Жұма, 15 Қараша 2019
Жаңалықтар 2189 0 пікір 30 Маусым, 2011 сағат 08:04

Күнсұлтан ОТАРБАЙ. Пайғамбар да анадан туған

Ананың көңілі - балада

Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін, осымен екінші рет грек-рим күресінің жалауын желбіреттік. Биылғы дода еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылғаны туралы газетіміздің өткен (21.06. 2011ж. №24) санында айтқан болатынбыз. Байрақты бәсекеде еліміздің бас командасы мен Венгрия құрамасы шешуші айқасқа шықты. Сол тартыста бас жүлдені еліміздің құрамасы иеленген еді. Бүгін бұл тақырыпты қайта қозғауға тура келіп тұр. Неге деп ойлайтын боларсыздар. Жауабын білгіңіз келсе, әңгімемізге құлақ түріңіз.

55 келіде Асхат Құдайбергенов Виргил Муентаумен күресіп, қарсыласының осал тұсын тауып, өз командасын жеңіске бастады. Одан кейін 60 келіде Алмат Кебісбаев Диакони Есебионнан басымдылығын танытып, есепті еселеді. Есеп 2:0, жерлестеріміздің пайдасында. 66 келіде белдескен Дархан Баяхметов өкінішке қарай, қарсыласына есе жіберді. 74 келі сал­мақтағы Асхат Ділмұхамедов есепті арттырғанымен, 84 келі салмақтағы Ал­хазур Оздиев пен 96 келідегі Мар­ғұ­лан Әсембеков ұтылып қалғанда, зал толы жанкүйердің жаны мұрындарының ұшына келді. Есеп 3:3.  Енді бар ауыртпашылық аса ауыр салмақтағы Нұрмахан Тінәлиевке жүктелді. Жанкүйер қауым орындарынан түрегеліп кеткен.

Ананың көңілі - балада

Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін, осымен екінші рет грек-рим күресінің жалауын желбіреттік. Биылғы дода еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылғаны туралы газетіміздің өткен (21.06. 2011ж. №24) санында айтқан болатынбыз. Байрақты бәсекеде еліміздің бас командасы мен Венгрия құрамасы шешуші айқасқа шықты. Сол тартыста бас жүлдені еліміздің құрамасы иеленген еді. Бүгін бұл тақырыпты қайта қозғауға тура келіп тұр. Неге деп ойлайтын боларсыздар. Жауабын білгіңіз келсе, әңгімемізге құлақ түріңіз.

55 келіде Асхат Құдайбергенов Виргил Муентаумен күресіп, қарсыласының осал тұсын тауып, өз командасын жеңіске бастады. Одан кейін 60 келіде Алмат Кебісбаев Диакони Есебионнан басымдылығын танытып, есепті еселеді. Есеп 2:0, жерлестеріміздің пайдасында. 66 келіде белдескен Дархан Баяхметов өкінішке қарай, қарсыласына есе жіберді. 74 келі сал­мақтағы Асхат Ділмұхамедов есепті арттырғанымен, 84 келі салмақтағы Ал­хазур Оздиев пен 96 келідегі Мар­ғұ­лан Әсембеков ұтылып қалғанда, зал толы жанкүйердің жаны мұрындарының ұшына келді. Есеп 3:3.  Енді бар ауыртпашылық аса ауыр салмақтағы Нұрмахан Тінәлиевке жүктелді. Жанкүйер қауым орындарынан түрегеліп кеткен.

Боз кілемнің өкпе тұсында «Айналайын құлыным, Алла Тағала қолдасын! Нұрмахан! Нұрмахан! Жаным, құлыным!», - деп, денелі бір әйел елден ерек  айғайлап тұр. Бір сәт елдің назары сол кісіге ауды. Ол кісінің елмен шаруасы жоқ. Баяғы әуенімен өңешегі үзілердей айғайлайды. Орнынан бір тұрып, бір отырады. Біздің бір көзіміз кілемде, екінші көзіміз сол айғайлай-айғайлай тамағы қарлыққан белгісіз апайымызда. Ішімнен Нұмаханның туысы болар деп топшыладым. Туған анасы екенін кім ойлаған...

Қашанда  шешуші сәтте ел намысын абы­рой­мен қорғап жүрген Нұрмахан бұл жолы да қарсыласынан айласын асырып, Қазақстан-1 құрамасы 4:3 есебімен кубок иегері атанды. Нұмахан қарсыласын алып ұрғанда анасының көзінен жас сорғалап тұрды. Қарақұрым халықтың арасында Нұрмаханның анасымен сөйлесу мүмкін болмады. Бар мүмкіндігіміз қалта телефонының нөмірін сұрап алып қалуға ғана жетті. Жарыс шымылдығы жабылғаннан бірнеше күннен кейін асықпай телефон арқылы тілдестік.

- Сәлеметсіз бе? Бұл Нұрмаханның анасы ма екен?

- Иә, мен Нұрмаханның анасы боламын.

- Сізге «Қазақ спорты» газетінен хабарласып тұр едік. Өзіңізді қысқаша таныстырып кетсеңіз?

- Менің аты-жөнім Тінәлиева Жұмагүл Рәбжанқызы.

- Қазір қай жерде тұрасыздар? Өзіңіз қандай кәсіппен айналысасыз?

- Шу ауданы, Төле би ауылында тұрамыз. Сол Төле би ауылында Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет істеймін.

- Жұмагүл апай, жарыстың соңғы шешуші сәтінде Президент кубогын Қазақ топырағында алып қалуға сіздің асыл ұлыңыз Нұрмахан ерекше еңбек сіңірді. Біз сізді алыстан байқап отырдық. Сіз орныңыздан неше тұрып, неше отырдыңыз, тіпті көзіңізге жас алып, жылап тұрдыңыз. Әрине, толқып тұрғаныңызды түсінеміз. Сол кездегі ішкі жан-дүниеңізді өз ауызыңыздан естісек деп едік?

- Мен ол кездегі көңіл-күйімді тілмен айтып жеткізе алмаймын. Өзімді-өзім қалай меңгеріп тұрғанымды да білмеймін. Адам өмірінде бір қуаныш пен бір қайғы қатар жүреді екен. Алла Тағала қуаныштан айырмасын деп тілеймін. Бірінші қуанышымды айтайын. Ел отырған залда мен де отырмын. Қарсы жақ пен біздің балуандар алма-кезек жеңіске жетіп, есеп 3:3 болды. Енді ең соңғы жұп, ол әрине, аса ауыр салмақтағы жұп. Менің бойым бір ысып, бір суып барады. Егерде менің «жаман» құлыным жеңіп жатса, кубок елде қалады, жеңілсе жаттың алақанында кеткелі тұр. Ұлым боз кілемге шыққанда, Алладан тек қана демеу сұрадым. Алла Тағала ұлымды қолдап, қарсыласын таза жеңіспен жығып, еліне шаттық сыйлады ғой. Маған осыдан артық бақыт, осыдан артық шаттық жоқ шығар. Елінің туын желбіретіп, әнұранын асқақтататын осындай ұлдың анасы болғаныма бақыттымын. Ал екінші айтайын деп отырған өкінішім - ұлымның әкесі тірі болғанда ғой... (көз жасын сығып алды). Осында әкесімен қатар ұлымыздың еліне қуаныш сыйлаған сәтін өз көзімізбен көргенде ғой деп ойлап жылап отырдым. Іштей қатты қайғырамын.

- Апай, ол Алланың басыңызға салған бір сынағы болар. Оған бола өзіңізді шаршата бермеңіз. Нұрмахандай ұлыңыз бар. Нұрмаханның алар асуы алда екенін ұмытпаңыз. Енді Алладан ұлыңыздың амандығын тілей беріңіз... Алда - Лондон олимпиадасы...

- Балам, дұрыс айтасың. Бірақ қанша ойламайын десең де, ойлайды екенсің. Әкесі балаларын тек спортқа ғана тәрбиелеген жоқ. Ол Нұрмаханға қазақтың болмысы қандай, қандай салт-дәстүрі бар, қандай әдебиеті, қандай мәдениеті бар, солардың барлығын бойына сіңіріп кетті. Енді қызығын көремін деп жүргенде аяқ астынан өмірден озды. Мен отағасы Анарбекпен қатар жүргенде қалай өмір сүремін, балаларымды қалай бағып-қағамын  деп ойлаған емеспін. Бір күнде айырылып қалып, еңсемді әрең көтердім.

- Ұлыңыздың күресіп жатқанын бұрындары да осылай арнайы келіп тамашалайтын ба едіңіз, әлде бұл жолы бірінші рет келуіңіз бе?

- Тікелей өз көзіммен бірінші келіп көргенім осы екен.

- Балаңыз мұнан да үлкен талай үлкен додаларда топ жарып жүр. Ол кезде телеарнадан тамашалайтын боларсыз?

- Әрине, ұлым бір елге жарысқа барып, бүгін телеарнадан таратады екен деген күні түннің бір уағында болса да, ұйықтамай отырып көремін. Бірақ көп жағдайда телеарнадан бұрын жеңсе, жеңді деп жеңілсе, жеңілді деп естіп аламыз. Сосын артынан көргенде жайбарақат отырып көре беретінбіз.

- Ал боз кілемнен қол созымнан қарап отырған қалай болады екен?

- Өте ауыр болады екен. Ұлыма қанша жерден сеніп тұрсам да, бір үміт пен бір күдік бойыңды желдей тінтіп, жүрегіңді жұлқылап, бір орынға тұрақтап отыра алмайды екенсің. Балам боз кілемге шығарда далаға да шығып кеткім келді. Қарап, көруге шыдамым жетпей тұрғанда балам касыма арнайы келіп: «Анашым, ештеңеден алаңдамаңыз. Қорықпаңыз. Мен өз елімде, өз жерімде, өзіміздің боз кілемде белдесейін деп жатырмын. Сіздің үмітіңіз елдің үміті ғой. Тек қана сеніммен отырып, ұлыңыздың қарсыласын көтеріп лақтырғанын тамашалаңыз. Сізге әкем көрсете алмаған қызықты мен көрсетемін. Тек қана тілеуімді тілеп отыра беріңіз, әкемнің кеткені де жетеді, анашым енді сіз аман болыңыз», - деп, көңілінде ешқандай қорқыныш үрей де, қысылу да жоқ, жай бір сыралғы құрбысымен ойнап күресетіндей, сабырлы қалпымен бетімнен сүйіп алды да, кілемге қарай кетіп қалды. Сол сәтте менің бойымдағы үрей де,  қорқыныш та су сепкендей басылды да қалды. Дегенмен, кілемге   Нұрмаханды шақырып жатқанда ұлымды өмірге әкелгенде қалай толғатсам, сол сәтте де солай толғатып тұрдым.

- Біз сіздің балаңыздың Ресейде жаттығатынын жақсы білеміз. Үйге неше айда бір келіп тұрады?

- Міне, өткен жарыстан кейін тағы да кетіп қалды, жылына баламды сағынып, сарғайып жүріп екі-ақ рет көремін. Баланың көңілі далада, ананың көңілі балада дейді ғой. Ананың жүрегі - әлемнің жүрегі екенін білесіңдер. Ағартушылықпен айналысып, қолымызға қаламсап алып жүргеннен кейін ұлымды алыста жүргенде сағынып «Балама» деген өлең жазған едім.  Сол өлеңімді оқып берсем бола ма?

- Міндетті түрде, оқып беріңізші...

Дара туған асылым,

Жапырақтай жасылым,

Қайда жүрсең, аман бол,

Өнеріңе сүйсініп,

Дария көлдей тасыдым, - деп жазып, арнайы өзінің жеке электронды поштасына салдым. Сол кезде балам Венгрияда жүрген кезі болатын. Балам өлеңімді оқып, жылап тұрып: «Анашым, сіз мені елден ерек ірі ғып тудыңыз. Өмір маған осы жолды таңдауды нәсіп етті. Бұл өмір ғой. Сағынғаныңызды білемін. Мен де сізді қатты сағынып жүрмін», - деп қоңырау шалды. Сосын балам маған: «Анашым, мен де сізге арнап «Анама» деген өлең жазып, хат жіберемін», - деді. Мынау баламның маған жазып жіберген «Анама» деген өлеңі:

Жан анам, жан анам, жан ана,

Бұл өмірде сізден асқан жан бар ма?

Пайғамбар да анадан жаралған ғой,

Анасын сыйлаған адамның жаны жәннатта ғой, - деп жазып жіберіпті. Мен баламның осы төрт жол өлеңін жүрегімнің ең түкпірінде сақтап жүрмін.

- Апай, сіздің бойыңызда да, балаңызда да ақындық өнер бар екен. Балаңыздың тағы қандай ерекшеліктерін айтар едіңіз?

- Нұрмаханның бір ерекшелігі - кішкене балалармен әңгімелессе, кішкене балаша сөйлеседі. Тіпті, баламен бірге бала болып ойнайды. Өз қатарластарымен жігіт сияқты сөйлеседі. Ал үлкен адамдармен кәдімгі бір жарты ғасырды артына салып тастағандай, терең-терең әңгімелер айтады. Бос уақытында атқа мініп, серуендегенді жақсы көреді.

- Нұрмахан нешінші ұлыңыз?

- Екінші ұлым. Нұрмаханның алдында 1985 жылғы Нұрлан деген ағасы бар. Нұрмаханнан кейін Қажымұқан деген інісі бар. Қыз балам болмады. Осы үш ұлымды өсіріп, жеткіздік. Сол үшін өзімді бақытты санаймын.

- Нұрмаханның ағасы мен інісі күреске бармады ма?

- Әкелері Анарбектің өзі де спортшы болған. Әкелері алғашында ағасы Нұрлан мен Нұрмаханды бірге жаттықтырған болатын. Бір күні балалардың әкесі маған: «Мен де ірімін, сен де ірісің. Бізден туған балалар бізден де ірі болатынына сенемін. Нұрмахан да, Нұрлан да алғашқы жарыстарынан жетістіктерге жете бастады. Кейін екеуі ауыр салмақта бетпе-бет келіп қалып, екі ұлдың арасында бір түсініспеушілік болып қала ма деп қорқамын.  Нұрланның жасы үлкен ғой. Нұрланның басын құрап, спорттан алып шығайық. Нұрмахан болса, жас қой, өмірі алда. Осы екі үлкен ұлдың біреуі күрессе де жетеді», - деп уәж айтқанда ештеңе түсінбеген едім. Қаір ойласам, бұл әкесінің үлкен саясаты екен. Бір жағынан ол кезде кішіміз өте кішкентай болды да, әкесіне көмектесетін ешкім болмады. Екеуі де жаттығуға кетеді. Ол кезде қолда біраз мал да бар болатын. Малға қарау керек болды. Немере сүйгіміз келді. Сонымен, не керек, Нұрланды үйлендірдік. Қазір Әйгерім есімді келінім, Абай, Кәусар деген екі немерем бар. Ал Нұрмахан осы грек-рим күресімен біржола кетті. Оған ешқайсымыз да кедергі болған жоқпыз. Қазір шетелде жаттығуының себебі елімізде онымен тіресетін адам жоқ. Әкесі осылай боларын ерте сезген екен ғой.

- Жаңа Қажымұқан деген тағы бір інісі бар деп айттыңыз. Өзі сүткенжеңіз екен. Әрі балуан атамыздың есімін беріпсіздер. Ол балаңыз қанша жаста, немен айналысып жүр?

- Қажымұқан деген кенже ұлым 1995 жылы туған. Қазір мектеп жасында. 9-сыныпты жаңа бітіріп жатыр. Ол да ірі денелі болып өсіп келеді. Қазірдің өзінде 75 келі тартады. Қажымұқанды қазір өзі сыртта жүрсе де, ағасы Нұрмахан тәрбиелеп жатыр. Тамағы да, киімі де сол ағасының мойынында.

- Нұрмахан қазіргі таңда ел намысын қорғап көбіне жаттығу- жарыстардан босамайды. Балаңызға лайықты келін қарастырып жүрген боларсыз?

- Әркімнің өзінің қалауымен болған істе ғана өнім болады ғой. Нұрмахан 1988 жылғы. Ол жиырмадан асса да маған әлі бала. Келін туралы мен де ауыз ашқан емеспін, Нұрмахан да мен келін тауып қойдым деп айтқан емес. Қазіргі бар арман-мақсаты - Лондон олимпиадасына барып, ел қоржынына бір медаль салсам деп жүр. Менің де күткенім сол. Лондон олимпиадасынан бір алтын әперсе, менің де арманым жоқ. Лондонға барып келген соң үйлену мәселесін бірақ қарастырамыз. Маған қазір келін емес, ұлымның елінің көк туын Лондонда  желбіреткені қымбат болып тұр. Ұлым әлі жас. Келін табылады. Осы орайда ұлымның ойдағыдай жаттығу жасауына бір кісілік үлес қосып жүрген Дәулет Тұрлықановқа, інісі Марат Тұрлықановқа және баптап жатқан басқа да бапкерлеріне   алғыс айтқым келеді.

- Әңгімеңізге көп-көп рахмет! Әрдайым осылай қуанып жүре беріңіз.

 

Күнсұлтан ОТАРБАЙ.

«Қазақ спорты» газеті

0 пікір