Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
46 - сөз 7943 12 пікір 17 Мамыр, 2019 сағат 14:26

"Екі сағаттан кейін киімдеріңізді ауыстырып, тағы дауыс бересіздер" деді...

Мұғалімдер және сайлау

Баяғыда, 2011 жылғы сайлауда болған қызық еді.

Ол кезде мектепке жаңа барған жылым, 25-тегі жалындап тұрған шақ. Сайлаудан бір күн бұрын директор конференция залында жиналыс жасап, әрбір мұғалімді сайлау күнгі жауапты міндеттерге қойып жатты. Менің міндетім - сайлау күні концерт жүргізу болды, сайлауға дауыс беруге келгендерге мерекелік көңіл-күй сыйлау. Иә, ол кезде тамада боп жүрген кез, бірден келістім, өнерлі оқушыларды жинап, бағдарлама жасап, өткізе берем деп уәде еттім.

Қызық жиналыс соңына таман болды, бар адам міндетін бөліп алған соң біраз әріптестерге міндет бөлінбей қалған, кезек соларға келді. "Ертең сіздер сағат 9-ға дейін өздеріңіздің сайлау учаскелеріңізде дауыс беріп, 9:10 кезінде мектептің алдыңғы қақпасынан кіріп дауыс бересіздер. Екі сағаттан кейін киімдеріңізді алмастырып, артқы қақпадан кіріп дауыс бересіздер, солай бес рет қайталанады" деді. "Ал, іштегілер ара-арасында мүмкіндігінше кіріп дауыс бересіздер" деп жатыр. Мен отырмын - "шок", ал жұрт қалай кіріп, қалай дауыс беру туралы әңгімеге кіріп кеткен.

Шыдамай кеттім:
- Х.Х. қызы, кешіріңіз, әркім бір-ақ рет, өзі үшін дауыс беруге құқылы. Не үшін екі-үш реттен? - деп қарғып тұрып едім,
- Бәріміздің парызымыз, жұрт сайлауға келмей қалады, басқа қалаларға кеткендер үшін, - деп түсіндіре бастады директорым.
- Кешіріңіз, барлық адамға дауыс беруге мүмкіндік жасалған, ал бермесе де зорлық жоқ, өз таңдауы. Бірақ, біз ертең елдің заңынан аттап, арғы күні оқушыға қалай "тәртіп бұзба" деп айтамыз? Біз бүгін қылмыс жасап, ертең оқушыға қалай тәрбие береміз? - деп ашуға булығып кеттім.
Директор:
- Аятжан, артынан асықпай сөйлесейік, мен жиналысқа баруым керек, - деп шығып кетті.
Жиын дәл сол жерде тарады, бәрі үнсіз, үлкен әріптестерім:
- Қызықсың, директорға қарсы шығып нең бар? - деді. "Менен басқасы неге үндемейді?" деп мен аң-таңмын, бір-екі өзім қатарлы жастарға ұрсып алдым да, үйге келдім. Келіншегім басқа мектепте істейтін еді, ол мектептегі жиналыста мен секілді тентектер болмаған, бәрі "ақылмен" шешілген. Мен күйіп-пісіп, ашуланып жаттым (жаспын ғой).

Таңертең мектепке ерте барып, концерт жүргізіп тұрғам, сағат он кезінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қасыма келіп:
- Аятжан ағай, "Енді оқушылар өзі өткізе береді концертті, сіз барып демала берсін. Әдемі ұйымдастырыпты, рахмет" деді директор, - деді.
- Рахмет, - деп қоштастым. Негізі ол мені үйге дамалдыру емес, "мектепте бірдеңе бүлдіре ме?" деген алаңдаудан шыққан жанашырлық еді. Амал жоқ, "демал" дегесін үйге кеп демалдым. Бірақ, ертесі өз әріптестеріме басқаша қарай бастадым, бір-екі ай сол көңіл-күйден алыстай алмай, кәдімгідей ауырып жүрдім.

Одан бері де біраз сайлау көріп тастадық, бірақ, одан кейінгі директорым демократ еді, ешкімді мазаламады.

Иә, алда сайлау, Өмір ағайдың сөзімен айтсақ "құл - маған әріптес емес", сайлаудың адал, таза өтуі біздің әріптестерге де байланысты. Сайлау туралы заңды бір оқып, әркім өзі үшін және бір-ақ рет, өзінің қалауы бойынша ғана, өзі таңдаған кандидатқа дауыс беретінін ескерткім келеді.

Бүгін заң бұзып, ертең алдымыздағы оқушыға тәрбие сағатын өткізіп тұрар екіжүзділік - ұстазға тән қасиет емес.
Бір түрлі адам болып елестеп отырмын ба?
Қатты айтсам кешіріңіздер, біз құқықтық, демократиялық мемлекетпіз, әрине атазаң солай дейді, мен емес.

Аятжан Ахметжанұлының facebook парақшасынан

Abai.kz

12 пікір