Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Аласапыран 20456 37 пікір 21 Мамыр, 2019 сағат 12:08

Мөңке би айтқан елді әйел билейтін заман жетті

Біздің осы күндерге дейінгі және бүгінгі жағдайымызды да ата-бабаларымыз бұдан сан жылдар бұрын топшылап қойғанын бүгінгі жағдайлардан аңғарып жүрміз. Мұның бәрін Абылай ханның, Мөңке бидің, Бұхар жыраудың түрлі болжамдары мен көрген түстерінен белгілі болғанын тарихшылар зерттеп білді. Әрине, түс болашақ хабаршысы дейді. «Түсі оңғанның – ісі оңады» дейді қазақ. Тарихқа назар аударар болсақ, Мөңке би түс көріп, сол түсін Сырым батырға жорытуды ұйғарады. Түсінде былай болыпты:

«Бір жолы бәйгеге 40 ат қостым, біреуі де бәйгеден келмеді. 30 ат қостым біреуі де келмеді. 5 ат қостым, төртеуі бәйгеден келмеді де, біреуі ғана аман жетті. Аман жеткені сол, келе сала пышаққа ілікті. Әлгі аттың ішін жардым, ішінен арыстан шықты. Арыстанның ішін жарып едім, бұдан адал құлан шықты. Құланның ішін жарып едім, қасқыр шықты. Қасқырдың ішін жардым, түлкі шықты. Түлкінің ішін жарып едім, ішінен бір қоян ата келе қашты. Осыны жорып берші», - дейді Мөңке би.

Алайда Сырым түс жорудың жолын Мөңкенің ұзатылып кеткен қызына беруді жөн көреді. Бірақ, Мөңке бидің қызы би үш рет шақыру жібергеннен кейін әрең келеді. Қыз түстің жайын білген соң Сырымға: «Түсті жездеңе жорытпа, жиеніңе жорытпа, әйелге жорытпа деген сөз бар еді… Сонда да айтайын. Түс адал түс, қияли түс, шайтан түс деп үшке бөлінеді. Мұны қай түске жатқызарымды білмеймін, бірақ оның шешуі мынадай: «40 ат дегеніміз — мұсылманның 40 парызы орындалмай қалатын заман болады екен; 30 аттың бәйгеден келмей қалатыны — 30 күн ораза ұстамайтын заман туады екен; 5 аттың төртеуі келмей, біреуі келгені — бес уақыт намаз қаза болып, оны біреу оқып, біреу оқымайтын кез келеді екен; қасқырдың шыққаны — кісінікін тартып алып, ұрлап жейтін зорлықшыл заманның туатыны шығар; Түлкі шыққаны — алдаушы мен арбаушы көбейетін, түлкідей бұлаңдаған заманның күтіп тұрғаны шығар; қоян шыққаны — ұрпақ үрейленіп өсетін, көлеңкесінен қорқып жүретін заман болар» депті.

Осыны айтып болғаннан кейін Мөңке бидің қызы: "Маған түс жорытқандарыңыз қате болды, күндердің күнінде әйел билеген заман келеді. Ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады, менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді" депті.

Мөңке бидің түсінің жоғарыда айтылғандарының біразы осы уақытқа дейін орындалып болды десек қате емес. Мұсылманның 40 парызының дұрыс орындалмауы,  қасқырдың шыққаны – кісінікін тартып алып, ұрлап жейтін зорлықшыл заман – КСРО дәуіріне тура келетін сияқты, түлкінің шыққаны – алдаушы мен арбаушы көбейетін, түлкідей бұлаңдаған заман – нақ осы заман екеніне дауым жоқ. Ал соңғысы ше? Соңғысы әлі орындала қоймаған сияқты. Бірақ дәл осы соңғысының мәнін сөз соңында айтқым кеп тұр.

Міне, бүгінгі күні әлі де ел аман, жұрт тыныш кезде мынау адамдардың - «ноқталанған» аузынан ноқтасын сыпырып алып тастаған бұзау сияқты аспанға секіріп, біріне-бірі ойқастай кеп шапшып, бірінің намысына бірі тиіп, бірінің жағасын бірі жыртардай боп, қызыл кеңірдектеніп қылқына басуына не себеп? Кім кімнен кінә іздеп жүр? Ол неғылған кінә? Өздеріңіз күнде ақтарып қарап отырғандай, Facebook парақшаларын ашып алып, кім не айтқысы келсе соны айтатын, осы парақшалар арқылы бір-бірінің ұрыс-керісін ел-жұртқа жариялап, сонысы арқылы «жұлдыз», «хит» болуды көксеп жүргендердің көп екенін байқадық. «Атың шықпаса жер өрте!» дегеннің өзі ғой бұл да. Міне, дәл осындай блогерлердің жазбасынан кейінгі оқырмандардың ойлары мен пікірлерін мәдениетсіз түрде жазатын «комментаришілердің» сөздерін сынамақ болып, әдейілеп Ресейлік комментаришілермен салыстырып қарадым. Әдетте, кейде біздердің сол орысты «боқтампаз, ішкіш, мәдениетсіз халық» деп қаралайтынымыз рас-ақ. Ал менің байқағаным - ресейлік комментарий жазушылары, бізге қарағанда әлдеқайда мәдениетті, әрі тарихтан да, саясаттан да, қазіргі қоғамның беталысынан да, болашақтың мән-жайынан да сауатты әрі алда екендіктеріне көзім жетті. Бұлар тек халықты ойлайды, ресей халқының болашағы жайлы пікір, дау қозғайды екен. Ал бізде рулар арасындағы кертартпа пікірлер, көре алмаушылықтан аспай қалған, от басы, ошақ қасындағы пікірлерді ғана оқисың. Оның да тең жартысы былапыт сөздерден құралған.

Шыны керек, біздегі кейбір блогерлердің парақшаларға жазылған жазбаларына (бұларды мақала деуге келмейді!), видеоларына қарасаңыз, ел ішіне іріткі салатын  әлдекімдердің арандатушылары екені білініп тұрады. Осылардың бәріне қарай отырып, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтып кеткен бесігіміздің әлі түзелетін түрі жоқтай! Тағы бір себеп, бүгінгі қоғамдағы біріне-бірі жалған күйе жағып қаралайтын отбасылар мен әріптестер, бастығымен сыбайластығын пайдаланып өзгелердің нәпақасына қол сұғатын арамтамақтар, мұнан қалса - руын, жүзін дәріптейтін түрлі киім-кешектер мен дүкендердің атауының көбеюі, көліктеріне руы мен таңбасын қойып алу, жұмысқа тұрғанда руласы мен жерлесін жағалау, оралмандарды әлі күнге дейін шет қақпайлайтын тұрғысындағы жәйттер көз алдымызда жиі орындалып жатса да, бірақ елеусіз тақырыптарға айналған факторлар екені рас. Бұған қарап тағы бір күндері әр рудың өз телеарнасы, әр рудың бағдарламасы шықпасына кім кепіл? Осыларды негізгі нысанаға алған кейбір блогерлердің әрекеті – оларды тоқтату емес, керісінше, отқа май құйып ары қарай тұтатуға ұқсайды.

Блогердің мақсаты не? 

Сонымен, елді еліктіретіндей емес, еліртетіндей пікір тудырушылардың мақсаттары не? Өздеріңіз білетіндей, әнші Әбдіжаппар Әлқожаны руға қатысты айыптаған заңгер Айгүл Орынбектің орынсыз сынға алғаны белгілі. Сөйтіп халық арасында біраз дау-жанжал туғызды. Дау болғанда да ру, тайпа, жүз арасындағы тартысқа айналған дәу жанжал болды. Әнші Әбдіжаппардың айтпағы – өзінің ата-бабасының тарихының әулетіндегі өзара ережелері немесе дәстүрі еді. Ілік арасынан бүлік іздеген Айгүл Орынбектің «үш жүзден қыз алып қанды бұзды деп айтты, сотқа берем» деп жарияға жар салғаны – айрандап ұйып отырған қазақтың арасына «әдемілеп» лай аралас суды бүркіп жібергенін санасы түзу адам білмеді дейсіз бе?! Әйтеуір Аман Тасығанның "Кешкі кездесу" бағдарламасындағы кездесуде тарихшы Таласбек Омаров пен Әмина апайдың, Абзал Құспановтың тағы да басқа білімді, зерделі азаматтардың бұл даудың мәнісін халыққа дұрыс түсіндіруі арқылы бітті.

Осы орайда өзін коррупцияға қарсы ұйым мүшесімін деп санайтын Айгүлдің фейсбугындағы жазбаларын оқысақ, коррупцияға қатысты болған ешқандай нәтижелерін көрмедік. Бұл журналист Берік Мыңжасардың мақаласында нақты көрсетіліпті. Берік Мыңжасардың айтуынша, Айгүл Орынбек  сияқтылар қоғамда беделі бар тұлғалардың жағасына жармасу арқылы ол өз атын шығарғысы келген. Берік Мыңжасардың айтқандары мынау еді:

«Шымкентский» блогердің тактикасындағы айту-жазу мәнеріне ерекше тоқтала кеткен жөн. Бірақ тіл ғылымы тұрғысында оның жазу-сызуындағы сауатсыздығын бұл жерде айтып жатпаймыз. Айгүл Орынбек шүйлігетін нысанасына қаратып базарда сауда жасап жүріп шая мінезге ұрынған, «ауызына ақ ит кіріп, көк ит шығатын» әйелдерге тән ыпылас сөздерді қолданады, ара-тұра былапыт сөздер айтады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін оның әлеуметтік желідегі бірнеше жазбасынан үзінді келтірейік:

«...Фейсбук деген жақсы болды ғой, жасы келген қолы бос, құтырып, ышқынатын қатындарға! Байынан алалмай жүрген лəззатын, осындағы халыққа "у" қылып шашып отыратын!...»;

"Талғат аға, Геройхан аға!.. Бұлай ұлтшыл болмай-ақ қойыңыздаршы!.. Қатындардан еш айымаршылықтарыңыз жоқ! Қатын боласыздар!...»;

«...Ешқандай ағымға кірмей к... қысып жүруге болмай ма?...»;

«...Баянның басынан "Бақыт" құсы ұшты... Таңдаған Тұрсыны Баянның күнде к...н ашып əлек! Қазақ болмаған соң, қазақ қыздарының ар-намысына пысқырғаны бар ма?.. Сұлулық символына айналған Баяндарыңды жəйлап ел алдында шешіндіріп жатырмын демекші ме? Баян танымал болу үшін енді тек тырдай жалаңаш шешінуі қалды ма? Басқа амал қалмады ма айтшы Баян?... Бақытбек барда сен Баян едің, қазір сен шаянға айналдың!..»;

"Ой қара тышқан бойы бір тұтан болған, ішіңнің бəрі қара ниеттен өспей қалған сорлы Сандуғаш (...)! Менің қозыдай майланған құйрығымды əңгіме қылғанша, əр еркектен қалған өз к.... былығына ие болсай. Байға тимеген дейсің бе? Байға тиген сен қарық болып жүрсің бе? Ж...тірі байың бола тұра отбасылы еркектерге жабысып, əрқайсымен бір жатып оларды суретке түсіріп шантаж жасап жүрген шірік ...»...

Журналистикамен қабаттас кетіп бара жатқан блогерлік кәсіпке бет бұрған Айгүл Орынбектің қарапайым этиканы былай ысырып қойып, заң шеңберінен аттап, аттандап кетуінің басты себебі, жоғарыда айтып кеткендей, оның сауатсыздығында жатыр...

...Сондықтан, Айгүл Орынбек өзінің осы кемшілігін жасыру үшін, ал «айтқанымның әсері күшті болып көрінсін» деп сөзіне боқауыз сөздерді қосып, тарпа бас салатын шайпау блогер болып шыға келді. Оның жаман ойынша, қоғамға бұрыннан белгілі авторитеттерді сынап-мінеп тастаса, солармен теңескендей болып көрініп, тез танылып шыға келмек», - дейді өз мақаласында Берік Мыңжасар.

"Дипломы бар екені рас шығар – оның қандай жағдайда алғанына тереңдеп жатпаймыз. Бірақ оның әлеуметтік желідегі жазбаларын оқып отырып, Конституциядан, соның негізінде қабылданған заңдардан, адам құқықтарынан хабардар екеніне күмәніміз бар. Қазірдің өзінде Айгүл Орынбекті қорлық сөз айтып тіл тигізу, жала жабу, лауазымды тұлғаның беделіне нұқсан келтіру, араздық тудыру және т.б. баптар бойынша жауапкершілікке тартуға болатын деректер қордаланып қалған сияқты", - дейді Берік Мыңжасар. Рас, осы қазір адам құқығына және тегіне нұқсан келтіретін тағы бір фактісі Әбдіжаппарға айтқан «қожалар біздің елге қаңғырып келді» деген кемсіту сөзі үшін заң алдында жауап беруі керектігін Айгүл заңгер бола тұра білмегені ме?! Журналистің «сауатсыз» деп айыптағанын осы жерден де көруге болады.

                               Руға бөліндің, ал соңы не болмақ?

Осы орайда, 130 түрлі ұлттар мекендейтін мемлекетіміздегі осынау ұлттар мен ұлыстардың біз жөніндегі ойы мен пікірі, немесе осы күнге дейін еліміздегі көптеген бизнестік компанияларды жалға алып үлгерген, ту сыртымыздан жыланша жылжып келе жатқан шығыс елінің аждаһасы біздер жайлы, яғни, біртіндеп руға, жүзге бөлініп жатқан қазақтар жайлы не ойлап, не жоспарлап жүретінін бізді әсте ойландырады ма екен? Айгүл Орынбек өзінің фейсбугінде: «Ал мен үшін қазақты қазақ қорлап жатса, үлкен қасірет» деп сөзін түйіндейді. Бірақ қазақты өзге ұлттардың қорлап жатқаны жаныңа батпай ма? Маған қазақша жауап бер деп айтты деп қазақты сотқа сүйреп кешірім сұратқан өзге ұлттың өкілдерінің қылығы ше? Кеше ғана 1-мамырдағы халықтың митингісінде тек қазақтардың ғана қамауға алынуы ше? Мынау қытайдағы «үйрету лагеріндегі» қазақтар жайлы ватсап арқылы таратылып жатқан сұмдық видеолар ше? Қытай лагеріндегі осы жазбаларды жоққа шығарғысы келетін «қытайшыл атамандар да» руға бөлінуді кәдесіне асырғысы келгендей, жүзге кірмейтіндер мен жүзге кіретіндер арасына іріткі салып үлгерді. Әрине, мұнысы үшін әлі халық алдында да, Алланың алдында да жауап берері хақ!

Менің айтпағым – фейсбуктардағы осындай дау-дамайлардың соңында «көрінгісі» келмей тұрған жәйттерді көпшілік қауым көрмесе де естіп, біліп отыр. Бүгінгі күн - біздің әлгіндей арандатушыларға еріп алып тойып секіретін күніміз емес, себебі, көршілес қытай елінің сондағы қазақтарға және жалпы мұсылман халықтарына көрсетіп отырған зорлық-зомбылықтары - аждаһаның Қазақстан мен Орта Азия халықтарын болашақта билеп-төстеудегі репитициясы, яғни, дайындық жоспарлары болып тұрмасын! Ояныңыз да, ойланыңыз! Ал бүгінде қытай концлагеріндегі қазақтарға араша болып жүрген Серікжан Біләштың тұтқындалуы – сол аждаһаның сираққа келіп оратылуы. Аждаһа тағы бір шапшыса мойныңды орап, қылқындырғалы тұр!

Енді біздің еліміздегі рулардың ішінара бөлінуі, біріне бірі пәле-жала жабуы – аңдысқан елдің нағыз кузоры демей көрші. Омарәлі Әділбек те қазақтың ішіндегі жүзге кірмейтіндерді осыны көздеп таңдап отырғаны айдан анық. Десек  те, бұрынғы қызыл империяның кезіндегі саясаттың - қазақтың ішіндегі сатқындарын пайдаланып, білімділері мен ұлтшылдарының көзін жою болғанын білесіздер. Серікжанның тұтқындалуы да сол кезеңдерді еске түсіріп күмән туғызады екен. Ал қырғыздар қытай лагеріне түскен қырғыздарын еш ылаңсыз, еш кедергісіз арашалап жатыр. Сол Серікжан  бір сөзінде – «бекер-ақ қырғыз болып тумаған екем» деп айтып қалғаны бар еді. Қоғамдағы болып жатқан осынау берекесіздіктер еріксіз ұлтыңнан бездіреді ме, қалай? Бұрын тарихта біз кей жағдайлар туралы «алмағайып заман болды» дегенді оқушы едік. Сол алмағайып заман алдағы уақытта бізді қоян жүрек болуға әкеп соқпаса екен. Әлгіндегі айтпағым да сол қоян сияқты көлеңкесінен қорқып өмір сүретінге әкелмесе екен. Рулардың арасына салған іріткілерге еріп, сеніп, бірін-бірі мұқатқанға қол шапалақтағанша – оян да ойлан қазақ!

Шара Құрбанова

Abai.kz                          

 

37 пікір