Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
2579 0 пікір 28 Ақпан, 2019 сағат 11:41

«Нұр Отан» партиясының съезі көпбалалы отбасылардың көңілінен шықты

27 ақпан Астана қаласында «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтті. Бұл съезд партияның 20 жылдығына орай ұйымдастырылды. Съезде партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын талқылау, партия Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу, партиялық органдардың есебін тыңдау және партия Саяси кеңесінің құрамын жаңарту қатарлы мәселелер қаралды.

Елдегі бас партияның басты жиналысына қатысу үшін республикамыздың түкпір түкпірінен 1 117-нан астам делегаттар жиналды. Съезге келгендердің барлығы да осынау айтулы жиынға қатысуға мүмкіндік алғандарына дəн риза екендерін сөз ете келіп, ондағы қаралатын мəселелердің еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін өте маңызды екені бәрімізге мәлім екенін айтты.

«Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII Съезінде Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырмалар берді. Әсіресе ел халқының еңсесін көтеріп, тұрмыстық өресін көтеру мақсатында алға қойған ұсыныстары көп көңілінен шықты. Атап айтқанда, көпбалалы аналарға жағдай жасау мақсатында қолға алынған көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын 21 мың теңгеге көтеруді тапсырды.

Елбасының айтуынша, елімізде 340 мыңнан астам отбасында кемінде төрт бала бар. Жыл сайын баласы бар отбасыларды қолдауға 500 миллиард теңге бөлінеді.

«Бүгінде елімізде шамамен 340 мың отбасыда төрт бала бар. Қазірдің өзінде жыл сайын көпбалалы отбасыларға 500 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп тұрады. Бірақ аталған санаттағы отбасылардың табысы әртүрлі. Біреуі табысты көп табады, енді біреуі аз табады. Сондықтан қолдау шараларын жасағанда осыны ескеру керек. Жақсы табысы барларға қолдау жасаудың қажеті қанша. Сол себепті ең алдымен табысы төмен көпбалалы отбасыларға көмек берген жөн», - деді Н.Назарбаев

Мемлекет  басшысы көпбалалы отбасыларда әр балаға 21 мың теңге төлеуді тапсырды.

«Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар бай азаматтар болып шыға келеді», - деді Назарбаев.

Бұл тапсырма ел халқының көңілінен шықты. Елдегі 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы мемлекет тарапынан жасалғалы отырған осынау көмекке қол жеткізетінін естігенде төбесі көкке жетті. Көреген шешімге шын қуанып, шаттанған аналардың санында шек жоқ еді.

Алайда, аталған көмектік кімдерге, қалай, қашан төленетіні жайлы көпшілік арасында кейбір күңгірт мәселелер тұрды. Осы сауалдардың түйінін шешу мақсатында Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева көпбалалы отбасыларға аталған жәрдемақы қалай төленетіндігін түсіндірді.

Аида Балаева Фейсбуктегі парақшасында ең маңызды әлеуметтік бастамалардың осы жылдан-ақ жүзеге асырыла бастайтындығын жазды. Оның айтуынша, XVIII  съезд - ел дамуының жаңа кезеңінің бастауы. Іс жүзінде бүгін жаңа әлеуметтік доктрина ұсынылды десек те болады. Оның басты басымдықтары - бұл өмір сапасын арттыру және халықтың аз қамтылған тобына қолдау көрсету екені сөзсіз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың бірінші шілдесінен бюджет саласының ең төмен жалақы алатын қызметкерлерінің айлығы 30 пайызға (Олар санитар жұмысшылар, мейірбикелер, техникалық жұмысшылар және т.б.); атқарушы органдардың азаматтармен тікелей жұмыс істейтін төменгі сатыдағы қызметкерлерінің жалақысы орташа есеппен 25 пайызға  көтерілетін болады.

«Бұл мақсаттарға шамамен 980 млрд теңге бөлінеді. Әкімнің бұрынғы орынбасары ретінде бұл цифрлардың тасасында көптеген адамның әл-ауқатын жақсартуға деген үміті тұрғандығын білемін. Мемлекет басшысы айтқандай, реформаның нәтижелерін бүгіннен-ақ әрбір қазақстандық отбасы сезінуі тиіс. Дегенмен, меніңше, ең бастысы балаларға арналған төлемді көтеру жөніндегі шешім. Көпшілік үшін төлем тәртібі қалай айқындалатындығы түсінікісіз. Түсіндіруге тырысып көрейін. Қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы бекітілген кедейшілік шегінен - 14,8 мың теңгеден немесе күнкөріс минимумының 50 пайызынан төмен азаматтарға көрсетіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кедейшілік шегі күнкөріс минимумының 70 пайызына дейін көтерілді және 20 800 теңгені құрайды. Бұл атаулы әлеуметтік көмек алушылардың әрбір баласына 20 800 теңге аударылады дегенді білдіреді. Бүгінгі күні 4 және одан да көп баланы тәрбиелеп отырған отбасы көпбалалы саналады. Егер көпбалалы отбасыда 4 бала болса, онда жәрдемақының жалпы сомасы 83 мың теңге болады. Ал егер анасы үйде отырса, онда оның атаулы әлеуметтік көмегі қосылады. Мұндай отбасының жалпы табысы шамамен 103 мың теңге болады», - деді Аида Балаева.

Сонымен қатар ол мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршылар мен отбасыларға жәрдемақы 30 пайызға көтерілетіндігін атап өтті.

«Аз қамтылған отбасыларға арналған арнайы 40 мың жалдамалы пәтер құрылысына қатысты бастама да қатты қуантты. Бұған қоса, тұрғынүйқұрылысжинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемдерін берудің жеңілдетілген тетігі әзірленетін болады. Бұл аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуде проблемасын шешудегі маңызды қадам деп санаймын. Бұл жұмысқа өмір сапасының жаңа стандарттары жалдамалы баспана салу, заманауи жергілікті жолдар желісін дамыту, газ тарту, ауыз суға қолжетімділік сынды жаңа стандарттарды енгізе отырып, барлық өңір жұмылады», - деді ол.

Бөлім басшысының атап өтуінше, егер бұрындары автобандар мен республикалық маңызы бар жолдардың құрылысына назар аударылса, ендгі уақытта облысаралық және аудандық деңгейдегі автомобиль жолдарының желісі қарқынды дамытылады. Бұл облысішілік көлік қатынасының деңгейін жақсартып, азаматтардың күнделікті сапарларын жайлы қылады.

«Қорытындысында бұл өңірлердің экономикасына да, дамуына да септігін тигізеді. Бүгін айтылған барлық бастамалар қазақстандықтардың әл-ауқатының артуына айтарлықтай үлес қосатындығына сенімім мол. Бұл ретте партия рөлі - халықпен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету және Мемлекет басшысы жүктеген барлық міндеттердің жүзеге асырылуын мониторингілеу», - деді Аида Балаева.

Осы мәселелердің қолдау тауып, соның ішінде көп балалы отбасыларға аса назар аударылғаны қуантады. Көпбалалы отбасыдағы әрбір балаға төленетін жәрдемақының 21 мың теңгеге өсуі, салынатын 40 мың пәтер, жыл сайынғы осы салаға бөлінетін қаражаттың мөлшері 50 млрд. болуы біраз мәселелерді шешетініне сенімдімін. Өйткені бағаны орнықтыру, жәрдемақы мен жалақыны көтеру халықтың тұрмысы қиын тобына серпін бермек. Осы орайда, әрбір көмекке мұқтаж отбасының назардан тыс қалмауына қала және облыс әкімдерінің қосар үлесі зор.

Осылайша, елдегі бас партияның басты жиналысы халық қалауынан шықты. Елдегі үш жүз мыңнан аса көпбалалы отбасының алғысын алған айтулы жиналыстың арқасында ел өмірінде үлкен өзгеріс орын алды. Алда ел халқына бұдан үлкен қолдаулар болады деген сеніміміз бар.

Abai.kz

0 пікір