Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5083 0 пікір 1 Шілде, 2011 сағат 09:55

Ерлан Төсбайұлы. Ана және аманат

Ана! Осы бір ұғым жаратылыстың, дүниенің, кеңістіктің, уақыттың, тарихтың баламасы, тіпті өзі секілді. Осы бір ұғым адам баласының өмірге келгенде айтар алғашқы сөзі. Бәлкім, аманат шағында ойына оралар ақырғы сөзі де шығар. Дүниеде ана мейіріміне, ана махаббатына, ана құшағының кеңдігіне, ана сезімінің жомарттығына тең келер не бар екен?

Әйел - Ана тақырыбына қалам тербегендердің ішінде, асылында, қазақта Ғабит Мүсіреповтің, орыста Максим Горькийдің орны, әсіресе, ерекше еді. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпаны», «Ақлимасы», «Ашынған анасы», «Ананың анасы», «Ананың арашасы», «Ер анасы» болсын, Максим Горькийдің «Анасы», «Адамның анасы», «Өлімді жеңген анасы» болсын ана табиғатының жасампаздығы мен жеңімпаздығын, ана жүрегінің қаншалықты нәзік болса соншалықты мықтылығын, ана көңілінің қаншалықты үркек болса, соншалықты батылдығын дәріптейді, мадақтайды, өмірдің жалаңаш шындығын көркем шындықпен көркейтеді.

Ана! Осы бір ұғым жаратылыстың, дүниенің, кеңістіктің, уақыттың, тарихтың баламасы, тіпті өзі секілді. Осы бір ұғым адам баласының өмірге келгенде айтар алғашқы сөзі. Бәлкім, аманат шағында ойына оралар ақырғы сөзі де шығар. Дүниеде ана мейіріміне, ана махаббатына, ана құшағының кеңдігіне, ана сезімінің жомарттығына тең келер не бар екен?

Әйел - Ана тақырыбына қалам тербегендердің ішінде, асылында, қазақта Ғабит Мүсіреповтің, орыста Максим Горькийдің орны, әсіресе, ерекше еді. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпаны», «Ақлимасы», «Ашынған анасы», «Ананың анасы», «Ананың арашасы», «Ер анасы» болсын, Максим Горькийдің «Анасы», «Адамның анасы», «Өлімді жеңген анасы» болсын ана табиғатының жасампаздығы мен жеңімпаздығын, ана жүрегінің қаншалықты нәзік болса соншалықты мықтылығын, ана көңілінің қаншалықты үркек болса, соншалықты батылдығын дәріптейді, мадақтайды, өмірдің жалаңаш шындығын көркем шындықпен көркейтеді.

Әлемде анасын сүймейтін, қастерлемейтін халық жоқ. Бірақ қазақ халқының анаға қарым-қатынасы мен құрметі алабөтен өзгеше. Қазақ үшін Ана - бәрі. Барлық құндылығы, барлық қасиеттісі, киелісі, барлық тазалығы мен пәктігі, адалдығы мен адамдығы ана ұғымымен байланысты. Ана ұғымынан бастау алады, ана ұғымымен тұйықталады. «Жұмақ ана табанының астында», «Меккеге анаңды арқалап барсаң, бір күн¬дік парызыңды өтейсің» дегенінен-ақ бұл халықтың анаға деген ізеті мен ілтипатын аңғаруға болады.

Қазақтың қай анасының болмасын тағдыры, тауқыметі, махаббаты мен сағынышы, үміті мен тілегі, батасы мен аманаты адамзат құндылықтары биігінен айтуға тұрарлық. Әйел - Ана ұғымы өз мән-мағынасын жоймайынша қазақ ұғымы да мәңгілік асқақ тұра бермек.

Біз бүгін қазақ халқына адал азамат, атпал тұлға, ұлтқа қызмет етуді бәрінен ұлық қойған перзентті - генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаевты өмірге әкелген, оның өсуі мен қалыптасуы жолында ғазиз жанын талдырған, ғаділ өмірін сарп еткен Ана - Ажар апа турасында, ананың батасы мен аманатының қуаты жайында құрметті сөз айтуды жөн көрдік.

Амангелді Шабдарбаев - ұзақ жылдар КСРО-ның қауіпсіздік органында қызмет атқарып, ұлттың аяулы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке күзетінде, сон¬дай-ақ Мемлекеттік тергеу комитеті Төрағасының орынбасары, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған, бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі қызметінде жүрген тұлға. Мемлекет алдындағы адал қызметі үшін 2 дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған, сонымен бірге шет мемлекеттер Ю. Андропов ордені, Д. Донский ордені, Ұлы Петр орденіне лайықты деп тапқан. ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің, ТМД Елдері қауіпсіздік органдары жетекшілері Кеңесінің мүшесі, Ресей қауіпсіздігі ұлттық академиясының академигі.

...«Мақтасақ - әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді. Әйел - Ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, бұлақ көзі емес пе!.. («Өлімді жеңген ана»).

Амангелді Шабдарбаевтың анасы - Ажар апа тамырын тереңге жайған бәйтеректей жайқалып өскен әулеттің қызы. Ажар апаның әкесі - Смайыл, анасы - Рәзия қарапайым, қанағатшыл, көзін еңбекпен ашқан кісілер болған екен. Қазақы отбасының тәрбиесін көрген Ажар апа тағдырдың жазуымен жары - Смағұлды жолықтырып, отау құрады. Шабдарбаев Смағұл - елге сыйлы, оқыған азамат. Республикаға аты шығып, бес ауданға электр жарығын тартқызып, колхоз, шаруашылық басшысы секілді бірталай қызметтер атқарып, есімі Ыбырай Жақаев, Түймебаевтармен қатар аталып, еңбектің мерейіне бөлен-ген. Тағдырдың ісіне шара бар ма, қырық төртке қараған жасында Шабдарбаев Смағұл мәңгілік сапарға аттанып кете барады. Тұңғышы - он төрт жаста, кенжесі - бір жастағы бес баламен Ажар апа отыз алты жасында өз тағдырымен, болашақ ауыртпашылықтары мен қиыншылықтарымен бетпе-бет қалады. Аманат шағы таянған жары - Смағұл жанында отырған Ажар апаға «Осы бес баланы саған аманат етіп барамын. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, әкесіз өсті дегізбей қамқор бол. Есіңді жый, еңсеңді көтер» деп, көз жұмады. Шабдарбаевтар шаңырағына аманат ұғымы алғаш рет осылай енген еді. Аманатқа қиянат жүрмейді. Ері барда еңселі үйге еңкеймей кірер жас ана ел ішінде жалғыз қалады. Ұлының ажалы ұрымтал жерден тиген соң, еңірей жылап етегі жас¬қа толған қайын енесі сол күні Жаратушының жанға берген шырағы - қос жанарынан айырылады. Қауқарсыз қария мен қорғансыз бес баланы арқалаған ана колхоз даласында күннің атысы, кештің батысы басын жерден көтермей еңбек етеді. Бұл - қанды соғыстан кейінгі барлық қазақ аналарының басындағы ортақ тағдыр еді. Ортақ тағдырдың жүрегін ортақ еңбек қана жібіте алса керек. Төккен тер ортақ болғанмен, шер ортақ бола алмайды ғой. Әркім өз тағдырымен өзі күреседі. Әкесінен үш жасында қалған Амангелді Шабдарбаев та ерте есейді. Ерте еңбекке араласып, анасына қолғабыс болды. Соғыстан кейін туғандар соғыстың салдарын бір кісідей-ақ тартты. Бала күнінен қос анасының қорғансыз халін көріп, қу тірліктің қамытын ерте киіп, бала секілді әлденені армандауға да, әлденеден үміттенуге де батылы бармай, қатал тұрмыстың ащы шындығымен досындай сырласып, бірде анасын жұбатып, бірде бауырларына өбектеп өскен болашақ генерал-лей-тенант қанағатшылдық пен қамқорлықтың, адалдық пен аяушылықтың, аманат пен се-німнің мағынасын, шын мағынасын өз жонарқасымен сезініп, бойына сіңіріп өскенін көреміз. Оның кейін шегінуге, бір сәт босаңсуға, жас баладай уайымсыз ұйықтауға, қамсыз тұруға да хақысы жоқ еді. Ол сонықтан да барлық қызықтан саналы түрде бас тартып өсті, өзі-өзіне тыйым салды. Мұның бәрі болашақ чекисттің ішкі дайындығы еді. Адам өзінің жан-дүниесімен, болмыс-табиғатымен қандай мамандыққа лайықты болса сол мамандық міндетті түрде алдынан шығады. Генерал-лейтенанттың өмірімен тікелей байланысты «Қауіпсіздік» ұғымы Ажар апаның тағдырдың тезінен балалары мен кейуанасын қызғыштай қорғауы мен әке аманатын сақтауы арқылы сіңген бе деп де қаласыз. Амангелді Шабдарбаевтың «Отан қорғаушысының еншісіне бұйырған үлес - отан мүдделерінің қорғанысында тұру» деген сөзі осының куәсі секілді.

... «Бас иейік те, құрметтейік те ұлы адамдарды тапқан ананы! Аристотельді де, Фирдоусиді де ана тапты. Ескендір мен соқыр Гомер де ананың баласы. Бәрін де дүниеге жетектеп әкелген - ана. Ананың ұлы орны қашан да - өзінікі!» («Өлімді жеңген ана»)

Амангелді Смағұлұлы: «Мен не істесем де анама қуаныш сыйлағым келетін. Жарыстарда жеңіске жетсем де, жетістік көрсем де - әуелі анама асығатынмын. Бірақ анам ешқашан да сезімін білдіріп, маңдайымнан сипамаушы еді» дейді бір естелігінде. Қазақ анасының осы бір ер мінезділігі баласын әкесіз өсірген әрбір анаға тән. Әкенің қаттылығын да (қатыгездік емес), ананың мейірімін де бір жүрекке сыйдырған қайран қазақ анасы! Институтқа түскенін алып ұшып жеткізгенде анасы «Жақсы» деп, ал қолына дипломын алған кезде де жай ғана қабылдапты. Әсілі бұл мінез қуанбауды емес, қуанышын көрсетпеуді, яғни ұлға артқан үміттің тым ұлылығын білдірсе керек. Тағы бірде спорттық жарыстан Қазақстан чемпионы болғанын айтқан ұлға «Жақсы. Жарайсың!» депті де, «Енді барып егістіктің жайын көр» деп қоя салған. Бәлкім, анасы ұлын жақсы көрмейтін шығар? Онда мынаған қараңыз: жас Амангелді сырқаттанып қалған кезде анасы бетіне қарап отырған жалғыз сиырын Құран оқытып, құрбандыққа шалған кезі де болған. Осылай өскен генерал-лейтенант бірде өзінің жоғары әскери шен - генералдықты алғанын анасына келіп жеткізгенде жарықтық ана су құбырының бұзылып қалғандығы жөнінде айтыпты. Бұл - ұлды өсірудің қазақ анасына тән тәсілі. Бұл - жыласа жасытпау, қуанса тасытпаудың жолы. Ана еркелеткенді өмір еркелетпеуі мүмкін. Ана жүрегі соны сезеді. Сезеді де, мен емес, ортасы, халқы еркелетсін дегенге ден қояды. Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиенің осы бір тұжырымы өзінің өміршеңдігін де көрсетті. Ажар апа тәрбиесінің өміршеңдігі - бүгінгі Елбасы Кеңесшісінің бітім-болмысында, оның жүріп өткен жолы мен адал қызметінде жатыр. Ажар апа сексеннен асқан шағында үлкен қызметтер атқарып жүрген ұлына: «Балам, сақ бол. Сені теледидардан көп көрсетіп жүр. Абайла, байқа» деп ескертеді. Көзінің тірісінде бес баласынан сақталып қалған екеуінің тілеуін тілеп, бір Құдайға жалбарынумен өткен ғұмырының, төккен терінің жемісі - ұлының үлкен адамға айналғандығы. Ажар апа қазақ халқының ұлы перзенттері - Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа және Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бата берген кісі. Олжас Сүлейменов Ажар апаның үйінде қонақ болғаны жайлы бір естелігінде былай деп жазады: «Оның жүзінен нұр төгіліп тұ¬ра¬тын... Қоштасарда бізге «Ұлдары достың, аналары да - дос» деген еді. ...Қазақтың анасы - ортақ». Иә, барлық ортақ дүниенің ұлы анасы - халық.

Бірде, Амангелді Шабдар¬баев¬тың қара шаңырағы тұрған ауылға Елбасы іс-сапармен барып, қа¬зақы салт-дәстүрдің жөнімен Ажар апа отырған үйге кіріп, ақ батасын алады. Елбасының ұлттық салт-дәстүрлер құндылықтарына деген құрметі ерекше екені белгілі. Сонда 87 жасқа шыққан Ажар апа батасын береді: «Менің енем 96 жасқа келіп қайтыс болды, ол кісі қасиетті адам еді. Сізге тілейтінім: сондай жасқа келгенше аман болыңыз, еліңізбен бірге болыңыз, сол жасқа дейін тақтан түспеңіз. Ал менің Аманым - Сізге аманат». Кейін, соның артынша-ақ Ажар апа дүние салған соң Елбасы: «Біз үлкен іс жасадық. Аман, сенің анаң тірі тұрғанда батасын алғанымыз жөн болған екен» дейді ішкі тебіренісін жасырмай.

Амангелді Шабдарбаев - ана аманаты мен батасын жүрегіне тұмар еткен тұлға. Шіркін, анамыздың көзі тірісінде батасын алып қалғанға не жетсін!

Міне, қазақ халқындағы ана махаббаты мен мейірімінің, аманаты мен батасының қуаты осындай! Міне, үлкен тұлғаларды өмір¬ге алып келген аналар тәрбиесінің жасампаздығы!

«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563