласапыран 8014 5 пікір 25 Маусым, 2019 сағат 11:45

Арыстағы апат һәм қазақы кеп

Кеше Алаш баласы үшін қаралы күн болды. Ресми мәлімет бойынша екі адам көз жұмып, қырық мыңнан аса азаматымыз өз баспанасын тастап, бас ауған жаққа босып кетті. Арыстағы жойқын жарылыстың себебі алда айтыла жатар. Әл-әзір қазақтың осындай қысылтаяң кезде қандай мінез көрсеткенін бір саралап қоюдың артықтығы болмас...

Дақпырт, жалған ақпарат...

Әдеттегідей ресми ақпарат кешікті. Содан да болар, азаматтық журналистика, яғни әлеуметтік желілер тағы да атылып алға шығып, Арыстағы оқиғаны алғаш болып жалпы халыққа жеткізді. Дүрбелең бастала салып, "жарылысты Бөген су қоймасының суын босатып басады екен" деген әңгіме де желдей есті. Жағармай құю бекеттерінің қаңырап бос қалғаны туралы бейне-жазба тарады. Тіпті, біреулер жағармайдың күрт қымбаттап кеткені туралы да айтып жатты. Қазақ өз басымен қайғы болып жатқанда мұның бәрі соққы үстіне соққы болып тиді.

Көлігіне елді тиеп, қара халыққа көмектескендер де, бос машинамен кетіп бара жатып, ешкімге тоқтамай зулап бара жатқандарды да көрдік. Біріне алғыс айтқанымызбен, екіншісін "қарғай" алмадық.

Рас. Біз ресми ақпаратқа әлі шөліркеп отырмыз. Мәселен, Арыста қанша қару-жарақ сақталып еді? Оның қаншасы жарылуы мүмкін? Мұның зарары қандай? Мемлекет қанша шығынға ұшырады? Бұл сұрақтардың біріне де әлі жауап жоқ. Демек, жоғарыдағыдай дақпырт пен жалған ақпарат жұртты кезіп кетсе, оған тікелей Ермекбаев басқаратын қорғаныс министрлігі кінәлі болмақ...

Шөкеевтер қай елдің әкімі?

Арысқа алдымен ресми тұлғалардан Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев жетті. Жетті де, қазақы елдімекенде тұрып, орыс тілінде шүлдірледі. Көмек қазаққа емес, Арыстағы санаулы орыс ұлты өкілдеріне жасалатындай күй кештік. Мұнан кейінгі Қорғаныс министрі Ермекбаев те ресми тілде жорғалап сала берді. Әрине, Арыстағы апаттық жағдайға тіл мәселесін кіріктіру дұрыс емес. Десе де тіл жайы билік пен халық арасына алынбас қамал тұрғызып тастайтынын ешбір шенді ескерген жоқ. Онсыз да жарылысқа кімді кінәларын білмей тұрған қара халық шенділердің шүлдірінен кейін түңіліп кетті десе болғандай.

Қазір байқап отырғанымыз халық пен биліктің ойы бір жерден шығып, жалпы халық Арысқа көмек қолын созуда. Кәсіпкерлердің алды он миллион теңге аударса, қара халық қалтасындағы соңғы бес жүз теңгесін болсын қағып беруге дайын екенін аңғартты.

Аңыраған ана, адасқан бала...

Арыс апаты салдарынан қаншама ана мен бала бір-бірінен айрылып қалды. Бұған қарап кейбір адамдар "ата-аналар балаларын тастап, өздері бас сауғалап кеткен бе?" дегендей ойлар айтып қалып жатты. Дұрысы ата-ана алдымен кезіккен көлікке балаларын салып жіберуге тырысқан. "Мен өлсем де, балам аман қалсын" деген ананың Ұлы түйсігіне бас игізген оқиға болды, бұл. Қазақ ұрпағы үшін өзін құрбан етуге дайын ұлт екенін көрсетті. Адасқан баланы ата-анасымен табыстыру үшін тараған ақпараттарда қисап болған жоқ. Халық осылай қайғыны көп болып көтерді. Бейбіт күнде шаңырағы шайқалған сол аңыраған ана мен адасқан баланың психологиясына ауыр тиген соққыны қалай ұмыттырамыз? Ендігі сұрақ осы болуға тиіс.

Сарбаздың көз жасы...

Арыс апаты кезінде ата-анасымен қоштасып, көзіне жас алған сарбаздың бейне-жазбасы талай әңгімеге арқау болды. Біреулер "ез" деді, "қорқақ" деді.

Ол сарбаз анығында ез емес, ер екен. 27 жастағы Исатай Әлібаев алғаш жарылыс бола салып, не болғанын түсінбей қалған. Снаряд ұшып жарылып жатқасын бомбалап жатыр деп ойлаған. Сосын, әке-шешесіне соңғы сөзін айтқан. Артынша, талай адамға көмек берген. Жарылыс аумағында қалып қойған кейуананы құтқарған.

Әрине, мұндай жойқын жарылыстың қасында болып көрмегеннен кейін бос сөз айту бекер. Өткенде ғана шеруге шықты деп көшедегі қара халықтың аяғын жерге тигізбей сүйрелеген ІІМ-і полицейлері бұл жолы кезекті "ерліктерін" жасай алған жоқ. Оларды сынап-мінеп жатқандар аз емес. Тұрғымбаевтің командасына айтылған ол сындардың дұрыс екеніне көзіміз және жете түсті.

Қарапайым халық пен мешіттер белсенділігі

Әлеуметтік желілерде түрлі белсенділер пайда болып, көмек үшін жылу жинады. Халық өмірі көрмеген адам болса да, қалтасындағы соңғы тиынын сол белсенділерге аударып жіберіп жатты. Біз әлеуметтік желі арқылы соның бірнешеуін бақыладық. Әлгі белсенділер жарты сағат сайын түскен ақшаның есебін беріп отырды. Халық ешкімді де күтпей шөлдеген халыққа су тасыды. Балаларын іздесті. Қиналғандарға көмек қолын созды. Кейбір адамдар өз үйлеріне қанша адам паналата алатынын айтып, жария салып жатты. Мешіттер де қиналған халыққа дер кезінде қол ұшын соза алды. "Көп түкірсе - көл" дейтін қазақ "көппен көтерген жүк жеңіл" екенін байқатты.

Тоқаевтың Арыс жұртынымен кездесуі

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеше кешкісін Арыстықтардың жанында болды. Халықпен пікірлесті. Жарылыс салдарынан бүлінген нысандарды аралап көрді. Бұл жаңа президенттің халыққа бір табан жақындағанын байқатты. Елге сөз беріп, бүлінген үйлердің жөнделетінін айтты. Қиналған халыққа арқа сүйер мемлекеті бар екенін білдірді. Қазақстанда осыған дейін талай төтенше оқиға болды. Бізге сол оқиғалар қызып тұрғанда тікелей президенттің өзі барып жағдаймен танысуы сирек құбылыс болатын. Тоқаев осы Арыстағы оқиғадан кейін халыққа бір табан болсын жақындай түскенін байқадық.

Түйін

Қазір қала толықтай эвакуацияланды. Арыс қаласында болған жағдайға байланысты Шымкент қаласы ТЖ департаментінде "Қауырт желісі" жұмыс істеп (тәулік бойы 8 (7252) 44-94-72) жатыр. Қазақ ел екенін көрсетіп, бауырларына қол ұшын созуда. Ендігі мәселе осы дүрбелеңнің себептері анықталып, кінәлілердің жазаларын алуы керек. Сонымен қатар, у-шусыз халықтың бүлінген мүлкінің қалпына келуін бүкіл қазақ болып талап етуге тиіспіз. Әзірге осы.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1572
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2267
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3568