Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Осы ғой енді... 3697 5 пікір 7 Маусым, 2019 сағат 13:27

Мембюджеттің 138 миллиард теңгесі тиімсіз жұмсалған

«Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген сөз бар. Бюджет қаржысын қалай-болса солай пайдаланатын кейбір жауапты шенеуніктер туралы солай демеске шара жоқ.

Бүгін Сенатқа келіп 2018  жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берген Үкіметі пен Есеп комитетінің есеп-қисабындағы кейбір қисынсыз тұстар сенаторлардың сынына ілікті. Сенат депутаты Әлімжан Құртаев Есеп Комитетінің деректеріне сүйене отырып,  2018 жылы жарымжан бюджеттік шешімдердің кесірінен 138 миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалғанын, оның ішінде 26 миллиард теңге қаржылық бұзушылықтарға соққанын ашық айтты. Сенатор ең алдымен жекешелендірудің Кешенді Жоспарын іске асыру аясында квазимемлекеттік саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі азайып бара жатқанын айта келіп, бұдан басқа, есеп Комитетінің мәліметіне сәйкес, квазимемлекеттік сала субъектілерінің тиімділігінің төмендігі байқалатынын, бұл осы саланың жалпы таза кірісі 2018 жылы 18 пайызға ғана өсіп, ал шығыстары 5 есеге артқанын атап айтты.

«Бүгінгі күні, квазимемлекеттік сала субъектілері қызметіндегі нәтиженің жеткіліксіздігінен бюджетке дивинденттердің түсімі дұрыс қамтамасыз етілмей отыр. Осылайша, соңғы 4 жылда дивинденттердің және таза кіріс төлемдерінің көлемдері 2 есеге жуық қысқарды. Ал жылдан жылға осы салаға мемлекеттік бюджеттен көлемді мөлшерде қаржылар бөлініп келеді.

Қазір бізге экономикадағы квазимемлекеттік саланың рөлі мен нақты қатысу параметрлерін анықтау қажет. Үкіметке квазимемлекеттік сала субъектілеріне беріліп отырған ресурстарды ұтымды пайдалану және оларды тиімді басқаруға қызықтыру мақсатында тиісті шараларды әзірлеуі  жөн»,- деді сенатор.

Ә.Құртаев бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және бюджет бағдарламаларындағы кемшіліктердің жыл сайын қайталануының себебі оны жіберген басшылардың тиісті жауапкершілігінің болмауында жатқанын, яғни, кінәлілер тек тәртіптік жауапкершілікке тартылатынында екенін ашық айтты

Сондықтан бұндай келеңсіздік жыл сайын қайталанбауы үшін қолданыстағы заңнамаға қаржылық бұзушылықтар үшін, сондай-ақ мемлекеттік активтерді және бюджеттік қаражаттарды тиімсіз жоспарлау және тиімсіз пайдалану үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі мен тартатын жазасын күшейтуді ұсынды.

Сондай-ақ сенатор Индустриалды үй құрылыс комбинаттары бойынша нақты бағдарлама керектігін алға тартты .

«Қазіргі уақытта, Қазақстанда заманауи технологиялармен толық циклды 16 зауыт бар. Олар тек 30-40% жүктелген. Толық көлемде жұмыс істемеудің нәтижесінде өндіріс көлемі төмендейді, тұрғын үйдың өзіндік құны көбейеді, несиелерді уақтылы төлей алмау, жұмысшылардың қысқартылуы және тағы да басқаларорын алады.

Үкіметке әрбір өңірге құрылыстың индустриалды үй құрылыс комбинаттарын өндіріске тарта отырып, 5 жылдық жоспар әзірлеу мүмкіндігін қарастыру керек. Бұл индустриалды үй құрылыс комбинаттарын қажетті жұмыс көлемімен қамтамасыз ете отырып, тұрғын-үйді пайдалануға беру мен қолжетімді тұрғын-үй бағасының төмендеуіне жол ашады» ,- деді сенатор.

Бұдан бөлек сенатор қазіргі уақытта әрбір қазақстандыққа жаңа сәбилерді қоса есептегенде 330 мың теңге қарыздан келетінін,  банктерге халықтың қарызы олардың жалақыларынан көрі 4 есе тез өсіп бара жатқанын атап өтіп, еліміздің экономикасын дамыту үшін банктер орта және шағын бизнесті көбірек несиелендіруі қажет екенін, алайда бізде шағын бизнесті несиелендіру 18 пайыздан ғана келетінін сынға алды.

Осы және бұдан да басқа біршама сын пікір айтқан сенатор Ә. Құртаев Үкімет жоғарыда аталған үрдістерді түзету бойынша ауқымды шаралар қабылдап және айтылған ұсыныстарды назарға алуы керектігін ескертті.

Әділбек Қаба

Abai.kz

 

5 пікір