Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Ел іші... 4773 0 пікір 30 Сәуір, 2019 сағат 11:32

Рұқсатсыз дәрі-дәрмекті сатпау барлық мәселені шешпейді, Біртанов мырза!

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәлімдемесіне сәйкес 2020 жылы елімізде кез келген дәрі-дәрмек дәрігердің рұқсатынсыз сатылмауы мүмкін. Бұл - бүгінгі күні денсаулық сақтау саласындағы олқылықтарды шешудің бірден бір жолы болар. Бірақ дәрі-дәрмекке қатысты өзекті мәселелер мұнымен бітпейді.

Жылдың басында барлық емханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы байқалады. Біз жыл сайын тығырықтан шығар жол таппайтын дәрігерлерді, дәріні өз қалтасынан төлеуге мәжбүр науқастарды көреміз. Жыл сайын қайталанатын бұл үрдіс қашан тоқтайды?. Дәрі тапшылығы тек көктемге қарай азаяды. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселені тендердің кеш өткізілуімен түсіндіреді. Сонда тендерге бола халыққа жыл басында ауырмайтын жол іздеу керек пе?

Ал емханаларға осындай тосқауылдармен жететін дәрі-дәрмектің сапасы қандай? Жақында ғана қазақстандық дәріханалардан қан қысымына қарсы дәрілерді сатылымнан алып тастайды деген хабар тарады. Ұлттық сараптама орталығының сарапшылары белгілі бір дәрі құрамында қан айналым жүйесіне кері әсерін тигізетін қоспалардың барын анықтады. Нақтырақ айтсақ, қытайлық “варстан” қоспасының негізінде жасалған бұл дәрінің адам өміріне деген қауіпі жоғары. Осының негізінде “Вазар”, “Вазар Н” және “Нортиван” дәрілері сатылымнан алынды. Тіпті бұл дәрілер адам ағзасында “рак” ауруының қозуын жеделдетеді екен.

Дәрі-дәрмек нарығында қазақстандық өндірістің үлесі артып жатса да, импорттан бас тартуға әлі ерте. Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттердің ішінде Қазақстан фармацевтикалық препараттарды ең көп импорттайтын ел болып отыр. Осы орайда туындайтын сұрақ: “Отандық өнімнің сапасы қандай?”. Бұл сұраққа жауап іздеу барысында бірқатар түйткілдерге тап болдық. Бүгінде елімізде дәрілік заттардың 7690 атауы тіркелген екен. Соның ішінде отандық 80 кәсіпорын 11 мың тоннадан аса дәрілік заттар мен жылына 42,4 млрд теңгенің медициналық бұйымдарын өндіреді.

Сан жағынан көбейіп жатқан дәрі-дәрмектердің сапасы көңіл қөншітпейді. Себебі дәрігірлер науқастарға Қазақстанда жасалған дәрілерді емес, шетелдік дәрілерді ұсынғанды жөн көреді. Мұнының себебі неде? Кейбір дәрігерлердің айтуынша, отандық дәрілердің адам ағзасына деген әсері баяу болады. Шұғыл түрде көмекке зәру адамдар үшін мұндай дәрілерден пайда жоқ. Сондықтан уақыт күттірмейтін сәттерде шетелдік өнімді қолдануға тура келеді. Сонымен қатар, науқастардың тарапынан да біздің дәрі-дәрмекке деген сенім азайған.

Сапасы төмен осындай дәрілердің бағасына келейік. Көктемде дәрі-дәрмек бағасы 7 пайызға қымбаттады деп бір шулап алған едік. Тамыз айында да баға, өткен жылмен салыстырғанда, 7 пайызға өсіпті. Осыдан соң 7 санын қасиетті деп айтып көр. Фармацевтикалық өңір саналатын Алматы облысындағы препараттар бағасы тіпті 16 пайызға шарықтаған. Дәрі-дәрмек бағасының өсуін тең­генің құлдырауымен түсіндіруге болар, алайда ол да нақты жауап емес екен. Парламент Сенатының депутаты, Әлеу­меттік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Мұрат Бақтиярұлы­ның айтуынша, отандық фармацевтика дамымай қымбатшылықты шідерлеу мүмкін болмайды. «Биылдың өзінде дәрі-дәрмек мәселесі Мәжілісте де, Сенатта да қаралды. Соңғы үш жылда тегін берілетін дәрілер бағасы 5 есе қымбаттап кеткен жайы бар. Оның негізгі себебі, «СК фармация» дәрілерді өзге елдерден шетел валютасына сатып алады. Сондықтан да доллардың бағасы өскен сайын шеттен алынатын дәрі-дәрмектің бағасы қымбаттай береді. Бұл – бір себебі. Екінші себебі, бізде осы дәрі-дәрмекті сататын дәріханалар өз баға­ларын өздері қояды және оған құқылы. Бір дәріханада 500 теңге тұратын дәрі екінші дәріханада 800 теңгеге сатылып жатады. Дәл қазір оларды осы қылығы үшін жазғыра алмайсыз. Ол үшін тиісті заңнама керек. Бізде осы мәселені реттеу үшін арнайы нормативтік құ­қықтық актілер дайындалып жатыр. Сол кезде дәрілердің шекті бағасы белгіленеді. Мұның өзі нарық заңына қайшы, бірақ амал жоқ. Сондықтан өзіміздегі отандық дәрі-дәрмек өнді­рісін жолға қоймай, бұл мәселе алды­мыздан шыға береді». – дейді сенатор.

Оның айтуынша, көп дәрі шөптен жасалады, ол шөптер Қазақстанда бар. Ал қазіргі күні отандық фармацевтика­лық компаниялар дәрі-дәрмектің негізгі шикізатын сырттан – Ресей, Украина, Қытай, Үндістан, Еуропадан алып келеді. Сол шикізат Қазақстанда да жеткілікті. Оны дамыту үшін маман­дар керек. Үкімет осы бағытта жұмысты жан­дандыруы тиіс-ақ. Әдетте, дәрі-дәрмектің бағасы өссе, «СК-Фармация» компаниясына хабарласатын әдетіміз бар. Аталған компанияның басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріптің айтуынша, бұл компания науқастарға мемлекет тарапынан тек тегін берілетін дәрі-дәрмектерді жеткізуге ғана жауап­ты. Соған қарамастан, препараттар бағасының өсу себебін түсіндіруге ты­рысты.

«Жекеменшік фармацевтикалық компаниялар жергілікті жерде дәріха­налар ашады. Ол дәріханалар қандай баға қояды, өзі шешеді. Олар нарық заңына сәйкес әрекет етеді. Сұранысқа қарай ұсыныс жасайды. Жергілікті жерде дәріханалар аз болса, сәйкесінше бәсеке болмайды да, фармацевтикалық компания бағаны жоғары қояды. Ал бә­секелес дәріхана көп болса, бір-бірін зерт­тей отырып, бағаны төмен­детеді», – дейді ол. Егер осы қисынға салсақ, онда ауыл-аймақтың барлығына дәріхана салып тастау керек болады. Бұл логикаға келе ме? Қалай десек те, жаңа жылға дейін дәрі-дәрмек бағасын реттеу мүмкін болмайтын түрі бар. Себебі, дәрі-дәр­мек бағаларының ала-құласын рет­тейтін заң жобасы қабылданғанша біршама уақыт керек. Ал егер жаңа құжат күшіне енсе, дәрі-дәрмектің отандық немесе шетелдік болғанына қарамастан, бәріне бірдей талап қойылады-мыс. Ал оған дейін дәрі-дәрмек бағасын өсіріп жіберген дәрі­хана қожайындары мен тасымалдаушы компаниялардың құлағын шулатудан басқа амал жоқ.

Себебі, жуырда ғана дәл осы дәрі-дәрмек мәселесіне арнал­ған жиында Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой дәрі-дәрмек тасымал­даушылардың 70 пайызы жауапты әрі әділ деп бағалаған. «Көп жағдайда олар бағаны көтер­мейді. Бірақ, нарықтың өз «тентектері» де бар. Біз әзірлеп жатқан ережелер соларды тыюды көздейді», – деген бола­тын. Алайда бұл тәртіп келесі жыл­дың 1 қаңтарынан бастап енгізілетінін ескерсек, соған дейін ауырмайтын жол іздеуден басқа амал қалмайды.

Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында көптеген оңды өзгерістер болғанымен, дәрі-дәрмек мәселесі бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпады. Жоғарыда тоқталған түйткілдер бұл сөзіміздің дәлелі болмақ. Халықтың наразылығын тудырып, талай рет талқыға түскен бұл мәселе шешімін таба ма?

Әнел Садық

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499