Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Алашорда 14036 30 пікір 29 Сәуір, 2019 сағат 11:59

Оспан батыр туралы...

Бүгін Алаштың арыстан ұлы Оспан Сіләмұлының атылған күні

Өр Алтайдағы ұлт азаттық күресінің басшысы Оспан Сіләмұлы туралы әр түрлі жазбалар батырдың көзі тірі күнінде-ақ жарық көре бастады. Қытай жағында жарық көрген жазбалар мен естеліктер жалпы алғанда екі түрлі бағытта өріс алды. Атап айтқанда, Оспанды бағалау және терістеу мақсатында еді.

Оспанды дұрыс бағалау идеяларына келсек, ол шынайы ұлт мүддесін көздеушілер жағының шындық жүзіндегі өлшемі болды. Ал, қаралаушылар жағына келсек, тарихи жағдайларға қысқаша тоқтала кетуімізге тура келеді.

1944 жылы 12 қарашада Кеңес Одағының тікелей ықпалымен құрылған Шығыс Түркістан Республикасының тағдырын 1945 жылы ақпанда Кремль түбегінде өткен «Ялта мәжілісі» құрдымға жіберді. Атап айтқанда, «1945 жылы 11 ақпанда Кеңес Одағы, АҚШ, Ұлыбритания үш елдің басшылары Кеңес Одағының Қырым түбегіндегі Ялтада мәжіліс ашты. Кеңес Одағының Жапониямен соғыс жүргізуі және соғыстан кейінгі дүниежүзін орналастыру қатарлы мәселелер туралы құпия талқы өткізді»(1).

Жас Республиканы қорғап қалуға жан таласқан Әлихан төренің арманы көп, дәрмені аз болды. Атап айтқанда Әлиханды Кеңес одағы үкіметі 1946 жылы 17 маусымда жасырын түрде қолға алды. Әлихан төре өзіне таянған қауіп-қатерді және Кеңес одағының өзі құрған Республиканы құртуға ниеттенгенін сезген кезде, яғни, 1945 жылы қараша айында Шығыс Түркістан Республикасының кезектен тыс құрылтайын шақырып, ұлтшыл, түрікшіл, исламшыл топтарды жанталаса өзіне тартқан еді.

Сол кезде Әлихан төре Алтайда Оспанға, Сауанда Қалибекке хат жазып, Шығыс Түркістанды қорғап қалу мақсатында жаңа күрестің бағытын белгілеуге әрекеттенді. Бұл құрылтайға Оспан өзі бара алмай ақылышысы Ләтіп Мұстафаұлын жіберсе, Қалибек Қамза Шөмішбайды жіберді.

Шын мәнінде бұл әрекет тым кеш қозғалған еді. Әлихан төре Кеңес одағына жасырын түрде ұстап әкетілгеннен кейін, ұлтшыл топтардың ішіндегі ең көрнекті өкілінің бірі Оспан батыр болды. Кеңестік қызылдар ендігі жерде Оспанның көзін құртуға әрекеттенді. Кеңестік қызылдар Моңғолия арқылы және Шығыс Түркістан Республикасының жұртындағы «үш аймақшылдар» арқылы Оспанды құртпақ болды. Халықаралық жағдай және коммунизимнен келетін қатер сынды анталаған жаулықты алдын-ала сезген Оспанның Гоминдаңшыл қытайлармен одақ құруы және гоминдаңшыл қытайлар арқылы АҚШ елшілігіне шығып, комунистердің қызыл тасқынына қарсы тұрарлық жол іздеуі осы кезеңнен бастау алды.

Жоғарыдағы оқиғаларды баяндауымыз осы оқиғалар ендігі жерде Оспан туралы жазылып жатқан және жазылмақ болған тарихи естеліктерге тікелей әсер етті. Нақтылап айтқанда, Оспанды құртуға әркеттенген Кеңесшіл топтар және олардың Шынжаңда ашық және жасырын қалдырылған тыңшылары мен басқа да көз-құлақтары тарихты бұрмалауға жанталаса кірісті. Сөйтіп Шынжаң жағында жазылған естеліктердің басым пайызы коммунистік бағытқа бейімделіп, Оспанды қаралауға жұмыс істеді. Дегенмен де Оспаннның шынайы ерлігіне келгенде көбі екі жақты көзқарас айтуға мәжбүр болды. Ал, ішінара қаламгерлер тарихи оқиғаларды ғана баяндап, оған баға беруге келгенде сақтық танытты.

Оспан хақында Шынжаңда көптеген тарихи естеліктер мен деректер жазылды. Бастыларынан төменедегілерді атауға болады:

1. Асқар Тананайұлының естеліктері.

2. Пәтіхан Сүгірбаевтың естеліктері.

3. Қожай Доқасұлының естеліктері.

4. Уақит Халелұлының естеліктері.

5. Сұң Шиланның естеліктері.

6. Ләтіп Мұстафаұлының естеліктері

7. Нәби Оспанұлының естеліктері, т.б. лар.

Бір қызығы, Оспанның көзін құртуға асыққандар оның тірі кезінде-ақ жанталаса әрекеттенді.  Бір кездері Оспанды қолдаған Кеңес қызыл үкіметі кейіннен коммунистік қытайға жақшы болып, Оспанға жау болды. Қызыл армия Шынжаңға кіре салып, құртуға тиісті күштердің қатарында Оспан тұрды. Кеңес Одағы осы аумаққа жасырын қалдырып кеткен «жансыз» адамдары арқылы да Оспанға қарсы әртүрлі шаралар ойластырып, оның келе жатқан қытай қызылымен ымыраға келуінің алдын алды. Мұның мысалдарын 1950 жылы шыққан «Шынжаң газетінің» қазақ тіліндегі ескі парақтарынан анық көре аламыз.

Газеттің 8 санына қатарынан ұласпалы етіп басылған бұл мақаланың аты «Ұлтшылдық пердесін жамылған ұлт азғындары жөнінде» деп аталады. Авторы «Халық ұлы» деген бүркеншік атпен берілген. Мақала 1950 жылы 10 қаңтардан бастап жарияланған. Онда қазақ қаламгерлері өкілінен «Халық ұлы» деген атпен жазылған мақала қызылдардан Оспанды жазалауды сұрады. Сөйтіп, Оспанға қарсы жазбалар оның көзі тірісінде-ақ жариялана бастаған (2).

1946 жылы Әбдікерім Ынтықбайдың Оспанға арнап мадақ өлең шығарғанын еске алсақ, тарихи тұлғалардың басында болатын күнгей мен теріскей суреттері Оспан өмірінде де жиі ұшырап отырды.

Асқар Татанайұлы «Тарихи дерек келелі кеңес» кітабында, Оспанның алғашқы күрес жолына тоқталғанда:

«Тарихта батырдың ерлігі шайқас барысында сынала келе байқалған. Күртіде шығынсыз соғыс жүргізіп, ел көзіне алғаш түскен Оспан, осыдан бір жыл кейін Таршатыдағы соғыста жауды тар сайға қашытқы салып кіргізіп, алды-артын оқпен тосып, мың адамнан тіл құтқармағанда, сайдың бір бетінде – Оспан, бір бетінде – Сүлеймен бастап шайқасып еді. Екеуінің мергендігі мен ерлігі ел көзіне ерекше түскендіктен, осыдан бастап халық Оспанға Зуқаның берген бағасын дұрыс түсініп «кер жақ Оспаннан» «батыр Оспан» атанып еді. Досына да, дұшпанына да өзін осылай танытқан Оспан кейбіреулер тікелей бағынып, төңкерістің басшылары қолды болып кеткенімен де, төңкерісті тоқтатып тастамады. Шың Шы цай әскеріне ойламаған жерден соққы беріп, қансыратып отырды.

Үкіметтің қолына түспеген әрбір сай-салада қалып қалған ауылдар Оспанды таба бастады» (3) деген деректер келтіреді.

Шынжаң қазақтарынан шыққан көрнекті тарихшы, жазушы Асқар Татанайұлы Оспан туралы жазылған өз естеліктері мен деректерінде, нақтылы тарихи оқиғаларды баяндауға көбірек мән береді де, Оспанды қаралау тұстарына келгенде айналып өтіп кетеді. Немесе қызылдар келуден көп бұрынғы Оспан ерлігіне тоқталады да, кейінгі тағдырына немесе саяси баға беруге ойыспайды.

Оспан туралы естеліктер мен тарихи деректерді жазушының бірі – Пәтіхан Сүгірбаев. Ол өзінің «Алтай арпалыстары» (Шынжаң халық баспасы, Үрімжі, 1996 жыл) аталатын еңбегінде Оспанды үш тарихи дәуірге бөліп қарастырады. Атап айтқанда автор аталған еңбегінде: «Оспанның бір-бірінен өзгеше үш кезеңдегі іс-әрекеті үш түрлі сипат алады» (201-бет) дей келіп, аталған кезеңдерге жеке-жеке тоқталады.

Онда батыр тұлғасына: «Бірінші, 1940 жылдың басынан 1943 жылдың шілдесіне дейінгі Оспан – айқын саяси бағдары жоқ, іс-әрекеті оғаш, әйтеуір жалпылық беталысы езгіге, зұлымдыққа қарсы көтерілісші. Екінші, 1943 жылдың кейінгі жартысынан 1946 жылға дейінгі Оспан – мейлі ол қандай жағдайда, қандай ниетте болса да, қайткенмен де қарулы күрес арқылы үкіметті тартып алып, халықты азап бұғауынан азат ететін төңкеріске қатынасушы және оған басшылық етуші. Үшінші, 1946 жылдан кейінгі Оспан – гоминдаң кертартпашыларын, сондай-ақ Американ имперализимін арқа тірек ете отырып, әуелде үш аймақ төңкерісіне, коммунизимге, Кеңес одағына, кейін жұңго коммунистік партиясына, халық үкіметіне қарсы тұрған нақ кері төңкерісші» (201-202 беттер) деген баға береді. Көріп отырғанымыздай автор біріншіден – Оспанға коммунистік  идея тұрғысынан, екіншіден – әкесінің жауы боп өткен дұспаны тұрғысынан қарайды. Сезімдік таныммен қалыптасқан өз көзқарасын баға ретінде көрсетеді (4).

Пәтіханның әкесі Дәлелхан Сүгірбаев. Оспан дәуіріндегі тарихи тұлғаның бірі. Пәтіхан әкесі хақында аталған кітабының 222-бетінде: «1941 жылы қазанның басында Кеңес одағына өтіп кетіп, Алматыда «Шығыс университетінде» оқығанын» айтады. Демек, Сүгірбаев Дәлелханның Кеңес одағының тәрбиесінде болып, коммунистік идеяның ықпалын қабылдағанын жоққа шығармайды.

Оспан мәселесіне келгенде П.Сүгірбаевтың көзқарастарына таңдануға болмайды. Себебі кеңестер одағы дәуірінде цензураға ұшыраған ұлт зиялыларының жазбаларында да ұлт қаһармандарын қаралайтын көлеңкелі беттер көп кездесті.

Шынжаң жағдайында шындыққа барынша ұмтылушылар мен қаралаушылардың қатарынан қалам тербегенін байқаймыз.

Оспан туралы 1998 жылы 12 сәуірде жазған естелігінде күрес куәгері Уақит Халелұлы – Оспан төңкерісіне баға беру емес, болған оқиғаны баяндауға ден қояды. Естелігінің соңында: «Алтай көтерілісінде он жылдық тарихи ахуалды өзімнің ішінде болып көрген-білгендерімді, естігендерімді жинастырып жаздым. Шамамша шындықты жазуға көңіл бөлдім. Осы тарихи әрекеттің басынан аяғына дейін Оспан ішінде болып, басты рөл атқарғандықтан Оспан тарихы сияқты жазылды. Қабілетімнің төмендігін еске алып артық-кем жеріне сынды пікір беруді қарсы аламын» (5) дейді. (Ж.Шәкенұлы құрастырған «Оспан» кітабы. 2010 жыл, Тұран баспасы, Алматы, 2010 жыл).

Асқар Танатайұлының тарихи естеліктері мен Уақит Халелұлының естелігі Оспан төңкерісінің барысын баяндайды да, арнайы баға беруге ұмтылмайды.

Өкінішке қарай, Қожай Доқасұлы, Әпетай Мұқарапұлы сынды қаламгерлер өз естелік-еңбектерінде Оспанды «банды» деп қана атайды. Оспан ғана емес Қалибек Хакім жайында да қаралау мәніндегі жазбалар кездеседі.

Ал Оспан батырды қолға түсруде ерекше еңбек сіңірген қытайшыл қызыл өкілдері де өздерін ерекше «батыр-қаһарман» көрсеткісі келген. Айталық, Оспанды ұстауға ерекше еңбек көрсеткен қытай әскері Күң Чиңйұн «Оспанды ұстау» атты естелік мақаласында былай дейді: «1951 жылы 19 ақпан күні таңсәріде атты әскерлер бригадасы Оспанның 30 неше киіз үйіне 3 бағыттан тұтқиылдан шабуыл жасады. Шырт ұйқыда жатқан 100-ден аса бандыны тұтқынға алды. Оспанның орынбасар қолбасшысы, ардақтайтын батыры Жанарқанды (Жәнәбіл болса керек – Ж.Ш.) тұра қашқанда, қуа атысып, оққа ұшырды. Штаб бастығы Қапасты жаралы күйде қолға түсірді. Банды атаманы Оспан ақбоз атына мініп, бандылардан бірнешеуін ертіп, қашып кетті. Ол кезде атты әскер бригадасының 3-взводында мәдениет мұғалімі едім. Атқа мықты болғандықтан, Оспанды қуғандардың қатарында мен де алда келе жаттым. Алдымда қашып бара жатқан Оспанды анықтап көрген тұста жігерленіп, қайратыма мініп, дәлдеп ата бердім. Бандылардың бірнешеуі аттан домалап түсті. Ал Оспан шауып бара жатып, артына қарап оқ жаудырумен болды. Жиырма жастағы тепсе темір үзетін шағым еді. Құйыршықтардың біздің жауынгер серіктерімізді, бұқараны қырғанын ойлағанымда тұла бойымды шексіз ыза-кек кернеп, бандыны қуып жетіп, халықтың кегін қайтаруға бекіндім. Атымды тебіне қамшылап ұштырттым. Оспан бандының артына атқан оғынан етпеттеп, аттың жалын құшақтай шауып жалтардым. Атым Оспанның ақбоз атына жанасалай жақындағанда атымнан Оспанға қарай ұмтыла секіріп, құшақтай бас салып, Оспанды аттан жерге құлаттым. Жерге түскен соң, арпақ-құрпақ алысып сілкілестік. Оспан менен бойшаңдығына, денелігіне сүйеніп, мылтығының найзасымен басымды қасқалай жарды. Жараның жаныма батқанына қарамай, мен де бар пәрменіммен жұдырықтап, тепкілей бердім. Кенет Оспан жанындағы кездігін суырып алып, мені оқты көзімен атып, жарып жібермек болып, тұра ұмтылды. Дәл осы кезде біздің бригаданың аспазы Лю Хуалин шауып жетіп, жалма-жан мылтығының дүмімен Оспанды басқа періп кетті. Қылмысы басынан асқан құйыршық атаманы пышағы қолынан ұшып, есеңгіреп ұзыннан түсті. Барлығымыз жабылып байлап алдық» (6). («Шынжаңда белең берген шынайы істер», 3-том. Үрімжі, 2009 ж., 190-бет.).

Әрине, қытай қызылдарының Оспанды жау санауы, оны қаралап көрсетуі заңды құбылыс та шығар. Дегенмен де қытай ұлтынан шыққан қайраткер тұлғалар арасында Оспанды дәріптеушілер де табылды.

Кезінде Гоминдаң үкіметінің Шынжаң армиясының бас қолбасшысы болған Сұң Шилан (1907-1997) кейіннен коммунистерге бағынышты болып қызмет еткен еді. Ол өз естелітерінде 1947 жылғы Бәйтік оқиғасында моңғол-қытай шекара таласының қытай ұпайына шешілуіне Оспанның ерекше ерлік көрсеткенін жазған еді. Сұң Шилан Бәйтік оқиғасының мән-жайын айта келіп, Оспанға қарата: «Ер жүрек, ат мінуге шебер, мерген. Жеке батырлығы үстем адам болатын» (7) деген баға береді.

Сол тұстағы гоминдаң офицерінің бірі Лұй Чи «Оспан және Бәйтік оқиғасы» аталатын өз естелігінде Оспанмен бірге болғанын жаза келіп, өзінің Оспанның мекені туралы сұрағына батырдың: «Солтүстікте Ертістен, батыста Құлжа (Іле) мен Жоңғар ойпаты менің мекенім. Кімде-кім менің малым мен жаныма, жеріме тиіседі екен, қолын кесіп тастаймын!» (8) деп жауап бергенін жазады. Лұй Чи тағы да: «Мен Оспанның руын сұрап едім, ол «Қазақ – менің руым, менің үрім-бұтағым шығыста Моңғолиядан тартып, батыста Қазақстан менің руым» деді» (9) дейді.

Қытай жазбалары Оспанды қаншама қаралағысы келсе де оның ар жағында батырдың өр тұлғасы бірден менмұндалап тұрады.

Кеңестік және қытайлық қызыл империялардың идеясы сіңген қазақ қаламгерлері мен ғалымдары ішінен де Оспанның «тырнағының астынан» «кір іздеушілер» табылды. Шынжаң жағында жарық көрген Оспанды қаралау мақсатындағы естеліктер мен мақалаларды Қазақстан әдебиеті мен тарихына қаз-қалпынша көшіріп, пайдалануға ниеттенгендер де болды.

Ләтіп Мұстафаұлының естеліктері коммунистік жүйенің тікелей тапсырмасымен тар шеңберде жазылғандықтан, оған кінә артудың өзі қиын.

Оспан батыр туралы құнды естеліктің бірі Нәби Оспанұлы жазған естеліктер. Қазірше біздің қолымызға тигені үзіп-жұлған үзінділері болды да, толық нұсқасы әлі күнге жарияланбай келеді.

Шын мәнінде Оспанды қаралаудың қай түрі болмасын дәйек, дәлел жағындағы жетерсіздіктерімен тарих бетінен орын ала алмайды. Керісінше, күн өткен сайын Оспанды танушылар, оның күрес жолын білушілер барынша көбейді.

2009 жылы өткен батырдың 110 жылдығы болсын, биылғы (2019 жылы) өтіп жатқан 120 жыддығы болсын Оспан Сіләмұлының шынайы бет-бейнесін сомдап, тарих саханасына көтеруде. Әр елде жарық көрген естеліктер мен тарихи зерттеулер де батыр тұлғасының күн сайын биіктеп бара жатқандығының жарқын мысалы болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. 5. Ж.Шәкенұлы құрастырған «Оспан» кітабы. 2010 жыл, Тұран баспасы, Алматы, 2010 жыл.
  2. Халық ұлы «Ұлтшылдық пердесін жамылған ұлт азғындары жөнінде» «Шынжаң газеті», 1950 жылы 10 қаңтар.
  3. Асқар Татанайұлы «Тарихи дерек, келелі кеңес», 2-кітап, Үрімжі. Шинжаң халық баспасы. 1996 жыл.
  4. Пәтіхан Сүгірбаев «Алтай арпалыстары» Шынжаң халық баспасы, Үрімжі, 1996 жыл.
  5. «Шынжаңда белең берген шынайы істер», 3-том. Үрімжі, 2009 ж.
  6. 7, 8, 9. Ғазез Райысұлы «Самұрық», «Үшқиян баспасы», Алматы, 2007 жыл. 142, 155 беттер.

Жәди Шәкенұлы, жазушы

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3502