Жұма, 19 Сәуір 2024
Дін мен тін 4457 5 пікір 17 Мамыр, 2019 сағат 11:53

"Әлем ағашының" асыл дәнегі

(діни-пәлсапалық эссе)

Ештеңе, тіпті бір түйір тозаң  да жоқ  кезде Ұлы Жаратушы Құдай бар еді. Оның бар болуының бастауы болмаған-ды. Ол әуелде бар. Өзі бар болғандықтан болмысындағы ұлық сипаттары мен көркем есімдері де әуелден барлықта болған. Сондықтан, ештеңеге мұқтажы жоқ өзінен өзі болатын дара болмыс Жалғыз Жаратушы ғана. Дүние жаралмаған кезде  кеңістік те, уақыт, заман да болмаған.

Олай болса, Ол дүниені неге жаратты?

Алла Тағала өзінің шегі жоқ, сан-қырлы ғажайып құпия сырларын өзі жаратқан саналы жаратылысына танытқысы келді.

Сөйтіп, оның Ұлы жаратушылық  құдіретімен  дүние  жоқтан  пайда  болды. Астрономия ғылымы «қалдық сәуле» деп атаған кеңістікте жайылған, анықталуы мүмкін емес ең қарапайым бөлшектерден де нәзік эфир  атты болмыс осылайша алғашқы дүниенің негізі болды.

Әуелі жеті қат көктер, шексіз ғарыш жаралды (Құдайсыздардың әлемнің негізі деп жүрген «материя» дегені сол ғарыштың бір түйірі ғана еді). Осы шексіз дүниені адам түсінігі бойынша «Он сегіз мың ғалам» деп атады. Оның шегіне ешбір тіршілік иесінің санасы жетпейді.

Ал осындай, бір-біріне тартылған, бірін-бірі шыр айналған, аса алып, болымсыз кішкентай, алапат жарық, түпсіз құрдым, қисапсыз түр-түсті ғаламшарлардың тәртібі мен жүйесіне, саны мен сапасына таң-тамаша қалатын, оны өз ақыл шамасымен тани алатын мына дүниеге саналы болмыс қажет еді.

Ондай болмыс иелері болса, «Осындай сан түрлі құлпырған дүние сарайының иесі кім?» деген сауал қояр еді. «Оны кім жаратты?» деген ойға қалар еді. Ондай пікірге келген саналы жан, сондай құдірет иесін тануға құштарлануға тиіс. Осындай құштарлықтың болуы -  өзін жаратқан иесіне деген шын сүйіспеншілікті тудыруы керек. Ондай таза сүйіспеншіліктен Жаратушысына жалбарыну, оған жақын болу ниеті тумай қоймайды. Жаратылғандар жаратушысын тапқанда, танығанда ғана жаны жай табады, көңілі орнығады.

Міне, Алла Тағаланың дүниені жаратқандағы мақсатының өзі осы еді.

Сондықтан, Құдай Тағала адамзатты жаратуға дейін оның жайлы орны мен қызметшісін жаратты. Сөйтіп, жаралғандардың ішіндегі ең құрметтісі болған, Жаратушысын танып, оған ғибадат етуде алдына жан салмаған АДАМ пендеге дейін, басқа көптеген түрлі жан иелері жаратылды.

Олардың әуелгісі періштелер деп аталған тегі нұрдан жаратылған тіршілік иесі дүние сарайына қызмет етті. Ол өз жаратушысының бұйрығын қалт жібермейтін тілалғыш болса да, кемел бола алмады, өйткені онда нәпсі жоқ еді, ал нәпсі мақұлықтың негізгі қозғаушы тетігі саналады.

Одан кейінгі Жындар әулеті. Жындардың негізі оттан жаратылған-ды. Олардың болмысы бір текті болғандықтан оларда асқан күш-қуат пен керемет жылдамдық болса да, сана жағынан жан-жақты кемел бола алмады.

Осындай ұзақ дәуірлерде  жеті қат көкте ғайып иелері жаралып жатса, жер бетінде алуан жануарлар дүниесі  мен  өсімдіктер әлемі кезең-кезеңімен жаратылу дәуірін бастан кешті. Олардың бәрі де бір игілік үшін, құрметті бір тірлік иесіне арналып жаратылғандығы соңынан мәлім болды.

Осындай замандарда Ұлы Жаратушыдан бір жарлық әлемге таралды: «Жер жүзіне арнап бір қожайын жаратамын. Барлық жаратылғандардан оны асыл етемін. Басқа жаратылғандар оған қызметші болады» деген.

Алла Тағаланың осы қалауына қарсы келген, өзін жоғары санаған шайтан Әзәзіл  мен оған ергендер мәңгілік қарғысқа ұшырады. Осы егестен болып, ол адам ұрпағын азғырушы, аздырушы-дұшпан атанды. Сөйте тұра, адамды ең биік кемелдікке де жеткізуге түрткі болатын хикмет саналды.

Ал адамзаттың ұлық жаратылыс екенін мойындаған періштелер қауымы – ғарыш пен адам пенденің құрметті қызметшісіне айналды. Туғызған ата-анасы жоқ болғандықтан Адам-Атаның тәрбиешісі де, тікелей үйретуші ұстазы да Алла Тағаланың өзі еді.

Сонымен, әлемдегі ең таңғажайып сәт – Адам-Ата яғни «сапи адам» жаратылуы асыл аңызбен бізге жетті.

Әлқисса, Алла Тағала Адам атаның денесін жасайтын топырақты Әзірейіл періште арқылы жер бетінен алғызды. Осы топыраққа өз қалауымен қырық жыл жаңбыр жауғызды. Оның бір жылы ғана жанға жайлы шаттық жаңбыры еді. Осыдан келіп адамзаттың пәни өмірінде қайғысы көп,  қуанышы кем болды. Жаңбыр суынан топырақ балшыққа айналды.

Хақ Тағала өз құдірет қолымен Адамның көркем мүсінін, келісті дене мүшелерін мүсіндеді. Ұзақ уақыт оны кемеліне келтірді.

Жаратушының көркем есімдерінің қасиетті шағылыстары оған сіңді. Нәтижесінде адамның заты бүкіл ғаламның бейнесі көрінетін айна іспетті әсерлі әсем сипатқа ие болды.

Және осы айна тәрізді денеге Алла Тағала төрт түрлі асыл қасиет дарытты. Олар – рух, ақыл, көңіл және нәпсі еді.

Рухтың тегі жел – кемелдікте құштар, ол жолда тоқтамайтын жүйрік, көзге көрінбейтін тылсым. Сондықтан, рух адамзатқа ғана тән қасиет. Рухнан айырылған адам хайуаннан да төмен болатыны содан.

Ақылдың тегі топырақ – не үйретсе сол бейнеленеді. Ақылдың аз-көп мөлшері басқа хайуандарға да тән. Түйсіктен туындайтын бес сезім мүшесі ақылдың қозғаушысы, жетілдірушісі.

Көңілдің тегі су – тап-таза мөлдір, реніш лайлайды, қуаныш толқытып шаттандырады. Көңіл қартаймайды, көңіл кәрі-жасқа ортақ ғажап тылсым сезім.

Нәпсінің тегі от – ыстығымен баурайды, берілсең күйгізіп қасіретке ұшыратады, бағындырсаң  бәрін тындырады. Нәпсі, бүкіл тірішілік иесінің қозғаушы күші. Адамның нәпсісі шектен шыққса бүлдіруші, ақылға бағынса гүлдендіруші.

Адамның тұлғасы басқа хайуанға қарағанда өте көрікті,  осы келісті денесіндегі әр мүшені де арнайы қызмет үшін жаратты:

Әдемі көз айнала дүниені зерделеуге, сүйкімі құлақ сырлы сөзді ұғуға, келісті мұрын махаббат жұпарын иіскеуге, тәтті тіл сөйлеуге, икемді қол нелер ғажап істі жасай білуге, аршынды аяқ дүниені шарлауға...

Осы мүшелер пәни дүние үшін қызмет етіп, тіршілік істерін жасауға тиіс болса да, түпкі мақсаты мәңгілік дүниеге жеткізетін құдайы құлшылық жасауға арналғаны анық. Осындай ғажайып денеге Алла Тағала өз рухынан үрлеп жан кіргізді. Кезі келгенде Ұлы Жаратушы Адам Атаның ұйқлы-ояу сәтінде сол қабырғасынан  Хауа Ананы жаратқызды. Хауа-Ананың сұлулығы ғажап еді. Адам-Ата жұбайын таңдана жақсы көрді. Жұбайлық махаббат екеуін жұптайтын, ұрпақ таратын күш-қуат берді. Алайда, пейіштегі тиым салған жемісті екеуі малғұн Ібілістің тіліне еріп жеп қойғандықтан жұмақтан шығарылып, жер бетіне түскен еді.

Содан бері, қиямет-қайым болғанша адам ұрпағы сынақ алаңы болған жер жүзінде пәни ғұмыр кешіп келеді.

Алла Тағаланың аманатын орындағандары әуелгі ата-бабасы Адам-Ата мен Хауа-Ана қызығын көрген ғажап мекен пейішке, малғұнның тіліне еріп Жаратушысына қарсы болғандары азап мекені тозаққа баруы адамзатқа  әу баста тағдыр болып жазылған-ды.

Қай заманның ұрпағы болса да Ұлы Жаратушының осы Ұлы заңына мойынсұнудан басқа жолы жоқ екенін өмір мен өлім үнемі еске салуда. Өйткені, дүниенің жаратылу мақсатының өзі өткінші қызық үшін емес, мәңгі мәнді ғұмырға жетуге сыналту үшін болатын.

Өмір қалай уақытша болса, өлім де солай уақытша құбылыс, қайта тірілудің  болатынын Құранның үштен бір аяты таңғажайып дәлелдермен айтуда. Түннен кейін күннің шығуы, ұйқыдан кейінгі ояну, қыстан соң көктемнің келуі секілді құбылыстар қайта тірілудің ең қарапайым белгілері, дәлелі.

Сол себепті де, «Әлем ағашы» деп аталатын шетсіз-шексіз дүниенің жемісі, соңғы дәнегі АДАМ екені анық. «Бүкіл жаратылыс Адамға қызметші болу үшін жаратылды», деп Құранда айтылуы содан.

Бұл хабардың ақиқатын «Әлем ағашын» кәдімгі ағашпен салыстыру арқылы түсінуге болады. Мәселен, отыз метр биік теректің жерге қарай төмен кеткен тамыры да дәл сондай отыз метр топыраққа сіңіп, ең ұшы шәштің жіңішкелгіндей қанша нәзік болса да бір тамшы суды сонау биіктегі діңге, бұтаққа, сабаққа, соңында жапыраққа, ақырында дәнекке жеткізуші міндетін атқарып тұрғанын ботаника ғылымы арқылы білдік. Олай болса, қай ағаштың болса да жер бетіндегі және жер астындағы мүшесі, сол ағаштың жемісі-дәнегі үшін қызмет етіп тұрғанын көреміз.

Және, ағашта қанша дәнек-жеміс болса бәрі де осы ағаштың бүкіл болмысын өзінің титімдей денесінде бағдарлама етіп жазып алған. Егер, сол дәнектер топыраққа көміліп, жерден қайтып өсіп шықса, дәл осы ағаштың өзінің мүсінін ғана жасап қоймайды, өткені мен келешегін де қайталап көрсете алады.

Міне, «Адамның бүкіл бойына барлық әлем сиғызылған» дейтін, ақиқаттың мәнісі осындай. Әрі, ақырет күнінде ашылатын «амал дәптері» де осы дәнек секілді адамның жадында және құймышағындағы «қара жәшігінде» жазулы.

Олай болса, «Әлем ағашының» жемісін  ЖЕР десек, дәнегі АДАМ екені осылай анықталады. Ал, жаңағы кәдімгі ағашпен салыстырған мысалмен айтсақ, сонау Тынық мұхитындағы Мариана шұңғымасының терең түбінде жатқан бізге беймәлім тылсым жәндік те, ағаштың терең тамыр ұшы секілді, жер бетіндегі адамзатқа біз әлі ақиқатын түсініп болмаған  бір ерекше қызмет көрсетіп жатқаны күмәнсіз.

«Әлем ағашының» ғажайып құпияларын Құранның ғылыми тәпсірлері керемет түсіндіргендіктен,  сол бойынша шексіз әлемді бір алып Алма ағашы секілді елестетсек, оның жер секілді қаншама жемісі бар екеніне және адам секілді сонша көп алуан түрлі саналы тіршілік иелерінің де бар екені күмәнсіз.

Тіпті, материалистік көзқарастағы ғалымдар да «басқа ғаламшарлықтар», «нло» деп бұл ақиқатты еріксіз мойындауда.

Алайда, «әлем ағашындағы» ЖЕР деген ғажап АЛМА-ның асыл дәнегі саналатын әрбір адамзат рухани шіруден өзін қорғап, мәңгі Жәннат бағында қайта көктеп бақи бақытқа жетуге тиіс екенін, Хақ діннің ақиқат қағидалары жеріне жеткізе айтқан болатын.

Алдайда, біз көңіліміз сынаптай айнымалы адамзат баласы бір күнгі сайтани саясат ойындарына алданып, асыл мақсатты үнемі естен шығарудамыз!

Бірақ, саясат соғысында әділдік, адалдық, мейірімділік үшін күрескендер болса  Хақ жолды ұстанғандар болып саналады. Өйткені, әділдікті әділетсіз жолмен іске асыруға болмайды. Алдау арқылы адалдықты жолға қою мүмкін емес!

Егер, бүкіл халық әділет жағына шықса, күш қолданушылар қауқарсыз жағдайға түседі, бұл әділет арқылы қоғамда бейбітшілік, ынтымақ орнату деген сөз.

Сондықтан, қоғамдағы мұндай аласапыран кезде әрбір саналы адам әділет жағына шықса, жеңіске жетеді. Өйткені, күш қолданушы аз топтың өзі әділет жағына шығуға мәжбүр болады.

Абай Мауқара

Abai.kz

5 пікір