Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Экономика 5475 5 пікір 18 Мамыр, 2019 сағат 15:01

XXI ғасырдағы қаржы орталықтарының ролі қандай болмақ?

Қаржылық хабтар елге инвестиция тарту көлемін арттыра ала ма? Шетелдік сарапшылар АХҚО жұмысына қандай баға берді? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Астана экономикалық форумына сөз болды.
“Ынталандырушы өсім: адамдар, қалалар, экономика” тақырыбында өтіп жатқан биылғы форумда XXI ғасырдағы қаржы орталықтарының ролі қандай болады деген тақырып та талқыға салынды. Аз уақыт ішінде Орта Азия мен Таяу Шығыс, Шығыс Еуропа елдерінің, Қытай мен Моңғолия, Ресей елдерінің қаржылық нарығын жалғай білген АХҚО өкілдері де аталмыш жиыннан тыс қалмады. Осы орайда, АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов АХҚО-ны құру идеясына тоқталып өтті.
“АХҚО-ны құрудың негізгі идеясы өзге қаржы орталықтарымен байланыстыратын экожүйе мен хаб құру болды. Сонымен бірге, АХҚО-ның басты мақсаты - инвесторларды тарту және өңірде үздік инвестициялық климат құру болып саналады”,-деді АХҚО Басқарушысы.
АХҚО жұмысына шетелдік мамандар да оң баға берді. Олар АХҚО-ның осы өңірде бой көтеруі тарихи-маңызды шешім деді.
“Экономикалық даму нүктесі бүгінде Батыстан Шығысқа қарай ығысуда. Соның жарқын дәлелі - сіз бен біздің бүгін осы жерде, осы өңірде басқосуымыз болып отыр. Сол себепті АХҚО-ның осы өңірде бой көтеруі - маңызды шешім деп ойлаймын”,-деді БҰҰ ЭСКАТО Даму мәселелеріне
арналған қаржыландыру және макроэкономикалық саясат жөніндегі директор Хамза Али Малик.
Еске салсақ, АХҚО 2019 жылдың наурызында Әлемдік қаржы орталықтары индексінде (Global Financial Centres Index) 37 сатыға көтеріліп, 102 орынның 51 орнына жайғасқан болатын. Ал Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірі бойынша орталық бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар орталық «Ислам қаржысына институционалдық қолдау көрсеткені үшін», «Ислам қаржысы
саласында саясатты құрғаны үшін» және «Адам капиталын дамытудағы бастамалары үшін» ислам қаржысы саласындағы Global Islamic Finance Awards (GIFA) атты белді жүлденің бірден үш марапатына ие болды.
Бүгінде АХҚО алаңына Қазақстан, АҚШ, БАӘ, Сингапур, Қытай, Ұлыбритания, Германия және Франция елдерінен жүз компания тіркеліп үлгерді. Бір жыл ішінде Сбербанк, Master Card, Visa, Euroclear, ERG, SAP, «Даму» қоры сынды ірі компаниялармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. АХҚО өзіне тіркелген компаниялар санын 2020 жылға дейін 500-ге жеткізуді жоспарлап отыр.

5 пікір