Жұма, 29 Наурыз 2024
Алаң 6886 27 пікір 19 Маусым, 2019 сағат 14:12

"Күн мұнарасы" ашынған аналардың көз жасына салына ма?

Нұр-Сұлтан қаласына Қазақстанның туы тәріздес көпір-ғимараты салынады. “Күн мұнарасы”  («Tower of the Sun»)  деп аталатын бұл нысан Есіл өзенінің бойында орналаспақ. Әзірге бұл жобаға қанша қаржы кететіні белгісіз.

Жаңа ғимараттың дизайны Қазақстандық BI Group компаниясы үшін “Fundamental Architects” роттердам мен “Omega Render” 3D визуализация студиясында әзірленген.

Нысанның жалпы аумағы 75 мың квадрат метрді құрайды. Ол Есіл өзенін бойлай Ақорда сарайының жанына салынады.

Ал, аталған жоба туралы “Omega Render” студиясы Instagram парақшасында:

Ғимараттың биіктігі 121 метр болады. Мұнда тұрғын үйлер, офистер, қонақ үйлер мен бизнес орталықтар болады, - деп жазған.

Бұл нысанның ортасындағы үлкен шеңбер Қазақстанның туындағы күнге ұқсайды. Сол күннің ашылуы арқылы Ақ Орданың көрінісін көруге болады-мыс. Аталған жобаның сәулетшісі Роттердам студиясының білікті маманы Владимир Коновалов. Менеджері - “Omega Render” студиясынан Артем Куприяненко.

Сонымен қатар, «Астана қаласының ресми архитектуралық қоғамдастығының” Dezeen басылымы: “Күн мұнарасының”  төбесінен Нұр-Сұлтанға қарайтын қоғамдық террасалар ашылады. Сәулетшілер ғимараттың энергияны тұтыну мөлшерін барынша аз пайдаланатындай етіп жасамақ. Гидроэнергияны өндіру үшін Есіл өзенін тарылтып, оның ағынын ұлғайту керек”, - деп жазады.

Одан бөлек, биіктігі 42 қабатты екі мұнара салынуы мүмкін.

Бұл жобаның авторы -  BENOY LTD компаниясының Лондон сәулет бюросы. Аталған мұнара Нұр-Сұлтандағы Триатлон паркі мен “Жетісу” саябағына орнатылмақ.

Жалпы, Есілдің бойындағы ерке қаланың сұлулығы үшін мемлекет аз шығындалып жатқан жоқ. Былтыр ғана 20-ға толған тойына 19 миллиардқа жуық ақшаны ойланбай шашты. Шет елдің ең үздік әнші-әртістерін шақырып тағы ысырапқа жол берді. Бұған әр өңірдің жасаған тарту-таралғысын қосыңыз. Астанаға сыйланған сол ірі көпір, саябақ, тарихи монументтердің барлығын Нұрсұлтан Назарбаев өзі қабылдап алды.

Мәселен, Астана саябағына Даниал Ахметов бастаған Шығыс Қазақстан облысы құны 1 миллиард теңге болатын музыкалық фонтан орнатып берді. Ол субұрқақ түрлі түске боялып, ән салатын көрінеді.

Қарағанды облысы “Қазақ еліне мың алғыс” деп аталатын тарихи монумент тарту еткен. Ал, Алматылықтар алма толы саябақ сыйлады. Алматы облысы Жетісудың барлық туристік обьектілері көрініп тұратын «Жетісу» саябағын салып берді.

Сол дүбірлі тойда экс-президентті тағы бір қуантқан ерекше сыйлық - Атырау облысы тарту еткен құны 6 миллиард теңге болатын “Атырау көпірі” болды. Пішіні балыққа ұқсас өткел Есілдің оң жағалауы  мен сол жағалауын жалғайды. Оның ұзындығы 313 метр. Оны Н.Назарбаев “бас қаланың көркін одан сайын ажарландырған сәулеті ерекше өткел” деп қатты риза болды.

Ал, осы шашылған миллиардтардан қарапайым халыққа қандай пайдасы бар? Әлі күнге газ тапшылығын тартып отырған Астана мен оның іргесіндегі ауылдар 565 миллиард теңге жұмсалған ЭКСПО-ның игілігін неге көре алмады? Ал, Үкіметтің, құрылысы басталмай жатып тоқтаған Астана LRT нысанына қаржыны ел ішінен іздейміз дегенін қалай түсінуге болады?

Түйін

Қазір Нұр-Сұлтанда көп балалы аналар үшін баспана мен әлеуметтік жағдайдың шешілгені маңызды. Ендеше аналардың көз жасын елемей "Күн мұнарасын" салмақ болып жатқанымыз қалай? Әрине, бас қаламыздың көркейе түсуіне қарсы емеспіз. Сонда да, 4 айдан бері бос уәдеге тойған аналар ашынса, олардың арынын "Күн мұнарасы" баса алмайтынын неге ұқпаймыз?. Біздің ойымызша, су жаңа әкім Алтай Көлгінов пен әлеумет министрі Бердібек Сапарбаев осыны билікке бір мәрте ескертуі керек. Ішерге ас, қонарға жай таппаған ата-аналардың көз жасын құрғатпай жатып "Күн мұнарасына" құмарту жақсылықтың нышаны емес.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594