Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3152 0 пікір 28 Маусым, 2011 сағат 18:10

Ғаббас Қабышұлы. Менде зәре жоқ

(Сықақ)

Біздің бүгінгі Алматымыз - баяғы Алматы. Орнында. Өзі де, екі өзенсымағы да, Көктөбесі де, Көкбазары да, саябақтары да, ағаштары да, гүлдері де, Медеуі де, Шымбұлағы да, Алатауы да. Алайда, айтпақшы, баяғысынан біраз өзгерісі бар. Мәселеңки: анау жері мен мынау жеріне тоқал тамның мұржасындай сорайған көкала, коңырала шыны үйлер самсатып  салынып жатыр. Он қабаттан отыз қабатқа дейін. Тіпті отыз бес қабаттысы да бар деседі. Ақсұр шыныдан тұтас аудан салынып, сұрықсыз болса да «Нұрлы-Тау» деп аталды. Бізде аты «Нұр» деп басталатын бірдеңелер нөпір. «Нұр» деген әжептәуір сөзді көзіміз шалып қалған жыртыққа жамай салатын қиық шүберекке айналдырдық.

(Сықақ)

Біздің бүгінгі Алматымыз - баяғы Алматы. Орнында. Өзі де, екі өзенсымағы да, Көктөбесі де, Көкбазары да, саябақтары да, ағаштары да, гүлдері де, Медеуі де, Шымбұлағы да, Алатауы да. Алайда, айтпақшы, баяғысынан біраз өзгерісі бар. Мәселеңки: анау жері мен мынау жеріне тоқал тамның мұржасындай сорайған көкала, коңырала шыны үйлер самсатып  салынып жатыр. Он қабаттан отыз қабатқа дейін. Тіпті отыз бес қабаттысы да бар деседі. Ақсұр шыныдан тұтас аудан салынып, сұрықсыз болса да «Нұрлы-Тау» деп аталды. Бізде аты «Нұр» деп басталатын бірдеңелер нөпір. «Нұр» деген әжептәуір сөзді көзіміз шалып қалған жыртыққа жамай салатын қиық шүберекке айналдырдық.

Ал сорайғандардан ертегідегі хан сарайындай коттедж дегендерің қалысар емес. Алматының ішінде орын таусылған соң сыртын енжайлап, кеңестік социалистік жарысты қайтадан ашқандай-ақ, сонау Шымбұлақ пен Медеудің о тұсы мен бұ тұсының орманы ойып-ойып оталып, бәсекемен орнатылып жатыр. Жолайғы қырық-елу гектар ай-хой апорт алма бағын сол «хан сарайлары» бұйырған тәуелсіздігіміздің алғашқы «бесжылдығында-ақ» жұтып алып,  апорт жарықтықтан ырымға иіс те қалмады. Бірақ «орнында бар оңалар», қаланың етегінен Алатаудың төсіне дейінгі кеңістікті: жапон, американ, неміс, француз аутокөліктерінің «жұпар» иісі жойқындана басып, соның «арқасында» бүгінде Алматымыз ауасының «мөлдірлігі» жағынан  республикада бірінші орынды алып, «жеңіс туын» желбіретіп, кеңсірігіміз кеңіп  жүрміз. Қаланың бір бүтін де оннан үш миллионға жуық халқы күндіз-түні риза:  «тойота», «форд», «ауди», «рено»... дегендермен бірге тыныстап, түрлі-түсті түкірік тастап қарық. Бұл «жетістікке» бізге соңғы жылдары қуаңшылықтың қу сирақ шегірткесінше шеру тартып келіп жатқан  қытайлар жан-жақты қоса бастаған үлес «Қырғауылдың қырық тоғыз тарауы» деп жазсаң да таусылмас.

Осындай «ұлы дүбірге» куәгер мен болсам, үкіметтің шөмішіне қараған көп зейнеткердің бірімін. Үкіметтің бізді жалғызындай «жақсы»  көретінін көппен бірге мен де білемін. Миллионер мен миллиардерінің санын өсіруге емешегі үзілулі Үкең қайтсін енді, өзіне жетпей жатса да, біздің зейнетақымызға жылара бірер мың теңге қосады, бірақ Үкеңнің қадір-қасиетінен хабарсыз дүкен де, базар да  дүние-мүліктерін дереу пұлдап, ол қосымшамызды қолма-қол қылғып қояды. Содан кейін, мысалы, біз де - бәйбішеміз екеуіміз - балаларымызды жұмыстарына, немерелерімізді мектептеріне шығарып салып, шайымызды сораптап отырамыз.  Жағамыз - жайлауда, етек-балағымыз - қыстауда. Тәулігіне неше сағат ұйқтаймыз, неше сағат ояу боламыз - еркіміз. Қайда, қашан, неге барамыз, қашан және қалай қайтамыз - онда көршілеріміздің де, аула сыпырушының да шатағы жоқ. Пәтерақымызға ай сайын алпыс-жетпіс теңге қосатын Жекеменшік үйлер кооперативіндегілер бізді тіпті танымайды да. Тек әлгі анау телефон стансасындағылар: «Телекомның айлықақысын төледіңдер ме, жоқ па?!» деп айдың соңына таман  тоңқылдап мазамызды алады.

Сонымен, ағылшындарша «о, кей!» деп жүр едім, міне, екі апта болды, құлағым түріліп, көңілім құбылып, тыныштығым бұзылды. Телефон стансасының тебітуі жайына қалды. «Таңертең сағат тоғыз нөл-нөлде келіп, кешкі сағат алты нөл-нөлде кетесің!» деген баяғы бұйрықты тағы еститіндей елегізіп,  ес-ақылым есіркеу тілей бастады. Президенттің биылғы тамыз айында парламент сенатының сайлауын өткізу жайындағы жарлығы жарқ еткен күннен бері.  Ойпырым-ау, ол кісі  сенатқа өзі біліп тағайындайтын депутаттар тізіміне мені ойымда дәнеңе жоқта тіркей салып, қолымнан жетектеп апарып енгізіп жіберсе, қайтемін?! Олай болуы мүмкін бе?!. Әрине! Бізде бәрі де мүмкін. Бозбаланың жұмысы кемпірге, шалдың жұмысы бойжеткенге тапсырыла береді.  Агрономның орнына құрылысшы, дәрігердің орнына саудагер жіберіле салады.  «Барахолка» деген атымен әйгілі пәленбай базарымызда қоларбамен жүк тасып: «Дорогу, дорогу! Жол, жол!» деп бүлкектеп желіп жүрген мұғалімдер  түгіленбай!

Өмір шіркін осындай өзгеріске лықа толып барады ғой. Соңғы уақытта, мәселеңки, бізде ататегін атойлап іздеп ас беретін, жиналыс жасайтын  бизнесші жігіттер бірінен бірі оза шығып жүр. «Шанышқылы, қайдасың?!» делінген  жиын  шақырылып, атжарыс, жаяу бәйге, күрес болып, соңы бүкіл Орта Азия мен Қазақстанды мекендеуші аталастарының санын анықтау мәселесіне тірелді. Куә болдым. Шақырылдым ғой. «Біз - матайлар мұндамыз!» деген мәжіліске, сірә, «дәрежеміз басқалардан биік болсын!» деуден шығар, ата-бабасы ұйғыр премьер-министріміз шақырылып, ол атақты қобызшы матай Молықбайдың ұрпағы деп үкіленді. Куә болдым. Шақырылдым ғой. Одан соң «Төрелерді түгендейік!» деген ұранмен ұлы құрылтайға бергісіз басқосу болып, төрелер тұқымы атқа қонбайынша қазақтың оянбайтыны, ұйымайтыны  туралы  тұжырымдар айтылды. Оған да куә болдым. Шақырылған соң. Ал менің сондағы бір байқағаным: төре тұқымдастардың көбі орыс тіліне жаясынан су төгілмес жорғадай екен. Сол «артықшылықтан» болар, қой бастар серкедей алтау-жетеуіне жанымдағы құрдасымды - исі қазақ білетін ақынды аты-жөнін атап таныстырып едім, ешбірінің көзінен «білем» деген белгі білінбеді.

Жә, ендігі қатысарым  «Кіші жүздің кіші құрылтайы»  сияқты. Қайда, қашан, қалай болатыны хақында келіссөз жүргізіліп жатқанын естідім.  Ол жақтағы құдам Жұманғали мені шақырылатын меймандардың тізіміне жаздырып қойғанын хабарлады да. Бірақ...

Бірақ сенат депутаттарының тізіміне ілініп кете барсам...  ойбу-у-у... онда осыншама қызықтан құралақан қаламын-ау, ә?!.  Мұндағы құдам Қызырбек сенаттың енді тарқайтын тобында төрт жыл болып, салмағы жетпіс жеті килодан сексен сегіз килоға жеткен. Сөйткен соның айтуына қарағанда, депутаттың күні күн емес екен. Жиналыстары сағат онда ашылып, сағат он сегізде жабылады. Күнде, не түске дейін, не түстен кейін, төмен жақтан - мәжілістен жеткізілген бірнеше заң жобасы сағаттап оқылады. Орыс тіліне о бастан шорқақ және оң құлағы істен шығып қалғалы жиырма жыл болған Қызекең орыс тілінде жазылған заң жобасын орыс тілінде талқылауға қалай қатыса алсын, өзіндей депутаттарша не қалғып, не тәуелсіз гәзеттерді жасырып оқып отырады. Ара-арасында маңайындағыларға қосыла не ду қолшапалақтасады, не бір кісідей қол көтеріседі. Күнде күнді солай өткізеді. Ойпырым-ау, ондайға мен, шіркін-ау, төрт жыл қайда, төрт күн де шыдай алмаймын ғой?!.

Не істесем, қайтсем екен?..

Әлде ертең ауылыма кетіп қалып, сайлаудың буы басылғанша сонда тырп етпей жатсам ба?.. Бірақ президент мырза тізіміне бір іліктірген кісіні Қазақстанның қай түкпірінен болсын тапқызып алады.

Әлде Қырғызстанға тайып тұрсам ба екен? Бірақ онда жұрт тағы толқи бастады деседі, өзіміздің тізімнен қашып барып өзгенің тізіміне оқыстан тап болсам ше?! Құдай сақтасын!

Әлде Өзбекстанға өтіп кетсем бе?.. Бірақ генерал Рахимовтың өзбек емес, қазақ екенін білген соң марқұмның аруағынан аттап, оның Тәшкендегі ескерткішін трактормен төңкеріп тастаған өз ағаларымыз ең болмаса ефрейтор атағы жоқ  мендей зейнеткерді есігінен қаратпас.

Әлде...  тоқтай қал, «қысылған қарсақ құлағымен ін қазар» деген, басыма бір тың ой тырс етіп тама қалды! О, жаратқан жақсы ием, осында ғылым докторы дәрігер құдағиым Балқия бар емес пе?! Сол жүз жасағырымызға барып, балқыта сөйлеп-сөйлеп, одан: «Журналшы, жазушы Ғаббас Қабышұлының денсаулығы бір орында бір сағат жылжымай отыруға жарамайды» деп жазып, қол қойып, мөр басып берген құжат алсам, сонда мені Алматыдан Астанадағы парламентке полициямен алдыра қоймас, а?!.

Кім білсін...

Әлде: «тірідей тіркедім - тірідей көресің!» деп жүре ме?..

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616