Жұма, 19 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 11229 21 пікір 23 Сәуір, 2019 сағат 19:56

Енді қазақ көшінің екінші "Алтын дәуірі" басталады

Сонымен, "Nur Otan" партиясының кезектен тыс өткен ХІХ Съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келесі президент сайлауына үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.

Съезде Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы ортаға қойылған соң, Әділ Ахмет, Нұрлан Ноғаев, Жақсылық Үшкемпіров бастаған оншақты мемлекет және қоғам қайраткерлері сөз сөйледі. Сөз иелері жаңа кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлының қазіргі таңда ең лайықты кандидат екенін тілге тиек етумен бірге, Елбасымыздың Ұлы еңбектері туралы кең көсіліп сөйледі. Әркім өз саласы бойынша жеткізіп айтты.

Әрине, Тәуелсіз Қазақстанды құру, бүкіл дүниежүзіне таныту жолындағы Елбасы еңбегі бүгінгі бір съездің аясына сыймасы анық. Мәңгілік Еліміздің алдағы асар асулары мен бағындырар биіктерінде болашақ ұрпақтың аузымен аңызға бергісіз тарих болып мәңгі айтыла берері даусыз!

Енді президеттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа келсек, сөз жоқ, ол кісі бүгінгі таңда мемлекет басқаруға ең лайықты тұлға.

Біз де өз тарапымыздан айтар болсақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып қызмет атқарған тұста Елбасы ерте жолға қойған көші-қон саясатының өз деңгейінде жүзеге асырылуы үшін бірқатар тиімділіктер жолға қойылды. Соның бірі – шет елде тұратын ұлты қазақ адамдарға Қазақстанға келу үшін рәсімделетін визанның консулдық алымдардан босатылуы. Аталған жеңілдік сол кездегі көші-қон саясатының маңайында жүрген белсенді азаматтардың бірі ақын Алмас Ахметбекұлының ұсынысымен жүзеге асқанын айта кетуіміз керек.

Әрине, атажұртына келгісі келетін ағайындар үшін бес-он теңгенің жарасы жеңіл. Қайтсе де табады. Бірақ оның моральдық жағын ескерсек Қазақстанның алыстағы ағайынға деген күн нұрындай жылуын сездіреді.

Көші-қон саясатын жолға қойып, алыс-жақын шетелдердегі қандастарымызды Атажұртына тартуда, басқа мемлекеттерге қарағанда Шығыстағы көршіміз Қытаймен тіл табысып, мәмілеге келу оңайға соқпағаны бәрімізге белгілі. Бұл тараптағы жұмыстардың майдан қылшық суырғандай етіліп дұрыс жолға қойылуы да Елбасымыздың бет-беделі мен ықпалының арқасы екенін біз жақсы білеміз. Ал, екінші жағынан қытай тілін жеттік білетін Қасым-Жомарт Тоқаевтың да зор еңбегі болғанын ешкім жоққа шығара алмасы анық. Бұл мәселенің 1995 жылдың қыркүйек айындағы Елбасымыздың Қытайға жасаған сапары кезінде сол кездегі Қытай Халық Республикасының Төрағасы Цзян Цзэминьмен кездесуі барысында оң шешім тапқанын Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің «Беласу» атты көлемді еңбегінде «... дегенмен, бұл мәселе жөнінде де принципті уағдаластыққа қол жеткіздік: Қазақстанға тұрақты тұруға көшкісі келетін ұлты қазақ ҚХР азаматтарына Қытай үкіметі тарапынан ешбір кедергі жасалмайды. Бұл маңызды келісім Қытайдан көшіп келем деген оралмандар санын арттыра түсуге жәрдемдесері анық» (Қ.Тоқаев, «Беласу» кітабы, 212-бет) деп жазады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Премьер-министрі қызметін атқарған 1999- 2002 жылдар аралығында да қазақ көші іркілген емес. Мысалы, 1997-2001 жылдары 82 335, 2002-2006 жылдары 384 106 қандасымыз Қазақстаға оралғанын еске алсақ, бұл кезең – Қазақ көшінің «Алтын дәуірі» болып тарихқа қалды.

Елбасымыз өзі бастап, ақсатпай алып келе жатқан көші-қон саясаты Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатқан соң қалай болар екен деген сұрақ алыстан келген ағайынның әр бірінің түн ұйқысын төрт бөлгені шын.

Мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығын ту етіп ұстаған және оған деген құрметі мен адалдығы шексіз Қасым-Жомарт Кемелұлы президент ретінде «Егемен Қазақстан» мен «Айқын» газетіне берген тұңғыш сұқбатында бұл мәселеге нүкте қойды. «Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастары­мыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз» деді, Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұл сөзін 2019 жығы 12 сәуірдегі Маңғыстау өңіріне жасаған сапары кезінде «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деп жұрт алдында тағы қайталады. Бұл жолы жай айтқан жоқ, «Қасиетті» деген сөзді қосып айтты. «Біздің қасиетті парызымыз» деген сөйлемге салмақ түсіріп айтты.

Демек, «Нұрсұлтан бастаған Нұрлы көш» дәстүр сабақтастығын үзбей өз жалғасын табатын болды. «Жалғасын табатын болды» деген жай сөз, Алла қаласа, Қазақ көшінің «Екінші алтын дәуірі» басталатынына менің сенімім кәміл!

Енді алдағы жерде президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сайлау штабы» құрылып, республика көлемінде қолдау іс-шаралары басталады. Осы жұмыс барысында қандастарымыз тығыз қоныстанған өңірлерде көші-қон саясатының тарихын, маңызын, жетістігін жан-жақтылы түсіндіруіміз керек. Жаңа кандидаттың ұстанымын жүйелі жеткізгеніміз абзал!

Бұл – заң шығарушы орган мен атқарушы биліктің кезінде кетірген қателіктерінің әсерінен ағайындардың көңіл түкпірінде қалған реніш пен өкпе-назды жуып-шаюдың, орнықтылық пен сенім орнатудың табылмас орайы.

Елбасымыздың қамқорлығының арқасында Отанына оралып, өсіп-өнген қандастары  "Nur Otan" партиясының келесі президеттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын кандидат ретінде ұсынуын 100 пайыз дұрыс шешім деп қолдайтынына менің күмәнім жоқ!

Ауыт Мұқибек

Нұр-Сұлтан қаласы

Abai.kz

21 пікір