Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Сайлау 5404 39 пікір 10 Маусым, 2019 сағат 15:27

"Асатпай жатып құлдық" жасайтын ел емеспіз...

Сонымен кезекті рет кезектен тыс өткен президент сайлауы аяқталды. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын партияның өкілі жеңіске жетті. Ол – қазіргі президент міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев. Енді Қасым-Жомарт Кемелұлы ел-халықтың алдында ант береді. Сөйтіп, ресми – түрде президент атанады.

Кешелі-бері әлеуметтік желіде жұрт шуласып жатыр. «Дауыс бұрмаланды» деді. «Сайлау әділ өтпеді» деді. Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, кешегі сайлаудың үш ресми нәтижесіне шолу жасайық.

Әуелі «Қоғамдық пікір» институты 13 мыңнан аса адамның пікірін алып, сайлаудың алдын-ала нәтижесін, болжамын жария етті. Ол бойынша Тоқаев жеңіп шыққан еді.

«Еxit poll» нәтижесі:

1. Қасым-Жомарт Тоқаев – 70,13%,

2. Әміржан Қосанов – 15,39%,

3. Дания Еспаева – 5,32%,

4. Жамбыл Ахметбеков – 3,86%,

5. Төлеутай Рақымбеков – 3,03%,

6. Амангелді Таспихов – 1,41%,

7. Сәдібек Түгел - 0,86%.

Кеше дәл осы «еxit poll» есебі жарияланысымен-ақ, жұрт сайлауды түйіндеп тастады. Ақпарат құралдары «Тоқаев жеңді» деп жарияға жар салды. Анығында бұл ресми қорытынды емес еді. Ресми нәтиже деуге келмейді де. Себебі «Қоғамдық пікір» институты айналасы 13 мың адамның арасында сауалнама жүргізген. Ал Қазақстанда белсенді электорат – 12 миллионға жуықтайды. Яғни, 12 миллионның дауысын 13 мың адамның пікірімен түйіндеу – әділетсіз.

9 маусымда жария болған екінші есеп «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығына тиесілі. Олар да «еxit poll» есебін жүргізіпті. Жоғарыдағы есеппен салыстырып қарасақ, алып бара жатқан айырмашылық жоқ. Сонда да:

«Жастар» ҒЗО есебі:

1. Қасым-Жомарт Тоқаев – 69,94%,

2. Әміржан Қосанов – 14,96%,

3. Дания Еспаева – 4,78%,

4. Жамбыл Ахметбеков – 3,06%,

5. Төлеутай Рақымбеков – 2,71%,

6. Амангелді Таспихов – 2,63%,

7. Сәдібек Түгел - 1,92%.

Ал презизент сайлауының ресми қорытындысын орталық сайлау комиссиясы жариялауы тиіс болған. Кеше кешкі сағат 20:00-де дауыс беру аяқталып, бюллетендер есептеле бастады. Бүгін ОСК сайлаудың қорытындысын жария етті. Ол бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетіпті. Ал ел-халықтың ерекше ықыласына бөленген кандидат Әміржан Қосанов екінші орынға жайғасқан екен.

ОСК мәліметі:

1. Қасым-Жомарт Тоқаев – 70,76%,

2. Әміржан Қосанов – 16,2%,

3. Дания Еспаева – 5,2%,

4. Төлеутай Рақымбеков – 3,2%,

5. Амангелді Таспихов – 2,7%,

6. Жамбыл Ахметбеков – 1,82%,

7. Сәдібек Түгел - 0,92%.

Бұл ақырғы есеп емес.  Сайлаудың соңғы сандары 17 маусымға дейін жарияланады.

Енді осы үш ресми нәтижеге тоқталайық. Экс-президент Назарбаев басқаратын партияның өкілі Қасым-Жомарт Тоқаев айналасы 70 пайыздың  төңірегінде дауыс жинапты.

Назарбаевтың ең төменгі нәтижесі һәм Тоқаевтың 70 пайызы

Қазақстан Тәуелсіздік алған 28 жылда кезектісі бар, кезексізі бар, әйтеуір 5 рет президент сайлауын өткізді. Экс-президент Назарбаев ол сайлаулардың барлығына қатысты. Барлығында жеңіп шықты.

1991 жылы – 98 пайыз,

1999 жылы – 81 пайыз,

2005 жылы – 91,15 пайыз,

2011 жылы – 95,55 пайыз,

2015 жылы  - 97,75 пайыз.

Нұрсұлтан Назарбаев 30 жыл ел басқарғанда көрген ең төменгі нәтижесі сонау 1999 жылғы 81 пайыз ғана. 1999 жылдың 10 қаңтарында өткен сайлауда Назарбаевқа саяси оппонент болып қазіргі қазақ оппозициясының ақсақалы Серікболсын Әбділдин түскен. Әбдиілдинді ол кезде оппозициялық колалиция қолдаған еді.  Нәтижесінде 12 пайыз дауыс бұйырған. Бұл Назарбаевтың осыған дейінгі барлық оппоненттерінің ішіндегі ең жоғарғы нәтиже еді.

Ал кеше ше? Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыз дауыс жинады. Рас, Тоқаевты Назарбаевпен салыстыруға келмейді. 28 жыл бойы өзі ұстазы санайтын Назарбаевтың саяси элитасында жүрген, ел алдына көп шыға бермеген Тоқаев осыдан артық нәтиже көрсете алмас та еді. Бұрынғыдай 80-90 пайызға енді жұрт сенбейді. Мұны Ақорда идеологтары да жақсы түсінеді. Өйткені осы 28 жылда билік жүйесіне деген сенім (кредит доверия) азайған. Оның дәлелі – бір-екі айдан бері өтіп жатқан наразылық акциялары. Ол акциялардың соңы Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында болған кешегі байкотшылар митингісі болды.

Бұл оқиғалардың барлығы дерлік кешегі сайлау қорытындысына сөзсіз әсер етті. Қасым-Жомарт Тоқаев ресми қызметіне енді кіріседі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметтік тәжірбиесі туралы осыған дейін де жаздық. Ол Ресейдің де, Қытайдың да, тіпті Еуропаның да тілін тауып, жұмыс жасаған адам. Сенатор қызметінде отырғанда елдегі ішкі әлеуметтік проблемаларға қатысты ойларын ашық айтып жүрді. Сондықтан, Тоқаев саяси билікті шын мәнінде өз қолына алатын болса, қандай да бір өзгерістердің болатынынан үміттіміз, әрине.

Иә, кеше Тәуелсіздік тарихында осымен алтыншы рет президент сайладық. Сол сайлаудың артықшылығы мен кемшілігі туралы жазайық енді... Президент Тоқаев әуелде сайлаудың әділ өтетініне кепілдік берді. Үміткерлерге бірдей мүмкіндік жасалатынын айтты.

Кешегі сайлаудан біз не көрдік?

Біріншіден, сайлауға 7 үміткер қатысты. Бұл осыған дейінгі сайлаулардың ішіндегі максималды көрсеткіш.

Екіншіден, 30 жыл ел басқарған Нұрсұлтан Назарбаев бұл сайлауға түскен жоқ.

Үшіншіден, саяси оппозицияның өкілі қатысты. Және оппозиция  алдын ала болжам бойынша екінші орынды иеленді. Мейлі, жүз жерден қырқылып, пішілген нәтиже десек те, оппозиция өкілінің 16 пайыз дауыс алуы тарихи оқиға, тарихи нәтиже еді. Билік 16 пайызды ресми мойындады.

Төртіншіден бұл сайлауға тұңғыш рет әйел үміткер қатысты. Алдын ала болжам бойынша әйел үміткер үшінші орын алды.

Бесіншіден, халықтық бақылауға рұқсат етілді. Халық сайлауға белсенді қатысты. Орталық сайлау комиссиясы 12 миллион сайлаушының 77,4 пайызы дауыс бергенін хабарлап айтқан еді. Бұл шамамен 9 миллионға жуық халық өз таңдауын жасап, дауыс берді деген сөз. Халықтың кешегі сайлауға бақылаушы болуы, әділдікті талап етуі – елдегі саяси белсенділіктің оянғанын дәлелдеді. Халық жұмылды. Халық өз қалауын талап ете білді.

Рас, дауыстарды бұрмалау, учаскелерде топтап бюллетень салу, бақылаушылардың жұмысына кедергі келтіру, сиясы өшірілетін қаламмен қол қою, қайтыс болған адамдардың тізімге енуі секілді жүздеген деректер анықталды. Олардың барлығы дерлік әлеуметтік желілерде видео, сурет түрінде ашық жарияланып жатты. Кейбір өңірлерде Әміржан Қосановтың айқын басымдылықпен жеңгені туралы ақпараттар да тарады.

Халық осыдан кейін президенттік сайлаудың екінші туры өтеді деп сенген. Алайда олай болмады. Сайлау фаворитіне, Қасым-Жомарт Тоқаевқа бәсекелес болады деген Әміржан Қосанов алғашқы «еxit poll» есебі жарияланысымен-ақ, Тоқаевты жеңісімен құттықтап, өзінің жеңілісін мойындады. Осыдан кейін-ақ, Қосановты қолдаған халық оның бұл әрекетін сынға алды. Жұмсартып айтсақ, осы, міне.

Түйін

Ары айт та, бері айт, кешегі сайлау салыстырмалы түрде, осыған дейінгі сайлаулардың ішіндегі демократиялық ережеге бағынған дода болды. Демократиялы елде барлық мәселені халықтың даусы шешетінін әйгілеп, соған жарым-жартылай болса да қадам жасадық. "Асатпай жатып құлдық" жасайтын ел емеспіз. Қазақ Тоқаевқа екі шылбыр бір тізгінді ұстатты. Бұл сайлау ол тізгіннің бір ұшы қалың бұқараның қолында болатынын байқатты. Әзірге, осыған да шүкір!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

39 пікір