Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Енді қайттік?.. 18586 40 пікір 22 Мамыр, 2019 сағат 16:30

Құлыбаевтар кетудің қамын жасап жатқан жоқ па?

Тимур мен Динара Құлыбаевтар «Халық банктегі» акцияларын сатуды ойлай бастапты. Бұл туралы қазақстандық қаржы институтының «Kase.kz» порталы хабарлады.

«Қазақстанның Халық банкі» (Қазақстанның халықтық жинақтаушы банкі АҚ) АЛМЭКС холдингі АҚ-на қатысты 2 мамыр күні мәлімдеме жасаған екен.

«АЛМЭКС холдингі АҚ көптеген инвесторлық бірлестіктердің сұрауы бойынша «Халық банкінің» акцияларының өтімділігін арттыру үшін түрлі амалдарды, соның ішінде құнды қағаздар нарығында акцияларды бөлшектеп сату жолдарын қарастыратынын хабарлайды. Кез келген ұсыныс қолайлы нарықтық коньюнктураға сай қаралады. Ал АЛМЭКС «Халық банктегі» акциялардың бақылау пакетін сақтайды» депті хабарламада.

Бұл хабарламадан түсінгеніміз, Тимур мен Динара Құлыбаевтар «Халық банктегі» өз акцияларын сатуға қам жасаған екен. Бөлшектеп алса – бөлшектеп, бүтіндей алса – бүтіндей сатпақ көрінеді. Өздері жазып отыр. «Кез келген ұсынысты қараймыз» дейді. Енді тарқытып, түсіндіріп жазайық...

Сонымен «Халық банк» акциялары кімдерге тиесілі? Қазақстандағы екінші деңгейлі  ең ірі банкке кімдер қожалық етіп отыр?

1. АЛМЭКС холдингіне – 75,0%;

2. ЖДҚ ұстаушылары – 15,8%;

3. Зейнетақы қорына – 6,1%;

4. Басқалары – 3,1%.

Бұл 2019 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет. «Халық банктің» 74,50% акциясы жаңағы сатылымға шығарылған АЛМЭКС дейтін холдингке тиесілі. Ал АЛМЭКС холдингіне Тимур мен Динара Құлыбаевтар қожалық етеді.

«Халық банк» Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер ішінде № 1-банк. Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей мен Гүржістанда да филиалдарын ашқан. 10 миллионға жуық тұтынушысы бар банк. «Халық банктің» қазіргі акциялары 11 триллионнан асып жығылады. Оның 9 триллионға жуығы Құлыбаевтарға тиесілі. Естеріңізде болса, 2017 жылы «Казкоммерцбанктің» 96,81% акцияларын сатып алған. Осыдан кейін «Халық банктің» қоржынына 185 миллиард теңге, Құлыбаевтардың қалтасына (АЛМЭКС-ке) 65 миллиард теңге түскен.

Сөйткен банктің бас акционерлері енді өз акцияларын сатуға қойыпты. Құлыбаевтардың бұл саудасы туралы әлеуметтік желіде әртүрлі ақпарат жүр. Біреулер «Құлыбаевтар Қазақстаннан қашудың қамына кірісті» дейді. Енді біреулері «олардың акцияларын қытайлықтар сатып алған» дейді. Қайсы өтірік, қайсы шын біліп көріңіз... Десе де жұртты шатастыруға хақымыз жоқ. Біріншіден, Құлыбаевтар акцияларын әлі сатқан жоқ, сатылымға шығарды. Ал жұрт қауіптенгендей қытайлық инвесторлар ол акцияларды сатып алуы әбден мүмкін. Естеріңізде болса, «Халық банкі» өз құрамына қосылған «Алтын банктің» 60% акциясын қытайлық инвесторларға сатқан еді. 2018 жылдың 24 сәуірінде «Алтын банктің» 50,1%-ын қытайлық China CITIC Bank Corporation Limited, қалған 9,9%-ын China Shuangwei Investment Co., Ltd. сатып алған.

Айтпақшы, «Халық банктің» Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова Құлыбаевтардың бұл саудасы туралы пікір айтыпты. Банкирдің айтуынша «Халық банк» акцияларын стратегиялық инвесторға сатуы неғайбыл-мыс. Оның айтуынша, қазіргі таңда банктің 25% акциясы еркін айналымда көрінеді. Оның 17-18%-ы депозиттік қолхаттар түрінде Лондон биржасында және акция түрінде KASE-те саудалануда. Ал 6,11%-ы Зейнетақы қорында. Яғни, еркін айналымда бар болғаны 17-18% ғана бар. Бұл инвесторлардың қызығушылығын тудыратын сома емес.  Сондықтан, АЛМЭКС-тің ғана акцияларын сатылымға шығару мүмкін.

«Егер бақылау пакетін бір қолға сатпақ болса, онда жарнама жасап, хабарландыру жазбайтын еді. АЛМЭКС жария түрде хабарлағандықтан, меніңше нарыққа шығу ойлары бар. Келісіп қай алаңда болатынын әзірге болжап айта алмаймын» депті.

Динара Құлыбаева 3 100 000 000$

Динара өзінің әпкесі мен сіңілісіне қарағанда жолы болған адам. Оның шотында 3,1 милиард доллар бар. Қайсы бір жылы америкалық «Форбстың» тізіміне енген Орталық Азиядағы жалғаз әйел кәсіпкер атанды. Күйеуімен бірге АЛМЭКС холдингін, Steppe Capital Pte Ltd  мен «Кипрос» ЖШС-не қожалық етеді.  Нұрсұлтан Назарбаев атындағы ұлттық қорды құрушы және басқаратын жалғыз адам. «Қазақ-Британ техникалық университетінің» Директорлар кеңесінің төрағасы.

Тимур Құлыбаев 3 100 000 000$

Тимур да жаңағы Динараға тиесілі компаниялардың қожайыны. Екеуі бірге басқарады. «Каспий мұнай» АҚ ақпаратынша, Тимур 2017 жылы Атырау облысындағы Айранкөл кенішінің 100% қожайыны атанған. Қазір «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасын басқарады. Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті. Азия Олимпиада кеңесінің вице-президенті. Ресейдегі «Газпром» Директорлар кеңесінің мүшесі.

Тимур әйелі екеуі әлем байларының тізімінде 715 орында тұр. Әрқайсысында 3,1 миллиард доллардан ақшалары бар. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр АҚШ президенті Доналд Трампттың қалтасы 3,1 миллиард доллар деп бағаланды.

Түйін. Тимур мен Динара Құлыбаевтар «Халық банктегі» өз акцияларын сатылымға шығарды. Бұл дегеніңіз «Халық банктің» 75% акциясы. Қазақстанның банк секторының 60 %-ы. «Халық банк» активтері жағынан 28 банктің ішінде 1 орында тұрған банк. Оның 10 миллион тұтынушысы бар.

Енді мына бір дерекке көз жүгіртіңіз, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша елдегі еңбекке қабілетті 8,5 миллион адам болса, соның 5,1 миллионы екінші деңгейлі банктерге берешек екен. Тіпті 1,5 миллионы несиелерін төлей алмай тентіреп жүргендер есебінде тұр. Ал олардың нешесі «Халық банкке» қарыз? Құлыбаевтардың бұл саудасының соңы немен аяқталады? Құлыбаевтардың ашық саудаға қойған акцияларын кім сатып алады?  Құлыбаевтар акцияларын жаппай сатуы – елден кетудің қамы ма? Сұрақ көп. Жауап...Жауап жоқ!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

40 пікір