Сенбі, 14 Желтоқсан 2019
Әлеумет 3745 29 пікір 15 Мамыр, 2019 сағат 08:47

Ұлым, саған айтам...

Ұлым, кеше оқуыңды ойдағыдай тәмамдап, дипломға әзірленіп жатқаныңды естігенде құдды бір сенің Ер жеткеніңді енді көргендей таңғалғаным өтірік емес! Уақыт шіркін қамшы салдырмайды...

«Үш күндігін ойламаған әйелден, үш жылдығын ойламаған еркектен без» демекші, осыдан жиырма жыл бұрын мемлекетіміздің меншіктеліп бара жатқан жолына араша сұраған азғантай Азаматтардың қатарында әкең мен де болатынмын.

Қазақ журналистикасының қара нары Ермұрат Бапидың орынбасары болып бірде Ресейде, бірде Қырғызстанда, бірде компьютерімізді арқалап алып әр күні бір пәтер ауыстырып жүріп шығаратын «ДАТымыздың» ізбасары «СолДАТтың» да сорын қайнатып жауып тынғасын: Тағы айтарым, тағы бар! деп солардың орнына ашылған «СегоДня – Бүгін» атты газеттің Бас редакторы болып 7 санына қол қойдым.

Бұның да жетер жері жетінші нөмір болды.

Тағы да сот.

Тек бұл соттар анау Желтоқсандағы соттан өзгерек...

1986 жылы Желтоқсанда мүмкін, жоғалтатын ештеңем жоқ, жалаңаяқ студент курсты қорғап: "Ешкім кінәлі емес! Мен бастап апардым алаңға!" деген өз мойындауым үшін аз уақыт болса да отырып шыққанымды мақтан тұтсам, енді менде СЕН бар едің ұлым!

Оның үстіне менің қамалғанымды естіртуге барған ағам Ержанға терезеден сыртқа үңілген қалпы сыр бермеген әкем марқұм: "Естіп жатырмын... Ел басына туып жатқан зобалаң ғой, мейлі, кетсе кете берсін, көппен көрген ұлы той, тек, көкеңе (шешеміз) әзір ештеңе айтпа, ауырып қалар" деген сөзі де қамшы болды ма, кім білсін?

Бұл жолы менің ісіммен бүтін бір «полковник по особо важным делам» айналысқанына қарағанда мен де «өсіп» қалғандаймын...

Таусылмайтын допрос.

Неше түрлі қитұрқы сұрақтар.

Ұзақ уақытқа созылды.

Бір күні тергеушіні күтіп тұрсам қасымдағылардың бірі: "Олар жауыз емес пе, ертең ана екі жасар жалғыз Ұлыңды машина қағып кетсе қайтесің, өз-өзіңді өмір бойы кешірмейсің ғой?!" деген сөзі әлі күнге құлағымда...

Бұл сөздің жәй айтылмағанын да бірден ұқтым.

Бұл маған жасалған ең сорақы ескерту еді.

Мен бірінші рет шын қорыққан шығармын.

Сонымен не керек, "енді газет шығармаймын, бес жыл бойы газетке жоламаймын, саясатпен айналыспаймын" деген сияқты бірдеңелерді жазып бергенім есімде.

Міне, менің журналистикам осымен тәмам!

Қай жылы Жер дауына қатысты шеруге Өзіңді жетектей жөнелгенімде өмірімде бірінші рет жолыма тұрған шешеңе менің не дегенімді ұмытпаған шығарсың, Ұлым?!

Сон-оу, 86-да каникулға кетпей, маған камераға тамақ тасып, конвойға жалынып талай күнін тас қамалдың сыртында өткізсе де мені қанаттандырғанын қалай ұмытайын?

Тек бұл жолы ол Ана ретінде араға түсті. Оны да түсінемін!

Иә, сол кез мен - Елі үшін, Жері үшін шырқырамаған Азамат жанының боққа қонатын шыбынға теңелуі шындық дегенмін!

Анау Жаңаөзенде қанға боялған нағашы жұртыма араша түсе алмағаным үшін де өкінетінімді айтып сенен кешірім сұрағандай болғанмын, әлде ақталған түрім...

Мен қорықсам СЕН үшін ғана қорыққанмын, "СЕН енді жігітсің, өзің шешші Ұлым" деп сынай қарағанымда, "Түскелі тұрған түймедей бір тал ұлыңды..." деп тұншыға жылаған шешеңнің бетінен сүйе алдарқатып артымнан еріп жүре бергеніңде бір марқайғаным өтірік емес.

Тұлымшағың желпілдеп соңыма жалғыз ілессең де Өтемістің онын ерткендей бір қопаңдағанымда: Терезеден көз алмаған Әкемді елестетіп, құмға симеген екен ғой, тәубе дегенмін!

Соның үшін-ақ, рақмет саған, Құлыным!

Иә, Ұлым, біз басқа бір дәуірде туылып оң-солымызды ажыратар ажыратпастан аласапыран заманға кезігіп, алмағайып күй кештік. Бұлыңғыр өмір сүрдік. Бірақ біз өзі жарымағанның сарқытын ішіп, жалған тарихты жатқа айтып тәрбиеленген ұрпақ болсақ та ұлтжандылығымызды сақтап қала алдық...

Солай бола тұра, жастығымыз бар, мастығымыз бар, құдайсыз қоғамда тәрбиеленгендердің бірі болғандықтан қателік дегендердің талайын жасағанымыз да жасырын емес. Біз періште емеспіз!

«Бір тентек ел ішінде жүрмес пе еді?!» деп аһ ұрған ағалардың арты да біз емес шығармыз?!

Бірақ, Ел, Жер дегенде ешқашан бұғып қалмаппыз!

Сол жорналшылығым үшін басында біраз уақыт жұмысқа алмағандарымен келе-келе түрлі шақырулар болды. Мемлекеттік қызметке бармадым.

Үлкен ақшалы қызмет ұсынылған да кездер жоқ емес.

Арамнан мал жиған жоқпын.

Қолдан келетін бір шаруа ғой деп баспаның айналасында жүрсем де ісіме адал болдым. Адамның ала жібін аттамадым.

Бұл хатымнан соң менің де қандай жауыз, зинақор, алқаш, т.т.б. қылмыстарым туралы жазыла жатар, сен оған сенбейтініңе мен кәміл.

Тек, шешең айтпақшы: "СЕНің болашағыңа кедергі келтіретінімді де білемін. Мүмкін мен үшін таяқ та жерсің?! Мен 21 жасымда Желтоқсанда мұзда жана білдім! СЕН менен 1 жас үлкенсің! Еркек тоқты құрбандық! Соны есіңнен шығарма Ұлым! Әйтпесе құның көк тиын!".

Осыдан жиырма жыл бұрын жазған «Патриотизм» деген мақаламда Исраил ағамның: "Тамшы суға тәмсіл болып таңдайың,

Ел қыдырсын, жел сыдырсын, шалғайың.

Ұл болу да, құл болу да қолыңда,

Құның бар да құрбандыққа бол дайын!" деген сөзін келтірген екенмін, тағы да қайталаймын!

Бұдан басқа уақыттарда қол қусырып қарап отырды деген түсінік қалыптаспасын. Арада өткен кездерде қолымнан келгенінше ұлтқа қызмет етуге тырыстым. Қаншама құнды дүниелердің жарыққа шығуына атсалыстым.

Кім не десе о десін, бірақ жүз жылда қолға алынбаған қазақтың нағыз көсемдері «Ахмет Байтұрсынұлы» мен «Әлихан Бөкейханға» тірі ескерткіш, тұлғалық энциклопедияны шығаруға себепші болдым. Жетекшілік еттім. Реті келгенде осы жобаға атсалысқан азаматтардың барлығына алғыс айтамын!

Бұл әңгімені неге бастады деп отырған шығарсың?

Бірде тап осындай тапсырмамен танымал тарихшы ағамыздың алдына баруға тура келді. Ыдысымды жасыра тұрып, айналшықтай бастағанымнан-ақ "айран сұрай келгенімді" байқаған ағамыз: "Қанша қаламақы бересіңдер?" – деп төтесіне көшті.

– Ұлт үшін ғой, аға – деп ұяла күлімсіреп, көп бере алмайтынымызды түсіндіре бастағаным сол екен:

– Асығыс болмасаң мен саған бір әңгіме айтып берейін – деп тәуір коньягі мен лимонын шығарып үстелдің үстіне қойды да, жайланып отырып:

– Мен былтыр жылға жуық уақыт бойы Мәскеу мен Питердің барлық мұрағаттары мен құпия қазыналарын түгел дерлік ақтарып шықтым. Алдымда ашылмаған есік қалмады. Қайда барсам да күлімдеп қарсы алып, жылы жымиып шығарып салғандарды көргенде ақшаның құдіретін түсіндім. Және сол мұрағаттардың егде тартқан үлкен бір ғылыми қызметкері: "Сіз Ресейдің барлық мұрағаттарын еркін аралаған жалғыз қазақ шығарсыз. Мен мұндайды бұрын көрмеппін" дегенде тебіреніп кетсем де ұлттың қамымен емес, «Мырза-жанды» ақтап шығуға жарайтын жарты беттік болса да маңызды құжат іздеп жүргенім есіме түскенде еріксіз іркілдім" деп әңгімесін әрі қарай жалғады.

– Иә, мен мемлекеттік тапсырмамен емес осындағы (Қазақстан) бәріміз танитын армян ұлтының белгілі бір азаматының арнайы өтінішімен жүрген болатынмын. Менің қомақты қаламақымды есептемегеннің өзінде алдымнан ашылмаған құпия есік қалдырмаған, Мәскеу мен Питердің қымбат қонақ үйлеріндегі жатқан-тұрғаным, ішіп-жегенім бөлек есептен төленіп жатты мен оған мүлдем бас ауыртқан емеспін...

– Және бір қызығы Мирзоянға ол кісінің қатысы пәмилесінің ян-ға ғана аяқталатыны. Тіпті, туажаты да емес!

– Қазақстанда Мирзоянның қол қойған әлгі хаты жайлы әңгіменің өрши түскен уақыты болатын. Қазақ ұлтшылдары ұлардай шулап, Мирзоян атындағы көшелер мен ескерткіштерді түгелдей алып тастауды ашық талап ете бастаған тұста ұлтының ұлын қорғап қалмақ болған азаматты мен де еріксіз силадым. Ал сендер болсаңдар анандай азаматқа бір энциклопедия шығару үшін үкіметтің ақшасын үнемдегілерің келеді деп үдете келді де, үнсіз қалды. Мен тысқа беттедім.

Бұл біздің ұлтқа берілген әділ баға еді!

Жаңағы әңгіменің әсерінен әлі арыла алар емеспін.

Ойды ой қуады демекші, ұмытпасам, Роллан Сейсенбаевтың ертеректе оқыған «Трон сатаны» кітабы болуы керек, ағамыздың Нодар Думбадзенің қазасына қалай барғаны туралы жол жазбасындағы:

– Тбилиси әуежайының алдына шықсам тура біздегідей көліктерінің кілтін саусақтарында шыр айналдырып жүрген таксистер:

– Такси по городу, такси межгород – деп қоршай алмасын...

– Куда, дорогой-лап өздеріне тән гүрзілік әдемі акцентпен іші-бауырыңа кіріп барады...

Сәл тосылыңқырап қалған мен: Нодар Думбадзенің қазасына келіп едім, қалай жетсем болады, барар жерім қашық па – дегенімше болған жоқ, қаздай тізіліп таксилерінің есіктерін айқара ашып тұрып алды да: "Қалағаныңызға отырыңыз деп ілтипат көрсетті. Мен де жымиып, қашық па, қанша тұрады?" – деген сұрағымды қайталағаным сол екен:

– Вы, што, дарагой, обежаете...

– Сіз, сон-оу Қазақстаннан біздің Нодардың қазасына келіп тұрғанда Сізден қалай ақша аламыз?!

– Қайсымызға отырсаңыз да қалаған жеріңізге тегін жеткізіп тастаймыз, – дегенде еріксіз сүйсінгенім былай тұрсын, осы сарындас әңгімесі әлгі жерде есіме сап ете қалсын.

Осы бір екі әңгіменің ортақ түйініне іштей риза кейіпте тебірене тұнжырап келе жатқан күйі біздің де ертең сендердің арқаларыңда тұтастай бір Ұлт болып ұйыйтынымызға деген сеніммен басымды көтеріп алдыма күлімдей қарадым.

Жо, жоқ, жұрттың «Ыбырайына» деген ықыласым ықылық атқандықтан емес, өз ұстазым Ғарифолла Әнес ағам көп айтатын: Қазақы бала – бала еместен қашан арылар екенбіз деген ой ғана...

Балапаны үшін ғана шырылдайтын талда отырған торғай ешқашан астымдағы бұтақ сынып кетеді-ау деп қорықпастан қамсыз отырады, өйткені ол астындағы бұтаққа емес өзінің екі қанатына сенеді, осыны есіңнен шығарма, Ұлым!

Ұлт көсемі Әлиханның атылар алдында Ахмет пен Міржақыпқа жазған хатында: Сендердің таңдаған жолдарың – абақты жолы... азапты жол... бірақ бір нәрсені түсініңдер: Баяғыда доңыз бен аққу дос болыпты. Сонда бір күні доңыз аққуды балтырдан алып: «Әй, аққу! Сен күн бар дейсің. Сол күнді мен неғып көрмеймін?» – дейді. Сонда аққу: «Әй, доңыз! Сені Алла төмен қаратып жаратқан. Сондықтан сен аспандағы күнді көрмейсің!» – депті. Алла күнді көретін ұрпақ келеді! Сол күнді көретін ұрпақ сендерді еске алатын болады. Бізді ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Өкінбеңдер! Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер!» деп жазған болатын. Мағжан атаң да сенген сендерге!

Мен де сенемін!

Айдалада, сон-оу шешенстанда жатып, аштықта жеген құйқасының дәмін ұмытпаған бір шешен ақсақалының: "Қазақ халқының бақыты үшін бір бас керек болса мына менің басымды алыңдар!" деген аталы сөзін қазіргі зиялы деген ұлт ұлдарының бірі де айта алмады-ау, сол өкінішті!

Керісінше кері тартып, сақалын сатқандардың саны көбейді.

Олай болса мен-ақ қайталайын сол сөзді...

Қазақ халқын бақытқа бастар жолда бір құрбандық керек болса мен қашанда дайынмын!

Сен де дайын бол, Ұлым!

Үш емес, Ел екіге де бөлінбесін!

Ел аман болсын!

 

Пы.Сы.

Сондағы айтылмай қалған ой қайсы дейсің бе?

«Ұлт болып ұйып келе жатқан кезде, сан рет сүт күйінде төгілген» елдің бірігуі.Тап осы жолы айрандай ұйуы!

Арманымыз Құдайдың беріп тұрған бір мүмкіншілігін пайдаланып Ұлт болып әділ сайлау өткізу еді. Соны да көпсінетіндер күн санап көбейіп келеді. Міне сол қорқынышты.

Қазақты алғаш сайлау мәдениетіне үгіттей бастаған жылдары марқұм, Құдайберген Сұлтанбаевтың: қазақтар ауыл-ауылға, ру-руға бөлініп жүргенде екі ортада емін-еркін Иван шал өтіп кетіптісінің кері келіп, о баста Қосановты қосып елді алдап сайлауға шақырамыз дегендер шатасқандарын кеш түсініп аласұруда.

Соңы немен тынарын кім білсін.

Желтоқсан жайлы желбуаздардың сөзіне қарсы дау айтушылардың қарасы көбейген шақта "хронический алхаш" дегенді де шығарып үлгергендер үгіт-насихат жолында ештеңеден тайынар түрлері көрінбейді.

Тіпті, Адольф Гитлердің өзін адамзаттың алыбына теңеп, ақтап алып жүрген бір ағамыз Қосановты Гитлерден асқан жау санағанын түсіне алмай және дал боласың...

Кезінде Бәукеңді тұқыртуға тапсырма алғандар басқа дым таппағасын: "Бауыржан Момышұлы - великолепный командир, отважный, находчивый ... но он никогда не поднимает тост за товарища Сталина..." деп үстінен арыз жазған комиссар П.В.Логвиненко мен смерш солдаты Белков сияқтылар бізде де жетерлік екен...

Ең қызығы Әміржанды Желтоқсанмен қаралаушылардың бірде-бірінің Желтоқсанға ешқандай да қатысы жоқтар...

Бұл өсектің бастауы қай жылы Қажыгелдин Үкіметі отставкаға кеткенде ұйымдастырылған арнайы кампания болатын.

Оның да уақыты келер. Кімнің қанша долларға сатылғаны да анықталар (шет жағасын білеміз де).

Ал, шындығы керек болса сотталып бара жатқан біздерді, бірінші курс студенттерін басын бәйгеге тігіп аман алып қалған Қосанов еді.

Ол кезде бір түн айықтырғышқа түнеп шықсаң болғаны оқудан шығарып жіберетін заманда 10-15 күннен отырып келіп оқуын жалғастырған жалғыз журфактың студенттері шығар.

Барған жоқпын деп қасарысып тұрып алғандардың талайы жалған жаламен жазықсыз сотталып жатқанда «Мен бастап апардым алаңға!» деген ашық мойындауым үшін, жеке кәртішкеме жазылған қатаң ескертумен қанша күн отырып келсем де аман қалуым Қосановтың арқасы, Ұлым, осыны есіңнен шығарма. Егер сол жолы арашашым болып аман алып қалмағанда сен де келмес пе едің бұл өмірге?..

Бізге түсіністікпен қарай білген ұстаздарымызға да мың алғыс! Қызыл өкіметтің сөзін сөйлеп қыспаққа алған ағайсымақтар жазасын Алладан ала жатар!

Қамақта отырып «дәлелді себеппен» қалып қойған емтихандарымызды қойдырту үшін кейбір ағайларымыздың алдына баруға именіп тағы да сол Әміржанға өтінгеніміз де есімде.

Әсіресе, ешқандай дайындықсыз КПСС тарихынан беретін тік мінезді, ең қатал, сұстылау ағайымыз Абдулпатаевтың алдына баруға қаймыққанымызды несін жасырайын. Бекер екен, әшейінде бір күйінен таймайтын қатал деген ағайымыз: "Айналайындар-ау, абайласаңдаршы" – деген мейірлі үнімен сөзге келместен зачеткаға қол қоя салғандағы қуаныштың өзі бір бөлек күй еді...

Міне, Ұлым менің бар айтпағым осы.

Қосанов президент бола ма, болмай ма, ол бөлек әңгіме.

Артында арланатын ұрпағы барын ойлағанымыз да жөн болар.

Сол бірінші курста бірге қамалған төртеуміздің де төрт көзіміз түгел, оқуымызды ойдағыдай аяқтап Елге қызмет етудеміз.

Біраз уақыт теледидар саласында, министрлікте қызмет еткен Ғазиз Тастаев бұл күнде белгілі кәсіпкер, меценат.

Белгілі қаламгер, журналист Сейсен Ұлықбеков Таза Ел сайтының басшысы.

Он сегізге енді толған өрімдей ғана Гүлмира Сұлтанәлиева бұл күні Қазақстанның Гүрзі еліндегі елшісі!

Бұра тартқан, өтірік айтқан жерлерім болса мені осы үштік түзетсін.

Оның сыртында жігер берген руxтас достар, құрбылар қаншама.

Аттарына заты сай Шоқан, Абай секілді ағаларымыздың да ақылдары аз болған жоқ.

Барлығының алдында басымды ие отырып, ұлы Абайдың «Біріңді Қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі босы!» мен Сабыр Адайдың «Әр қазақ менің жалғызымы!» тек жиын-тойда ғана айтылар пафосты ұран емес, жалпы қазақтың ұранына айналса деймін.

Бұны да арнайы тапсырыспен жазылған мақала деп есептеушілер табылып жатса оразамды сатқаным емес, бірақ ауызым берік! Ал егер жазықсыз жала болса, оның да жазасын бір Алла бере жатар!

Артық кетсем барлығыңыздан кешірім өтінемін.

Әкең, Жарлы Байғанин

(Нұрымжан Керейұлы)

Abai.kz

 

29 пікір