Бейсенбі, 21 Қараша 2019
Пікір 2405 14 пікір 30 Сәуір, 2019 сағат 20:22

М.Әшімбаев: алдымен жастардың шетелге кету себебін анықтап алып, әрекет етуіміз керек

Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары #NurOtanPikir еркін пікірталас алаңының кезекті отырысында айтты.

Іс-шара барысында «Жаңа әлемдегі жастар келбеті» атты тақырып бойынша қатысушылар еліміздегі жастар саясаты жайында сөз өрбітті.

Сонымен қатар сарапшылар қазақстандық жастардың шетелге кету мәселесін де көтерді. Бұл жөнінде Мәулен Әшімбаев мұндай тәжірибенің әлемде кеңінен тарағанын айтты.

– Жастардың шетелге кетуі әлеуметтік желілерде жиі талқыланып жүрген өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселенің бірнеше деңгейі бар. Егер жас азамат шетелге білімін жетілдіріп, білікті маман болып қалыптасу үшін немесе жаңа кәсіп бастау үшін барып, ол ойын жүзеге асырып жатса, бұл өзі үшін де, еліміз үшін де пайдалы. Біз бір шеңбермен шектелмеуіміз керек. Әсіресе қасымызда Қытай сияқты, ар жағында Үндістан сияқты алпауыт нарықтар тұрған кезде соларды игеруге талпынуымыз керек. Біз осылай өз ісімізді жаңа белеске көтеруді мақсат тұтуымыз қажет. Сол себепті шетелге кетіп жатқандардың бәріне тосқауыл қою керек деген біржақты пікірлер дұрыс емес. Ал егер жастарымыз еліміздегі жағдайларға көңілі толмай, басқа себептермен кетіп жатса, ол басқа әңгіме. Ондай кезде біз зерттеп, зерделеп, себептерін анықтап, оны болдырмаудың жолдарын қарастыруымыз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Пікірталас алаңының отырысына Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Shalqar» радиосының директоры Қалқаман Сарин, кәсіпкер, ІТ технологиялар саласында қызмет көрсететін STEM академиясының негізін қалаушы Әбутәліп Мүтәлі, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының жүргізушісі Әйгерім Есенәлі, «Nur Otan» партиясы Баспасөз қызметінің басшысы Максим Споткай және «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қатысып, көтерілген тақырыпқа қатысты өз ойларын білдірді.

Дәстүрге сай отырысты ғалым, Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ-ның Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жүргізді.

Abai.kz

14 пікір