Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3579 0 пікір 1 Шілде, 2011 сағат 08:01

Тоқтар Есіркепов: «Кедендік одақ мақтаныш емес, – қасірет!»

Өткен жылдан бері билік пен тәуелсіз партиялардың және азат ойлы азаматтардың бір арнаға тоғыспай келген таласы - Кедендік одаққа қатысты дау болатын. Енді құй қарсы тұр, құй қалыс қал - келісімге қол қойылды, шілденің 1-інен бастап одақ өз жұмысын толық- қанды қолға алады. Одақтан не ұтатынымызды ресми билік жағы талмай айтады, ал не жоғалтатынымыз - уақыт еншісіндегі шаруа. Алайда мамандар пікіріне мән берсек, одақтан опа таппайтынымыз анық сияқты. Газетіміздің қонағы да әңгімесін Кеден одағының көлеңкелі саясатынан бастады.

Одақтың көлеңкесіндегі «сұмдық»...

- Тоқтар мырза, санаулы күндерден кейін Кедендік одақтың жұмысы күшіне толық енеді. Бірақ осы одақтың кесірінен қымбатшылықтың қамыты әлдеқашан қысылып кеткен жоқ па?

- Алдымен цифрлардан бастайын, айырмашылық содан көрінеді ғой. Қазақстан Республикасының Кедендік одақ елдерімен 2010 жылғы жалпы сыртқы сауда айналымы 16 млрд. 483,8 млн доллар болыпты. Яғни 2009 жылға қарағанда, 28,1 пайызға өскен. Жоспардағыдан 5,5 пайызға артық. Енді сол тауар айналымын қарасаңыз, 69,5 пайызы - Қазақстанға келген өнім немесе импорт. Оның сандық көлемі - 11 млрд 463,2 млн доллар. Ал экспортымыз 30,5 пайыз, яғни 5 млрд доллар көлемінде.

Өткен жылдан бері билік пен тәуелсіз партиялардың және азат ойлы азаматтардың бір арнаға тоғыспай келген таласы - Кедендік одаққа қатысты дау болатын. Енді құй қарсы тұр, құй қалыс қал - келісімге қол қойылды, шілденің 1-інен бастап одақ өз жұмысын толық- қанды қолға алады. Одақтан не ұтатынымызды ресми билік жағы талмай айтады, ал не жоғалтатынымыз - уақыт еншісіндегі шаруа. Алайда мамандар пікіріне мән берсек, одақтан опа таппайтынымыз анық сияқты. Газетіміздің қонағы да әңгімесін Кеден одағының көлеңкелі саясатынан бастады.

Одақтың көлеңкесіндегі «сұмдық»...

- Тоқтар мырза, санаулы күндерден кейін Кедендік одақтың жұмысы күшіне толық енеді. Бірақ осы одақтың кесірінен қымбатшылықтың қамыты әлдеқашан қысылып кеткен жоқ па?

- Алдымен цифрлардан бастайын, айырмашылық содан көрінеді ғой. Қазақстан Республикасының Кедендік одақ елдерімен 2010 жылғы жалпы сыртқы сауда айналымы 16 млрд. 483,8 млн доллар болыпты. Яғни 2009 жылға қарағанда, 28,1 пайызға өскен. Жоспардағыдан 5,5 пайызға артық. Енді сол тауар айналымын қарасаңыз, 69,5 пайызы - Қазақстанға келген өнім немесе импорт. Оның сандық көлемі - 11 млрд 463,2 млн доллар. Ал экспортымыз 30,5 пайыз, яғни 5 млрд доллар көлемінде.

Ресей өнімдерінің бағасы бізден бірнеше есеге қымбат. Ал одақ жұмысын бастаған соң, біздің өнім Ресейдікімен бірдей бағаға көтеріледі. Сонымен бірге Кеден одағы құрылмай тұрған кезде, кедендік тарифтің орташа көлемі 6,2 пайыз болатын. Ол 2010 жылы 10,6 пайыз өскен. Яғни екі есеге көтерілген. Демек, бұл бағаның өсуі - қымбатшылықтың негізі.

- Осы Кедендік одаққа бірікпесек, күніміз қараң қалар ма еді, неге біз осы солақай саясатқа жол бердік деп ойлайсыз?

- Негізінде, Кеден одағы құрылмай тұрып, әр елдің өзінің кеден саясаты, баж салығы болды. Кеден одағына кіргеннен кейін, келісімдер бойынша, ортақ баж салығы мен кеден саясаты қабылданды. Біздегі баж салығының пайызы өзгеріп, Ресейдің деңгейіне немесе 47,7 пайызға жетті. Біз үшін бұл тиімсіз. Ал салықтың қалған 5 пайызы арзандап, 45 пайызы өзгеріссіз қалды. Кеден одағының осындай тиімсіздіктерін біле тұра кірдік.

Қазір Кедендік салықтың 92 пайызы Ресейдің тарифтеріне негізделді. Қалған 8 пайызы ғана Қазақстан мен Беларусьтың үлесіне қалды. Кедендік төлемдердің былтырғы жылғы бөлісінде Қазақстан 87,8 млрд доллар алыпты. Ал әуелгі жоспар 48 млрд доллар болатын. Біз оны халықтың есебінен екі есеге арттырып жібердік. Оған биліктің қылшығы да қисаймады. Кедендік одаққа кірсек, біздегі кез келген өнім Ресейдің деңгейіне жетеді деп мақтанып жатырмыз. Мәселен, азық-түлік, газ, бензин теміржолдың бағасы Ресей тарифіне жетеді. Бұл - мақтаныш емес, қасірет. Өйткені біздегі баға өседі, қымбатшылық қысады. Ресейдің халқын бізбен салыстыруға болмайды. Өйткені оларда, біріншіден, жалақы мөлшері жоғары, табыс көзі көп. Екіншіден, халықтың әлеуметтік тұрмысы да бізден жақсы. Кедендік одаққа кірер кезде осының бәрі белгілі еді ғой. Мұндай жағдайда шығынның орнына өтем жасау керек еді. Біз оған да бара алмадық...

Кедендік одақ мәселесінде о бастан дұрыс шешім қабылданған жоқ. Біз неге Ресейдің ставкаларын аламыз? Неге Кедендік одақта Ресейдің үлесі 57 пайыз, ал Қазақстан мен Белоруссияның үлесі 21,5 пайыз болады? Үш ел бір одаққа кіреді, ал үлестері тең болмайды, неге? Ресейдің алпауыт ел екені рас, бірақ о бастан өзара үлестерін, арадағы саясаттарын дұрыстап шешуге болатын еді ғой. Амал қанша?!

- Кедендік одақты құқықтық және әкімшілік тұрғыда Еуроодақпен салыстыруға бола ма?

- Жоқ! Негізінде, қазір Еуроодақ сияқты одақтар құрылып жатыр. Ал біздің Кедендік одақ «теңдік» декларациясын мойындамай отыр. Енді 2012 жылдан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістік өз жұмысын бастамақ. Одан кейін Бірыңғай валюталық жүйе тұр. Өйткені әуелгіде Кедендік одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Бірыңғай валюталық жүйе - осы үшеуіне қол қойылған. Бірыңғай экономикалық саясатты Ресей және Белоруссиямен бірге шешу - тәуелсіздікке сызат түсіру, яғни бір-бірінің ішкі саясатына араласу деген сөз. Кедендік одақ, экономикалық одақ, валюталық одақтың артында не тұр? Бұл одақтардың артында саяси одақ бар. Ондай жағдайда Қазақстанның тәуелсіздігі бірте-бірте көзден бұлбұл ұша бастайды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай, қазақ билігі барша қазақ халқының сан мың жылдар аңсаған егемендігін бір құжаттың аясындағы құпия келісіммен тәрк етпек. Ресейдің премьер-министрі Путин ең үлкен трагедия - СССР-дың тарауы екенін айтқан болатын. Ал мына Кедендік одақтың аясындағы саясаттың Кеңес үкіметін қалпына келтірмесе де, бір сұмдықты шығаратыны анық.

 

Мұнай да таусылуға жақын

- Бүгінге дейін Кедендік одаққа байланысты экономист мамандардың сыни пікірлері тәуелсіз баспасөзде көп айтылды, алайда оған құлақ асқан үкімет жоқ. Орнынан қозғалып кеткен Кеден «кемесіне» Қазақстан қандай дайындықпен мініп барады?

- Ең үлкен дайындық Кеңес Одағы кезінде болды. Ол кезде Ресеймен бір ел болдық. Қазақстан жалпы Кеңес Одағының шаруашылық кешені болатын. Бізден өндірілген өнім бүкіл одаққа тарайтын. Мына Кедендік одақтың әңгімесі жоқтан пайда болған дүние емес, - сонау Совет үкіметінің кезінде іргетасы қаланып қойған шаруа. Қазақстан ол кезде Кеңестің құрамындағы жабық ел еді, 20 жылда біраз мүмкіндіктерге қол жеткізді. Мәселен, сыртқы сауда былтырғы жылы 90,6 млрд доллар болыпты. Экспортымыздың 51,4 пайызы Еуроодақ елдеріне кіреді екен, яғни ол 30,8 млрд доллар деген сөз. Ал оның 16,9 пайызын Қытай, 9 пайызын Ресей алады. Енді импортты қарайық, 39 пайыз өнім Ресейден келеді. Демек, бұл арадағы көрсеткішті қарасаңыз, Ресейдің қымбат өнімдерін біздің көп пайдаланатынымыз анық көрініп тұр.

Кеңес Одағы кезінде Қазақстан ең көп болғанда 25-27 млн тонна мұнай өндірген, ал былтырғы жылы 80 млн тонна өндіріпті. Жалпы, тәуелсіздіктен бергі 20 жылдың ішінде 900 млн тонна мұнай өндіріп, оны сыртқа сатыппыз. Экспортымыздың 69,8 пайызы отын-энергетикалық өнімдері болса, қара түсті металдар 13,5 пайыз, химиялық өнімдер 5,1 пайыз болған. Жалпы сыртқы сауданың 88,4 пайызы - шикізат. Міне, осы өнімдердің арқасында бюджетке үлкен қаржы құйылды. Бірақ ақшаның көптігі қылмысқа ұласты: кім қанша ақшаны жұтып жатса да, ешкім ешқандай есеп бермейді, билік сұрамайды. Яғни ақша мұнай боп құйылды, су боп ақты. Кеңес Одағы кезінде 300 мың тонна ет өндірсек, қазір еттің өзін сырттан сатып аламыз.

Ал Кеден одағына шаң жұқтырмайтын билік өкілдерінің пікірлеріне құлақ ассақ, бәсекеге қабілетіміз артады екен, сонымен бірге Кеден одағы Қытай экспансиясына қарсылықтың бір жолы сияқты... Міне, Кеден одағына дайындығымыздың сиқы - осы, ертеңгі күніміз не болатыны белгісіз, арғы жағы тұман!..

- Мұнай өндірудің көлемін жылдан-жылға арттырғанын билік мақтанышпен айтады, біздегі қара алтынның қоры туралы нақты ақпарат бере аласыз ба?

- Қоғамдағы оптимистік көзқараста мұнай қоры 60-70 жылға дейін жетеді деген пікір айтылады, ал пессимистік көзқарас 30-40 жыл деп жүр. Ғалымдардың айтуынша, бүгінге дейін мұнай қорының тең жартысын пайдаландық. Ресейлік ғалымдар Қазақстанның мұнай қорларының таусылу қарқынын Ресейден екі есе жоғары деп бағалапты. Аңыздардағы Алдар көсенің таусылмайтын қазынасы емес қой, мұнайдың да бір күні сарқылатыны анық. Әлем елдері мұнайға балама энергия көздерін ойлап табуға ниеттеніп жатыр. Мәселен, күн, жел, су энергияларын пайдалану сияқты. Алайда қазірше ондай энергия қымбатқа түседі.

- Ереуілі бәсеңсімеген Маңғыстау мұнайшыларының талабына биліктің мүлде құлақ аспауында қандай себеп бар деп ойлайсыз?

- Мұндағы саясат қисық. Өйткені біздегі «Еңбек кодексінде» жұмысшылардың мүддесіне қарағанда, жұмыс берушілердің құқы жақсы қорғалған. Билік бұл жөнінде Еуроодақтағы немесе дамыған басқа мемлекеттердегі заңдарға сәйкес қызмет етулері керек еді, амал қанша! Біздегі заңның қисықтығы - өз құқықтарын қорғап, талаптарын қойған ереуілшілердің әрекеті заңсыздық саналады да, оларға күш көрсетіп отырған компаниялардың әрекеті заңды деп есептеледі. Осындай жағдайларды көргеннен кейін, заң шығарып отырғандарға немесе оны атқарып жатқандарға қалай кейімейсіз?!.

- Егер көзіңізге түссе, соңғы кезде жекелеген интернет-сайттарда мынадай ақпар жариялануда: «Қазақстан мұнайының иесі - билік пен Тимур Құлыбаев тұ, мұнайшылар ереуілінен толымды нәтиже болмайды». Сіз осы ақпарға қалай қарайсыз: жаны бар сөз бе?

- Біздің мемлекетте заң бойынша меншік иесінің кім екенін табу өте қиын. Біріншіден, мәлімет жабық. Екіншіден, мұнай кендерінің иелері оффшорлық аймақтарда тіркелген. Сондықтан кез келген кен көздерінің иесін жария ету мүмкін емес. Мұнай емес, қазір банктердің де иесінің кім екендігі құпия. Мәселен, Машкевичтің «Еуразиялық тобын» немесе «Қазақмыстың» қожайынын алыңыз, бір офшордың үстінде біреуі отыр. Әбілязевтің ісіне байланысты 600 оффшордың арты ашылыпты-мыс. Сондықтан мұндай жабық саясат қандай адамдардың немесе топтардың есебін түгендеп отыр - барлығы құпия!

Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің мамандар Қазақстан мұнай компанияларындағы меншіктің 88-90 пайызы шетелдіктердің қолында екендігін айтқан. Меніңше, сол шетелдіктерің екі түрлі, біріншісі - нағыз шетелдіктер, екіншісі - өзіміздің «шетелдіктер», яғни оффшорлық аймақтарға үлесін салғандар. Қаржының екі үлкен көзі болады ғой. Біріншісі - банк. Екіншісі - қор нарығы. Алайда бізде қор нарығы дамымаған. Оның екі түрлі себебі бар. Біріншіден, үлкен зауыттар мен кәсіпорындар стратегиялық инвестор деп шетелдіктерге берілді. Олардың бақылау пакеті 60-100 пайызға дейін. Олар ондай үлестерін оңайлықпен сатпайды. Екіншіден, қор нарығының біраз бөлігі биліктегі шенеуніктердің немесе жақындарының қолында. Олар да сатпайды.

- Тағы бір сарапшылардың пікіріне қарағанда, мұнайдағы қазақстандық үлестің кемуі салдарынан біздің билік мұнайшылардың белбеуін тарылта түспек деген жорамал жасалады. Расында, мұнайдағы біздің өз үлесіміз қанша?

Жалпы, мұнайдағы Қазақстанның үлесін билік 28 пайыз деп мәлімдеген болатын. Ал қалған 72 пайызы шетелдікі екен. Оның 22 пайызы - Қытайға тиесілі екен.

- Қазақстандағы шетелдік мұнай компанияларының үлесі билік берген ресми мәліметпен сәйкес деп ойлайсыз ба, жоқ әлде бұл арада да «жең ішінен жалғасқан» ұры саясат бар ма?

- Әрине, бар ғой. Мысалы, жалпы мұнайдағы үлесімізді 28 пайыз дегенімізбен, кейбір мұнай компанияларындағы меншіктің 88-90 пайызы шетелдіктердікі екендігін тәуелсіз сарапшылар мәлімдеп отыр. Сол 88-90 пайыздың бірер бөлігі «жең ішінен жалғасқан» ұры саясаттың жемтігі емес пе.

 

Келімсектер кетудің қамында

- Қазақстандағы бағалы металдар мен алтын қоры да билік басындағы жеке тұлғалардың меншігіне айналып кеткені туралы сөз бар. Бұл орайдағы ақпарат ашық болмағандықтан, біз бұл ақпарды да жоққа шығара алмаймыз. Ал сіздің уәжіңіз қандай: Қазақ алтынының қожайыны кім?

- Мұнай кендері сияқты, алтын кендерінің де ақпараты жабық. Оның үстіне, біздің ел алтын өндірісінде айтарлықтай жоғары жетістікке жеткен жоқ. Алтын Қазақстан экономикасы үшін үлкен көрсеткіште емес. Дегенмен әлемде алтынның саудасы күннен-күнге қызуда. Қолымызда нақты мәлімет болмаған соң, алтын туралы ажарлы ақпарат бере алмаспыз. Бірақ мұнайдағы үлесімізге қарап, басқа қазба байлықтардағы меншігіміздің де шамалы екенін білу қиынға соқпайды. Өйткені 1990 жылдардың басында шикізат секторларының бәрін шетелдіктерге уақытша басқаруға бердік, артынан бір-екі жыл өткен соң, біржола сатып жібердік қой. Сондықтан шикізат секторларының негізгі иелері -шетелдіктер.

- Қазақстанның байлығы олигархтардың ойыншығына айналып отыр деп, отандық түгілі, шетел баспасөзі жар салып жатыр. Ел экономикасындағы ішкі жалпы өнімнің қанша пайызы шетелдік алпауыттардың үлесіне тиеді деп ойлайсыз?

- Мұны жалпылама айту қиын. Жеке-жеке таратып айтсақ, мәселен, Қазақстандағы ең дамыған сала банк секторы болса, оның 22 пайызы ғана шетелдіктердікі екен. Қалғаны - отандық үлес. Ал ауыл шаруашылығымыз, негізінен, өзіміздің қолымызда. Өзіміз болғанда алпауыттардың қолында. Жер кодексі қабылданардан бұрын 30 млн. гектардай жердің латифундистер меншігі екендігі белгілі болған.

- Қазақстан банктері алып жатқан Қытай қарызы кімдердің мойнында? Мәселен, ресми ақпарат бойынша, еліміз соңғы екі жылда «көршімізден» алған 18,5 миллиард доллар ақшаның 2 миллиарды Машкевичтің Еуразиялық тобына кетіпті, ал ол Бразилияға 3 миллиард инвестиция салған. Қарызды біз алдық, пайдасын біреу көруде...

- Бұл анық мәлімет қой: билік те, бұқара да мойындаған. Егер Машкевичтің Еуразиялық тобы қарыз алғысы келсе, өздері алуға тиіс еді. Алайда қарызды мемлекеттік банк алды. Ондағы мемлекеттің үлесі - 26 пайыз ғана. Ал Еуразиялық топқа 45 пайызы тиесілі. Кез келген қарызға жауап беретін мемлекет қой. Түптің-түбінде бір сұрақтың болатынын сезген шетелдік инвесторлар ақырындап өздерінің акцияларын сатып жатыр. Яғни капиталдарын Қазақстаннан шығаруда. Өйткені олардың заманның бұлай жұмақ болып тұра бермейтіндігіне көздері жетті: алда сайлау бар, саяси өзгерістер болады дегендей. Аумалы-төкпелі заманнан сескенген келімсектер қазақ елінен жиған байлықтарын ертерек әкетуді тиімді саясат санайды. Басқа қамдарын байқай алмадым.

- Қазақстанның ауыл шаруашылығы саясатына қандай баға бересіз? Аграрлық саланы дамытудың бүгінгі беталысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады деп ойлайсыз ба?

- Негізінде, «ас - адамның арқауы» деп жатады ғой. Оның үстіне, аграрлық сала еліміздегі стратегиялық салалардың бірі. Осыдан екі жыл бұрын президент те аграрлық салаға көңіл бөлуді міндетке алған болатын. Алайда қазір аграрлық сала ішкі жалпы өнімнің 5-6 пайызын ғана құрайды. Жалпы халықтың 47 пайызы ауылда тұрса, барлық қазақстандықтардың үштен бірі ауыл шаруашылығы саласында қызмет етеді. 2003-2005 жылдары «ауыл жылы» бағдарламасы қабылданды, сонымен бірге әр жылдары ауыл шаруашылығына қатысты заңдар, Жер кодексі қаралды. Кеден одағының әңгімесі тұсында үкіметте арнайы құжат қабылданған болатын, сонда Қазақстанның ауыл шаруашылығына беріп отырған көмегі аграрлық салаға жұмсалған барша қаржының 4 пайызы ғана екен. Ал Белоруссияда 18, Ресейде 6 пайызды құрайды. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 60 пайызға дейін жеткен.

Қазақстанда ауыл шаруашылығына жасалып отырған саясат қисық. Мәселен, біздің елде ауылға көмек беретін ауылшаруашылық банктері жоқ. Оған Ұлттық банктің қожайындары рұқсат етпейді. Өйткені басқа банктер ашылса, Марченко өз ырыздығынан қағылады. Ал Қытай мен Ресейде ауыл шаруашылығына көмектесетін, өсімдері төмен бірнеше банк жұмыс істейді.

- Қымбатшылықтан тарыққан қазаққа экономист-маман ретінде қандай кеңес бересіз? Күн көрісі қиын елдің қажетіне жарайтындай ақыл айтыңызшы.

- Біз маман ретінде баспасөзде айтып, жазып жатырмыз. Ал жұмыс істеп, халыққа нәтижесін көрсететін үкімет қой. Елде жыл сайын алуан түрлі бағдарламалар жасалып жатады, алайда нәтиже шамалы.

Бағдарламалардың қорытындысы жөнінде есеп алған билік те жоқ. Қазақстанда халық өзіне қажеттіні талап етпейді, сондықтан саяси реформалар жасалмайды. «Алдымен экономика, сонан соң саясат», - деген биліктегілердің ойын түсінбейсің?

Меніңше, бұл дұрыс емес. Бізде экономикалық реформа да, саяси реформа да қатар жүруі керек. Билік бір топтың немесе бір адамның қолында болмауы қажет. Саясат бір партияның мүддесін емес, бүкіл халықтың мүддесін көздеуі қажет.

Билікке көппартиялы парламент келуі керек. Негізінде, саяси реформалар адамды экономикалық тәуелсіздікке әкеледі. Экономикалық тәуелсіздік адамды нарықтық жағдайда бәсекеге қабілетті етеді. Нарықта неге бәсеке болуы керек, ал саясатта неге бәсеке болмайды?

- Әңгімеңізге рақмет!

Жұқамыр ШӨКЕ,

«D»

Тоқтар Есіркепов,

экономика ғылымдарының докторы, профессор

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 24 (107) 29 маусым 2011 жыл

0 пікір