Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6091 0 пікір 1 Шілде, 2011 сағат 07:05

Қуандық Шамахайұлы. Абайға жолданған хат

(сықақ әңгіме)

Семей уезі, Шыңғыс болысының тұрғыны Құнанбайұлы Абайға. «Ректордың айнасы» газетінің кеңесшісі әрі журфактың деканы Жайбасар Мылжыңбайдан.

Құрметті Абай мырза! Редакциямызға «Қалың елім қазағым қайран жұртым» деген жалпы тақырыппен бір топ өлеңдеріңіз түскен екен. Өлеңдердің газетімізге жариялауға жарамағандығын мәлімдей отырып, оның себептерін түсіндіруді жөн көрдік.

Сіз «өлсе өлер табиғат, адам өлмес» - депсіз. Мұныңыз енді шылғи өтірік. Оған кім сенеді. Табиғат экологиялық жағынан азып-тозуы мүмкін. Ал, ол өлмейді. Адамның  жайына келсек, күнде көріп жүрміз ғой. Автокөлік апатына ұшырап, мезгілсіз қаза тауып жатқандар қаншама. Ал, әлгі спид деген пәлеге ұшыраса тіпті үміт жоқ.

(сықақ әңгіме)

Семей уезі, Шыңғыс болысының тұрғыны Құнанбайұлы Абайға. «Ректордың айнасы» газетінің кеңесшісі әрі журфактың деканы Жайбасар Мылжыңбайдан.

Құрметті Абай мырза! Редакциямызға «Қалың елім қазағым қайран жұртым» деген жалпы тақырыппен бір топ өлеңдеріңіз түскен екен. Өлеңдердің газетімізге жариялауға жарамағандығын мәлімдей отырып, оның себептерін түсіндіруді жөн көрдік.

Сіз «өлсе өлер табиғат, адам өлмес» - депсіз. Мұныңыз енді шылғи өтірік. Оған кім сенеді. Табиғат экологиялық жағынан азып-тозуы мүмкін. Ал, ол өлмейді. Адамның  жайына келсек, күнде көріп жүрміз ғой. Автокөлік апатына ұшырап, мезгілсіз қаза тауып жатқандар қаншама. Ал, әлгі спид деген пәлеге ұшыраса тіпті үміт жоқ.

«Қалың елім» - дейсіз, тағы да. «Қалың» деген сын есім ғой. Оның антономі - жұқа. Сіз оны сан есімнің орнына қолданып отырған секілдісіз. Мұныңыздың өрескел қателік екенін мен филфакты Кеңес заманында сырттай оқып бітірген дипломымды және таяуда ғана алған профессорлық аттестатымды қолыма алып тұрып ескертемін. Оның сыртында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғалымдардың бәрі сауда-саттық жасап жұмыстарын тастап кеткенде университетті бітіре салып, студенттерге дәріс бере бастаған адаммын. Яғни, мен білемін. Демек, сонда сіз қалың яғни толық, семіз деген мағынадағы сөзге елім дегенді тіркеп қолданасыз. Онымен қоймай тағы «қазағым» деп ұлтшылдыққа бой ұрасыз. Біз көп ұлтты елміз. «Қазағым, қазағым» - дей берсек, ұлтаралық араздық туындап, соғыс болып кетуі мүмкін. Сақтану керек.

Біздің газет бері айтсақ ректордің, ары айтсақ елбасының саясатын жүргізетін қазыналық мекеме. Сондықтан, қазақшылдыққа ешқашан жол бермейміз. Оның орнына «ортақ Отанымыз», «көп ұлтымыз» секілді сөздерді қолдануға әбден машықтану керек. Сіздің «ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» дегеніңіз шындыққа жанаспайды. Қазір не көп, ұстара көп. Мұны бір деңіз. Екіншіден, бүгінгі таңда кавказдықтар мен уахаббистер болмаса, біздің қазақ мұрт қоюды ұмытқалы қашан.

«Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын» - деген жолдар жүр.

Сіз мұнда депутаттарға, акционерлік қоғамдардың президенттеріне және шетелдік инвесторларға тиісіп отырсыз-ау деймін. Қалай болғанда да қазіргі заман бас-басына би болуды, өзін-өзі басқаруды талап етіп отыр. Олай болса, халық қалаулыларын, салық төлеушілерді, жарнама берушілерді «өңкей қиқым» деп сөгу қисынсыз ғой. Оның орнына ретін тауып мақтап-мақтап жіберсеңіз, мен оны кезекті сандардың біріне қыстырып жіберген болар едім.

«Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сыпырылды байлығың баққан жылқың» - деп кеңшар, ұжымшарларды таратып, жекешелендірген үкіметіміздің экономикалық сарабдал саясатын сынаған екенсіз. Ол енді, болары болып, бояуы сіңген дүние ғой. Өткенді сынаудың қажеті не. Ақын деген замана жыршысы емес пе. Сондықтан, бүгінгі шаруа қожалықтарын, фермерлерді, шағын кәсіпкерлікті мадақтасаңыз біздің бас редактор оның суын сорғалатып отырып жариялап жіберер әрі ректорымыздің де көңілі марқайып қалар еді.

Біреулердің ар-намысына тиетін ауыр сөздерді кез-келген өлеңдеріңізде жиі қолданады екенсіз. Мысалы, «Шу дегенде көрінер сұлу артық, көбі көпшіл келеді ондай қаншық», «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы», «Түңлікбайдың қатыны атың Шәріп» т.с.с. жаман сөздерден аяқ алып жүру қиын. Мәдениет, этика деген қайда? Біреудің жолдасына «қатын» деп тіл тигізесіз. Оныңыз аз болғандай «қаншық» деу тіпті шектен шығу ғой. Егер өлеңіңізді жариялаған болсақ, сізді менің әріптесім Мияугүл Қағыновна дереу сотқа беретін еді. Онда біттім дей беріңіз. Ол аз дегенде сізден алпыс мың теңге өндіріп алады немесе он бес тәулікке қаматып тастайды. Оны бермеймін деп қарсылассаңыз, сот орындаушыларын жібереді де қораңыздағы азғана малыңызды тартып алады.

Мына қиын заманда азғана малдан айырылып қалсаңыз қалай күн көресіз?  Жалпы сақтану керек, ащы жазуға болмайды. Егер қалаға көшіп келсеңіз сізден әжептәуір ақын жасауға болатын сияқты. Ал, ауылдан жазып атаққа шығамын деп дәмеленбеңіз.

P.S.Осындай бір хат қолға түсті. Конверттің сыртында екі түрлі бұрыштама бар. «Мекенжайы толық емес» - депті біріншісінде. Екіншісінде, «Мұндай адам Семей өңірінде тұрмайды» - делінген.

«Абай-ақпарат»

0 пікір