Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 12922 50 пікір 3 Мамыр, 2019 сағат 10:40

Қуандық Шамахайұлы. Шал

(әңгіме)

Кеше ғана шалдың жасы 83-ке келді. Бала-шаға, келін-кепшек, немере-жиендері келіп, құттықтап, дауылдасып-шуылдасып отырып кетсе ғой, көңілі бір сәтке болса да, көтеріліп-ақ қалар еді. Жоқ, ешбірі ат ізін салмады. Солай боларын біле тұра, күтті. Есекдәме ғой, баяғы. Бірақ, тым құрығанда, телефон соғып та хабарласқан бірі болсашы. Бәрі әлде ұмытты немесе шынымен де, бұрылып қарамастай-ақ жаппай теріс айналған.

Бұрын бірлі-жарымы телефон шалатын. Соңғы кезде ол да жоқ. Кіші ұлының қолында тұратын кемпірі де бірауыз тілдеспейді. Оған реніш жоқ. Қыздай алып, егде тартқан шағында тастап кеткен опасыз шалға ол не десін. «Құдай-ау, балаларыма соншама не жазып қойып едім? Төрден көрім жақындағанда, мендей бейбаққа кешіріммен қараса, нетер еді» - деп, іштей күбірледі де қойды.

Жас кезінде жора-жолдасы да көп еді. Мұндай күндердің бәрін дүрілдетіп, көңілді өткізетін. Арақ байғұсты көп адам сынап-сөгіп жатады ғой. Жо-жоқ, оның да рөлін түбегейлі жоққа шығаруға болмайды. Адамдардың жақындасуына, достасып думандатуына арақтың да елеулі себепкер болып кететін тұстары болатын. Ішімдіктің арқасында талай жақсы-жайсаңмен де, жаман-жұтықпен танысты, табысты. Пайдасын да, зиянын да бір кісідей көрді. Кейбір игі жақсылармен де сол арақтың арқасында дастархандас болып, кейін «бір көрген біліс, екі көрген таныс» дегендей лауазымдық қызметтің құлағын ұстауға да септескен кездері болған. Обалы нешік, бөтелкелес болған жандардың арасында туыстан бетер сыйласып кеткендердің де қарасы баршылық еді ғой.

Ойлап отырса, отыз бен қырық жас аралығында «иттің бажасы көп» демекші, дос-жарандар, көңілді отырыстар өте жиі болған екен. Кейін біртіндеп, сирей берген. Алпысты алқымдаған шағында өмірі күрт өзгеріп, мүлде басқа арнаға бұрылып кете берді. Лауазымдық қызметінің дәуірі де осы түста түгесіліп, зейнеткерлікке шыққан-ды. Сол кезден бастап, бұрынғы достарының көбі одан сырт айналып кетті. Кездесе қалса, әлде бір сылтау айтып, тезірек қоштасуға асығады. Телефон соқса, біразы тұтқаны мүлде көтермейді. Көтергендері бұрынғыдай емен-жарқын ұзақ сөйлеспейді, сұрақтарына жауаптың өзін қысқа қайырып, тезірек қоштасып байланысты үзе салады.

Одан қарым-қатынасын үзбеген, үнемі хабарласып, келіп-кетіп жүздесіп жүретін бірлі-жарым достары болды, обалы нешік. Қазір олар жоқ. Жетпіске жетер-жетпесте дәм-тұздары таусылып, жер жастанып кетті. Ойлап отырса, соңғы оншақты жылда жаны жадырап, бір рет те рақаттанып күлмеген секілді.

«Мені керек қып жатқан біреу мына дүниеде бар ма? Бар болса, ол кім? Әй, осы ешкім жоқ-ау. Осы күнге дейін бәрі мені қарақан бастарының қамы үшін ғана керек етіп келген-ау, деймін. Оның өзінде қолымда портфель, астымда кресло болған соң ғана. Әр жыл өткен сайын аман-сәлемімді алар тірі жан табылмай барады. Өзімнен де бар-ау.

Өзі сұлу, өзі жас деп бір ұрғашының арбауына шатылдым да, өмірлік серігім әйеліме сатқындық жасадым. Әйеліммен бірге бауыр етім, бала-шағам да менен ат-тондарын ала қашып, бүгін мінеки, жатқа айналып кетті. Осы менің өлер шағым жақындап қалған жоқ па екен. Жасым сексеннің сеңгірінен асты. Бұл жасқа әке-шешем де жеткен жоқ» - деп, ауыр ойдың құшағында отырған Шал бір терең күрсініп қойды.

Шалдың қазіргі жалғыз серігі ой ойлау, өткен-кеткен жарқын сәттерін еске алу ғана. Сыртқа шығып, емен-еркін жүре алмайды. Екі бөлмелі пәтердің асүйі мен әжетханасының өзіне қалтаңдап зорға жетеді. Қарттық ешкімге қуаныш әкелмейтін неме екен-ау.

Анықталуы күрделі дүние адам өмірінде сансыз көп. Соның бірі жалғыздық. Иә, атың өшкір осы жалғыздық - адамзаттың мәңгілік ауыртпалығы. Бүгінге дейінгі тарихи кезеңдерінде қоғам жалғыздыққа тегеурінді түрде қарсы тұрумен келді. Адам баласы әлі де жалғыздықты еңсеру үшін ғұмыр кешіп келеді. Ол үшін қауымдасып жатыр, көңіл көтеру орындарын көп ашып, жаңадан салып, ит-әуіреге түсумен келеді. Түрлі өнер туындыларын жасап, көз қуанышына айналдырмаққа, көңілін жайландырмаққа тырысып жатыр.

Көңіл көтеру орындары да бос уақыт өткізудің, адамдарды көптеп тартудың амалын іздеп, пайдаға шашетектен кенелетін болды.  Себебі, адамдардың әрдайым жалғызсырайтындығында. Қылмыс жасаған бұзақыларды мұқатып жазалау үшін де олардың еркіне шек қойып, қоғамнан оқшаулайды, абақтыға қамайды.

Абақтының барлығы жалғыздықтың ең үрейлі апаны. Қылмыскердің адами ортадан неге тыс қамалғандығын жете ұғындырады, ойландырады. Бір зерттеуші айтқан екен, шылым шегетін әйелдердің бәрі жалғыздықтың салдарынан кездесетін психологиялық дағдарысты бастан кешірген. Сол ауыр дағдарысты еңсерудің ең төте жолы темекі тарту деп ойлайды. Өзгелермен бөлісе алмайтын құпия сыры мен қасіреті зіл батпан болып еңсесін басқанда жұрт темекіден бас ала алмай қалады.

Жалғыздықтың ми батпағына терең батып кеткен ер азаматтардың көбі  есі ауғанша арақ ішіп, масайғанды тәуір көреді. Арақтың буымен масаттанған адамға өмірдің қиыншылықтары, жалғыздық секілді дүниелер бір сәт түкке тұрғысыз бірдемелер секілді сезіліп қалады. Сол бір «ғажайып сәт» үшін ол бәрін беруге дайын болып кетеді.

Дені сау, есі дұрыс пенде жалғыздықтан тыс тұра алмайды. Бұл адам баласына жасалатын сынақ. Жалғыздық дегеннің өзі қатал тірлікті еңсеретін психологиялық дайындықтың кілті болғандықтан одан қашамын деп әуірелену барып тұрған әлсіздік. Ондайлар өмірінің мән-мазмұнын қоқыс жәшігіне бір сәтте лақтыра салудан да тайынбайды.

Жалғыздық келіп бас салса, бұлқынып тулаудың қажеті жоқ, оны жайлап қана тыңдау керек. Себебі, сол жалғыздықты әкелген адам сен өзіңсің. Жалғыздықтың жетегінде кетпе, оны өзің басқар! Қалай?

Кейбір жандар «әдейі» жалғызсырайды. Өйткені, мұны маңызды деп санайды. Өмірді жасайтындар шын мәнінде солар. Олар жалғыздықпен ашық, тіпті, емен жарқын сөйлесе алады. Қолына қалам алып шығарма жазады немесе түрлі бояуларды араластырып, сурет сала бастайды. Осылайша, өнер туындыларын жасайды. Шын жалғыздық шынайы өнер туындысын шебер жасай алады. Себебі, олар өмірден сабақ алған, көпті көрген, түрлі құбылыстарды ой елегінен өткізіп, пісіріп пайымдаған  жандар.

Ал, адамдардың тағы тобы бар. Олар жалғыздықтан үнемі өлердей қорқады. Одан аулақ кеткісі келіп, құтылу үшін мейлінше есінен таныңқырап жүрсе, уақытты ұмытса, қолайлы деп ойлайды. Ондай кезде ең оңай жолды табу үшін тезірек киінеді де сыртқа шығып, көңіл көтеретін орындарды айналсоқтайды.

Енді біреулер жалғыздықты асқан ақымақтықпен жеңуге тырысып, қолына арқан алады, үйдің төбесіне қарай өрмелейді. Одан гөрі сәл ұстамдылары жалғыздығына кінәлі кім соны тауып жазалағысы келіп, аласұрады. Жұрттың бәрі өнерлі, талантты емес. Сондықтан саз аспабыңды алып, күй ойна  немесе киелі қаламыңды қолыңа алып, жалғыздықтың жырын жырла дей алмайсың.

Бір сәт Шал  қарқылдап тұрып күлгісі  келді. Бірақ, әдеп сақтайды, есесіне жай ыржияды да қояды. Жиырма жылдан астам уақыт бір шаңырақ астында тұрып келе жатқан жас қатыны келесі бөлмеде жан құрбысымен сыр шертісіп отыр.

Дәл осы сәтте еңіреп тұрып ағыл-тегіл жылағысы келді. Сонда да, көзінен жас шығармай тістеніп отырып алды, ешкімге сыр білдіргісі келмеді. Бүгін ғана емес, осылай жүріп, талай жылды артқа тастаған. Ол тек сонау студент кезінде сүйіп қосылған, қазір ажырасып тынған кемпіріне ғана ішкі әлеміндегі бар сырын ақтарып айтқысы келеді. Сонда іші босап, көп жеңілдеп қалар еді. Бірақ, ол оны кешірмеді, бірауыз тілдескісі де келмеді. Балалары да анасына еріп Шалдан теріс айналып отыр. Іші толған «у мен өрт».

Ал, басында тоқал алып, қазақтың санын көбейтемін деп желпінген бұл бейбақтың тыраш тірлігінен   ештеңе өнбеді. Өзінен екі мүшел жас кіші тоқалы әлі күнге дейін «қысыр». Шалға дейін қолдан  қолға өткен тоқалы жастайынан қағынып, аяғы ауырлаған сайын жылмағайлау отаның неше атасын көріп, ақыры, бедеулікке ұрынған секілді. Биыл міне қырықтың біріне келді. Әлі бала тапқан жоқ.  Одан бұрын Шалдың өзінің де қауқары кетіп, саудасы біткен.

Ол жас кезінде әлде бір кино көріп отырып, көз жасына ерік беретін адамдардың әлсіздігіне қайран қалып күлетін. Енді ойласа, олар емес, барып тұрған әлсіздің бірі өзі болып шықты. Адам баласының     көз жасы мен күлкісі деген сұмдық күш-қуаты бар құдірет екен-ау. Сол алапат күшті өзіне өзі қимаған адам жалғыздықтың қою қара тұманына өз аяғымен барып адасып жүргенмен тең көрінеді.

Сондықтан, жылағың келді ме, жыла! Күлкің келді ме, еш тежеме, еркіне жібер. Адам санасы деген үнемі қозғалыс аясында бірде толып, кейде ортайып тұратын ыдыс іспетті. Олай болса, психолог пен психиатрға жиі бармасаң да жақындарыңа, дос-жарандарыңа ашылып сырыңды айтпай тұра алмайсың.

Неге адамдар бір біріне ынтызар екенін айтқан соң оның махаббатын сүйген жаны ықыласпен қабыл алғанда шексіз қуанышқа бөленетіндігінің сырына терең үңілуге тырыспаймыз?

Кім болса да өзіне бет алған адамның сөзін тыңдауға ықылас танытқаны абзал болмақ. Оның өзінде бар ынтасымен назар аударса игі. Сонда ғана оны жалғыздықтан құтқарып, шат көңіл сыйлауға болады.

Бір отбасы ішінде де түсінбестік болып жатады. Сырттай қараған адам оларды бітіспес жауға айналған шығар деп ойлар. Сырына үңілген адам олардың ішкі әлемінде жалғыздық қат-қабат баттасып, қап-қара энергияға айналғанын сезуге болады. Ондай отбасы патша сарайындай зәулім үйде тұрса да қараңғы әрі суық сезіледі.

Ал, атылғалы тұрған қара күш-қуаттың пайда болу тетігі отбасы мүшелерінің бірінің өзін сыйламайтындығының, сенімсіздігінің көрінісі. Сондай-ақ, жалғыздықтың түйіндерін жайлап шешудің орнына шорт кесе беретіндігінің салдары болса керек.

Жалпы, жалғыздықтан туған қара ниет жойқын көрінгенімен өте әлсіз бос келеді. Бастысы, оны тас-талқан етудің қолайлы тәсілін ғана таба білу керек. Түптеп келгенде, жөнге сала білген адамға жалғыздық деген соншалықты зәре-құтты қашырарлықтай үрейлі құбыжық емес. Өнер туындысын жасайтын хас зергерлер үшін өте қолайлы мүмкіндік  деуге де болады.

Терең ойға белуардан батып кеткен Шалды жас қатынының үні әп-сәтте тұңғиық тереңнен суырып алды:

-Көке-ау, тамаққа кел!

-Қазір! – деді, Шал дірілдеген баяу үнмен.

Ол кеңсесіне хатшы болып тағайындалып, Шалмен әмпей-жәмпей болып, алғаш сүйіскенде-ақ оны «көке» деп атаған. Әлі сол дағдысынан айныған жоқ. Іштей өзін соншалықты сүйіп жарытпайтынын, тіпті, турасын айтқанда онша жақтырмайтынын Шал түйсікпен сезеді. Бірақ, оның сыртқа дымын білдірмей мүләйімси қалатын әртістік шеберлігіне қайран қалмасқа тағы лажы жоқ.

Артық-ауыс жеңіл жүрісін жастау кезінде қатты бақылап, қия бастырмайтын. Біреулермен көзді ала бере қылмыңдасқанын сезгенде, қызғаныштан жарыла жаздап, үйге келген соң соққының астына алатын сәттері де болып тұратын. Қазір бәрі қалды. Ондай күш-қуат та, ерік-жігер де Шалдың бойынан баяғыда ұшып кеткен секілді. Құр сүлдерін сүйреп зорға жүрген пенде үшін қызғаныш деген не теңі?

Ұзын дәлізді бойлап, Шал баяу адымдап келе жатқан. Тоқалы оның «қазір» деп құмығып шыққан даусын естімеген болса керек. Теріс қарап отырған күйі әлде біреумен телефонмен емен-еркін сөйлесіп отыр. Әлгі қасында болған жан құрбысы баяғыда кетіп қалыпты.

-Ой, қайдағы! Бұл қақпастың жаны сірі деймін. Достарының бәрі о дүниелік болып кетті. Күні ұзақ сопиып отырады да қояды. Өліп-өшіп бара жатқан ештеңем болмаса да, байғұсты аяймын, кейде. Өмірім өтіп барады. Амалым қанша. Иә, иә... сені түсінем ғой, жаным! Сәл шыдайық. Күшік кезінен асыраған итіңді де көшкен жұртта тастап кетуге қимайсың ғой. Бәйбішесі де, балалары да оған қарамайды. Тіпті, ат ізін салмайды, сенесің бе? Менен бұл байғұс кезінде ештеңесін аяған жоқ қой. Мен қалай оны... Иә, солай... Ас-суын беріп отыра тұрамын...әрине, солай...

Шалдың одан ары тыңдап тұруға дәрмені жетпеді. Екі құлағы шулап, басы айналып кетті...

Сөйтті де, Шал аяқ астынан өзін жеңіл әрі жайлы сезінді. Жан дүниесі кеңіп, сарайы ашылғандай. Ерекше бір рақат сезімге бөленіп кеткеніне өзі де аң-таң. Үнемі ауа жетпегендей тынысы тарыла беретін, басы шағып ауыратын, шекесі солқылдап шыдатпайтын, жүрегі шаншып қысатын. Енді міне, қас-қағым сәтте өзімен қоса айналасы да нұрланып, денесі жеңілдеп сала берді. Қанатсыз бола тұра әуеде қалқып ұшып жүргендей.  Төбесінде жарық бір сәуле нұр төгіп тұр. Сонау жырақта қалған жиырмабес жасындағыдай сергек. Төменгі жақтан «Көке, көке! Саған не болды?» - деп, жанұшыра айғайлаған тоқалының даусы алыстан талып жеткендей болды. Дауыс шыққан тұсқа  көз салғанда тіпті де таңғалды.

Сонау төмендегі шыңаруда өз үйінің дәлізі. Еден үстінде денесі сұлқ түсіп қимылсыз жатыр. Шал ылдилап төмендеп келіп жақындады. Иә, дәл өзінің денесі. Жас қатыны ойбайлап жылап, көршілерін, жедел жәрдемін, бәрін шақырып жатыр. Оның қасына барып «әй, мен мұндамын ғой, екіге бөлініп кеттім бе, не болды?» десе, қатыны естімейтін секілді. Бұрылып та қараған жоқ. Оны жеңінен тартып жұлқымақшы болғанда ғана Шал өзінде қол-аяқ атаулының жоқ екенін білді.

«Е, менің жаным тәнімнен бөлініп кеткен екен. Әсілі, мен өліп қалыппын» деп ойлап өз денесіне қарады. Еш қимылсыз жатыр. Дәрігер келіп, сол денемен алысып, тоқтаусыз әрекеттеніп жатыр. Ал, оның өзінікі екенін білсе де, Шалдың сол денеге енді еш қатысы жоқтай сезілді. Ары кетсе, шешіп тастаған киім секілді ғана бірдеңедей  көрінеді. Дәрігер дененің кеуде тұсын қолымен басып-басып қалғандай болып еді, Шал әлгі нұрлы әлемнен көз жазып қалды.

Лезде екі құлағы шулап, басы шағып, жүрегі қысылып шыға келді. «Алла-ай!» деп, айтқысы келіп еді. Тілі күрмеліп қалғандай. Сөздің орнына түсініксіз әрі қиқылдаған жағымсыз дыбыс шықты.

-Есін жиды, зембіл әкеліңдер! – деп, дәрігер айғай салды.

-Көке, саған не болды, қалайсың? – деген тоқалының үні де құлағына анық естілді...

Орталық аурухананың жан сақтау бөлімінде бір апта бойы ес-түссіз жатқан Шал беті бері қарамаған күйі ақыры  дүние салды. Ертеңінде қалалық газеттің соңғы бетінде суретімен қоса жарияланған қазанамада: «Ол - қоғамда елеулі орны бар қайраткер, отбасында 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген, қамқор әке, адал жар, ұрпақтарына ұлағатты ақсақал, салиқалы да сыйлы отағасы еді. Оның өнегелі өмірі жас буынға үлгі болады. Марқұмның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады» - деп жазылыпты.

Қуандық Шамахайұлы 

Abai.kz

50 пікір