Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 5816 19 пікір 11 Маусым, 2019 сағат 12:54

Сайлау - үлкен өзгерістің іргетасын қалап кетті

Сайлау өтті, кетті, бітті... Бірақ үлкен өзгерістің іргетасын қалап кетті. Ол жөнінде соңында.

Алдымен айтпағым, әлеуметтік ғылымда "жайтартқыш" деген түсінік бар. Мәселен, ашуланып үйге келген отағасы өшін бала-шағасынан алады. Сонымен қатар, проблемаға тап болсақ, үмітіміз ақталмаса, жоспарымыз орындалмаса, жолымыз болмаса, кінәліні іздейміз. Өйткені, кінәлі - күрделі дүниелерді оңай түсіндіріп береді.

Әлеуметтік жүйе де сондай, қызуы көтерілгенде кінәліні іздейді. Ондайдаxалықтың назарындағы адам "жайтартқышқа" айналып шыға келеді. Қолында ресми билігі бар адамға "жайтартқыш" болу аса қауіпті емес. Оны бүкіл мемлекеттік аппарат қорғайды. Ал жалғыз жанға аса қауіпті.

Қосановты қаһарманнан бір күнде антиқаһарманға айналып кеткендей сезімде болсаңыз, мұны "жайтартқыш" феноменімен түсіндіруге болады.

Енді бұл сайлаудан xалық не ұттыға келсек. Қазақстанда қантөгіс арқылы, төңкеріс арқылы саяси жүйе ауыспайды. Оны ешкім де қаламайды. Дұрысы - өркениетті жол. Ал ол үшін уақыт керек.

Отыз жыл бойы қалыптасқан қазіргі саяси жүйе бір түнде ауыса салмайды. Бұл сөзді өздерін үміті ақталмай қалғандай, біреу сатып кеткендей сезініп жүрген достарыма бағыттаймын. Әрине, саяси мәлімдемелерде қателіктер болған болар. Бірақ Қосановтың 16 пайыздан аса дауыс алуын өз басым үлкен ЖЕҢІС деп бағалаймын. Қосановқа дауыс берген, үміт еткен әр адамның жеңісі. Бұл жерде тіпті тұлғалар жөнінде сөз қозғамай-ақ, саясаттану тұрғысынан келсек, бәріміз күтетін саяси плюрализм заманын бастап берген сайлау болды.

Бір түнде саяси жүйе өзгеріп кету үшін қоғам ұзақ уақыт әлеуметтік катаклизмдерді бастан өткеруі керек. Дәл қазір ондай алғышарттар жоқ.

Сонымен, бұл сайлаудың бергеніне көшейік. Ең алдымен, xалық үміттің тәтті дәмін де, өкініштің ащы дәмін де татты. Саяси санамызды өсіріп кетті. Әсіресе, бақылаушы болған, әр кандидаттың шашбауын көтеріп жүрген азаматтар жақсы сезінді. Сайлау арқылы да өзгеріс әкелуге болатынына көздері жете түсті. Меніңше, мұндай сезім ел тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет болған сияқты. Биліктің көзі - xалық екеніне xалықтың өзі сене бастады. Әсіресе, менің замандастарым, отыз жастың айналасындағылар күш алғаны қуантады. Енді бұл қозғалыс шығыр сияқты айнала береді, айнала береді. Өркениетті саяси өре қалыптасқанша тоқтамайды.

Сонымен қатар, билік те xалықтың күш алғанын, бұдан былай оңай олжа болмайтынына көзі жете түсті деп ойлаймын. Ендігі жерде билік елге жақындай түспек. Қоғамдық саясаттың маңызы арта бермек.

Парламенттің сайлауы келе жатыр. Онда да біраз тартыс болады. Қай партия кіретінін білмеймін, себебі партиялар бәсекелесетіндей саяси жағдайда емеспіз. Бірақ елдің алдында жүрген, ойын ашық айта алатын тұлғаларды парламентке өткізеді. Оған билік те мүдделі және солай болады.

Алдағы бес жылда қоғамдық-саяси аxуал біраз өзгереді. Жаңа ұрпақ өсіп жетілді. Ал өркениетті елдердегідей саяси жүйеге, xалық кімге өкілет беретіні кабинеттерде емес, сайлауда шешілетін жағдайға, он-он бес жылдан соң келеміз.

Шыңғыс Мұқанның facebook парақшасынан

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610