Жұма, 26 Сәуір 2024
3697 0 пікір 27 Ақпан, 2019 сағат 20:17

«Ер Жәнібек» қоғамдық қоры «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауқымды іс-шара өткізбек

Ғасырлар бойы халқымыздың қасиетті қорғаны болған байтақ қазақ даласы киелі әрі кереметке толы өңір саналады. Батыр бабаларымыз қабырғадан қан кеше жүріп қорғап қалған осы кең-байтақ територия тәуелсіз Қазақстанның баға жетпес байлығы екені сөзсіз. Егемен ел болып етек-жеңімізді жинаған соң тарихи құндылықтарға назар аударып, өткен-кеткенімізді түгендеу біздің басты борыш.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы ретінде оның жаңа қырларын айқындап, тарихи сананы жаңғыртудың жолдарын көрсетеді.

Қазақ тарихының алтын қоры жайлы сөз болғанда Қазақстан териториясында ғана емес, алыс-жақын шетелдерде қоныс тепкен қазақтар тарихы да қамтылатыны сөзсін. Мәселен, көршілес Қытай елінде үш миллионға жуық қандастарымыз өмір сүреді. Ал олардың тарихы мен мәдениеті өз алдына бір бөлек дүние. Қытайдағы қазақтар арасынан да сансыз ел қорғаған батырлар мен бағландар шыққаны сөзсіз.

Қазақстан тәуелсіз ел болып, өз тарихы, өз мәдениетін ұлықтап жатқан бүгінгі таңда жат жұртта жүріп, ұлт қаһарманына айналған ұлы тұлғаларды естен шығармау біздің қасиетті борыштарымыздың бірі. Сол қатарда Қытайдың милитаристік ұстанымына ұлт батыры ретінде қарсы соғыс ашқан ержүрек азаматтардың ерлігін атамай кету мүмкін емес.

Ұрпақтар сабақтастығын сақтау, тарихпен байланыс орнату – болашақ үшін маңызды дүниелер. Біз болашаққа нық қадам басып келе жатқан дамушы мемлекетпіз. Осы кезеңде біздің бірлігіміз бен тұтастығымыз нығая түспек керек. Елбасы аталған маңызды кезеңде бірізді жұмыс жасау мақсатында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлт тарихындағы ұлы белеске айналды. Оның жеке бағыттарының аясында еліміздің руханиятын, білім деңгейін, бәсекеге қабілеттілік дәрежесін көтеру мақсатында көптеген ізгі шаралар жүзеге асып жатыр.

Осындай ізгі шараларыдың бірі қазақтың XX ғасырдағы ұлтазаттық күресі жетекшілерінің бірі, азаттық жолында шаһит кешкен көкжал оғланы Оспан батыр Сіләмұлының (1899-1951) туғанына 120 жыл толуына орай «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған халықаралық іс-шараларды айтуға болады.

«Ер Жәнібек» халықаралық қорының президенті Жеңіс Түркияның таныстыруынша, қор аясында жыл бойы бір қатар игі шаралар өтеді. Әрі бұны бәрі "рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылмақ. Аталған қор төрағасының айтуынша, Оспан батырдың 120 жылдығына орай Қазақстаннан тыс Түркия, Моңғолия, Ресей, Франция және Германия елдерінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, мерейтой халықаралық деңгейде аталып өтіледі.

Осы жиылыспен басталған бұл шара сәуір айынан бастап жас ақындар  арасында мүшәйра, БАҚ бойынша үздік жарияланымдар, Қазақ күресінен республикалық турнир, ақындар айтысы, университеттерде жастармен кездесу, батырдың күреске толы өмірі жайында Ш.Ш. Уалихаов атындағы Тарих және этнография инистутымен бірлесіп монография құрастыру, ШҚО-да ас беру, қазақтар қоныстанған Еуропа, Азия елдерінде де шаралар өткізу сияқты игі істермен жалғасын таппақ.

Аталған жиналыста Қазақстан Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов, ақын Жәркен Бөдеш, Темірхан Тебегенов, Арыстан қажы Шәдетұлы, Өркен Нәбиұлы (батырдың немересі), Жәди Шәкенұлы, Мұрат Шаймаран қатарлы жиын қатысушылары Оспан батыр және оның мерейтойына арналған шаралар жөнінде өз ойларын ортаға салды.

Қазақ халқы үшін қабырғадан қан кешкен Ұлы дала батырына арналған іс-шаралардың ұзын-ырғасы былай түзілмек:

- Оспан батырдың 120 жылдығына орай өткізілетін шараларда қазақ күресінен республикалық турнир (29-30 наурыз күндері); Сәуір айында «Сұлубайдың әні» атты театрланған қойылым мен халықаралық жыр мүшайрасы және бұқаралық ақпарат құралдарына арналған бәйге жарияланады; Бұлармен қатар Түркия орталық қаласы Анкарадағы Мимар Синан университетінде Оспан батырға арналған ғылыми талқы отырысы болмақ; Мамыр айында Моңғолияның Баянөлгей аймағында ас беріліп, арнайы жиын өткізілсе, маусымда осыған ұқсас шара Ресейдің Обы қаласында өткізілмек; Маусым айында дәстүрлі «Er Janibek Cup» шағын футболдан турнир батырдың мерей тойына арналып, әлем қазақ жастары Көкшетауда бас қоспақ; Тамыз айында Шығыс Қазақстан облысында ас беріліп, ақпарат құралдарына жарияланған бәйкені қорытындылауды жоспарлаған; Қыркүйек айында Оспан батыр туралы монографияның таныстырылымы өткізіледі; Қазан айында ШҚО-да батыр атындағы мешіттің ашылу салты;  Қараша айында Астана қаласында «Оспан батырдың 120 жылдығын» тақырып еткен республикалық айтыс өтпек; Желтоқсан айында жалпы шаралардың қорытындысы Алматыда жасалуды жоспарлаған.

Айта кетерлігі, аталған шаралардың бәрі Елбасы ұсынған "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Еліміздің тұңғыш президенті үнемі айтып жүретін "Ұлы даланың" ұлағатты ұланы ретінде Оспан батыр бүгінгі ұрпақтың ұлағаттауына әбден лайық тұлға.

Abai.kz

0 пікір