Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 6208 11 пікір 20 Мамыр, 2019 сағат 08:49

Путин Донец пен Луганск халқын "жарылқамақ"

Ресейдің «Орыс әлемі» идеясы ендігі жерде бір ғана Орталық Азиямен шектеліп қалмайды. Бауырлас татар халқының «Орыстар әуелі Пушкинін, одан кейін пушкасын әкеледі» деген қанатты сөзінің растығын РФ тағы да бір рет дәлелдеді. Әлем жұртшылығын дүр сілкінткен РФ президенті Владимир Путиннің 24 сәуірде қол қойған Жарлығы тағы үлкен бір саяси ойынның басталғанын аңғартты. Енді Донец және Луганск облыстарының тұрғындарына жеңілдетілген жолмен ресейлік төлқұжат беріле бастамақ. Жарлық қазір толықтай күшіне енді.

Таяуда Аргентинада өткен ресейлік отандастардың аймақтық конференциясынан кейін  оның төрағасы Дмитрий Лобков журналистерге берген сұхбатында: «Мы предложим Всемирному конгрессу соотечественников вопрос о создании округа дальнего зарубежья, чтобы мы могли представить своего депутата, как это сделано в Испании и Франции» деді. Отарсызданған Испания мен Франция бұрынғы өз отарларындағы жаңа билікті мойындамайтын отандастары арасында саяси үстемдігін сақтап қалуын заңмен бекемдеген болатын. Енді осы қадамға РФ барғалы отыр.

Осылайша Орталық Азиядағы тек Мәскеуге ғана қарайтын Православтық Орыс Шіркеуінің аясы одан да кеңіп, енді ондағы тұратын орыстарды саяси белсенділік танытуға көшірудің алғашқы қадамы жасалып қойды. Жаңа тәуелсіз республикаларды емес, өзінің КСРО-да туғанын  мойындаушылықты алға тартуды ұстануға шақырушылықтың арғы жағында күмәнді дүиелер бұғып жатыр.

Осы орайда Дмитрий Лобков: «У нас есть много соотечественников, которые выехали с советскими паспортами и хотели бы получить российское гражданство, но они не могут сделать это без отказа от своего гражданства», - деп түсіндіреді.

Дмитрий Лобковтың бұл бастамашылығын РФ Думасындағылардың бәрі бірдей қолдап отырған жоқ десек те, әлемді көз қылып, ОА, Балтық және Кавказ елдерінен депутат сайлауды алғаш рет көтеріп отыр. Басы ашық дүние путиндік  режимнің жаңа идеологиялық өнімі ОА орыстарын қаққа жарғалы отыр.

Әбіл-Серік Әлиакпар

Abai.kz

11 пікір