Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
«Соқыр» Фемида 8461 20 пікір 3 Маусым, 2019 сағат 14:16

Қазақстан "полицейлер мемлекеті" ме?

Тәуелсіздік алғалы бергі 28 жылда әлемдегі ең жағымсыз жүйе полиция мемлекетін орнаттық. Біздегі полицияның саны әлемдегі орта есептік көрсеткіш бойынша әрбір 100 000 адамға шаққандағыдан екі есе көп. Демек, бұл жүйе қарапайым халықтың мүддесін қорғамайды деген сөз.

Міне осының салдарынан сырттан жау шаппаған бейбіт күнде полиция өз халқына қарсы (Жаңаөзен мен Шетпе де) оқ атты. Қаншама жазықсыз жандар жапа шегіп, құрбан болды.

Ақтөбедегі оқиғалар кезінде құқық қорғаушылар өрімдей жас бозбалалардың көзін жойды. Ішкі істер  министрі «күдіктілердің көздері жойылды» деп, мәлімдеді, яғни тергеусіз, сотсыз атып тастағандарын толықтай мойындап, оны мақтанышпен жариялады. Ланкес болса да, тірідей ұстап, себебін анықтап, халыққа жарияламады.

Түрмедегілердің саны бойынша әлемдегі 42 орынды иемденеміз. Салыстыру үшін айтар болсақ,  күні кешеге дейін қазақ даласын да, тіпті қаласында да түрме-зындан  салмаған, абақты тұрғызбаған. Себебі, қазақ арасында ол жерге жіберетін қылмыскер болмаған. Жалғыз-жарым бола қалған жағдайда ондайларға үлкен мөлшерде айыппұл-құн төлеткен. Ұл мен қызды бүкіл қауым болып тәрбиелеген. Міне бізге осы жағдайды зерттеп, зерделеу қажет еді.

Орыс тілді биліктің ел арасындағы «айнасы» полиция. Ендеше айнаның бетін таза ұстап, полицияның ел арасында  абыройлы қызмет атақаруын қамтамасыз ету кімнің міндеті? Демек, бұған ең бірінші кезекте жауапты үкімет, министр, содан кейін облыс, аудан көлеміндегі әкімдер.

28 жылда біздің полицейлер қарапайым халықтың қорғаушысы емес, әзірейіліне айналды.

Министрлер министрлік таққа отырған күннен бастап, мемтілге қырын қараумен келеді. Алдыңғы эксминистрдің Парламентте есеп беріп тұрып, депутаттың  мемтілдегі сұрағына орысша берген жауабы бәріміздің де жадымызда қалды. Ол, осы әрекетімен-ақ Қазақтың  Ана тілі және мемлекетіміздің мемлекеттік тіліне құрметпен қарамайтынын және мемлекет құраушы ұлттың салты мен дәстүрінен, әдеттері мен ғұрыптарынан, тілі мен  дінінен мүлдем бейхабар жан екенін көрсеткен болатын. Сондықтан оның істеген істері мен жасаған реформалары елдің көңілінен шықпады. Министрдің өзі үкіметтің «сара жолын» ұстанып, мемтіл мен қара халыққа қалай қырын қараса, оның қарауындағыларда сол жолды ұстанды.

Атап айтқанда, соңғы 28 жылда полицейлердің қатыгездігі тым шектен шықты. 2011 жылғы Жаңаөзендегі қанды қырғынға жауапты осы министрлік. Эксминистрдің «Тағы шықса, тағы атамыз» дегенін де халық ешқашан ұмыта қоймас.

Қазақстанның көк туы астында, балалардың қолындағы көк шарды тартып алғандары тіпті сорақы болды.

«Шындықтан қашып құтыла алмайсың», немесе қолына еш жазуы жоқ «ақ қағаз» ұстаған, тіпті тек қана плакат ұстап тұрған сыңай танытқан (имитация) жас жігіттер мен қыздарды ұстап жаза қолданғандары оданда асқан сорақылық болды.

Жақында ішкі істер министрлігінің шетелдегі офшоры туралы ақпарат жарияланды. Оған министрлік түсінік берген жоқ...

Полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейлерінің төмендігі жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Орыс тілінде сөйлейтіндерге құрақ ұшып, қазақша сөйлейтіндерге қырғидай тиетіндерін әлеуметтік желіден жиі көріп жүрміз.

Полициялар да,  "елімізде техничка болып жұмысқа орналасу үшінде пара беретін" қағида қалыптасты" деп экс-президент айтқандай,  бұларда пара алатын жағдай қылмыстық жауапкершіліктен қашу үшін емес,  жәбірленушіден де арыз қабылдап, іс қозғату үшінде ақша сұрайтыны баспасөз беттерінде айтылып қалып жүр.

Қазақтың ата салты мен дәстүрін белшесінен басып, ата-анасы, балалары, немесе немерелері бірінің үйіне бірі қонаққа барса тіркеуге тұрсын деп, тұрмағандарға айып-пұл салдырып жүрген де осы министрлік.

Қазақты Европа мен Қытайдың «бір үйге бір бала» деген дәстүріне сыйғызамын, деп жеңіл көлікті коляскаға  толтыртқанда осы миністрлік.

Патрульдік полицейлердің жақсы қызметтерінің көрсеткішін хаттама толтырту мен айыппұлдың сомасына қарап баға беретінде осы министрлік.

Бәріңіздің қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етеміз, деп елді алдап, елдің қолындағы бар қаруын, қарапайым аңшы мылтығы түгілі, пышағына дейін жинап алып, табыла қалса қылмыстық жауапкершілікке тартып, соттатып жүргенде осы министрлік.

Қарапайым халықты қорғану құқығынан айырып, қылмыскерлерге «жем» қылып қойғанда осы министрлік.

Қара халықтың сынынан қорытынды шығармайтын да осы министрлік.

Халықтың сүйкіміне ие болуға талпынбайтын да осы министрлік.

Еліміздің Ішкі Істер Министрлігіне қатысты мұндай келеңсіздіктерді әлі де жалғастыра беруге әбден болады.

Тарих тағлымы: Ежелгі қазақтың (Кешегі КСРО-ға дейін) әрбір үйінің қабырғасында «бес қару» түгел ілулі тұрған. Ешкім-ешкімге қару қолданбаған.

Алайда, қылмыстың өсуіне тек қана полицияны кіналауымыз дұрыс болмас. Экономикасы нашар дамыған, ұлттық идеологиясы жоқ елде екі адамға бір полицей қойсаңда қылмыстың азаймайтыны айдан анық.

Күні кешеге дейін «Милиция менің қорғаным» деп, бүкіл халық болып ардақ тұтқандықтан, бала біткен милиция болуды армандайтын. Сол ел сақшыларының бүгінгі ізбасарлары  полицияға не болды?  Оларды халыққа қарсы «құбыжық» етіп қойған кімдер? Әрине, ол жеке адамдардың ғана мүддесін қорғайтын халыққа қарсы қабылданған әділетсіз заңдар. Бұл жердегі аксиома, заң кімді қорғаса полиция да соны қорғайды.

Қылмыстың «барометрі» қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты болады. Елде әділдік болмай, елді қымбатшылық пен жұмыссыздық жайлағанда қылмыс өседі. Керісінше болғанда қылмыс азаяды.

Өткенде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  жемқорлық фактілері көп тіркелетін мемлекеттік органдарды атады. Агенттіктің қоғамдық қатынастар бөлімінің бастығы Арман Бердалиннің айтуынша, жең ұшынан жалғасқан сыбайластыққа  әкімшілік пен Ішкі істер қызметкерлері жиі баратын көрінеді.

«Сонда біздің кейбір құқық қорғау органдары әділет іздегендерді емес, заң бұзған қылмыскерді жанын салып қорғайды екен. Осындай былықтардың салдарынан қарапайым халықтың бұл органға деген өкпесі қара қазандай. Бірақ, Президент бұл салаға реформа қажет деді. Қасымов ол реформаны әзірге полиция қызметкерлерінің сыртқы киіміне ғана жасады. Ал, іштегі жемқорлық пен сыбайластыққа реформа бола ма? («2018 жылы сыбайлас жемқорлықпен 1126 лауазымды тұлға істі болған» .

Қазіргі таңда ел аузы полицияны қарапайым халықтың қорғаушысынан көрі, қорлаушысына айналды дегенді айтады. Ақиқаты да осы. Оны бәрімізде көріп жүрміз. Оны осындай күйге жеткізген өз мұңын, өз зарын, өздерінің көріп жүрген қорлығын билікке жеткізуге талпынған халықтың бәрін: қазақтың үлкенді сыйлау деген Ата салтын аяққа таптап, ақсақалды қария, ақ жаулықты әже, көп балалы ана, он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей жас жігіт пен өрімдей жас қыз, мектеп жасындағы бала демей қол салып, күш қолданып сүйрей жөнелуді әдетке айналдырып, ел алдында абыройдан жұрдай болғандарына  біріншіден қазақи мәдениетті аяқтарына таптаған өздері, екіншіден оларды осындай арандатуға айдап салған орыс тілді билік кінәлі.

Олар көшеге шыққан қариялар, көп балалы аналар мен көк шар ұстаған балалармен жағаласып жүргенде қылмыскерлер ойларына келгендерін жасап жүр. Сонымен қатар елімізде заңсыз қаруланған казактардың әскери форма киген құрылымдары және атамандары қылыш асынып тайраңдап жүр. Арғы тарихын айтпағанның өзінде бұл құрылымның не мақсатты көздейтінін 1990 жылы Оралда «екі облысты бөліп алып автономия құрамыз» дегенінен-ақ көргенбіз.

Қазіргі таңда биліктің полицияға қойып отырған негізі талабы, қарапайым халықтың басыну, жаншу. Бұл үкіметтің әділет деген ауылдан мүлдем алшақтап кеткенін көрсетеді. Полиция ақ-қараны ажыратып жатпайды. Шетінен бас салып сүйрей жөнеледі. Бұл нені білдіреді? Бұл полицияның да, сол полицияға бағыт-бағдар сілтеп отырған министрліктің де халықтан тым алшақтап кеткенін білдіреді. Қазір полиция халықты емес, жоғары дәрежелі шенеуніктер мен жекелеген бай-бағландардың құқығын қорғайтын болды.  Қазір халық «Полиция менің қорғаным» деген қанатты сөзді ауыздарына алмайтын болған.

Ақиқатында, билік иелері жиналған халықтың алдына шығып, олардың арыз-шағымдарын тыңдап, наразылықтарының себебін анықтап,  тиісті шарасын алса жетіп жатыр. Ал біздің орыс тілді билік халық наразылығының себебімен емес, жәбірленуші халықтың өзімен жағаласуды әдетке айналдырды.

Үстіміздегі 2019 жылдың 1-ші шілдесінен бастап полицейлердің айлық жалақылары 250-300 мыңнан 320 мың теңгеге дейін өсетіні белгілі болды.

«Министрдің орынбасары А.Калайчидидің айтуынша полицейлердің жалақысын көтермей оларға талапты күшейту мүмкін емес» деп хабарлады. Иә, полицейлердің жалақыларын көтермей оларды күні-түні мезгілсіз қызметке жегіп,  қариялар, көп балалы аналар және балалардың қолындағы «көк шармен» жағаластырудың оңайға соқпайтыны сөзсіз.

Біле білген адамға сол полицияның қатарында да өзіміздің қаракөздер жүр. Оларда полициядан кеткен күні қарапайым халықтың қатарына қосылады. Бірақ қалай қосылады? Елдің бетіне тіке қарап төрге шыға алатын жағдайда ма, әлде ондай жерге кірмек түгілі босағасынан да сығалай  алмайтын жағдайда ма? Әрине, таңдау олардың өздерінде. Бірақ, ол бәрінің де басына келеді. Одан ешкім ешқайда қашып құтыла алмайды.

Әлемдік қағида бойынша кез-келген министрлік, оның ішінде ІІМ-гіде елдегі болып жатқан қылмыстық, өзге де кез-келген келеңсіз жағдайлардың бәрін саралап, халық наразылығының себебін сол халықтың өзімен бірге түбегейлі зерттеп, зерделеп және оның алдын алу жолдарын көрсетіп үкіметке ұсыныс жасап және оны БАҚ беттерінде жариялап отыруға тиіс еді. Бізде оның бірі жоқ.

Сөз соңында айтарым: реформа тек қана ІІМ-не емес, бүкіл орыс тілді билікке керек.

Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы 

Abai.kz

 

 

20 пікір