Жұма, 19 Сәуір 2024
Біздің шенеунік 9325 10 пікір 6 Маусым, 2019 сағат 14:06

Ноғаев мектеп жетіспей жатқан Атырауға "хан сарайын" салғызбақ

Атырау облысының әкімі 6,3 миллиард теңгеге жаңа әкімшілік ғимаратын салу туралы шешім қабылдады. Аталған зәулім сарай облыстық Атырау мәдениет орталығының орнында болмақ.

Бұл жобаның құны 6,3 миллиард теңгені құрайды. Бастапқыда Атырау әкімдігі мемлекеттік қазынадан 7,5 миллиард теңге сұраған. Алайда, 1 миллиард теңгенің артық болатынын артынан түсінген секілді.

Жоспар бойынша жаңа әкімдік алты қабаттан тұрады. Яғни, 54 метрден 15 метрге дейін (Бұған дейінгі әкімдік ғимараты 117x12 болған). Ал, ғимаратты салуға «Казстройподряд» Астана құрылыс компаниясы мердігер ретінде таңдалыпты.

Муниципалитет қызметкерлерінің айтуынша, жергілікті атқарушы органдарға өз ғимараттары тарлық еткен. Сөйтіп, олар сыртқы ұйымдардың кеңсесін жалдауға мәжбүр болыпты. Сол себепті де олар әкімшілік ғимаратын кеңейту керек деген шешім қабылдаған.

Сонымен қатар, шенеуніктердің халық игілігіне жұмыс істеуі үшін әкімдік айналасына субұрқақтар орнатылатын көрінеді. Жобалық құжатқа сәйкес, әкімдік ауласында жалпы саны 150-ге жуық ағаш, 115 орынға жарық қою, сондай-ақ, тротуар бойы мен демалыс орындарына 85 орындық, 95 жәшік орнатылмақ.

Ал, әкімдік аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйелері жертөледе орналасатын болады. Ол үшін әкімдік тағы 1 миллиард теңге сұрап отыр. Жалпы, әкімдік құрылысы екі жылға жоспарланған. Ал, жаңа әкімдік салынғаннан кейін әкімшілік аппараты заманауи компьтерлік жабдықтармен, қымбат ағаштан жасалған жиһаздармен және шағын асханалармен жабдықталмақ.

Айта кетейік, қазір Атырау облысында 6 мектеп апатты жағдайда. Ал, «Нұрсая», «Жұлдыз», «Алмагүл» шағын аудандарында мектеп жоқ. Соның кесірінен оқушылар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Қазір Атырау қаласында үш ауысымдағы 13 мектеп бар. Ол мектептер 9 566 оқушыға арналған. Алайда ол оқу ғимараттарында 24 356 оқушы оқитын көрінеді. Ал, үш ауысымды мектептерді жою үшін тағы Атырау облысына тағы 20 мектеп салу қажет.

Түйін

Атырау облысы 20 мектепке мұқтаж болып отырған кезде Нұрлан Ноғаев өзі отыратын әкімдікке арнап сарай салғызбақ болып жатқаны қалай? Бұл мемлекеттік бюджетті мақсатсыз жұмсау емес пе? Жоқ әлде ескі ғимараттың астынан су шықты ма? Біз "6,3 млрд. теңгеге қанша мектеп салуға болар еді?" деген сұрақты тікелей Ноғаев мырзаға жолдағымыз келеді.

Әкім-қаралар қымбат сарайда алшаң басып жүргенде балаларымыз не себепті үш ауысымда оқып жүруі керек? Осыған жауап берсеңіз Нұрлан мырза!

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

10 пікір