Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Бетбұрыс 9443 33 пікір 29 Мамыр, 2019 сағат 09:31

Райтер

Кәсіби журналистер Қасым-Жомарт Тоқаевты Сенат төрағасы болған алғашқы жылдары әзіл-шыны аралас «Өзі Спикер, өзі Райтер» («райтер» ағылшынша жазушы деген мағынаны білдіреді) деп атайтын. Өйткені, көп жағдайда шешендігімен ерекшеленетін Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси публицистика саласында жазған іргелі еңбектері Қазақстанмен қатар басқа ірі мемлекеттерде де лайықты оң бағасын алған еді. Сол кездері айтылған бұл сөз тіркесін Қасым-Жомарт Тоқаев әлі күнге дейін теріске шығарған емес.

Бүгінгі таңда ол – оннан астам публицистикалық кітаптың авторы. 2016 жылдан бері шығармаларының жеті томдығы орыс тілінде басылып шығуда. Қазіргі таңда оның бес томы жарық көрді. Әлгі сөздің шынайы да риясыз айтылғаны сонда, ең бастысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық туындыларын өзі жазып шыққандығында жатыр. Бұған айғақ іздеудің қажеті жоқ. Өйткені, бұл ақиқат оның кітаптарын оқу процесінде бірінші қолдан ақпарат алып отырғандай сезінуіңізден анық аңғарылады.

Тіпті үлкен кісілердің тісі бата бермейтін «Известия», «Правда» сияқты басылымдарды мектеп қабырғасында жүрген кезден жастанып оқуды әдетке айналдырған ол келе-келе одан да терең тақырыптарға кестелі тілмен жазылатын «За рубежом» сияқты етжеңді газеттерді оқуға ауысты. Салған беттен саясаттың иісі мұрынды қабатын салмақты басылымдарды оқып, өз дүниетанымы мен білім көкжиегін кеңейтіп үлгерген жастың алдында екі мамандықты таңдау тұр еді: бірі – дипломат, бірі – халықаралық журналистика. Десек те, ол сол кезде қай мамандықты таңдап алғанда да өз саласының майталман тарланы болатынына шүбә келтірмес едік.

Алайда, оның журналистика мамандығын таңдамауына газет кінәлі болғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Қай газет дейсіз бе? «Morning Star» газеті. Мектеп бітіретін жылдың басында Қасым-Жомарттың Англия коммунистерінің осы басылымын оқуға қызығушылығын байқап қалған анасы оны ағылшын тілінің оқытушысы Александр Сергеевич Рогачтан дербес дәріс алуға береді. Жиырма жасына дейін АҚШ-та тұрып, отызыншы жылдардағы «ұлы күйзелістен» кейін социализмнен бақыт іздеп Кеңестер еліне келген Александр Сергеевич Қасым-Жомарттың өздігінен үйреніп жүрген ағылшыншасын жүйесіз деп тауып, америкалық грамматика туралы түсінігін дер кезінде қажетті қалыпқа келтіреді. Міне, осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қатынастарға бет бұра бастайды. Бірақ қанына сия тамып туған әкесі Кемелден келген тұла бойындағы жазушылық қасиет бәрібір күндердің күнінде Қасым-Жомарт Тоқаевты жазу столына отырғызатынын ол кезде біз тұрмақ, оның өзі де білген жоқ еді. Осындай логикалық байланысы тереңде жатқан екі мамандық қазіргі күні оның бойында бейбіт қатар өмір сүріп келе жатқаны қатты қуантады. Өйткені, Қазақстанда кенжелеп қалған саяси публицистика саласын әлемдік деңгейге дейін жалғыз өзі көтеріп үлгерген Қасым-Жомарт Тоқаевқа біз қашанда қарыздар болып қалдық.

Алайда, Қасым-Жомарт Тоқаев саясатты сүйікті мамандығы, публицистиканы хоббиі деп санайтыны рас. Дей тұрғанмен, дарынды адам өзінің хоббиін де кәсіби деңгейге көтере білетінін ол өзінің шығармашылық қызметімен дәлелдеп шыққан адам екені – қазір басы ашық ақиқат.

Жаһандағы барлық мемлекеттермен қарым-қатынас және ынтымақтастық орнату жолында ширек ғасыр тер төккен тәжірибелі дипломат Һәм келіссөз жүргізудің хас шебері Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси публицистикалық кітаптарын тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде сүйіп оқиды. Мемлекетіміздің дипломатиялық тарихы мен бүгінгі күнгі саяси көрінісін аса деректілікпен баяндауға бейім Қасым-Жомарт Тоқаевтың публицистикасы бұқара ықыласына бөленіп қана қоймай, сонымен қатар қоғамдық пікір тудырар күшке ие тәрбие мен насихат құралына айналғаны қашан?! Мұны автордың жарияланымдарын оқыған әрбір оқырман анық сезінері сөзсіз.

Дүние жүзі мемлекеттерінің геосаяси портретін нақты аша отырып Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының ішкі саясатының экономикалық факторын да кеңінен зерттей білген. Сол кездері ҚР Премьер-министрі лауазымында болған ол өз еңбегінің басты тарауларында Қазақстанның алыс-жақын елдермен, халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас ұстанудағы ішкі саясаты тереңінен қамтылған. Жаңа көзқарасы бар автор үнемі өзгеріп отырған әлемнен мемлекетіміздің өз орнын табуы үшін елдің ішкі саясат артықшылықтарын әсерлі тілмен, бейнелі де жатық жеткізгенін аңғару қиын емес. Сыртқы саясатқа елдің ішкі саясатының байланысты болатынын, мемлекетіміздің халықаралық аренадағы беделіне тікелей ішкі саясаттың ұшқыны тиетінін алғаш рет ашып көрсеткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтулы еңбектерінің бірі ретінде «Қазақстан Республикасының дипломатиясын» айтуға болады.

Автор Қазақстанның өткен жылдардағы сыртқы саясатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланыстыра отырып талдайды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі дипломатиялық корпустың басты мақсаты ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болғаны баршаға мәлім. Күш-жігер ең алдымен осыған жұмсалды. Қазақ дипломатиясының табанды да мақсатты еңбегінің нәтижесінде алуан саясат ұстанатын, тіпті кейде бір-біріне кереғар бағыттағы Азия мемлекеттерінің басым көпшілігінің назарын қауіпсіздікті сақтау мәселесіне бұрудың сәті түсті. Осы маңызды істер туралы ол өз еңбегінде соқырға таяқ ұстатқандай тамаша талдап баяндайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы мемлекеттік құрылыстың маңызды құрамдас бөлігі ретінде отандық дипломатияның қалыптасуы туралы айта отырып, Қазақстан-АҚШ қатынастары дамуының кезеңдеріне де кеңінен тоқталады. Мысалы,1994 жылы қол қойылған Демократиялық әріптестік туралы хартия АҚШ-пен сан-салалы қарым-қатынасты қалыптастыруға құқықтық негіз қалаған құжат болды. Автор сонымен бірге Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымымен қарым-қатынасын саралай отырып, Еуразияның ұлан-байтақ кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әмбебап құралы ретінде ЕҚЫҰ өзінің мүмкіндігін әлі толық іске қоспай отырғанын да сындарлы суреттей білген. Ол бұл беделді деген ұйымның сайлау барысы мен адам құқықтарын сақтау туралы пікір алысу аясында кеңесумен шектелуі жеткіліксіз екенін батыл айта білген. Жаһандану үрдісінен Қазақстан да сырт қала алмайтынын атап көрсете отырып, Қасым- Жомарт Тоқаев бұл үдеріс әрбір мемлекетті сыртқы істерде өзін танытудың жаңа нысандарын іздестіруге мәжбүрлейді деп ой түйеді. Осыған орай әлемдік қоғамдастықта Қазақстанның орнын нығайту үшін қолайлы жағдай туғызу дипломатиялық қызметіміздің маңызды бағытына айналғанын егжей-тегжейлі түсіндіреді. Сыртқы істер министрлігінің  алдына Қазақстанға шетелдік инвестицияның құйылуына және сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға септесу міндеті қойылғанын айта келіп Қасым-Жомарт Кемелұлы былай жазады: «... дипломатия халықаралық сахнада Қазақстанның саяси танылуын қамтамасыз ету міндетін жемісті түрде жүзеге асырған екен, енді сапалық тұрғыдан өзгеше мақсатқа қол жеткізуге – ел экономикасының дамуына жәрдемдесуге бейімделуге міндетті. Басқаша сөзбен айтсақ, сыртқы саясат ішкі саясатпен қатар өріліп, оның ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Сол кезде ғана отандық дипломатияның тиімділігі арта түспек». Автордың бұл ойы тереңнен байыптаған тұжырымды көрсетсе керек. Одан әрі Қазақстандық сыртқы саясат қызметінің алдында тұрған басқа да міндеттерді саралай келе Қасым- Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін түпкілікті белгілеу, шикізат тауарларының экспортына жәрдемдесу, ең алдымен мұнайды шетелдік рыноктарға ұтымды шығаруды қамтамасыз ету, мемлекеттік шекараны межелеу жұмыстарын ойдағыдай аяқтауды айрықша бөліп көрсетеді. Саяси еңбектің құндылығы сол, автор сыртқы саясаттағы оқиғаларды тек тізбелеп ғана қоймай, Қазақстан дипломатиясының негізгі бағыттарына, алдағы міндеттерін орындау жөніндегі қызметіне жан-жақты әрі терең талдау жасайды.

Бұл еңбектің тағы бір арнайы тоқталуды қажет ететін тарауы «Қазақстан дипломаттары» деп аталады. Отандық дипломатияның бастауы ғасырлар қойнауына кететінін көрсеткен автор  Қазақ хандығының мүдделері білектің күшімен ғана емес, ақыл-парасат, дипломатиялық ұтымды іс- қимылдармен де қорғалғанын еске салуды да ұмытпайды. Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хан, Әбілқайыр хан сияқты көрнекті ұлттық көшбасшылар, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды даналар еңбегін де тілге тиек етеді. Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ дипломатиясы тақыр жерден шықпағанынын дәлелдейді: кеңестік империя тарап, өзімізбен-өзіміз қалғанда абдырамай, қиыннан сыналап жол таба білгеніміз дәстүр сабақтастығының айғағы деген әділетті тұжырым жасайды. Тарихқа ешқашан қиянат жасауды білмейтін Қасым-Жомарт Тоқаев жеке тұлғалар туралы айтқанда КСРО заманындағы тұңғыш қазақ елшісі Н. Төреқұловтың Сауд Арабиясындағы еңбегіне де кеңінен тоқталады. Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Т. Тәжібаевты, одан кейінгі министрлер Қ. Байғалиев, А. Закарин, Ә. Шәріпов, Б. Бөлтірікова, М. Фазылов, М. Базарбаев, М. Есенәлиевтің есімдерін ерекше ілтипатпен атап өтеді. Осы заманғы саяси қайраткерлердің де тұлғалық галереясын шеберлікпен жасай білген. Төл дипломатиямыздың шежіресін қамтитын ауқымы мол, пайымы терең осы еңбекті оқыған әрбір адам авторға ризашылығын білдірері хақ.

Белгілі дипломат-публицистің 2007 жылы «Нұр мен көлеңке» атты жаңа еңбегі Қазақ елінің тәуелсіздік алғанға дейінгі, алғаннан кейінгі болып жатқан әрбір оқиғалары еліміз үшін, қазақ тағдырын шешетін, сан-салалы соқпақ пен сара жолдардың ұңғыл-шұңғылынан ой түйеді. Еліміздің сыртқы және ішкі саясатында біз білетін және білмейтін құпиялы қалтарыстарды қалтқысыз ашып жазған Қасым-Жомарт Тоқаев республика сыртқы саясатының қалыптасуындағы уақыт ағымымен бірге буырқанған оқиғалар жиынтығын астарлы суреттейді. Сұңғыла саясаткер өзі жіті бақылап, сана елегінен өткізіп, таразылап отырған оқиғалар желісін әдемі баяндап, оқырманды еріксіз сол ортаның кейіпкеріне айналдырып жібереді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жарияланымдары үлкен саясаттың, әйгілі тұлғалардың өмірі мен қызметінен аса мол мағлұмат беруі өз алдына, оған қоса отандық дипломатияның көркем шежіресіндей әсер қалдырады. Ешкімді жалықтырмайды, тілі жатық, әлемдік саясатпен айналысып жүрген адамға да, қарапайым адамға да түсінікті. Қазақстанның сыртқы саяси бағытының қалыптасуы мен дамуына, нығаю жолдарын сараптауға арналған кітаптың небір құнды деректерге толы екені анық. Автор әрқашан нақты деректер мен дәйектерге сүйенеді. Әлемнің он тіліне аударылып, АҚШ, Ресей, Қытай, Сингапур, Пәкістан, Сауд Аравиясы, Түркия, Ливан, Болгария және басқа көптеген елдерде жарық көрген. Қазірдің өзінде еңбектері еліміздің белгілі университеттерінде  оқу құралы ретінде кеңінен пайдаланылып жүр.

Қысқасы, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы үшін көптеген мемлекеттік лауазымдарды белсене атқарғанына қарамастан бүгінгі күні саяси публицистиканың бірден-бір саңлақ сарбазына айнала білгені – Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси тұлғасын тағы бір қырынан асқақтата түсетіні басы ашық критерий. Қасым-Жомарт Тоқаев өзін жазушымын деп санамайтынын жақсы білеміз. Бұл туралы ол кітаптарының тұсаукесерлерінде талай рет айтқан да. Дей тұрғанмен, оның ешқашан райынан қайтпайтын риясыз райтер екеніне көзіміз әлдеқашан жеткен.

Abai.kz

33 пікір