Сенбі, 20 Сәуір 2024
2499 0 пікір 3 Сәуір, 2019 сағат 12:46

Елбасы ауыл тұрғындарымен кездесті

Кеше Елбасы Н.Назарбаев Алматы облысы Шамалған ауылындағы Атамекен тарихи-мәдени орталығында ауыл тұрғындарымен кездесті. Президент кездесу барысында қазіргі жүргізіліп отырған саясаттың арқасында Қазақстанның халықаралық аренада мойындалғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Елбасы алдағы қызметтік жоспарларымен де бөлісті. Айтуынша, алдағы уақытта ол еліміздегі стратегиялық мәселелерге ден қоятын болады. Және, жастарды қолдау мен олардың дамуына бағытталған бірқатар шаралардың қабылданып жатқанын айтты. Сондай-ақ, Президент ауылдарды дамыту үшін де көптеген бағдарламалар іске асырылып жатқанына тоқталды.

-Мен Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенемін. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Кім бизнес ашқысы келсе, оған несие беріледі. Мамандығы жоқ болса, мемлекет оған жаңа кәсіптік білім береді. Мәселе жұмыстың жоғында емес, мамандықтың болмауында,- деді.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік кезеңінен бері еліміздің өркендеп, өсіп әр салада халықаралық жетістіктерге жеткенін де атап өтті. Бұрын ешкімге белгілі болмаған Қазақстанның бүкіл әлемге танымал болғанын, Қазақстандықтардың әлемнің түрлі елдерінде барып, ал, жастардың дүние жүзінің ең үздік оқу орындарында білім алуға мүмкіндігі бар екенін де айтты.

Сондай-ақ, Президент өзі ұсынған “5 әлеуметтік бастама” бойынша ел азаматтарының тұрмыс сапасын арттыру үшін іргелі жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Және ол, патерналистік түсінікке жол бермеудің маңыздылығына баса назар аударды.

– Кез келген ер адамның ар-намысы болуға тиіс. Бала тәрбиесі, ең алдымен, ата-ананың жауапкершілігі. Ал мемлекет ата-аналарды жұмыспен қамтып, балаларын асырауына жағдай жасауы керек, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Өзі туған ауылы мен өскен ортасына ризашылық білдірген Елбасы туған жердің қадірін терең түсінетінін айтты. Еске сала кетсек, тұңғыш Президенттің бастамасымен елімізде “Туған жер” бағдарламасы жүзеге асырылған болатын. Нәтижесінде, елімізде қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге қадамдар жасалды.  Сөйтіп, "Туған жер" бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналғанын атап өтуге тиіспіз.

– Туған ауылыма келген сайын әрқашан балалық шағымды жылы сезіммен еске аламын. Менің жүріп өткен жолым оңай болған жоқ, мемлекетіміздің ілгерілеуі мен өркендеуі үшін көп еңбек еттім. Шаршаған кездерімде әкем екеуіміз жиі серуендеген Шамалғанның көшелері мен тау бөктерлерін есіме алатынмын. Сол сәтте-ақ шаршағаным басылады, – деді Елбасы.

Кездесудің соңында Президент ауыл халқының жаңа белестерді бағындыруына ниеттестік білдірді. Және, кездесуге қатысқандарға табыс тілеп, Отанымыздың игілігі үшін барлығын жұмыла ееңбек етуге шақырды.

Abai.kz

0 пікір