Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әліпби 41606 2 пікір 4 Маусым, 2019 сағат 13:46

Фонематикалық принцип қайдан шыққан?

Емленің 2019 жылы 18 қаңтарда «Егемен Қазақстанға» жарияланған мәтінінде «Ереженің негізгі ұстанымы үшін фонематикалық принцип басшылыққа алынды. Сонымен қатар қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамындағы көне және кірме тілдік қабаттардың кейбір түрлерінің емлесіне қатысты дәстүрлі және фонетикалық, ал төл сөздердің күрделі түрлері үшін морфологиялық принцип те қолданылады» делінген. Негізгі ұстаным фонематикалық дегенімен көп ғалым келіспейді. Төмендегі мақала осы мәселеге арналған. Біз емле түзуші ғалымдардан немесе басқа да ғалымдардан құптайтын немесе терістейтін мақалалар күтеміз.

Орфографияның принциптері дегеніміз – орфографиялық жүйе негізінде болатын заңдылықтар. Орфографияның әрбір принципі нақты тілдік құбылыстарды айқындайтын бір топ ережелерді өзара жинақтап біріктіру қызметін атқарады. Осыған сәйкес ғылыми әдебиеттерде олардың небір түрлері айтылып жүргені белгілі: морфологиялық, дәстүрлі, тарихи, ажыратушы (дифференцирующий), фонетикалық, фонематикалық, идеографикалық, өзге тілді сөздер орфографиясы, морфемдік, этимологиялық, бірге/бөлек және дефис арқылы жазу принципі т.с.с.

Әрине аталған принциптер түрлі тілдерде өзгеше орын алып, олардың барлығы бірдей қолданылады деген сөз емес. Мысалды алыстан іздемей-ақ осы кезге дейін қазақ тіліне үлгі, трафарет болып келген орыс тілін алып көрейік. Орыс тілінің орфографиясы, негізінен үш принципті ұстанады. Олар: морфологиялық принцип (оны кейде орыс ғалымдары ФОНЕМАТИКАЛЫҚ немесе фонемдік, морфо-фонематикалық, фонемді-морфологиялық, морфематикалық та деп атайды), яғни орыс ғалымдарының пікірі бойынша морфологиялық пен фонематикалық дегені бір принцип, олар абсолюттік дублет терминдер деп қорытындылауға болады; фонетикалық принцип және дәстүрлі-тарихи принцип. Міне, орыс тілінің орфографиясы осы үш принципке негізделіп құрылған.

Орыс орфографиясының фонетикалық принципіне (жазуда нақты естілетін дыбысты беру тәсілі) негізделетін орфограммалары айтырлықтай көп емес және орыс ғалымдары оның қолайсыз екенін де мойындайды: «мало ли кому что слышится...». Дегенмен фонетикалық принцип бойынша мынадай орфографиялық ережелері жасалған: мен –с аяқталатын сөз алды қосымшалары (қатаңнан басталатын түбірде -С жазылады, ал ұяң болса -З) т.б.

Ал ажыратушы (дифференцирующий) принцип деп жүргендері орыс тілі үшін тек бірдей дыбысталатын сөздерді айқындауға қажет: балл (баға) және бал (би кеші),  ожег (етістік) және ожог (зат есім), компания (бір топ адам) және кампания (іс-шара) т.б. Сонымен негізгілері: морфологиялық, фонетикалық және тарихи принцип.

Қазақ орфографиясының басты принципі морфологиялық болуы қажет және бұл тілдік заңдылық. Себебі ол қазақ орфографиясының жетекші принципі. Оған қазақ тілі сөздерінің басым көпшілігі бағынады: жұмысшы, сөзшең, айтқызса, ісші, басшы, кигізсін, киізше, құсша, бізше, жазсын, т.с.с. Фонетикалық принципке негізделетін қазақ сөздері: «үйтіп», «бүйтіп», «сүйтіп», «әйтсе де», «әйтпесе», «белбеу» т.б. тілдік бірліктер фонетикалық принципке сәйкес өзгеріп, кірігіп кеткен.

Бала сөзіне қосымшаның -лар түрінде, көл сөзіне қосымшаның -дер түрінде жалғануы, яғни сөздің соңындағы дыбыстың қатаң, ұяң, үнді не дауыссыз болуына қарай қосымшаның да өзгеріп отыруы фонетикалық принципке негізделеді. Яғни қатаңнан кейін қатаң (қасық+тың), ұяңнан кейін ұяң (қаз+дар), үндіден кейін үнді не ұяңның (кілем+ді, кілем+нің), дауыстыдан кейін ұяң не үндінің (бала+ға, бала+ны) келуі. Қасық+ны, бала+та, кілем+тің, т.с.с. бола алмайды.

Тарихи-дәстүрлі принципке белгілі бір тарихи үдерістерге негізделетін және қазіргі таңда олардың жазуда берілуін түсіндіру мүмкін емес сөздерді жатқызамыз. Сондықтан да олардың жазылу реті дәстүрлі саналып, оларды тек жаттап алу қажет: Шідерті, Қалдығайты, Өлеңті, Мойынты, Алматы атаулары фонетикалық принципке бағынбайды. Көне түркіден бері осылай жазылып келеді, жер-су атаулары осылай сақталған. Олар өзгертуге келмейді. Фонетикалық принцип бойынша, бұл сөздер Шідерлі, Қалдығайлы, Өлеңді, Мойынды, Алмалы болып жазылар еді. Бірақ бұл түркілік кезеңге дейін пайда болған сөздер болғандықтан, осылай жазу қалыптасқан.

Немесе кез келген, көбінесе бір түбірлі сөз әу бастан солай жазылып, қалыптасып кеткен:  шөл, көз, көл, дала, қала, ай, күн, жыл, т.с.с. Олар да тарихи-дәстүрлі принципке жатады. Оны кейбір ғалымдар фонематикалық принципке жатқызғысы келеді. Олай емес, фонематикалық принциппен түсіндіру мүмкін емес.

Жалпы фонематикалық ұғымының орыс тіл білімінде қалыптасуы тарихына назар аударатын болсақ, ол орыс тіл ғылымындағы екі ғылыми бағыт – Мәскеу фонологиялық мектебі (өкілдері – Р.И.Аванесов, П.С.Кузнецов, А.А. Реформатский, В.Н.Сидоров, А.М.Сухотин, М.В.Панов, Л.Н.Булатова, К.В. Горшкова, В.В.Иванов және т.б.) және Ленинград фонологиялық мектебі (өкілдері – Л.В.Щерба, Л.Р.Зиндер, М.И.Матусевич, А.Н.Гвоздев, Л.В. Бондарко, Л.Л.Буланин, Л.А.Вербицкая т.б. (И.А.Бодуэна де Куртенэ идеяларын жалғастырушылар) ғалымдарының фонемаға қатысты түрлі көзқарастарынан туындаған.

Мәскеу фонологиялық мектеп өкілдерінің көзқарастары бойынша қазіргі орыс орфографиясы фонематикалық принипке негізделеді де, мысалы «гора», «сад» деп берілуі олардағы /о/ мен /д/ фонемасына қатысты. Ал Ленинград мектебінің өкілдері, керісінше бұл жерде /а/ мен /т/ фонемалары орын алады деп есептейді де, жалпы фонематикалық приниципті басшылыққа алу мүлдем келмейді деп тұжырымдайды. Осымен байланысты, мұндай жағдайда орыс ғалымдарының басым көпшілігі орфографияның тарихи принципіне тоқталып, дәстүрлі жазу ережелерін құп көреді және оның басты талабын: «Пиши, как писали раньше!» әбден дұрыс деп санайды. Ағылшын орфографиясында да осы принцип кеңінен қолданылатыны белгілі.

Сондықтан да орыс ғылымының өзінде басы ашылмаған, даулы, аяғына дейін өз шешімін таппаған, сан алуан түрлі атаулармен беріліп жүрген фонематикалық принципті қазақ орфографиясында басшылыққа алудың негізі бар ма?!?  Қалай ойлайсыздар? «Емле негізі 4 түрлі: 1) таңба жүйелі (негізі ынтымақ); 2) тарих жүйелі (негізі дағды); 3) туыс жүйелі (негізі тегіне қарау); 4) дыбыс жүйелі (негізі естілуіне қарау)», - деп көрсетіп кеткен Ақымет Байтұрсынұлы. Ендеше осы тура жолдан таймайық!

Қарлығаш Айдарбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология бөлімінің меңгерушісі, ф.ғд., доцент

Abai.kz

 

 

 

 

 

2 пікір