Жұма, 19 Сәуір 2024
Экономика 8961 4 пікір 3 Маусым, 2019 сағат 15:51

Ержан Нүкежанов: Қазақ топырағында меценаттар аз болмаған 

Иісі мұсылман баласы асыл айдың бірі – Рамазанда ауыз бекітіп, бес парыздың бірін өтеуде. Қадірлі айда азаматтар қолынан келгенше қайырымдылық істерін жасауға тырысады. Бүгінде жер-жерлерде қайырымдылық шаралары көптеп жүргізілуде. 

Жақында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев діни салт-жоралғылардың мәнін тереңірек түсінгісі келетіндердің көп екендігін, ел арасында сауап пен қайырымдылық туралы түсініктің әралуандығы туралы пікір білдірген болатын.

Осы орайда, қадірлі істің бірі қайырымдылық туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Болатқанұлы Нүкежановпен сұхбаттасқан едік.

– Ержан Болатқанұлы, жалпы қайырымдылық мәселесіне кіріспестен бұрын Дін істері комитетінің төрағасы ретінде елдің діни ахуалына қандай баға берер едіңіз?

– Рамазан айында азаматтарымыз тек ізгілік пен қайырымды істерді еселей жасайтынын білеміз. Барша қазақстандықтарды құттықтаған еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қасиетті айдың шексіз ізгілікке, адамгершілікке, рухани тазаруға және кемелденуге бастайтын мезгіл екендігін айтқан болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы исламның жасампаздық әлеуеті қоғамымыздағы және әлемдегі дәстүрлі құндылықтар мен гуманизм негіздерін нығайтуға ықпал етіп отырғанын, Рамазан айында ораза ұстау мейірімділікке, кешірімді болуға, татулыққа және қайырымдылыққа үндейтінін жеткізген еді. Халқымыз «Кең болсаң – кем болмайсың» деген.

Ал енді алғашқы сұрағыңызға келер болсақ қазіргі таңда елімізде конфессияаралық татулық сақталған, діни ахуал тұрақты. Бұл – бүгінге дейінгі мемлекеттің дін саласындағы саясатының қол жеткізген табысы.

Егемендік бізге тек қана ілгерілеуге және өркениетке қарай жол ашты. Бұл ретте тәуелсіздік жылдарында еліміздегі ұлттық діни қайта өрлеу кезеңі болды. Елімізде дәстүрлі діндер қоғамдық өмірдің ажырағысыз бір бөлшегіне айналды. Елдің тыныштығын, бірлігін сақтай алдық.

Кейде ел ішінде бүлік шығарғысы келетін азаматтардың іс-әрекеттеріне құзырлы органдар тарапынан тыйым салынып, елде деструктивті діни ағымдардың жетегіне кеткен азаматтармен де оңалту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нәтижесінде деструктивті діни ағымдарды жақтаушылар санының төмендегені байқалуда.

Сонымен қатар жыл басынан бері «Жусан» операциясы арқылы 500-ден астам азамат елге оралды. Мемлекет өз азаматтарының қай жерде болса да, олардың тағдырына бейжай қарамай, қол ұшын созып, аман-есен алып келді.

Бүгінде Сириядан оралған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу шаралары жан-жақты жүргізілуде. Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мемлекеттіміздің азаматтарға жасап жатқан үлкен қамқорлығы деп айтар едім.

– Енді қайырымдылық мәселесіне тоқталсақ, ашықтап түсіндіріп берсеңіз?

– Қайырымдылық ұғымының мағынасы өте кең. Халқымыз рақымды, мейірімді, жан жылуы мол адамды қайырымды адам дейді. Ертеректе үлкендеріміз алдына жағдай айтып келген адамның меселін қайтармауға тырысатын. Жағдайы қиын болып тұрса да оны қолтығынан демеп, еңсесін тіктетуге атсалысатын. Бұл – халқымыздың бойындағы асыл қасиеттерінің бірі болатын.

Халқымыз өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулыған. Біреуге жақсылық, жан-жануарларға, тіпті табиғатқа камқорлық жасаудың өзін қайырымдылық іске жатқызған. Басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау және оны бөлісу, тіпті іс жүзінде нақты көмек беру де қайырымдылыққа жатады. Ауызсуға мұқтаж ауыл тұрғындарына құдық қазып беру де – үлкен сауапты іс саналған.

Бүгінде тек сауап мешіт пен медресе салу десек, мағынасын кемсіткен болар едік. Себебі қайырымдылық қоғамның әлеуметтік саласының барлығында жүзеге асырылуда.

Елімізде қайырымдылық қызметін жүзеге асыратын көптеген қорлар жұмыс жасайды.

Олардың атқарып жатқан іс-шараларын біз күнделікті БАҚ-тан немесе әлеуметтік желілер арқылы біліп отырмыз. Біреулері науқас жандарға қол созып жатса, енді біреулері жомарттық танытып көпбалалы отбасыға пәтер кілтін табыстап жатыр. Осы ретте мұқтаж жандарды қашанда әлеуметтік қолдау, оларды қорғауға ат салысу күн сайынғы жұмысымыз болуы тиіс деп ойлаймын. Тіпті мемлекет ол үшін «Қайырымдылық туралы» Заң қабылдады.

– «Қайырымдылық туралы» Заңға толығырақ тоқталсаңыз?

– Елбасы 2015 жылы Бес институттық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыруға, қайырымдылыққа және оны ынталандыруға арналған құқықтық негізде «Қайырымдылық туралы» ҚР Заңына қол қойды.

Аталмыш заң қайырымдылық саласында туындаған қоғамдық қатынастарды реттейді. Мақсат – қоғамдағы қайырымдылықтың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, қолдау және нығайту жолымен қоғамның өзіндік ұйымдастыруын дамытуға ықпал ету болып табылады.

Заңы 2-бабында қайырымдылықтың мақсаты мен міндеттері нақты көрсетілген. Онда қоғамда «қайырымдылықтың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, қолдау және нығайту арқылы қоғамның өзін-өзі ұйымдастыруын дамытуға жәрдемдесу қайырымдылықтың мақсаты болып табылады» делінген.

Қайырымдылық мақсатына көптеген қызметтерді атқаруға болады. Мәселен бейбітшілікті, достық пен қоғамдық келісімді одан әрі нығайтуға жәрдемдесу, сондай-ақ ана мен балаға қамқорлық жасау, мәдениет пен өнерге, ғылым мен спорт түрлерін дамытуға қайырымдылық көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау  жөніндегі іс-шараларды және т.б. қайырымдылық түрлерін іске асыру жан-жақты көрсетілген. Заң аясында елімізде қаншама меценаттық қызметте жүзеге асырылуда.

Бұл Заңды қабылдау істің басы ғана. Ал бүгінде құжат еліміздегі қайырымдылықты жандандырып, қазақстандық қайырымдылық дәстүрлерін жаңғыртуға және сол арқылы азаматтық қоғамның шоғырлануын қамтамасыз етеді деп ойлаймын.

– ҚР «Қайырымдылық туралы» Заңында «Меценат» мәселесі айтылған екен. Кімді меценат деп айтуға болады?

– «Адамды адам ететін — мейірім мен қайырым» — деген даналық сөз бар. Яғни, осы сөзді үнемі жадында ұстайтын, айналасына қайырым-қамқорлықпен қарайтын жандарды меценат деп айтар едім.

Заң бойынша меценат – меценаттық қызметті жүзеге асыратын тұлға, ал меценаттық қызмет – «Қайырымдылық туралы» Заңға сәйкес ғылымды, білімді, мәдениетті, өнерді, спорттық шеберлікті дамытуға, қоғам мен мемлекеттің тарихи және этномәдени игілігін сақтауға өзінің ізгілік еркі негізінде қайырымдылық көмек көрсету жөніндегі қызметі болып табылады.

Жалпы ғылым тілінде меценат деп білім мен өнердің дамуына материалдық көмек көрсеткен тұлғаны айтамыз.

Қоғамда меценаттардың көп болуы – еліміздің экономикасы дамып отырғанының бір көрінісі.

Тарихтан көптеген меценаттардың есімін білеміз. Шежірелік деректерге зер салсақ, олар өздерінің көмегін көбінісе білімге жұмсаған. Оқу орындарын ашып, мектеп-медреселер тұрғызып, халықтың оқу-ағарту ісіне үлкен еңбек сіңірген, яғни олар білімге қолдау көрсету арқылы ұлт болшағының негізін салды.

Меценаттық пен қайырымдылықтың дәстүрлері қазақ жерінде ежелден бері тараған.

Әңгімені әріден тарқататын болсақ Бөкей ордасының соңғы ханы Жәңгір хан халықты ағарту ісіне үлкен үлес қосты, мектеп ашты, оның жылсайынғы барлық материалдық  қажеттіліктерін өзі қамтамасыз етіп отырды.

Құнанбай қажының 1824 жылы салдырған мешіті мен 1876 жылы Мекке қаласына салған қонақ үйі халыққа ұзақ жылдар бойы қызмет еткен.

Сыр өңіріндегі Қалжан ахун өз қаражатына  мешіт-медресе  салып, жастардың білімді болуына септігін тигізген.

Ақсу жерінде ұлт руханиятына үлес қосқан Есенқұл Мамановтың қаражатымен ашылған Мамания медресесін де ерекше айтуға болады.  Бұл – қазақ тарихындағы білімге салынған инвестицияның бастауы болатын.

Сонымен қатар, 1914 жылы Есенқұл Маманов «Айқап» журналында «Романға бәйге тігемін» деп ашық хат жариялауынан қазақтың әдебиетіне деген қамқорлығын аңғаруға болады.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ байларының жоғарғы оқу орындарында оқып жатқан қазақ жастарына шәкіртақы тағайындауы, демеушілік жасауы бұл да меценаттық қызмет. Мәселен, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Жанша (Жаһанша) Досмұхамедов Сырым батырдың шөбересі Салық Омаровтың қаржылай көмегімен Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген.

Тағы бір мысал, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов 1918 жылдан бастап шығарған «Абай» атты журналдың материалдық шығындарын ауқатты Қаражан Үкібаев көтерген. Айта берсек жүздеген мысалдарды келтіруге болады. Бұлардың барлығы бір сөзбен айтқанда меценаттар.

Қазіргі заман меценаттарының ішінде де мақтанышпен айта алатын есімдер баршылық. Өз аттарын атамай, қарапайымдылығын сақтап, қайырымдылығын жасырып қалуды жөн санайтын жекелеген адамдар да көп. Олардың бұл ісін нағыз кең жүректі азаматтық іс дер едім.

Демек қазақ топырағында меценаттар аз болмаған. Бүгінгі күннің өзінде әртүрлі салалар бойынша үздіксіз қолынан келгенше қайырымдылық жасап келе жатқан азаматтарымызбен мақтана аламыз.

Тіпті, өзіңізге белгілі елімізде 2007 жылдан бері үздіксіз өткізілетін «Алтын жүрек» қоғамдық сыйлығы да талай меценатты қазаққа танытты. Елдің арасында еленіп, халықтың ризашылығына бөленіп жүрген жомарт жандардың жұмысы көпшілікке таныстырылып, «жыл меценаты» деген атаққа ие болуда.

«Аз жақсылық жасағанға да көп рақмет айту парыз» – деген екен Ж.Баласағұн. Біздің халқымыз жақсылықты жасай да білген, жақсылық жасаған адамға рахметін айта да білген.

Тіпті ұлттың ұлтқа жасаған қамқорлығын да қайырымдылыққа жатқызуға болады. Халқымыз «Адамдарды қаны ғана емес, жақсы істері де туыстырады» – деген екен. Қазақ жері мен жұрты бастарына қара түнек күн туғанда талай ұлт өкілдеріне пана болды. Зорлықпен, күмәнмен жер аударылған немістер, кәрістер, шешендер, т.б. ұлт өкілдерін халқымыз үйінің бір бөлмесіне кіргізді, бір үзім нанды бөліп жеді. Бұл да қайырымды істерден.

– Сөз соңында Діни бірлестіктерге, олардың қайырымдылық жұмысына қатысты айта кетсеңіз?

– Елімізде түрлі конфессия өкілдері әрдайым өздерінің уағыздарымен адамдарға жалпы адамгершілік құндылықтарды, қоғамдағы діни таным, түсінік нормаларымен қатар, біз айтып отырған қайырымдылық мәселесін де насихаттап келеді. Әсіресе елімізде ислам және православие дінінің өкілдері қайырымдылық шараларын жария түрде атқарып келеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының күнделікті жұмыс бағыттарының бірі қайырымдылық шараларын жиі өткізу, қамқорлық акцияларын ұйымдастыру екендігі белгілі. Жәрдемге мұқтаж қаншама отбасы мешіттердің көмегіне жүгінуде. Тіпті көпбалалы жанұяларға, жалғыз басты аналарға алып беріп жатқан пәтерлері туралы да көпшілік хабардар.

Орыс православие шіркеуі де үлкен қайырымдылық шаралармен айналысады. Балалар үйі, қарттар үйі, госпитальдар мен ауруханаларға көмек көрсетеді. Мысалға, Алматыда Рождество, Пасха мейрамдарына қатысты қайырымдылық, Кирилл мен Мефодий күндеріне қатысты ағарту шаралары өткізіліп келеді.

Сондықтан еліміздегі барлық діни бірлестік өкілдері әрқашанда қайырымдылық жасап, ізетті іс атқаруға атсалысуы керек деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан: Тұрар Түгелұлы

Түпсұсқа: kazislam.kz

Abai.kz

4 пікір