Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4209 0 пікір 1 Шілде, 2011 сағат 07:11

Жұқамыр Шөке. Абылайдың асы неге атаусыз өтеді?

Өткен аптада қазақ ханы, мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат - Абылай ханның (Әбілмансұр - 1711-1781) туғанына 300 жыл толуына орай, ұрпақтары (өздерінің айтуы бойынша) Алматыда ас берді. Асқа Қазақстанның әр өңіріндегі төре ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері келді. Ас үстінде Түркістандағы хан сүйегінің «қайта жерленуі» төңірегіндегі таласты әңгімелер де тілге оралды. Оның көбіне астың тізгінін ұстаған жазушы Смағұл Елубаев тоқтау айтқанымен, жұрт арасында иі қанбаған әңгіменің қыжылы қалды. Абылайдың асындағы даулы мәселенің мәні не еді?

Асқа жиналған ағайын арасындағы таласты әңгіме белгілі жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің сөзінен кейін шықты. Тынымбай мырза бұған дейін хан сүйегінің екінші рет қайда, қалай жерленгені туралы өзінің дәлелді, дәйекті пікірлерін баспасөз бетінде талай жазды, талай айтты. Ел президенті Назарбаевқа да газет арқылы бірнеше рет ашық хат жолдады. Жазушы көтерген мәселеге күйінуге тиісті төре ұрпақтарының ішіндегі ақсақалы - торғайлық Қадыр Жанаханов жазушының сөзін бөліп, әңгіменің әрін қашырды. Өзін төре санаған ақсақалдың кімнен, неден қорқатынын жиналған жұрт түсінбеді - Тыныбайдың алдында тыпырлаған баладай есі шықты: «Бұл - айтуға болмайтын тақырып» - деп, шыр-пыр болды.

Өткен аптада қазақ ханы, мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат - Абылай ханның (Әбілмансұр - 1711-1781) туғанына 300 жыл толуына орай, ұрпақтары (өздерінің айтуы бойынша) Алматыда ас берді. Асқа Қазақстанның әр өңіріндегі төре ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері келді. Ас үстінде Түркістандағы хан сүйегінің «қайта жерленуі» төңірегіндегі таласты әңгімелер де тілге оралды. Оның көбіне астың тізгінін ұстаған жазушы Смағұл Елубаев тоқтау айтқанымен, жұрт арасында иі қанбаған әңгіменің қыжылы қалды. Абылайдың асындағы даулы мәселенің мәні не еді?

Асқа жиналған ағайын арасындағы таласты әңгіме белгілі жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің сөзінен кейін шықты. Тынымбай мырза бұған дейін хан сүйегінің екінші рет қайда, қалай жерленгені туралы өзінің дәлелді, дәйекті пікірлерін баспасөз бетінде талай жазды, талай айтты. Ел президенті Назарбаевқа да газет арқылы бірнеше рет ашық хат жолдады. Жазушы көтерген мәселеге күйінуге тиісті төре ұрпақтарының ішіндегі ақсақалы - торғайлық Қадыр Жанаханов жазушының сөзін бөліп, әңгіменің әрін қашырды. Өзін төре санаған ақсақалдың кімнен, неден қорқатынын жиналған жұрт түсінбеді - Тыныбайдың алдында тыпырлаған баладай есі шықты: «Бұл - айтуға болмайтын тақырып» - деп, шыр-пыр болды.

«Аруақ алдындағы ұрпақ парызы - баба сүйегін арулап көму емес пе, ал мына ақсақалдың шыж-быжына не жорық?» - дейді шеткі столда отырған ұлтшылдар өкілі.

Айтпақшы, төре әулеттерінің атынан сөз алған сол торғайлық ақсақалымыз атасының асының үстінде ел президентін әбден әспеттеді, майын тамызып тұрып мақтады. «Бүгінгі асты беріп отырғанымыз, осы күнге жетуіміз - президенттің еңбегі», - дегенге дейін барды төренің тұқымы.

Біз осыдан үш ғасыр бұрын өмір сүрген Абылай ханды бүгінгі билікке теліген телпең саясаттың түбіне бойлай алмадық. Абылайды айту үшін, Ақорданы орынсыз қыстырудың не қажеті бар еді? Неге екенін білмедік, биліктің атын тықпайтын жеріміз қалмады ғой. Асаба жаққа қаратып естірте сөйлеген бір жігіт: «Сексендегі шал өлсе де, бес жастағы баланы сүндетке отырғызса да, бұл қазақ бәрін биліктің арқасында атқаратын болды...» - деп күледі. Қисыны бар, жұрт та езу тартты...

Сөз арасында ас тізгінін ұстаған Смағұл Елубаевпен тілдескенімізде, Абылай ханды «қайта жерлеген» антрополог Оразақ Смағұловтың сөз сұрағанын, оның Нұрмағамбетовпен ашық «майданға» шыққысы келгенін айтты. Бірақ астың құты қашпасын дегені шығар, Елубаев Смағұловқа сөз бермепті.

Иә, кезінде Абылай аңсаған тәуелсіздікке биыл жиырма жыл толады. Алайда бүгінгі билік қазақтың азаттығы үшін күрескен батырлар мен хандардың есімін атауға келгенде сараң боп тұр. Неге? Бұл туралы қоғамда алуан түрлі пікір айтылады. Соның бірі, бірі болғанда да, құлаққа жағымды, көкейге қонымдысы мынау: Бүгінгі билік қазақ мемлекетінің «шекарасын сызып», «мемлекеттігін қалыптастырған» дегісі келеді, халықты соған сендіргісі, тарихты соған бұрғысы келеді. Сондықтан да Абылай бастаған қазақ хандарының атын атауға қорқады. Егер қазақ мемлекетінің негізін қалаған хандардың аты аталса, әдебиет, тарих оқулықтарында оқытылса, онда бүгінгі билік көлеңкеде қалуы мүмкін екен.

Соған жандары шығады. Сол жолда Астанадан 1990 жылдан бергі «тарихты» жазатын арнаулы институт ашылды. Сол үшін де қазақтың бас ханы - Абылайдың 300 жылдық асы жетім қыздың тойындай боп өтіп жатыр.

Егер саналы ел, салауатты мемлекет болсақ, Абылайдай биігіміздің асын төре тұқымдарының ұйымдастыруымен ғана емес, барша қазақтың мерекесі етіп, ел болып тойламас па едік?! Астананың туған күнінің қасында «Абылайдың асы» ұлттық, халықтық мереке емес пе еді.

Мейлі, халық жадын сыз, санасын өшір, Абылай ханның 300 жылдығы - мемлекеттік мереке. Егер биліктің ақылы жетсе, жыл сайын 9 мамырды «Жеңіс күні» деп тойлағанша, жоңғармен 230 жыл күрескен қазақ хандары мен батырларының жеңісін қастерлемес пе еді.

Сонда ұлтсызданды деп жүрген ұрпақтарымыз нағыз «Ұлы Отан соғысы» Кеңес Одағының жерін қорғаған 4 жылдық неміс-совет шайқасы емес, тарихы 230 жылға ұласқан қазақ-жоңғар шапқыншылығы екенін түсінетін еді. Бүгінгі бар айтпақ мәселеміздің мәні - осы.

Қилы ҚИСЫН

Қабдеш Жұмаділов,

Қазақстанның

халық жазушысы:

- Қазақта: «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басына шабасың ба?» - деген сөз қалған. Оның да жөні бар, қазақ тарихында Абылайдың алдына түскен ешкім болмаған, болмайды да. Биыл тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен Абылайдың 300 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Бұл - жақсылықтың белгісі.

Абылай хан - қазақ елінің тәуелсіздігі, азаттығы үшін күрескен тұлға. Біреулер тарихты 1990 жылдан бері қарай тарқатып, елдің санасына солай сіңіргісі келеді. Ол дұрыс емес, қазақ тарихы 20 жылмен шектелмейді. Қазақ мемлекеттігінің қашан қалыптасқаны, шекарасының қашан бекігені туралы қалыптасқан тұрақты ұғымдар бар. Одан таюға, өтірік жазуға, бұрмалауға болмайды. Егер қазақ тарихын 20 жылмен шұнтитсақ, онда қазақтың сонау әз Жәнібек пен Керейден басталатын Қазақ хандығы қайда қалады, Кенесарымен аяқталатын 400 жылдық ұлы тарихты қайда жібереміз? Бүгінгі қазақ даласының, мемлекетінің негізі сол Абылай заманында қалыптасқан.

Егер XVIII ғасырда Абылай болмағанда, қазіргі қазақ мемлекеті болар ма еді, болмас па еді, кім білсін? Әрине, қазақ әулеті құрып кетпейтін еді, бірақ жартымыз - Қытайдың, біразымыз - Ресейдің телімінде, қалғанымыз Қоқан мен Хиуаның қарамағында құлдай күн кешетін бе едік?..

Абылай - жоңғарларға қарсы күрескен батыр, әрі хан. Ол кезде жоңғарлар бүкіл шығысты, бүгінгі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағын тұтастай жаулаған. Абылай бастаған қазақтың самсаған қалың қолы осы өңірлерді жоңғарлардан тазартты. Немістер басып алған Белоруссия мен Украинаның жерлерін оқулықтарда қара бояумен белгілеп жүрміз ғой. Ал оның қасында жоңғарлар басып алған жерлерді, оларға қарсы тұрған қазақтың батырлары мен хандарының еңбегін оқулыққа енгізу мақтаныш болмаса, елдігімізге сын емес. Осының бәрін тарихшылар мен көзі қарақты зиялылар біледі, ал кейбіреулері біле тұра, әдейі бұрмалайды.

Абылай 1754 жылы қазақ даласын жоңғарлардан тұтастай тазалаған. Оның қасында қазақтың ең мықты батырлары жүрді. Екі жылдан кейін жүз мыңдаған әскермен Қытайдың Ман Шың үкіметі келді. Бір кезде жоңғар басып алған қазақ даласын Қытайдың Ман Шың үкіметі жауламақ ниеттерін білдірді. Оларға Абылай хан алдымен 1756 жылы соғыс ашты. Қытайдың 40 мың әскері Іле мен Ертісті бойлап келіп, қазақ қолымен Балқаштың төңірегінде түйіседі. Қытайлар қазақ жеріне Әмірсананы қуып келдік деген сылтаумен кіреді. Даланың салты бойынша, Абылай хан досы Әмірсананы жауға ұстап бермейді. Сөйтіп, Абылайдың жасағы Қытайдың қалың әскерін шырғалап ертіп отырып, Бетпақ далаға апарып қырады. Жалпы саны 40 мың Қытай әскерінен 20 мыңы кері қайтады. Ал Қытай жазбаларында бұл жеңіліс жеңілдетіліп айтылады. Өйткені қытайлардың ұғымында жеңілісті мойындау - жеңілістен де сорақы.

Жиырма мың қолынан айырылған Қытай келесі жылы «Мамыр-су келісіміне» қол қойысады. Келісімде: «Біз сендерге тиіспейміз, сендер бізге тиіспейсіңдер», - деген пәтуаға келеді. Ал осының бәрі - тарих. Абылайдың осы соғыстардағы сыбағасы - өз алдына бір төбе. Біз кешеге дейін қазақты «нұрлы» болашаққа жеткізген Әбілхайыр хан деп келдік, Ресейдің ықпалымен. Иә, Әбілхайырдың өз еңбегі бар. Бірақ қазақтың ұлт ретінде, мемлекет ретінде сақталып қалуына Абылайдың қосқан үлесі барша хандардан үстем.

Жуырдағы жылдары тарих ғылымдарының екі кандидаты Абылайды хан болған жоқ, жоңғарларға қарсы күреске шықпаған деп жазды. Оқып, жағамды ұстадым! Қазір солардың қазақтығына, мұсылмандығына күмәнданатын болып жүрмін. Біз біреулердің айдауымен аруақ алдында ұяттан аттадық, оны Абылайдың рухы кешірмес. Мейлі, кім не десе - о десін, қазақ барда Абылай мен Абай мәңгі жасай береді.

Тынымбай Нұрмағамбетов,

«Алаш» сыйлығының иегері:

- Абылайдың 300 жылдығы ұрпақтарының ғана ұйымдастыруымен өткені - біздің елдің әлсіздігін, рухсыздығын көрсетеді. Абылай тек төре тұқымына ғана хан емес, ол - исі қазақтың басын біріктіріп, елді ел еткен тұлға. Абылай - әспеттеуге тұрарлық хан. Ал менің айтпағым - ханның қазаққа қылған қызметі емес, оның Түркістанда жатқан сүйегі туралы. Ханның қорланған сүйегі жөнінде бұған дейін тәуелсіз газеттерде талай рет жаздым. Жазғаным үшін күні бүгінге дейін кейбір шенеуніктерден «таяқ» жеп келемін...

Белгілі ғалымдардың Түркістанға барып, Абылай хандікі деп жүрген мүрдені жерлегені, антрополог Оразақ Ысмағұловтың «Абылай ханның сүйегі - осы» деген қорытындыға келуі, ол сүйектің Ресей Ғылым академиясына қарасты Этнология және антропология институтының М.Герасимов атындағы лабораториясында реконструкциядан өткені... Мұның бәрі - бұрыннан айтылып, әбден жауыр болған әңгімелер. Бірақ мұны Абылайдың асында айтпағанда, қайда айтам?

Біз ханның сүйегіне қиянат жасап жүрміз, Түркістандағы Абылайдың атын жамылып жатқан сүйек - басқа біреудікі. Білім және ғылым министрлігі антрополог Ысмағұловтың: «Абылай хан мүрдесі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішіндегі «Айнатас» деп аталатын құлпытастың астында», - деген сөзіне сеніп жүр. Ал Абылай ханның мүрдесі 1974 жылы 6 қыркүйекте эксковатор шөмішімен алынып, далаға тасталған. Егер ғалымдар атқарған істеріне сенімді болса, осы сөзді неге жоққа шығармайды? Өтірік екенін неге дәлелдемейді?

Менің ізіне түсіп, жазып жүргенім - шөп-шөпшектің жайы емес, қазақтың ханы Абылайдың мүрдесі. Өркениетті елдердегіше, Абылайдың «жаңа» мүрдесін ДНК әдісі бойынша зерттеу мәселесі ауызға да ілінер емес. Ғалымдар бұлай зерттеуден қашатын секілді.

Абылай ханды «қайта жерлеуге» байланысты оқиғадан зардап шеккен мен ғана емеспін. 1997-1998 жылдар шамасында Абылай ханды «қайта жерлеу» ісінің жалғандығы туралы баспасөзде мақалалар жазып, көзге түскен, сол кездегі Әзірет-Сұлтан мұражайының ғылыми қызметкері Марат Тұяқбаев та бар. Бір кездескенде ол антрополог Оразақ Ысмағұловтан көрген тауқыметін мұң етіп айтқан болатын. Ал ертеректе Абылайдың бас сүйегі жөніндегі әңгімені маған айтып берген сол кездегі Түркістан Қазақ-түрік университетінің тарих кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Зиябек Исабековпен де Ысмағұлов айрықша «есептескен» көрінеді. Ал Абылайдың сүйегі Ысмағұлов сияқты істерін «есеппен» қылатын адамдардың құрбандығы болып, басқа бір шұңқырда жатыр.

Бетті дайындаған -

Жұқамыр ШӨКЕ,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 24 (107) 29 маусым 2011 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3558