Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Тарих 8440 28 пікір 30 Сәуір, 2019 сағат 11:18

Вермахт обер-лейтенанты Әлихан Ағаев десантының келте тарихы (жалғасы)

Жалғасы. Басы мына сілтемеде: АСПАННАН ТҮСКЕН ОН БЕС

ОЙ АРҚАУЫ — АҚПАРАТ

Ақкиізтоғай, Аралтөбе, Құлшан ата, Ақмешіт, Бақаның моласы, Ұялы, Аңшыбай жазығы, Қазыбек...

Бұлар – осыған дейін біз келтірген жазба деректерден оқырманға таныс жер-су аттары ғана емес, «мың естігеннен бір көрген артық» деп, сол бір уақиға орнын аралап өтуге аттанған автоэкспедициямыздың Құлсарыдан шыққаннан кейін аялдаған мекендері. 1944 жылдың көктемінің көксалпағында қашқандар мен қуғандар ат мініп, жаяу-жалпыласа, біздің астымызда – тәжірибелі жүргізуші Ұлыбек Бекарыстан ұршықша иірген, жиырма бірінші ғасырдың төресі УАЗ-PATRIOT. Осыдан жетпіс жыл бұрын опертопқа Сана ізкесер жол көрсетсе, бізді сол ізбен Жылой аудандық малдәрігерлік станса бастығы, белгілі атбегі Салық Шауқымов жаңылдырмай алып жүрмек. Африн қолдарына!

Негізінде біз маңдайға алған Сарықасқаға Жылой ауданының орталығы Құлсары қаласынан екі жол барады. Төменгі тарам оңтүстік жолы бүгінде ел тұрмайтын Мұнайлы мен Есекжал жазығы арқылы Сарықасқа жайлауының тура өкпе тұсынан шығарады. Ал жоғарғы, теріскей жол Ақкиізтоғай, Аралтөбе, Қазыбек арқылы Жемнің тұсымен, яғни тегістіктің аяқ жағымен алып келеді.

Біз жоғарғы жолды таңдадық. Неге десеңіз, теріскей бағыттың Ақкиізтоғайға дейінгі үштен бір бөлігі асфальт, одан әрі қатқыл жамылғы жол. Ең бастысы, жолшыбай Ақмешітті көре кетуге болады. Ия, ия, 1944 жылы мамырдың 2-сінде келген алғашқы ұшақ жүгінен жеңілдегеннен кейін осы Ақмешіттің тұсында бағытын өзгертіп, батысқа бет алған ғой. Ұзақтан ағараңдап көрінетін борлы тау (жылойлықтар алыстан бейне бір теңіз айдынында қалқып жүзген кемедей мұнартқан қыраттарды тауға балайды) – атақты Бекет ата Мырзағұлұлының атакүлдігі. 19-ғасырдағы қазақ тарихынан ойып тұрып орын алған осынау ірі софылық өкілінің арқа сүйеген негізі Хиуа атырабы, ал қара халықтың аузына біссіміләні салған, маңдайын саждаға тигізген жері Маңғыстау шоңғалы болғанда, шілде суы төгілген, нәр алған ортасы – Ақмешіт. Осында ғұлама-имамның әке-шешесі жатыр. Кейінгі жылдары атаның ауқатты нәсіл-нәсібінің қаржылай демеуімен қорымның жанына мешіт түскен екен. Басында шырақшы отыр.

Ақмешітке баратын адам алдымен Құлшан ата мазарына бұрылып, тәу етуі тиіс. «Жиенге қол көтергеннің қолы қалтырайды», «Жиеннің назары жаман болады», «Жиеннің нағашыдан алатын қырық шұбар тайы бар» дейтін қазақы қымбат қасиетті кәделегені ме, әлде Құлшан атаның имандылық жолындағы еңбегін бағалады ма екен, әйтеуір нағашысы Бекет ата солай деп уәсиет етіп кетіпті. Шынында да, жақсылардың аяғын құшып жатқан Құлшан атаның борлы төбені кеулеп салынған дүрбесі – ерекше тәбәрік жер. Бұрын мешіт болған екен. Үш бөлменің сол жағындағы пердемен бөлінген бөлікте атаның өзі жатыр, оған кіруге болмайды. Ортаңғы үлкендеу бөлік – жамағат намазға ұйыған орын. Ал оң жақтағы шағын бөлмеде атаның өзі азан шақырып, дағуа айтқан. Ішіне кіріп отырып, дауысыңды шығарсаң, құдайдың құдіретімен жаңғырығып, күмбірлей жөнеледі. Өз дауысыңды өзің естіп, бір ерекше күй кешесің. Бірақ бұл – өз даусына елтіп, аудиторияны елең етпейтін сөзшең лектордың пәруайсыз тірлігі емес, Құран сөзіне, қасиетті кітап дұғаларына ынтығыңды арттыра түсетін ғажап нәрсе. Оның үстіне төбеңнен үңіліп тұратын көздей жылтыртасы бар. Ертеректе шөлмектей үлкен болған екен, жұрт «көздінің көзінен, сұқтының сұғынан сақтайды» деп, ұстап-ұстап кішірейтіп тастаған. Тәрізі кейін орнатылған қолтума нәрсе емес, бағзыдағы Тетрис мұхит заманынан келе жатқан табиғат сыйы. Геологтардың айтуынша, Каспий маңы ойпаты тұтасымен теңіз шөгінділерінің қалың қабатынан түзілген. Мұнда ғасырлар бойы теңіз суындағы элементтердің баршасы сүзіліп тұнған, гипстелген, борланған, тұзға қаныққан, сілтіден арылған, осылардың бәрі жиылып текшеленген. Ғылым Бэр төбешіктері дейтін бұл ерекше жер бедерінің әсерін өсімдік дүниесінен, мақлұқат әлемінен де байқауға болады. Сортаң жерлерде бұйырғын, ебелек, көкпек, жантақ, итсигек, адыраспан сияқты ащы шөптер өссе, құм мен құмдақта еркек, шағыр, қияқ сықылды көк-ыраң көбірек. Қыратты, үстіртті жерлерде жусан, изен, теріскен, баз, селеудің басы молырақ. Осынау жер ыңғайына қарай кездесетін аң-құстың түрі де сан алуан. Көпшілігі кейінгі техногендік әсерден құрып кеткен, әдетте далалық жерде «қаза көп түсетін» қабан, киік, қарақұйрық сияқты аң-құс жойылудың аз-ақ алдында тұр.

Аралтөбені бүйірлей өтіп бара жатқанымызда, сондай қарақұйрықтың біреуін Қойман мен Жақа ағаларымыздың қағып түсіп, қызыл қуырдақ жасағанын еске алып, еріксіз жымидық.

Аралтөбе – тарих ғылымына жақсы таныс топоним. 1990-жылдардың аяқ шенінде Атырау облысын Иманғали Тасмағамбетов басқарған жылдары бұл өңірде қазба жұмыстары көп жүрген, соның нәтижесінде Зейнолла Самашев жетекшілік еткен археологиялық экспедиция осы маңдағы бір обадан сармат дәуіріне жататын «Алтын адам» тапқаны мәлім. 1930-жылдары қазірде ел тұрмайтын Аралтөбе ауылының атын иеленген советке Кеңтоғай, «Екпінді», Амангелді, Чапаев атындағы ауылшаруашылық серіктестіктері кіреді. Кейін осы серіктестіктердің негізінде тоғыз ұжымшар – «Жаңа күш», «Бірлік», «Жаңа таң» және Киров, Молотов, Чапаев, Амангелді, Ворошилов, Микоян атындағы колхоздар құрылады. Оларды ретінше Ықсан Атшыбаев, Ізтұрған Бөлтеков, Таумұрынов, Сағындық Байжігітов, Молдажан Жанбозов, Отар Рахимов, Кенжеғали Жұмағалиев, Елеусін Өміров басқарған. Ауылдық советтердің төрағалары мен төрайымдары болып Дәметкен Сүйеумағанбетова, Қожыр Қуандықов, Есен Құдайбергенов, Тойған Үмбетовалар еңбек еткен. 1944 жылы іздестіру топтарына жедел ат-көлік жинап беретін осылар. Соның ішінде Есен Құдайбергенов пен Ықсан Атшыбаевтың есімі ілгергі хронологиялық жазбаларымыздан таныс.

Бір қызығы, Есекең төраға болатын Ұялы ауыл советін, жалпы Ұялы дейтін жерді қазіргі тұрғындар біле бермейді. Сондықтан болуы керек, мұндай жер аты топографиялық картаға да түспепті. Десе де, бір дөңнің басында жалғыз қарауытқан Бақа моласынан он-он бес шақырымдай жер ұзап шыққаннан кейін GPS-гидіміз іске қосылып, біз келе жатқан тегістіктің Ұялы екендігін хабарлады. Ертеректегі карталар бойынша ғарыштық спутниктердің жадына тоқылған Ұялы байырғы тұрғындардың жадынан шығып кеткені несі?

– Себебі, – деді мал қамымен Кең Жылойдың төрткүл бұрышын жасынан адақтап өскен Салық Шауқымұлы, – негізгі Ұялы теңізге таяу, Жемнің Каспийге құярлығында, осыдан екі жүз шақырым жерде жатыр. Сірә, аумақтық бірліктердің басы азырақ болған 1930-жылдары бұл ауылдық округ осыншама жерді қамтып, теңіз беттегі Ұялыға дейін жетіп, мына біз тұрған жер де сол территорияға енсе керек. «Ұялы» дейтін ат содан қалуы мүмкін.

Ел есінде аты сақталмағанымен, осында бір кезде ызғындай ел отырғанын айғақтап, Ұялының ізі тепсеңде сайрап жатыр. Ескі үйлердің ойдым-ойдым жұрты, шашылған кірпіш, жерге батқан іргетас Киров колхозының орталығы заманында едәуір үлкен ауыл болғанын ыспат етіп тұр. Ұялы Ақкиізтоғайдан бастап есептегенде шамамен отыз шақырым. Осы жерден шығыс бетке, Жем жаққа қарасаңыз, қазақ – сүт пісірім дейтін жиырма бес – отыз шақырым қашықтықта, көз ұшында шоқ тоғай «мен мұндалайды». Есенбай Ботағарин естелік әңгімесінде «егіс бригадасы ол күнде Қазыбекте, қырқым пунктте отырды» дейтін Қазыбек қыстауы – сол. Таңғаларлығы, қырқым пункті әлі күнге жұмыс істеп тұр. 1950-жылдары, деп жазылған «Атырау. Жылой» энциклопедиялық басылымында, Ақкиізтоғай, Аралтөбе селолық округтеріндегі ілгеріде айтылған тоғыз колхоз ірілендіріліп, орнына «Бірлік» ұжымшары, Молотов, Амангеллі, Ворошилов, Микоян атындағы бес колхоз құрылады. Кейін бұлар да таратылып, ХХ партсъезд атындағы ұжымшар орнайды. 1963 жылы ол «Коммунизм таңы» совхозы болып қайта құрылады. Тәуелсіздік кезеңінің басында, яғни 1994 жылы бұл кеңшар да таратылып, оның негізінде «Жаңа таң» акционерлік қоғамы және «Айнымас», «Алғабас», «Бағдар», «Тілеу», «Есекжал», «Көмек» дейтін шаруа қожалықтары ұйымдасады. Қазыбектегі қырқым пункті осылардың ішіндегі ең ірісі, 1930-жылдардағы ұжымшардың атын қайта тірілткен «Жаңа таңның» қарамағында. Біз Аңшыбек жазығын көктей өтіп Қазыбекке келгенімізде осы акционерлік қоғамның төрт-бес қызметкері қақпасы айқара ашық шатырлы базда қашардағы қырқым агрегатына тоқ беретін двигательді қаумалап тұр екен. Толық иінді, тоқ бетті, күрең жүзді қыр жігіттері, осы өңірдің тумалары Шыңғыс Өмірқал, Оңқас, Сұлтандар 1944 жылғы десант уақиғасынан хабардар. Десантшылар ауыл адамдарына алғаш ұшырасып қалатын Нұржанқораны іркілмей көрсетті. Жемнің иінінде тұрған бұрынғы Метеостансаны, Қазыбек қорымын жанай өтіп, Қоңырорпа, Аяқсарықасқа арқылы біз діттеген жерге тура асатын жолды да сілтеп жіберді.

Қатқыл табанды жол Жанбикенің тұсында аяқталады. Дала жолы басталды. Ойдым-ойдым төбелерден, үлкен-үлкен жондардан асып, Қоңырорпа жайлауына шықтық. Жапанда жалғыз үй тұр. Малшының қақырадан уақытша құрай салған жазғы жеңіл баспанасы. Қазан-ошақ басында жүрген келіншек, ойын балалары жорық киімін киген адамдарды көріп, ішке өрді. Бірақ үйде гүж-гүж етіп отырған екі еркек ығатын емес – құдды бізді кешелі бері қой сойып күтіп отырғандай-ақ «Әй, келіңдер, кіріңдер!» деп шақырып қояды. «Хабарласымызды» елең қылмады.

Бірден сенегі жоқ шыпта үйдің төріне өрледік. Шыныаяққа маяның сүтін тауықтың қанындай жұқтырып қатып, күрең бұйралап шай ішіп, қызу әңгіме үстінде отырған екеу сөздерін тез бөліп, келген бізге назарларын аудара қалды. Төменірек отырған нән қарасы – үй иесі Қосымбай Кенжебеков те, түр-тұлғасы малшыдан гөрі мұғалімге көбірек келіңкірейтін көзілдірікті ашаңы Әбен Көсікбаев екен. Екеуі де адайдың жары бөлімінен. Қосымбай осы Қоңырорпада саулық пен бойдақ қой жайып отыр. Шаруамызды естісімен: «О, дәл келдіңдер. Іздеген адамдарың міне отыр – Сарықасқадағы десант музейінің директоры» деп, жанындағы құрдасын қағыта жөнелді. Сөйтсек, Әбекең біраз жылдан бері Аяқсарықасқада қошқар бағып отыр екен. Қосымбай да, Әбен де «Жаңа таңның» малшылары.

Шайға қанып, желік байлап алғаннан кейін Әбен «УАЗ-фермерімен» алға түсті. Қосымбайды мінгізіп алып, соңынан салдыртып келеміз. Бесін. Мизам ұшатын сары күзге әлі бірталай уақыт бар. Түске таянған күннің аптап ыстығы шыжғыра түсті. Қосекеңді әңгімеге тарттық. Айтуынша, Қоңырорпа мен Аяқсарықасқа – Әбен екеуінің жаз жайлауы. Күз күшіне мықтап мінген шақта Қосымбай осы жерден жүз шақырым Қарақұмдағы Шеркеш қыстауына көшеді. Әбен болса сол Қарақұмдағы Айнымасты қыстайды.

Спидометр тілі Қоңырорпадан бастап есептегенде жиырма бір шақырымды көрсеткен шақта айналасы ат шаптырым тегістікке шықтық. 1944 жылдың уақиғасында «мұртты көсемге» шейін бүкіл Мәскеу атына қаныққан Сарықасқа жайлауы осы. Географиялық координаты: 46о58. 154` Е 055о10.614` Ертеректе арнасынан лықсып асқан Жемнің жайылма суымен, оған қоса қар-жаңбыр суымен молығып, шалқып жатқан көлтабан болғаны көрініп тұр. Мыңғырған төрт түлік малға суат боп, «Сарықасқаның суы» дейтін атқа іліккені де сол тұс шығар. Одан қалды, көлтабан суы тартыла келе, шымырау құдық қазып, күзеу етіп, қабатынан жеті-сегіз ай жайласа керек, айталық, осы жерге ныспысын берген Сарықасқа деген бай. Тегістіктің арқа беттегі қабағында, биіктеу жердегі жалғыз бейітке қойылған да сол байдың өзі болмаса нағылсын.

Тамыздың ортасында күнаралатып жауған жаңбырдан кейін Сарықасқаның жайлауы шөптен іріп тұр. Ағаев тобының осы жерге қалай түскенін хикаялайтын жалғыз мәліметкөздің иесі Серік Шәкібаевтың жазуынша, «Ағаевтың жігіттері аяқтары құмға тиіп, жерге жеңіл түседі». Бірақ біз көрген Сарықасқа құмақ жер емес. Текей Декеев жазғандай, ұзаса шағылтақ. Жергілікті ел «жартақ шағыл» дейтін құмды, құмдауыт жерлердің дені Жемді жағалап жатыр, өңгелері – дала мұхитының төсіндегі аралшық іспетті кіші-гірім бұйраттар. Одан Сарықасқа тегістігі де ада емес, бірақ ондай бұйраттың ең жақыны батыс бетте, бұл жерден алты-жеті шақырым. Тағы да сол Шәкібаевтың жазуынша, 3-мамырда Ағаев бастаған жеті жігіт отыз жеті парашютпен түседі: жетеуі өздерінікі, қалған отызына жүк ілінген. Осыншама жүкті ит өлген жерден – бұйраттан Сарықасқаның басына арқамен көтеріп, аузымен тістеп жеткізу неғайбыл. Бұл – бір.

Екіншіден, жамбасы жұмсақ құмға емес, қатқылдыққа тигеннен кейін топтың рациясы зақымданған ғой (десантшылар өздерімен бірге батареялардың толық жиынтығымен және динамомашинасымен қуаты аздау екі рация, сондай-ақ алыс қашықтыққа хабар жіберетін бір рация ала келеді, зақым келгені осы соңғы «Крапива»). Түскен күннің ертеңіне радист Мұхамадиев ақаулы «Крапивамен» үш мәрте әрекет қылып, Берлинге қатарынан екі «соқыр» радиограмма жолдайды, өздерінің аман-есен жеткендерін, рацияның бұзылып қалғанын хабарлайды. Аксельродтың дерегінше, адресат хабарды алған. Бірақ үш күн аралатып жеткен екінші топтағы жеті десантшы алдын ала келісілген квадраттан жағылуы тиіс алауды көре алмай, белгіленген жерден біраз ауып барып түседі. Алауды самолеттегілер былай шыққасын, аулағырақ жерден көрген. Сол себепті екі топ тек 8-мамырда бірін-бірі әрең тауыа алады. Бом-Бахи Бисеналиев бастап келген екінші топ негізгі топқа жеткенде, Ағаевтар парашюттерден шатыр тігіп, құдық басына орналасқан екен. Шәкібаевша, Бисеналиев тобы өз жүктерін түскен жеріне көмеді, өзге дереккөздер бойынша екі топтың да жүгі бейітті айналдыра қазған орға жасырылады. Кейін қашқын десантшылардың көмегімен екі қойманы да тауып алған чекистер бұл жағын ашып жазбайды. Шәкібаев Ағаевтың өз жігіттерін бейіт басына әкеліп, Құран құшақтатып, адалдық антын алғанын ғана айтады.

Құдық. Сарықасқадағы оқиға негізінен бір зілмәңке (там) және бір-бірінен шалғайлау екі құдық басында өткенін ілгерідегі хронология бөлімінен көрдік. Бұл күнде Сарықасқа атырабында ескі құдық жоқ, болса да араға түскен жетпіс жылда орындары қалмай, жер боп кеткен. Осы орайда құдықтар жөнінде қолға неғұрлым дәл мәлімет ұстататын алматылық чекистер Мәскеуге хабарламасында зілмәңкенің фермадан батысқа қарай 3 км жерде екендігін, ал ферма жақтан есептегендегі бірінші құдықтың жертөледен 10 шақырым жерде, екінші құдықтың 25 км жерде жатқанын түстеп айтқан ғой. Демек, екі құдықтың арасы – 15 шақырым (Шәкібаев жазатындай, жиырма километр емес). Бұл аралықты қанша шарласақ та, ескі құдықтың орны көзге ілінбеді. Қолымыздағы  картаға үңілдік. 1986 жылғы жер жағдайы бойынша өзіміздің Жер ресурстарын басқару агенттігі түзген 1:200 000 масштабтық топографиялық картада Сарықасқа жайлауының өне-бойында үш артезиан құдығы, бір су қоймасы бар екендігі көрсетілген. Жайлаудың Жемге қарай созыла түскен салпысындағы Аяқсарықасқада ондай құдықтың біреуі, су қоймасының екеуі белгіленген екен. Кеңес заманында жиырма метрге дейінгі тереңдіктен мотормен сағатына бес мың литр су шығарып, оны помпалы мотордың көмегімен әдетте шопан отырған нүктеге жақын маңға орнатылатын, сыйымдылығы елу тонна бетон су қоймасына айдап апарып құятын мұндай құдықтың алғашқысы Сарықасқамоладан оңтүстікке, Көлсуға кететін тұста, бес-алты шақырымдай жерде. Дәл сондай қашықтықта, бірақ солтүстікте, яғни Аяқсарықасқа мен Жем бетінде екінші артезиан құдығы жатыр. Одан бес шақырымдай қашықтықта, теріскей-батыста қуаты сағатына он мың литр үшінші үлкен құдық орналасқан. Сарықасқаның нақ өзіндегі жалғыз суқойма осы үшінші құдықтан үш километр солтүстік-шығыс бетте. Ал Аяқсарықасқадағы жалғыз артезиан да әлгі үшінші құдықтан солтүстік-шығысқа қарай, алты шақырым қашықтықта. Екі құдықтың ортасында Әбен отыр.

Егер маңында сиыр фермасы орналасқан делінетін Жемнің солтүстіктегі иінінен батысқа қарай үш километр жерді алып, оны жертөле (бұзылған там) деп белгілеп, бағытты одан төменірек, Сарықасқаға қарай жүргізсек, карта бойынша жертөледен 8 км жерде Аяқсарықасқадағы жалғыз құдыққа кезігеміз. Ал жертөледен бастап есептегенде Сарықасқамолаға таяу құдықтың қашықтығы да 15 шақырым, ал одан төмен, Көлсу беттегі шеткі құдыққа дейінгі қашықтық тура жиырма шақырым. Бір қарағанда, осы есеппен парашютшілер жертөледен шығып алдымен Аяқсарықасқа құдығына, соңыра Сарықасқамоладағы атыс болатын екі құдықтың біріне келіп бекінген деуге болады. Не десе де, біз әңгіме етіп отырған артезиандар шахталық әдіспен қазылған баяғы құдықтардың маңайына орнауы бек мүмкін ғой.

Бірақ бұл жорамалды кенеу тұтқызбайтын бір жағдай бар. Ол – желтөле-тамның тұрған жері.

Естеріңізде болса, Шәкібаев кітабында «Десантшылар өзен жағасындағы бір бұзылған тамға келіп, жігіттер суға түсіп, бір жасап қалды» дейді ғой. Бұл жерде алматылық чекистер хабарламасында айтылатындай, фермадан батысқа қарай үш шақырым жердегі жертөле әңгіме болып отырса, онда өзенмен (Жеммен) екі арадағы қашықтық төрт километр болар еді. Жазға салымғының ыстығында осынша жер жүріп барып, суға түсіп келгендеріне жол болсын. Біз Шәкібаев жазған жоба бойынша Жемнің Қазыбек – Жанбике мен Қандыарал арасындағы жағасын сүзіп, ескі там, жертөле-зілмәңке орнын іздедік. Осы аралықта ескі бейіттен өңге кісі бетіндегі меңдей бұдыр кездеспеді. Ескі моладан Жемнің қолаты бір километр, ал өзеннің негізгі арнасы біржарым шақырым. Десантшылар мола маңын паналады дегеннің өзінде өзен тым қашық. Бұл – бір. Екіншіден, ол кезде де, қазір де Сарықасқадан Қазыбек – Жанбикеге  қарай ешкім Жемді құлдап жүре алмайды, себебі, екі арада Қараман соры жатыр. Демек, аэромобил топ неде болса жағадан алыс, дала беттегі жертөлені мекен еткен. Яғни, хабарламада айтылған шамадағы зілмәңкеден шығып, Нұржанқора арқылы сиыр фермаға, егіншілер бригадасына барған деу жөн.

Бетті осылайша түзеп алғаннан кейін біз ферма мен егіс бригадасының орнын көздей шықтық.

Солтүстікке қарай жеті-сегіз шақырым жүргеннен кейін Қараманның тартпа ұйық соры бітіп, Аманбайдың тоғайы басталды.

Аманбай тоғай – жыңғыл, жидек, тал, құбатал аралас өскен қалың түлей. Жемнің биіктігі он екі метрге дейін баратын жарқабағын бойлай, өзеннің екі бетін алып жатыр. Қараман сорынан кейін іле-шала басталып, төрт-бес шақырым жүрген соң жусан, итсигек, ебелек өсетін құмдақ алапқа ұласады. Тура осы тұста терең жарқабақ бітіп, жаға жайпақтанады. Бұл жайпақ, тегістеу жер шамамен үш шақырымға созылып, бұрынғы метеостанса тұрған жерде жарқабақ қайта басталады. Жарқабақтың қай жағынан болсын әлгі үш шақырымдық құмдақ тегістікке келген адам бұл өңірдің өзеннен насоспен яки шығырмен тартып су шығарып, егін салуға қолайлы жер екендігін бірден бағамдар еді. Сарықасқа жақтан келген біз де құмдақты айнала, зер сала жүріп, ескі жаптардың орнын кездестірдік. Тары сияқты құмды жерді жақсы көретін дақылға дәл келіп тұр, әрі су жақын.

Хош дейік, Ағаев уақиғасына байланысты деректерде бәрінен де көп айтылатын тарышылар егінді осы жерге салғанда өздері қай тұста отыруы мүмкін?

Біздің анықтай алмай, қиналған жеріміз де осы болды.

Есімізде болса, қарулы десантшылар елге ілкі келгендерінде қойды егіс бригадасындағы Ботағарадан, ал мал өнімдерін Аманбай тоғайдағы сиыр фермасынан сатып алып кетеді. Есенбай Ботағаринге айтқызсаңыз, оқиға өтетін егіс бригадасы Қазыбекте, қырқым пунктінде отырған. Қойман Сәдуақасовтың жазуынша, штаб орналасатын егінші ауыл Есенбай шағылда. Жылқы фермасы Ұялы маңайында орналасқан, деуге бейім мәліметкөздер.

Бұған қарағанда, егіс бригадасы мен сиыр фермасы бір аумақта – Аманбай тоғайда сыбай-көрші отырғандарына ешкімнің дауы болмаса керек. Аманбай тоғайдың біте берісіндегі құмдаққа жап салған тарышылардың мекені одан бір шақырым жерде, Жемнің солтүстік-батысқа құлдилаған иініндегі төбе басында, кейін метеостанса орналасатын қыстау ауылда болған десек, адаса қояр ма екенбіз. Географиялық координаты: 47о05. 589` Е055о06.646`. Метеостанса топографиялық картаға «Жанбике елді мекені» деген атпен түскен. Стансаның бұл күнде бұзылған жалғыз қабат екі корпусының етек жағында, төбенің тепсеңінде ескі қорым – Қазыбек зираты жатыр. Есенбай Ботағарин егіс ауылына теліген «Қазыбек, қырқым пункті» дейтін сөз осы зират атынан шықса, өзі білсін.

Осы жерде «Сиыр фермасы қайда отырған, жылқы фермасы қай маңайда болған?» дейтін заңды сұрақ туады. Бір қызығы, жергілікті тұрғындардың ешқайсысы да екі ферманың орнын түстеп көрсете алмады. Тағы да түйсігімізге жүгінуге тура келді. Ең алдымен жылқы фермасынан бастайық.

Есен Құдайбергенов Қосшағылға жіберген депешасында Ұялыға жылқы фермасының меңгерушісі Байшыған Бектұрлиев келгенін, үйіне егіс бригадасынан бес кісі кеп түсіп, жолшыбай қарулы кісіер кездестіргендерін хабарлағанын жеткізеді. Серік Шәкібаев та әлгі бесеудің Аманбай тоғайдан шығып, Ұялыға қарай он шақырым жүргеннен кейін бөгде аамдарға тап болғанын егжей-тегжей жазған. Бұған қарағанда, Байшығанның жылқы фермасы Ұялы бетте. Алайда, бажайлаңқырап қараса, Ұялының маңы жылқы ұстайтын жер емес. Сиыр малы жайылатын қоңырлық. Одан бергі Қазыбек, Қоңырорпадан Сарықасқаға дейінгі алап – қой малы сүйіп жейтін сортаң шөптері көбірек тегістеу қатқылдық. Сонда Аманбай тоғайда сиыр жайылатын қоңырлық пен жылқы жүретін шұбарлық қай жерде болуы мүмкін?

Біз осы сұрақты қойғанымызда Салық та, Қосымбай мен Әбен де бір ауыздан Жемнің оң жағалауын, яғни арғы бетті атады. Айтуларынша, Аманбай тоғайы деп өзеннің екі бетін де айтуға болады екен. Шынында да, егіс ауылы мен сиыр ауыл, жылқы фермасы Жемнің екі бетіне бөлініп отырса, оның несі әбес? Екі арадағы қатынас көктемгі су тасқыны шегіне жетіп, Жемнің деңгейі біржарым – екі метрге көтерілетін сәуірдің басында, онда да алты-жеті күн ғана қиындайды, қалған уақытта ел сутасқын кезінде ғана ені жүз елу метрге баратын өзенді өткел-өткелек, тайыздау жерден кешіп өте береді және осы үйреншікті тірлікті кейін ресми органдарға берген түсініктемелерінде әдейі атап айтуды қажет деп таппағандары да түсінікті. Бір ғана тұста – Аксельрод мақаласында чекистер бөгде адамдардың хабары тиісімен аттарына міне салып солай қарай, яғни фермаға бару үшін өткел арқылы сол жағалауға шыққаны айтылады. Яғни, Жемнің оң жағалауында – арғы бетте жайғасқан жедел топ бергі бетке өтеді. Арғы бетте олар не істеп жүр, әлде Қойман өз жазбасында екі жерде анықтап жазғандай, жедел топтардың қимылын үйлестіру мақсатында құрылған штаб о бастан оң жағалауда, Сәдуақасов айтатын «Есенбай шағыл» деген жердегі жылқы фермасында орналасуы мүмкін бе? Ондай атты мекен бар ма өзі?

«Бар, – деді жер жағдайын жақсы білетін ел адамдары. – Есенбайдың құдығы, Есенбайдың ағы, Есенбайдың шағылы дейтін үш жерді арғы беттен іздейсіз».

Тамыздың аяқ шені, су қайтқан уақыт қой, Жемнің оң жақ бетіне автокөлікпен өту онша қиынға түскен жоқ. Жемді бойлап Қазыбектен шамалы төмен жүрген соң суы тізеден келіп жатқан жайпақтау жермен арғы жағаға баяғының Тайбурылынша ырғып шыққан PATRIOT енді бізді өкше ізімізбен кейін қарай алып жүрді. Арғы беттегі Қазыбек – Жанбикенің деңгейіне жетпей, дала жолымен Жемді жағалап кеп маңдайды солтүстік-шығысқа бұрған кезімізде алыстан жалғыз үй көрінді. Бұл – мана Қосымбай мен Әбен сілтеп жіберген Қойшығұл Сейітовтың жылқы қосы.

Бұдан бұрын айттық, Қосымбай мен Әбен «Жаңа таңның» қойын жаяды деп. Қойшығұл болса осы атырапта азуын Айға білеп тұрған үшбу акционерлік қоғамға қарасты жылқы малының денін бағып отыр. Ілгеріде жазғанымыздай, серіктестіктен ұжымшарға, одан кеңшарға айналған «Коммунизм таңы» өзінен 1964 жылы бөлініп шыққан «Қарақұм» совхозына 14 мың қой, 325 жылқы беріп, 1976 жылы жаңадан құрылған «Қосшағыл» кеңшарына 12 мың қой, 1153 жылқы, 1132 түйе, толып жатқан техника еншілегеніне қарамастан, жарыстың алдын бермеген. Ақкиізтоғайлықтар 1970-1976 жылдары әр жүз саулыққа 143 қозы, басына бастан құлын, елуден артық бота ертіп, екпе жоңышқаның әр гектарынан 55 центнерден өнім алады, сөйтіп бірнеше дүркін Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанады. Бұрын «Қосшағыл» совхозын басқарған Салықтың айтуына қарағанда, Кеңес кезінде қойдың санын отыз сегіз мыңға, жылқыны бес жүзге жеткізген совхоздың бүгінгі мирасқоры «Жаңа таң» қойдан соның бес мыңын, жылқыдан бес жүзін, түйеден үш жүзін ұстап қалыпты. Бас аман, бауыр бүтін тұрса, әлі-ақ орны толады. Қойшекең бұған сенімді.

Қойшығұл Сейітов – Ағаев уақиғасындағы ең бір трагедиялық хал иесі Байжан Атағожиевтың жиені. Сүйегі – осы өңірдің табанын құрайтын таз, оның жәнімбет атасы. Дәлірек айтқанда, Нұрлан Қосмағамбеткеліні Сейітовтер әулетіне нағашы шеше болып келеді. Сол кісі 1944 жылы өзі куә болған оқиғаны келіні, яғни Қойшекеңнің зайыбы Фаризаға жиі әңгімелейді екен. Жас келіншек кезі, десантшылар әуелгі келісінде ер адамдарға темекі, әйелдерге кездеме беріп, екі жақтың арасында жылы, бауырмал қарым-қатынас орнайды. Екінші келісте ауылдағыларды қорқытып, киіз үйге қамап, Байжан атасын алып кетіпті. Нұрлан әжей жасында өжеттеу болса керек, «Қайнатамды қайда әкетіп барасыңдар?!» деп, суырылып шыққан екен, ұзын бойлы мұртты қара кісі мылтықтың дүмімен ұрып, ішке қуыпты.

Фаризаның шымырау құдықтың суына қайнатып, інгеннің сүтін қатқан шайын ішіп, сүзбеге сүт, секер, сарымай қосып жасаған қайнатпасынан дәм татып отырғанда әңгіменің беті тағы да мал жайына бұрылды.

Қойшығұл бұл жерде қарашаға дейін отырады екен. Күн суытып, Жемнің суы табандап қата бастағанда вагонын машинаға тіркеп алып, малын алдына салып, Маңғыстау беттегі Майкөмгеннен төмен Қоңырқұдық дейтін жерге қыстауға құлайды. Жылқыны ойпаңға иіріп тастайды да, вагонды ойпаң шетіндегі қырлыққа қаңтарады. Тебіндеген мал әлгі жердің отын азайтқан кезде келесі ойпаттау жерге көшеді.

Жаз кезінде Қойшекең ауыз суды солтүстік бетте, жиырма бес-отыз шақырым жердегі Шаңдықұдықтан тайыздау жерден помпалы АБ-1 моторымен айдап отырып, осы өзі отырған қосқа жеткізеді. Мал Шаңдықұдықтан әрі, солтүстік-батыстағы Намазтақырдан құбыр ішіне ауа айдап, суды қысыммен көтеретін компрессор мотор арқылы тереңдеу жерден шығарып, бетон суқоймаға жинап қоятын ащы суды ішеді. Қойшекеңнің сөз сылайына қарағанда, Шаңдықұдық – Сейіт әулетінің әлімсақтан келе жатқан жаз жайлауы. Қысқа салым Жанбикеге көшіп отырған. «Арғы беттегі, метеостанса тұрған Жанбике ме?» дедік біз әңгіменің дәл осы жеріне келгенде. Қойшекең біртүрлі түсінбестік көзбен қарады. «Жанбике арғы бетте емес, бергі бетте, қазір өзіміз отырған жерден алты-жеті шақырым, Жемнің жағасында», – деді сосын жай ғана.

 Ел «Есенбайдың ағы» деп атайтын Есенбай имам қорымы

Ал керек болса!

«Мен Байжан нағашымды көрген жоқпын, – деп сөзін сабақтады Қойшығұл. – Бірақ, атамның інісі Жәкен деген кісіні көрдім. Жанбикеде отырған сиыр ауылда бақташы болды көп жылдар. Мамырға дейін Жанбикені жайлап, жаз шыға табынын айдап, Шаңдықұдыққа кететін. Ол кезде Шаңдықұдықтың жайлауында үш бірдей тұщы сулы құдық болатын».

– Сонда соғыс жылдары Киров колхозының сиыр фермасы өзіңіз айтып отырған Жанбикеде орын тепкені ме? – деп қадала түстік біз.

– Еш шүбәсіз солай, – деді Қойшығұл да, оның інісі Серік те бір ауыздан.

Кеш түсті. Ымырт қараңғылығымен оң қолда, Жемнің арғы бетінде Қаражар тауы қарауытады. Одан беріректе мұхит төсіндегі жалғыз жалаулы кемедей ағараңдаған қырат – Есенбай тауы. Ал қарсы алдымызда – шөккен нардай болып батысқа созылған Қанжыға. Одан бері, біз тұрған орыннан екі-үш шақырым жердегі жолмен шаңын шұбалтып «КамАЗ» кетіп барады. Жергілікті ел әзілдеп айтатын «Ұлы Жібек жолы». Айтса айтқандай-ақ, бұл жолмен машиналар онша жиі жүре бермейді. Көп болса айына екі рет қатынайды. Есебін тауып, екі асайтындар Ақтөбенің Доңызтауы секілді бір бүйір жатқан түкпірдің түбегінде гастарбайтерлерге («өзбектерге») әдейілеп мал бақтырады, не жергілікті халықтың малын көтере салып алады да, тіркемелі «КамАЗ»-ға екі қатар қып тиеген алты жүз қойды Маңғыстау жаққа бір-ақ асырады. Оның үстіне биылғы жаз өрмек жүзінен ауғанына қарамастан малдың ішін шарбылы етіп, шараны майға толтырып тұр. Әдетте маусымда-ақ саркүйік боп қалатын жер шіркін жиі түскен шық-шыламнан соң көктемдегі сияқты дүркіреп көтерілген шикі көккке батып-ақ қалған екен. Жайлау жусан, ебелек, сіңбірік, теріскен, еркек сынды сиыр жейтін шөптермен, қаңбақ, қына, беде, түймеқарын тәрізді аяқты малға керек дала шөбімен құлпыра жайнап жатыр. Оны таңертеңгілік өзен жақтан ескен ерке самал көтере түскендей. Даланың осы хош иісіне елтіген күйі біз шын Жанбикені көргелі келе жатырмыз.

Қойшекең көрсеткен Жанбике Жемнің дәл қабағында. Дәлірегінде орны, жұрты жатыр. Машина түгіл ат шашасынан бататын құмдақ, жартақ шағыл. Арғы беттегі Метеостанса «Жанбикеден» бастап Жемді өрлей оңтүстік-шығысқа қарай есептегенде төрт-бес шақырым жерде. Географиялық координаты: 47о02. 301` ЕО55о 08.01`. Жем осы жерден солтүстік-шығысқа қарай кілт бұрылатын иініне дейінгі аралықта жарқабақсыз, жайпақтау болып келеді. Содан болуы керек, сол жағалаудағы тары алқабы мен оң жағалаудағы сиыр фермасы бір-біріне қарама-қарсы дерлік орналасқан. Екі ортадағы көбінесе суы тартылып, тайызданып жататын Жемді есептемегенде, бірінде күйіп кеткен сүттің иісі екіншісіне жетіп жататын қатар ауылдар. Десантшылар уақиғасына байланысты жазбаларда һәм ауызекі деректерде айтушылардың бастан жақты айырмай, «қарулы топ егінші ауылдан қой, сиыр ауылдан құрт-ірімшік алып кетті» деп, екеуін бірыңғай атай беретіні де содан болуы керек. Демек, Аксельрод жазған жедел қимыл тобы атпен арғы бетке лып етіп өтіп алғаны секілді, жаяу десантшылар да екі ауылдың арасында ерсілі-қарсылы сапарлап жүрген-ау.

Дұрыс қой. Дегенмен, бір адамның (жердің) атымен екі ауыл қатар атала ма? 1944 жыл уақиғасының куәгерлерінің бірде-біреуінің Жанбике атын ауызға алмауы қалай? (Аксельрод қана десантшылар Есенбай шағылға жетіп, аяқ суытатын орынды сипаттағанда «Жаңасеке» дейтін қыстаудың атын атайды).

Біздіңше, тарышылар ауылы да, сиыр ауылы да кейін, ұжымдастыру кезінде пайда болып, бұрын етек басып ел отырмаған жаңа жерге орныққан бірліктер. Ал «Жанбике» атауы (жақын маңдағы бейіттің аты) екі ауыл да жойылған (көшіп кеткен) кейінгі жылдары пайда болады да, «тарышы ауыл», «сиыршы ауыл» дейтін кезеңдік аттарды ұмыттырып, олардың орнын басады. Тарихи топонимикада кейінгі кісі аттарының (антропонимдер) ілгергі байырғы жер-су аттарын ығыстырып шығаруы кәдуілгі құбылыс. Алайда оң жағалаудағы сиыршылар ауылының орнында кейін пайда болған Жанбике елді мекені сонан соңғы ірілендірулер кезінде тағы елі көшіп, иесіз қалады да, оның атын арғы бетте 1970-жылдары бой көтерген Метеостанса иеленеді. Сол себепті 2006 жылға дейінгі жер-су аттары бойынша түзілген топографиялық картаға Жанбике атауы метеостанса аты ретінде түскен.

Ендігі мәселе – егіс бригадасынан Байжанды алып кеткен десантшылардың Есенбай шағылға қай жолмен жеткенін анықтау. Бұдан кейінгі оқиға атаулының оң жағалауда өрістегеніне қарағанда, парашютшілер Байжанды әкететін түні Жемнің егіс бригадасы тұрған тұсынан арғы бетке өткен. Біз де олар өткел еткен тұсты сиыр фермасы тұрған орын деп алып, сол жерден маңдайды Есенбай мешітке беріп тұрдық. Қойшығұлдың айтуынша, осылай жүргенде бұл жерден мешіт түскен тауға үш жолмен баруға болады екен. Біріншісі – Жемді жағалап, Қаражар тауын бөктерлей, солтүстік-шығысқа, яғни Алатауға қарай жүре беру. Сол сияқты солтүстік-батыс беттегі Қасқырбұлақ, одан арғы Есенбай жайлауы, Есенбайдың ағы (қорымы) арқылы да баруға болады. Мұның екеуі де бұрыс, оқабы мол, неғайбыл жол. Түн қараңғылығын жамылып аттанған топ ешқайда алаңдамай, тегістікпен таң атқанша жүргенінше жүріп Жемге жетіп, күн шыға өзеннің қалың қамысына жасырынып жатуды ойламады дейсіз бе. Осы есеппен қарағанда, ауылдан түнгі 12-нің шамасында аттанған топ сағатына орта есеппен алты шақырым игере отырып, фермадан тура он алты километр Есенбай мешітіне түн ортасы ауа жетіп жығылған. Екі орта елсіз. Оң қолда Жемнің қалың тоғайы, сол қолда – Есенбай жайлауы.

Осы сапар біз ат басын айтылмыш жайлауға да бұра кеттік.

Қойшығұл отырған жерден Есенбай жазығына Қасқырбұлақ арқылы барасың. Қасқырбұлақ – қырлықтан басталып, тегістікке ұласатын кеңдеу ойпаттағы, жағасына кісі бойынан биік қалың қамыс, алабота өскен көзді су. Әдетте қасқыр, қабан сияқты даланың жыртқыш аңы тығылып жататын қиындау сай. Егер білгенде, десантшылардың бекінуіне, паналауына таптырмайтын-ақ жер. Қасқырбұлақтан шығып, шығысты маңдайға алып он бес шақырым жүрсең, Есенбай жайлауының үстінен түсесің. Ат шаптырым тегістіктің өне-бойы фугас қазып кеткен «воронкаға» келетін ойдым-ойдым шұңқыр. Асса біржарым-екі метрден шыққан суы кешке тартылып, түнімен толып, таңертең қайта ашылатын тайыз дала құдықтарының бітеліп қалған орындары. Сонда дейміз-ау, осынша құдығы бар Есенбай дейтін қазақ заманында қанша түйе, қанша жылқыны шауыттап айдады екен?! Олай болса, 1944 жылы мамырдағы қуғын-сүргінде Қойман айтқан «штаб» орналасатын жылқы фермасы осы орында отыруы әбден мүмкін ғой.

Есенбай тауы мен Жемнің аралығындағы, десант тобы қонып шығатын жартақ шағыл

Есенбай жазығының Жем бетінде, бес-алты шақырым жерде үлкен қорым тұр. Заманында бордан қаланған молалар бұл күнде үгітіле-үгітіле төмпе боп кеткен, аппақ болып орны ғана көрінеді. Сондықтан ел қорымды «Есенбайдың ағы» атықтырған. Есенбайдың өзі осында жерленген бе, жоқ па, ол жағы мәлімсіз. Жерге, тауға атын берген бұл кісі жөнінде ел есінде қалған дерек тапшы. Сүйегі, тегі кім екендігі де белгісіз. Қорымға 1960 жылы қожа Мақан келіні Айғаш деген кісіні әкеп жерлегендеріне қарағанда, пайғамбар (ғ.с.с.) нәсіл-нәсібінен шығуы да бек мүмкін. Кезінде әулие болған, мешіт-медресе ұстаған. Мешіті әнеу тұрған борлы таудың қойнауында, Жемнің жағасына қарай сәл кейінірек жүрсең, төрт-бес шақырым.

Есенбай тауына теріскей беттен бір ғана жол апарады. Өзге жағы биік жар. Сонда алыстан созыла түсіп жатқан тау сияқты көрінетін қырат жақыннан, кірер ауыздан қарағанда аттың тағасындай иілген едәуір үлкен шатқал боп шығады. Шатқалдың орта тұсында бір кезде ақ бор жынысты жартылай үңгіп салған мешіт, бұл күнде құландысы жатыр. Географиялық координаты: 47о05. 276` ЕО55о19.359`. Құлшан ата мешіті сияқты үш бөлім етіп салынған екен: ауыз бөлме, оған жалғас үлкеніректеуі бала оқытқан медресе, ең соңында – мешіт бөлме. Үш бөлменің де төбесі опырылып, ортасына түскен. Соның өзінде жауыннан ықтасын, желден ық, жаудан пана. Бұрын қалай ғана десанттың көзіне түспеді екен бұл жер.

Осы өлке тарихының білгірі Ибрагим Ермекбаевтың айтуынша, Есенбай тауының қарсы бетіндегі Қаратөбені ертеректе пір Бекеттің әкесі Жаналы жаз жайлаған. Осында бекеттің он екі жасында бойынан әулиелік нышаны білінген. Қаратөбе маңы — Мемлекеттік сыйлықтың иегері, майталман шопан Марқабай Жартыбаев кезінде қой қоздатқан көктеу жер.

Мешіт орнаған қырат пен өзенді шағын тақырлық, одан әрі құмды бұйрат бөліп тұр. Қойман Сәдуақасов жазатын «жартақ шағыл» осы болуы. Бұл жерге талай келіп, дұға қайырып кетіп жүрген сыралғы Қойшығұл мен Серік Сейітовтердің ізімен шағыр, изен, сүттіген, жыңғылдың жапырақты шыбығын, тағы басқа да өзіміз атын білмейтін бұта өсімдіктерді жарып өтіп, жүз-жүз елу метр жүргеннен кейін жүзген өскен ашыққа шықтық.

Алдымызда Байжан Атағожиевтың бейіті тұрды.

Ілгеріде келтіргеніміздей, Қойман мен Жақа Байжанның мәйітін осы арадан табады. Сәдуақасов жазбасына қарағанда, десант тобы бұл жерден аттанып кеткен күннің ертеңіне. Ал ел адамдарына айтқызсаңыз, Құрман деген кісі төртінші күні барып үстінен шыққан. Маңдайдан атқан кезде жүресінен отырған бригадир екі аяғы тізесінен қайрылып, шалқасынан құлаған екен. Бетін шағыр шөппен жасырып кетіпті. Кім тапса да, ауыл адамдары, ағайын-тума жиылып келіп, терісі іріп, иістеніп кеткен мәйіт алып жүруге келмегендіктен сол өлген жеріне қояды. «Бай туған жеріне, батыр өлген жеріне». Г. Аксельродтың жазуынша, кейінірек басын мазармен қарайтқан: «Мазардың төбесі жабылмаған. Берік болуы үшін ат қылын қосып, иін қандыра илеген балшықтан соғылған, бұл күнде желден, жауын-шашыннан мүжілген аласа қабырғалар ғана тұр. Мазардың өзінде жазу да жоқ. Тек қабірдің басына көк тас қойылған да, оған өлген кісінің аты ойып жазылған». Мақала шыққан 1980-жылдардың басында қараусыз қалып, әлгіндей күйге жеткен төртқұлақты соқпа бейіттің (мазар емес) басын сол жылдары «Коммунизм таңы» кеңшары партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған мархұм Есенгелді Нұршаев қайта көтереді.

Байжан Атағожиевтың бейіті

«Қайта көтерді» деп сөздің ретіне қарай жазып отырмыз, негізінде Байжанның басы жаңадан қарайтылған. Жарты метрдей таған тартып, оған кісі бойындай етіп күйген қызыл кірпіштен белгі орнатып, сыртын ақ бетонмен сұпылап, ұшарына бес жұлдыз қондырған. Обелиск мал сүйкенбес үшін темір шарбақпен қоршалған. Бейіттің Есенбай мешіті жақ бетіне үлкендеу мәрмәр тақта орнатылып, оған: «Атағожиев Байжан. 1893-1944 ж. Май. 1944 жылы неміс десанттарының қолынан қаза тапты», – деген сөздер қашап жазылыпты. Байжан бейіті осы күйінде «Алтын адам» табылған Аралтөбе, Бекет атаның әке-шешесі жерленген Ақмешіт, Құлшан ата қорымдарымен бірге Ақкиізтоғай селолық округі аумағындағы маңызды тарихи ескерткіштердің қатарына жатады. Кеңес кезінде жыл сайын Жеңіс күні Ақтөбе облысының жақын маңдағы совхоздарының орталық усадьбаларындағы, ферма орталықтарындағы мектептердің оқушылары келіп, гүл шоқтарын қоятын, ерлік рухты өлеңдерді сабасына келтіріп, дауылпаз дауыспен асқақтататын керемет бір дәстүр болыпты.

Бұл атырап Атырау мен Ақтөбе облыстарының мөр басылған айқын шекарасымен бөлінсе де, екі жақтағы ел бір-бірімен жігі қиюласып, ию-қию араласып жатыр. Әрбердесін Сарықасқаның жарты жері Ақтөбеге қарайды.

Есенбай мешітінің құландысы

Одан әрі Жемнің сол жағалауындағы Қандыарал, Жыңғылдытоғай жайлауы, Қаражар тауы, оң жағалаудағы белгілі Жанбике, Есенбай таулары да осы облыстың аумағында. Солай болсадағы бұрын да, қазір де бұл жерге негізінен жылойлықтар мал жаяды. Ағаевтың «Сонда біз Ақтөбенің шегіне кіріп кеткеніміз бе?!» деп таңданатыны да содан ғой.

Біз де Есенбай шағылда жылойлықтармен қимай қоштасып, әрі кеттік. Бағытымыз – Құлақши. Уақиғаның соңғы төрт күніне байланысты жазбаларда ең жиі қайталанатын елді мекеннің бірі. Ол күндері оқиға қалай өрістеп еді?

(жалғасы бар)

Мақсат Тәж-Мұрат

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3515