Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Деп жатыр 5665 64 пікір 12 Маусым, 2019 сағат 11:57

Әміржан конструктивті оппозиция жолын таңдады

Міне, ала құйындай болып Президент сайлауы да өтті. «Үміт оты тұтанды» деп қуанғандар да бар, «Бұл сайлаудан кейін бізге не «келер екен?» деп көңіліне көп күмән туындағандары да аз емес. Несі бар, сайлау аламан бәйге іспетті. Бүкіл елдің тағдырын шешетін аламан тартыста түрлі пікірлердің болуының өзіндік қисыны бар.

Тек, бізді бір нәрсе ғана қынжылтады. Біз сайып келгенде демократия секілді әркімнен де аса жауапкершілікті, сындарлық пен парасаттылықты талап ететін үлкен өзгеріске дайын емес екенбіз. Сол баяғы біреудің пікіріне төзе алмау, басқаның тұжырымын өзіне жау санау, «тек қана менікі дұрыс» деген ештеңенің парқына бармас менмендік тәрізді жаман әдеттер бой көтеріп, әділетті де, тәуелсіз ел болуымыздың ауылы алыс екенін айқын танытты десек, қателесе қоймаспыз. Бұған фактіні алыстан іздеп қажеті жоқ. Сайлау аяқталысымен Президенттікке көп үміткердің бірі Әміржан Қосановқа қарсы бағытталған, оған ашықтан-ашық жала жабу науқаны қарқын алды. Мені әсіресе анау ғаламтордағы оны «халық жауына» айналдыру науқаны қатты шошытты. Әміржанды оппозициядағылардан бастап, саясат дегеннің иісі мұрныны да бармайтын шала сауаттылар да қаралап жатыр. Олардың ойынша «Әміржан Аққордаға беріліп, соның қолжаулығына айналып, оппозицияға сатқындық жасапты-мыс» деген бет қаратпас жалалар.

Ау, сіздер Әміржаннның сатқындығын қайдан көріп отырсыздар? Ол Қазақстанның кез-келген азаматты секілді бұл сайлауға қатысуға толық қақы бар емес пе?. Ал «Аққорда жағына шығып кетті» деген не сандырақ? Ол билік басындағылармен айқара құшақтасып, сертесіп, қол алаысып, бет сипағанда қасында болып па едіңдер? Егер ол лауазымға қызықса аттай 20 жыл бойы неге оппозицияның қатарында болып, сол билікті сынап келді? Сол кезде-ақ бір жылы да жұмсақ орынды иеленсе, кім не дер еді? Ондайлар аз ба? Мен білетін Әміржан ымыраға келсе де, сатқындыққа бармайтын, халқының мүддесі үшін билікпен келісімге келсе де, оны тек қарақан басының қамы үшін істемейтін адал азамат деп білемін. Және де бұл пікірмен еш уақытта қайтпаймын да.

Сосын біздің оппозиция дегеніміз де қызық. Олар үшін міндетті түрде барлығын да түгін қалдырмай қиратып, бәрін қайтадан құру керек. Яғни баяғы большевиктердің әдіс-тәсіліне ұқсап кетеді. Ал өркениетті елдерде бәрін де бірте-бірте, яғни эволюциялық жолмен істеу қажеттігін әлдеқаша сезген. Ол үшін оппозицияның ішінде ешбір ымырыға келмейтін радикальды топтарымен қатар, халық мүддесі үшін, оны әртүрлі реформалық жолмен бақытқа жеткізу үшін билікпен ымыраға келіп, қандай да іргелі шараларды бірге атқаруды көздейтін конструктивті оппозиция деген болады. Мен оның талай жылғы әріптесі ретінде ғана емес, оның өмір жолық қадағалап отырған қарапайым оқырман ретінде де Қосановты осындай көреген топтың ірі өкілі деп есептеймін.

Жайберген Болатов

Abai.kz

64 пікір