Сенбі, 20 Сәуір 2024
Өнер 4860 27 пікір 16 Мамыр, 2019 сағат 10:52

Байсын дәстүрі қалай «басмашылар күйіне» айналды?

(Соңы. Басы мына сілтемеде)

Күнгей күйлерінің ахуалы нешік?

Өзбекстан мен Қазақстанды біріктіретін апайтөс шөлді аймақ – Қызылқұм – Сыр мен Әмудың ортасында жатыр, көлемі 300 мың шаршы шақырым. Бұл өңір күйшілерінен бізге Қоңырат Әлшекей (1847-1932), Жанғабылұлы Ақбала (1894-1945), Құрақұлы Досжан (1877-1947) секілді айтулы дарын иелерінің аты мәлім, олардың өнерін алғандардан Әйтпенов Қайыпназарды (1900-1993), Қасымбеков Балғынбайды (1902-1976), Сәрсенов Оразбекті (1923-1969), Ақылбеков Шағдарды (1939-2015) атауға болады. Бұлардан бөлек Қалдарбек, Керімбек, Әлімбек, Елемес сияқты дәулескер күйшілер де өз өнерімен елге танымал. Кеңес заманында осы өңірге арналған белгілі туындылардан дауылпаз домбырашы Шәміл Әбілтайдың «Қыдыр кезген Қызылқұм» күй-толғауын, дарынды композитор Мәкәлім Қойшыбаевтың «Қызылқұм» атты симфониялық поэмасын білеміз. Қазір әйгілі күйші Бөрі Иса да осы өңірдің дәстүрлі домбыра өнерінің дамуына аянбай еңбек етіп жүр.

Қызылқұм өлкесі күйшілерінің кейінгі буыны – кәсіби білім алған музыканттар, жалпыға ортақ сауатпен сусындаған оркестранттар, сондықтан оларды жергілікті күйшілік мектептің өкілдері, яки жалғастырушылары деп тану қиынның қиыны. Дей тұрғанмен, республикаға аты шықпағанымен, өнеріне өлке жұртшылығы тәнті дала домбырашылары да кездеседі, әлбетте, оларды кешегі ұлы арнаның сарқыны емес деп айта алмаймыз. Мырзашөл аймағында әншілік-термешілік өнер өте белсенді, олар дәстүрлі жолмен белгілі деңгейде домбырашылыққа өз мақамын қондырып отырады, сөйтеді де, атадан қалған сазды там-тұмдап болса да сақтайды. Мысалы, композитор Бөрі Исаның күйлерінде оркестрлік ұран, заманауи пафос көп болғанымен, қоғамдай алғанда Мырзашөл-Қызылқұм өлкесіне ғана тән эпикалық сарын есіп тұратыны назар аудартады. Әрине, аспаптық, оркестрлік мәдениетте өз орны бар кәсіби музыканттың көзқарасы үнемі дәстүрлі бағытты күйттемейтіні белгілі. Солай бола тұра оның туындыларынан топырақ реңкі, жусан бозғылы елес береді.

Әрине, кезінде дүр дәстүрі алашқа әйгілі болған Қызылқұм күйшілерінің байырғы домбыра тартысының ізі мүлде жоғалып кеттті деп кесіп айту ауыр, солай десек те салтанаты, салты сақталған мектебі бар деп тану да қиын. Кейінгі домбырашы қауым ежелгі «Қоңырат күйлері» тарихынан мүлде бейхабар, тіпті Әлшекейді жүйелей, тараулата тартатындар да сиреген. Буынсыз күйші Шағдар Ақылбеков қайтқаннан кейін аты мұқым Жиделібайсынның қазағы мен өзбегіне әйгілі болған Ақбала абызды толғайтындар да азайып барады. Өнертанушы, PhD докторы Мүсілім Әмзеұлының «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологиясының құрастырылуына байланысты берген сұхбатында осы мәселе қозғалады. Жалпы күнгей күйлерінің ахуалы туралы ол мынадай пікір айтады: «Сыр өңірі күйшілік мектебінің өнері насихаттала бастағанына оншақты жылдың көлемі болса да 4 табаққа 98 күй енген, алғаш өзге күйшілік мектептермен тең тұрғыда жарық көруіне қал-қадарымша көмектестім. Өкінішке қарай,

Оңтүстікте күй өнері зерттеліп, кітап болып шыққан емес... Шымкентте тұратын күйші Шағдар Ақылбековтің оншақты күйін жазып алған едім. Алайда ол шығармалар Сыр өңірінің күйшілік мектебіне өте жақын болғандықтан, Қаратау өңірі күйшілік мектебіне қосуға келмеді» («Оңтүстік Қазақстан» газеті. 08.12.2011).

Қазақ радиосының алтын қорында сақталған күйлердің ішінде көне Байсын күйлерінің сазын, Қызылқұмның байсал сарынын еске түсіретіні – осы мақаланы жазуға себеп болған марқұм Оразбек Сәрсеновтің шертісі. Оразбектің сазгерлік, күйшілік өресі биік жаратылған, шерту мәнері таныған кісіге алыстағы Әлшекейден хабар беретіндей көсем. Әрине, қазіргі кезде аймақтық күйшілік мектептер дамыған заман, той-салтанаттың сәні – оркестр, эстрада... Дегенмен Оразбек сияқты бір өлкенің мұрасын қапысыз алып қалған домбырашыны тыңдағанда санадан өше бастаған ұшқын қайта лаулағандай әсерде қаламыз, бабаларымыздың тобылғы қамшысын иіскегендей толғанысқа түсеміз. Бір жағынан, қуанамыз, екінші жағынан, осынау арналы мақамды қазіргі өнертанымдағы жіктеу аясымен қай мектепке жатқызарымызды білмей, қорқып, пұшайман жағдай кешетініміз тағы бар. Қасиетті Қызылқұмды кім жайламады, қазақтың ет жақын емшектестері – түрікмен, өзбек, қырғыз, қарақалпақтың көкпары да, толағай тойы да, топырақты өлімі де бір болған сонау алыс тарих есімізге түседі. Ғасырлар жамалынан көктей өтіп тірі қалған осынау күйлерді тыңдаудан әсте жалықпайсың, осынау көркем дүнияның зәуімен ұрпаққа жұғысты болуын хақтан сұрайсың.

Таласбек мойындаған талант

Оразбек Сәрсенов Оңтүстік өлкенің тумасы, Қызылқұм өңірінде дүниеге келген. Күйшілік өнер оған жөргегінен дарыған. Кезінде аймаққа аты шыққан жойпат күйшілігіне қарамастан кәсіби өнер жолын қумапты. Оған тауқыметті заманның ығыты да келмеген көрінеді. Бірақ өз өңірінде баба дәстүрін жалғастырып, Қызылқұм төкпелерін талмай насихаттаған, жастарға өнеге берген. Оразбек күйші тұрмыс ауыртпашылығын көп көрді, өнерін өнер деп көзге ілмеген заманға назаланды. Жаңа ғасыр Қызылқұм өңіріне жаңаша серпінді музыка әкелді, кеңес өкіметінің идеологиясына сай «колхозшыл» әндер пайда болды, тұрмыста өзгеше музыкалық сипат белең алды, халықтың таным-талғамы өзгерді. Мәскеудің нұсқауымен қазақтың бірсыпыра ауданы Өзбекстанға берілді. Бұл тарихымыздағы ең ауыр кезең еді. Жазиралы Жызақ жері жайлаған қазағымен қоса Өзбекстанға қарады. Сонау Бұхара облысына дейінгі ұлан-байтақ Қызылқұм жайылымы түгелдей өзге елдің меншігіне өтіп кетті. Енді өткенге салауат айтқаннан басқа амал нешік, туысқан елге қайырлы болсын дегенімізге де біраз заман өтіпті. Біз тек жерден айрылғанымыз жоқ, Қызылқұмның мыңжылдық фольклор мұрасымен де, ұлы далаға біткен шежіресімен де хош айтысқан сияқтымыз. Қазір түркі дүниесі аясында сол аудандардағы шерлі қазақтардың музыкалық мұрасын жинақтаудың һәм оларды ұлттық өнеріміздің тарихына қосудың мүмкіндігі қылаңдап тұр.

Оразбек Сәрсенов

Оразбек күйшінің шығармашылығына алғаш баға бергендердің бірегейі – Таласбек Әсемқұлов. Күй білгірі Қызылқұм күйшілік мектебінің өзіндік дамуы туралы зерттеу пікірін жазды. Оразбек күйшінің төл шығармаларының

жаңа заманда шыққанына қарамастан көне сарынға кенен екеніне тамсанатынын білдірді. Қазақтың көші-қон тұрмысын негізге ала отырып Сыр бойындағы тасада қалып ойған Қызылқұм сарынының өзге күйшілік мектептермен байланысын тарқатты, солай бола тұрса да сазы бөлек дария екенін айтты: «Қазақ күй өнерінде зерттеушілердің назарынан тыс қалып келген бір үлкен құбылыс бар. Ол – шертпе күй деп аталатын Арқаның нақысты күйі мен төкпе күй деп аталатын батыстың болат күйінің қақтығысқан жерінде пайда болған, қос ұлы мектептің де ерекшеліктерін бойына сіңірген Сыр бойының дәстүрі. Әлбетте, бұл дәстүр, бұл мектеп – шертпе күй мен төкпе күйдің механикалық қосындысы емес, көне замандардан тамыр тартқан аралық дәстүр. Таза, қоспасыз күй үлгілерімен жұмыс істейтін зерттеушілердің бұл күй мектебі туралы пікір айта алмауы осыдан болса керек».

Таласбек Әсемқұловтың осы бір пікірі өзіндік адал ниетімен, ғылыми сергектігімен һәм батылдығымен бағалы. Себебі қазіргі күй өнеріндегі қалыптасып қалған ғылыми көзқарастардан сыналап ой табудың өзі кісіге нартәуекелмен барабар, қасаң қауымның қабылдауы өте қиын. Солай десек те, Қызылқұм күйшілік мектебі өз жолын тауып, өскелең ұрпаққа рухи несібе боларына кедергі болмаса керек-ті.

Кез келген күйшінің дарыны жалқы жаратылмайды, туған елі, өскен жерінің әлдиімен ержетеді, соған қарай шығармашылық келбеті айқындалады. Оразбек күйшінің бейнесі де қасиет тұтқан Қызылқұм жеріне тартқан, өмірін сол өңірдің сазына арнаған. Солай десек те, автордың жан-дүниесіндегі ахуалға замана тынысы өз лебін тигізгені байқалады, авторлық туындыларында жаңаша ырғақ, дәуірге сай интонация мол. Қазақ радиосының қорында сақталған төмендегі күйлерінің шығу уақиғаларына тоқтала кетелік.

1. «Қызылқұм». Жоқтау күй. Әкесі Сәрсен Қызылқұмдағы Алтықұдық деген жерде құм дауылынан қайтыс болған екен. Баласы көп жылдар әкесінің сүйегін іздейді, бірақ таба алмайды. Сол сезімін қос ішекке төгеді.

2. «Жүсіптің күйі». Жүсіп – Оразбек күйшінің туған ағасы. Кезінде күйдің сазын ағасы екеуі бірігіп тартқан деседі. Жүсіп те өнерлі болған, бірақ дертті болып өмірден ерте озған.

3. «Қуаныш». Балаларына арнаған күй. Оразбек күйші өте балажанды адам болған. Егіз туған қос қызының бірі – Зәуресі жылға жетпей қайтқанда қатты қайғырған. Оның орнына Жаратқан тағы да бала сүйгізіп, Оразбектің мерейін қайта көтерген. Балаларына қамқор, мейірбан адам болған Оразбек күйші ауыр науқасқа шалдығып, өмірден ерте өтеді. Бірақ артында көз қуанышы балаларына деген сезімі күй болып қалады.

4. «Күлтір-Мамай». «Күлтір-Мамай» – Өзбекстанды жайлаған көшпелі лақайлар мен қоңыраттардың жалпақ тілінде «мылтық» деген сөз. Қазақтың сөзінде сирек кездеседі. Қырғыз халқы да мылтықты осылай атайды. Мысалы, қырғыздың атақты манасшысы Сағымбай Орозбаковтың айтқан нұсқасында: «Жазайылды жаткырып, Күлдүр мамай мылтыкты, Күркүрөтө аттырып» деген шумақтар бар. Ұйғырлар да мылтықты «Гүлдүр мама добуул, чагылган» деп атайды.

5. «Мамайдың жорғасы». «Қырымның қырық батыры» жырының сарынымен шыққан туынды. Маңғыт Мамай батырдың бейнесін күймен келтіруге тырысқан. Күйде батырдың жортуылы, жауға шапқаны, аласапыранға араласқаны суреттеледі).

6. «Жетіру күйі». Мақаланың бас жағында айтып кеткен өзбек, қарақалпақ күйшілерінің «Қуңғирати» деп атап, тартатын күйлерін бір арнаға тоғыстыратын дәстүрдің қазақ арасында да сақталғанын Оразбек күйшінің орындауындағы «Жетіру күйі» дәлелдей алатындай. Орекең өмір сүрген ортадан Созақ жері алыс емес. Ал сол Созақтың Сүгір күйшісінің даңқы Орекеңе жетпеді дегенге ешкім сене қоймас. Бірақ та бұл күйдің «Ыңғайтөк» аталатынын біле тұра «Жетіру күйі» деп тартуы – ескі дәстүр Оразбек күйшінің саз санасынан өше қоймағанының куәсі.

7. «Сырласу». Оразбек – ақын ретінде де аты белгілі адам.

«Өлең жаздым арнайы,

Түсінетін ер қайда?

Асыл затты жігіттің,

Қадірін білер ер қайда?

Асқар да асу бел қайда?» – деген өлең жолдары осы күйдің сырына дөп жазылғандай. Күй сарыны поэтикалық ішкі тебіреніспен шыққан.

Күйші Оразбек Сәрсеновтің төл туындылары жинақталып, жақын арада «Аманат» атты күй антологиясына енді. Бұл – күйшінің телегей мұрасының туған халқымен қайта қауышуына сеп болатын сүйінші оқиға. Тәңір тілекті берсе жеке хрестоматиялық жинағы шығатын уақыт та туады.

Зерттеушісін күтіп жатқан тың мәселе – кең ауқыммен алғанда Қызылқұм даласының, оның ішінде Мырзашөл өлкесінің тек өзіне ғана тән, менмұндалап тұрған әндері мен терме-толғаулары. Әзірге анда-санда теледидар мен радиодан көріп-естіп қалатын, бірақ әлі ешкім ерекшеліктеріне назар аудармаған, Қызылқұм өңірінің, кеңірек айтсақ, Берік Жүсіпов бауырымыз таңбалағандай, Жиделібайсын аймағының ән-күй өнері мен термелері туралы зерттеулердің өмірге келуінен үміттіміз.

Мақсат Мұхитденов,

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,
Қырғыз Республикасына еңбек сіңірген қайраткер,
түрколог, музыка зерттеушісі

Abai.kz

27 пікір