Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жолжазба 4729 5 пікір 4 Сәуір, 2019 сағат 12:32

Шыңжаң күнделігі

2018 жылдың шілде айының бірінші жартысында, арнайы 10 күндік іссапармен ҚХР, Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы районында (ШҰАР), делегация-мамандар қатарында болып қайттым. Бұл іссапар, ҚР және ҚХР министрліктерінің келісімі бойынша, тәжірибе алмасуға бағытталған іс-шараларға арналған.        ШҰАР-ға қарасты Іле-Қазақ және Моңғол автономиялы облыстары жеріндегі Іле өзеніннің бас жағынан бастап, Бұратала, Алашанкоу-Достық аралықтарын түгелдей араладық. Бұл жөнінен алғанда жолым толықтай болды деуіме болады (әсіресе, анау-мынауға бұйыртпайтын шекара бойын көргенім).

Әрине, Шыңжаң десе әр қазақ баласы назар аударамыз, өйткені, ҚХР-да көптеген қандастарымыз тұрады, 2010 жылғы ресми деректерге сүйенсек, олардың саны - 1,5 млн-ға жуық (дегенмен әртүрлі деректер кездеседі, 2 млн, тіпті кейбіреулер 3 млн-ға жуық деседі). Қалай болғанмен, қазақтардың басым көпшілігі Шыңжаң өңірінде екені анық, атап өткен Іле-Қазақ облысында 1 млн-нан астам қазақ тұрады.

Біз бұл жерде соңғы кездерде орын алып жатқан саяси жағдайларды мысалға алмай, өз көзімізбен көргендерімізді қысқаша баяндауға тырысамыз.

 

Шекара

Сонымен, Жаркенттен Қорғасқа жүретін автобусқа міндік, жүргізушісі – шала-пұла орысша да сөйлей алатын қатпа қара қытай. Бұрынғыдай ағыл-тегіл саудагер адам жоқ (әлде арнайы экономикалық аймақ ашылған соң ба екен), ал мына жолаушылардың көбі, ақырын сұрастырсақ, ҚХР-нан әртүрлі техниканы айдап алып келетіндер екен, бұл да бір кәсіп көзіне айналса керек, айдап әкелгені үшін ақша алатын көрінеді. Барарда, қайтарда ол техникаларды да көрдік, көбісі үлкен құрылыстарға, жол салуға арналған жол тегістегіш, тиегіш, таптағыш... Әсіресе, қарапайым ғана асфальт таптағыш-катокты көріп ішім удай ашыды, дәп осыны қолға алса өзімізде де шығаруға болар еді ғой!.. ҚХР-ның техникаларын көріп ішің ашитын жағдайлар өте көптігін сезінесің! Мысалы, бізде 1970 жылдары балмұздақ, газет т.б. ұсақ-түйек тасуға арналған «муравейниктер» болушы еді ғой, біз оны ұмытып та қалдық! Ал мында ше, түр-түрін шығарып қойған, кішкентайынан бастап, әжептеуір жүкке, адамға арналғандарының саны, түрі жеткілікті. Бәрі дерлік электромобиль, сұрастырғанымызда бір тәулік қуаттандырған бір-екі тәулікке толық жетеді екен! Тырылдатып тоқтамай кетіп бара жатқан шаруаларды, саудагерлерді, әйелдерді көріп еріксіз қызығасың! Тиегіш техникалардың біздегі «К-700, Т-150-тардай», яғни белінен 90 градусқа дейін бұралмалы екені көрініп тұр. Басқа да техникалардың бәрі де дүние жүзінің озық техникаларының көшірмелері деуге болар, біздің «КамАз, ЗИЛдарды», Италияның «Ховаларын», Жапонияның, Американың орман, ауыл шаруашылық, құрылыстық машиналарын елестеткендей болдық. Ал жеңіл машиналардың түр-түрі барлығы да шет елдің көліктерінің көрінісіндей. Ең «модалысы» «Хонданың Х-Тралы» сияқты, соған мінген ішкі туристердің (номерлерінің серияларынан көрінеді) Шыңжаңда ағылып жүргенін көп байқадық. Баяғы немістен алған «Сантана» бірен-саран қалыпты. Тарихтан қарағанда Жапония да даму барысында техникалардың көшірмелерін алып, дамытқандығы еске түседі...

Автобустың жартысы қытайлықтар (олар өздерін «ханзумыз» дейді ғой, біздегі қалыптасқандай айта берелік. Негізі, «қытай» оларға аса жақпайтын да сөз сияқты ғой, бірақ, біз «қытай» деуімізге де болатын сияқты). Бұлардың көпшілігі жас жігіттер, біздегі әлдебір құрылыстан қайтқанға ұқсайды. Бірнеше рет құжат тексерістерден кейін, өзіміздің кеденге де жеттік. Әдеттегідей келеңсіздіктер: кеденшілердің елді айқайлап сызыққа итермелеуі, елдің ештемеге қарамай, тіпті, бәрібір бір автобусқа мінетіндікті де ескермей, мәдениетсіздікпен алға ұмтылуы... оңбаған, сасық, ақылы (100 тг) дәретхана... Ақша жинағыш әйелден «-Не үшін жинайсыңдар, мынандай кір-лас жер үшін? Ұялмайсыңдар ма?» десем, «-Аға, бізге бастықтарымыз айтты ғой! Енді жаңа кеденге көшсе сондағы туалет күшті болатын шығар...» дейді... Эххх, көңіліме «осы біз ел боламыз десек әжетхананы дұрыстасақ» деген арман пайда болды (Мысалы, Жапонияда дәретханалар тегін, қажет болса шаршаған адамдар сонда жатып, тынығып та алады дегенді естігенде, атам қазақтың «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген сөзіне «оған қоса дәретхананың есігі мен тесігін түзе» дегенді қосып айтқың келеді екен...)! Ал, Шыңжаңдағы қалаларда ақылы дәретхана көрмедім... тазалық та әжептеуір, тек қана шекаралық Қорғастан басқа жерлерде... мақұл, бопты...

Тағы бір ыңғайсыздық орын алды, яғни, бір қытайлықтың құжаты дұрыс болмай, автобусты 1,5-2 сағаттай ұстады. «Бұларыңыз дұрыс емес қой, кінәлінің өзін ғана алып қалып, басқаны жібермейсіңдер ме?» - дегенімізге, кеденшілеріміз, «- Біздің құқығымыз бар...» - десті...

Біздегі ырың-жырыңдардан кейін шекараға қарай тарттық, бейтарап аймақтың өзі 1,5-2 шақырымдай. Қытай кеденіне де жеттік, байқаймын «қытайлықтардың» үндері ерекше, «жарқын» шыға бастағандай! Оншақтысы ортада түрегеліп тұрған еді, соның біреуі құлағымның түбінде тұрғанына қарамай, басқаларға айғайды басып та қояды! Негізі, осылардың қатты айғайлағаны, өздеріне «жеңіске» жеткендей сезіне ме,  кім білсін! Әйтеуір, бетіңе қарап тұрып, аттандай береді, оларына басында мүлде үйрене алмадым! Әлгіні түрттім де ымдап «ақырын сөйле!» дегенді білдірдім! Сөзім дәлелді болуы үшін, «полицияға айтам» деп айтып едім, қалай түсінгенін ит білсін бе, үні өшті... Бұл әдісті кейін де бірнеше рет қолдандым!

Қытай кеденіне жеткенде басқаша «қызықтар» басталды, автобус жүргізуші бар құжаттарымызды жинап алып, сапқа тізіп қойды! Өзіміздегідей еркіндіктің жоқтығы байқала бастады. Бұлардың қонақжайлығы аса байқалмады, өздерінің адамдарын алдымен өткізіп, бізді шақырайған күн астына қақтап қойды...

Құжаттарымызды алып кеденге де кірдік, байқаймын қытайлықтар өз адамдарын аса тексеріп жатпағандай, ал бізді біраз қарады, телефондарымызды да ашып көрді. Алдын-ала ескертілгеніміз себепті (телефондағы «Ассаламалейкум..» дегендерді өшіргенбіз ғой) аса проблемалар болған жоқ, тек менің бір ТВ берген сұхбатым сақталып қалған екен, шұқшиған қытай «Кэзэхстан...» деді, «Иә» дедім бас шұлғып... жіберді! Оның үстіне біздегі шақыру қағазында Пекиндік министрлік-«наябудың» қызыл мөрі тұрған еді, байқауымша сол да тексерушілерге қатты әсер етіп, бізге көмектесетін сияқты!      Кеденшілердің барлығы қытайлар, тек арасында бір қазақ жігіті жүр, біз жақтан барғандардың көбі оның атын атап, бір тілдесіп қалып жатыр, аздап паңдығы байқалғанмен де, өзі жақсы жігіт екен, дұрыстап жауап қатып тұрды. Кеденшілердің киімдері баяғы Совет әскері формасын елестетті.

Сонымен қойшы, әйтеуір ары өтіп, біздерді тосып тұрған қонақжай адамдарға жеткенімізше түс ауып сағат бестер шамасы болды.

 

Қонақ күту салттары

Бізді қарсы алғандар шынымен қонақжай, жақсы адамдар: олардың ішінде Үрімшіден (автономнам) келген қазақ қызметкер, облыстық бір қазақ, бір қытай және аудандық екі қытай қазметкерлер. Барлығы қал-жағдай сұрасып, амандасып, «ха-ха»-ласып жатыр. Сол жерде бір-екі қазақ жігіті кеп, валюта айырбастауды ұсынды, қызық үшін курсын сұрап едім, біздегімен бірдей екен! Сонда бұлар қандай пайда таппақшы, түсінбедім. Валюта демекші, бұнда доллар ішкі айналымда жоқ, арнайы банктерге бару қажет көрінеді, біздегідей еркін айырбас орындары да көрінбейді.

Бұл жерде қазақ, ұйғыр, дүнген, қалмақ, қытайдың да кафе-ресторандарын көрдік. Басында осылардың бәрінің түрлерін ажырата алмаушы едім, кейінірек ақырындап зер сала қарасаң шамалауға да болады екен (әртүрлі халықтар көптеген жылдар бойы бірге араласып тұрғанда түр, дәстүр, киімдері де ұқсап кететіні бар ғой). Баршасының қонақ күтудегі салттарына қытайлық элементтер көп араласқан, оның үстіне бізбен бірге жүрген Пекиндік, автономдық чиновниктер болған себепті, бірінші құрмет соларға да арналып жатқандай сезіледі, әрине, біздерді де ұмытпады! Қызығы, бұнда қонақ үндемей тыңдап отырса, үй иесі меймандардың көңілін көтеруге барын салады, ән де айтады, сөз де сөйлейді. Сөз арнағанда қонақтардың дәрежесіне қарап бастайды, солардың әрқайсысына (топтарына) арнап, бір-бір рюмкадан ішкенде оншақтысы кетіп қалған қожайынның жағдайы қалай болып қалады десеңші?! Оған қоса отырыс барысында өзің қалаған адамға барып, соларға арнап сөз айтып, алғызатыны (айырым-жеке тост) тағы бар. Бірақ, әлдекім тіпті қызып қалса, барып дем алып келсе, ондайды ешкім сөкет санамайды да екен! Сонымен, өздері мақтап қоятын «күріштен ашытып жасаған, ертеңіне бас ауыртпайтын» арақтарынан біраз «гамбейлетсең» талай жерге барып та қаласың! Сосын, бұлардың ішкен ыдысыңды қашан қайта толтырып қоятынын ұқпайсың (лып еткізеді де, «ал кәне, ал, алға» басады), сондықтан байқау керек-ау, үсті-үстіне кете берсе не болғаның? «Арақтатуды» бастар алдында біраз тамақ ішіп алатындары дұрыс екен, біздегідей аш қарынға «зың» дегізбей. Негізі, солары маған мүлде жақпады, әтірге ұқсас дәмін көрген соң, қайта ауызға ала алмадым, аздап сырасын іштім.

Темекі тартуға келгенде, біздер елде, құдайға шүкір, тәртіпке үйреніп қалыппыз, арнайы жер іздейміз! Ал оларда біршама еркіндеу көрінеді (қазіргі уақытта арақ, темекіге де шектеу қойып жатыр деседі), кез келген жерде, тіпті дастархан басында да шеге беруге болады. Ал, қонақүйлерде арнайы орын белгіленген (байқауымша, егер номерде, күлсалғыш тұрған болса, бұрқырата бер, ал жоқ болса байқа, өрт сөндіру дабылы қағылмасын!).

...Өмір бойы тойып тамақ ішпеген халықтың әсері болғандықтан бұнда да ерекше тамақ «пір-культі» орын алған деуге болады, басында түрлі иісті, шөпті, әртүрлі шай беріледі де (кейі жағады, кейі жоқ, тағам түрлері де солай), ары қарай, дастархан түрлі тамақтармен толтырыла береді, толтырыла береді. Көк-шөптің түр-түрін қосқанда бір дастарханға он бес-жиырма түрлі тағам қойылады десем артық айтпаған болам. Әрине, оның бәрін тауысып жатқан ешкім жоқ, сонда болса, ежелгі қытай дәстүрімен соншама ысырапқа барады және келген тағамның атауы аталып та, «мынадан алыңыздар» деген ілтипат та үздіксіз айтылып отырады.

Қазіргі қытай тойынған, тіпті, өз басым, аласа бойлы қатпа қараларды көп көрмедім де (ондайлар оңтүстікте деседі) ал ШҰАР-дағы, солтүстіктің қытайлары кәдімгідей бойшаң, ішкі жақтан келген туристердің көпшілігі семіз деуге де, киім үлгілері еркін деуге болады (оған қарағанда қызметкер, жастары үлкендеу қазақ, қалмақтар бұрынғы Мао формасына ұқсас киім үлгісінде).

Берілетін тағамдардың көбі неше түрлі дәмдеуіштер қосылған қуырған тамақтар, оларының көбінің иісі өз басыма тіптен ұнамады, әсіресе, зире болуы керек, сол және қытайбұршақ соусына мүлде үйрене алмадым (оларын бар тағам түрлеріне қолданатындай). Көбіне удай ащы, әйткенмен тұзсыз, сондықтан, мен сияқты тұзды жақсы көрсеңіз және екі таяқшамен жей алмасаңыз, өзіңізбен бір құты тұз және шанышқы ала барғаныңыз абзал. Қайнатып пісірген ет сиректеу. Ал қонақүйлердегі ертеңгі өзің таңдайтын «швед дастарханынан» әйтеуір, өзіңе ұнайтын тамағыңды табасың, пісірілген жүгері алуға, немесе, арнайы бұрыштан жұмыртқа қуыртып, тұздатып алуыңызға болады.

Біздерді, сонша бір маңызды басшылар болмағанымызбен «төрт жұлдызды» қонақүйлерге, күндігі 70-80 $-лық номерлерге орналастырып жүрді, оған аузымыз ашылып қалғанымызда, «Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз және жақсы демалғандарыңыз маңызды» десті. Ақырындап сұрағанымда, аудармашы «Сіздер өте қарапайым екенсіздер, Сіздің елден келген, күндігі 500-550 $-лық орындарды талап еткен әкімдерді де көргенбіз. Бар бітіретіндері қасындағы көмекшісіне айқайлап, аттандай береді, өздері аса ештеме білмейді де...» дегендеріне ештеме айта алмадым...

Жалпы алғанда, біздердің шығындарымызды мекеме есебінен төлейді екен, онысы енді, керемет қой, біздегідей, мамандардан алқын-жұлқын ақша жинау сияқты көрініс жоқ! Орын жетіспей қалған жағдайда, мекеме есебінен жеке меншік машиналарды да, такси де жалдай береді.

Пекиннен, «автономнан» келген чиновниктермен арнайы кездесу өткізіліп, тура бір мемлекет аралық келісім-шарт жасалғандай жиындар өткізіліп, әркімнің дәрежесіне сәйкес екі жақтан мамандар қол қойған қаулылар қабылданды. Негізі, ондай чиновниктер өздерін халыққа жақын ұстауға, қарапайым көрінгісі, киінгісі де келетіні де байқалып тұрады. Бірақ, өзіне соншалықты қатысы болмағанмен, бұндағы өмір түгел саясиланғандай әсер етеді, сөйлеген сөздері де, бір-бірінің жүрісін аңдып тұратындай. Өз елдерін келсін-кемесін мақтай беруге, кемшіліктерін жасыруға құштар. Бірер мысал, Сайрамкөлдің жағасындағы (Сайрамкөл өлеңім сонда жазылды) жайлаудағы қазақ ауылында (бір-екі қазақ үй, аздаған мал, байқауымша туристерді күтуге арналған) қазақ жас бала келіп, құмғанмен қолымызға су құйды, дәстүрімізді, қандастарымызды көргенімізге риза болып, балақайдың басынан сипап, ақша ұсындық. Соны байқап қалған Пекиндік чиновник қасымызға жетіп келіп, қадала қалды, ол келген соң, басқалары да жинала кетті. Онысын түсіне қалдым да (жалпы біз де, сапар барысында әрқашан әдеп сақтап, бұндағы қандастарымызға зиян келмеуін естен шығармадық), аудармашы қыз арқылы, «Жунго елінің қамқорында отырған қандастарымызды көргенімізге қуаныштымыз, ал ақша бергеніміз - ол біздің салт-ризашылығымыз, негізі, әйелдер қонаққа келгенде үй иелеріне, әсіресе балаларға аздап болса да сыйлық ала келеді, ал біздер еркектерміз! Конфет, тәтті арқалап жүрмейміз ғой...»,- дедім әзіл-шыны аралас, сол-ақ екен ол да: «Тамаша дәстүр! Бізде солай аздап болса да сыйлық ала келеміз»,- деп, өзі де ақша беріп жатты. Ал, бірде жол бойында кездескен кәрілеу қытай әйел келіп, қолын жайған еді, ойымда ештеме жоқ, ұсақ тиын-тебен ұсына беріп едім, жергілікті чиновниктер әлгіні бас салып, ұрсып, қуып жіберді...

Чиновниктер демекші олардың өздеріне өте сақ болуына көптеген себептер бар (жұмыс табу қияндығы; мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлерге өкімет тарапынан бірталай жағдайлар жасалған, арзан несие; кесімді жалақы; кепілді зейнеткерлік), оның үстіне жан-жағыңа күдікпен қарайсың (міндетті түрде аңду бардай сезінесің, бұл жөнінде бұрынғы Кеңес кезеңін еріксіз еске аласың). Олардың жалақысы да бізден жоғарылау (аудандық деңгейдегі қатардағы маман өзіне үй алуға толық мүмкіндігі бар), әйткенмен, талап та қаттырақ! Мысалы, «төмендету саясаты» деген бар, ол дегенің, жоғары қызметтегі адамды біраз уақытқа төмендетіп, ел арасында тұруға жібереді, өз кезегінде ол чиновник өзіне бекітілген үйлерге кезекпен қонып тұрып, бар жағдайын, мұң-мұқтажын анықтап, есеп беруі қажет... керемет! Біздің де тіл және ел жағдайын білмейтін әкім-қараларды сөйтсе ғой...

Жалпы алғанда, бұндағы қабылданған бағдарламалар, мүлтіксіз орындалатындай, мысалы, «бәлен жылға дейін, шатырсыз үйлер болмауы керек» десе, болмайды... «Кедейлікпен күрес» бағдарламасы бойынша өкімет тарапынан елге жақсы жағдай жасалынған, мысал ретінде, тегін қазақ үйлер беріліп, туристерді күтіп, нәпақа айырып отырған қазақтарды көргенімді айта кетсем болады. Дәмдеуіштерін сеуіп-сеуіп, кәдімгі тас көмірге (біз жей алмадық, жергіліктілердің қалай тамсанып жеп жатқанын түсінбедім) пісіріп, кәуап сатып жатқандарына риза болдым (әсіресе, Шавшал, Монғол Күре (жалпы «күре» емес, түркілік «кіре» сөзі болуы керек деген ойдамын), аудандарына бара жатқан жол бойындағы Әулиешоқының маңында ондай күту бизнесі біршама дамыған). Қазіргі қытай аштықтан құтылып, қыдыруға жеткенін айттым, міне солар (ішкі жақтан келгендер білінеді, оның үстіне машина серия-номерлерінен де көрінеді), жергілікті елден маусым бойынша жылқы, ешкі, қозы т.б. етін жеуге де келетін көрінеді...

Бұнда, таң бізден, Құлжа Жаркенттен бар болғаны 100 шақырымдай ғана жерде болғанымен, кәдімгідей ерте атады. Уақыт белдеуі де бірдей, алайда, жұрт жұмысты Пекин уақытымен (2 сағат қалыңқы) есептейді. Қонақүйдің жоғарғы қабатынан қанша үңілгеніммен ескі Құлжаны, дуал, мешіттерін көре алмадым, айналаның бәрі де кейінгі европалық үлгідегі жаңа қала. Сонда болса да, Астаналық профессор аға сыйлаған қаламды «осында Шоқан бабамыздың аяғы тиген еді-ау» деген ниет болар, бір көгал жерге лақтырып жібердім. Неге олай істедім, өзім де түсінбеймін (Құлжа атты өлеңім сонда жазылды)...

 

Жолдар және құрылыстар

Шыңжаңдағы жолдар жақсы, мүмкін европаға жете қоймас, әйткенмен жақсы. Біздегі салынып жатқан жолдар тура соның көшірмесі, әрине, оған қарап, ең болмаса ортаны бөлетін темір (қаңылтыр) өзімізден шықпағаны ма деген ойға еріксіз қаласың.

Автожолдар ақылы, бізде қосылайын деп жатқан терминал-дүңгіршектер дәл соның бейнесін қайталағаны айтпаса да белгілі болар. Дүңгіршектерде көбіне жас қыздар отырады, ақшасын алып, «ха...ха» деп ізетпен қол бұлғайды.

Бұнда, қызығы, «жолақша» болған күннің өзінде, жаяу жүргіншілерге машиналар жол бермейді, сигналын «бипылдатып», таптай жаздап, өте береді. Елді-мекендер арасында біздегідей қол көтеріп тұрған жолаушыларды көрмейсің, арнайы автобустар жүре ме, ол жағын білмедім! Ал, қалаларда такси қызметі біршама жақсы, баға нарқы біздегімен шамалас, жүргізуші мен артқы жақ арасына темір тор қойылған. Жалпы сақтық мәселесі туралы кейінірек айтамын.

Сірә, қытайлар тауларды үңгіп тоннель салуды жақсы меңгеріпті, Қорғас-Үрімші тас жолы бойындағы Талқы асуындағы сондай төрт жер асты жолдарынан өтесің, ал, аспалы сияқты көрінетін (бағандардағы) көпірлерге, жолдарға қарасаң, бас киімің айналып жерге түседі, сонымен көтерілетініңе, түсетініңе сенбей де қаласың. Айнала қарағай, керемет табиғат, тоннелдердің ұзындығы 1,5-2-2,5-3 шпқырымдай, ішінде жарық, жол белгілері орнаған, жүруге толық қауіпсіз деуге болады. Жергілікті тұрғындар «бұндай көпір Азияда жоқ» деседі (жалпы ұзындығы 12 шақырымдай. Кезеңнен асқан соң, түгелдей тормен қоршалған керемет тұнық Сайрамкөл, суы ащылау кермек (біздің Алакөлдің суына ұқсайды), суық, дегенмен мал ішетін де сияқты, бұрын айналасы жайлау, қыстау болған, қазір жолатпайды. Естуімше шығыс бөлігінің суы тұщылау келеді...

Бұдан бірталай өткен соң, Бұратала, яғни, моңғол ауданы (қазақтардың айтуынша бұндағы қазақ саны моңғолдардан көбірек, кім білсін, дегенмен, одан қазаққа келіп-кетер не бар десеңші. Біраз қазақ қызметкерлерді көрдік) басталады. Бұл жақтың табиғаты Құлжанікіндей емес, қуаңдау, шөлейттеу, біздің тауларға күнгейлеу келгеннен соң болар. Дегенмен, қала маңындағы ойпаңдарда егістік, жақсы дамыған, тіпті мақта егістігін де байқадым. Бұраталадағы қазақ кафесінен дәм татқан едік, қазағымыз да бұл кәсіпті жап-жақсы меңгеріпті, ішіне қазақи бұйымдар, аспаптар, аң терілері т.б. қойылған. Қожайыны жас жігіт кеп, менен «қандай кемшіліктері бар екенін айтуымды» сұрады. Біраз ақылымды айтып, сәттіліктер тіледім, оған риза болды.

«Арасан» ауданының да табиғаты қуаңдау, бір қазақ ағайын, таудан асқанда Алматы облысының Сарқан ауданы екенін және бұрыннан сол жерлерде ел жайлауда кездесіп тұрып келгенін айтты. «Қазір ше» дегеніме, «қазір ол жайлау бізге қарады» деді...

Моңғол Күре жаққа жүргендегі сарғыш түсті Әулиешоқыға ынтыға қарайтының сөзсіз, керемет табиғат! Ал, айналмалы (серпантин) жолдары одан да керемет, айналып-айналып тауға өрмелей бересің, өрмелей бересің..., қыста жүргізбейтін де көрінеді. Естуімше, өкінішке орай, бұнда да ұзақ тоннель қазылып, су қоймасы салынбақшы.

Жалпы орталық билік, Шыңжаңға көптеген қаржы салып, барлық жағынан екпіндеп игере бастағаны сезіліп тұр. қалалардың барлығы дерлік қайта салынған, ескі үйлерді көрмейсің. Оның үстіне, кептеген жерлерде жаңа салынған көп қабатты үйлер «мен мұндалайды», олардың кім үшін салынып жатқанын білмедім. Жолдың бойларында көптеген цемент, қиыршық тас т.б. заводтар молынан кездеседі.

 

Экология мәселесі

Барлық екпінді индустриализация жүргізілген (ұшыраған) елдер сияқты, мұнда да экология мәселесі айқын, күрделі екені анық. Бізден бар болғаны 100 шақырым жерде болғанымен, құстарды, тіпті, қайда болса кездесуі тиіс қарғаның өзі сирек. Сарқырап ағып жатқан сулар жоқ, бәрі де елді-мекендерге бұрылып, тамшылатып суғаруға алынып біткендей, тек арналары қалған.

Құлжа алқабы екі алып таудың аңғары және Іле өзенінің бойы болғандықтан, жері құнарлы, биіктен қарасаң тура алып бір бау-бақша дерсің, түрлі жеміс ағаштары, жүгері, жүзімдік, егін алқаптары...

Қорғастан шыға бере түгелдей дерлік бір тау, күн сәулесін тұтатын электр айналарымен қапталған (барлық жерде бұндай құрылғылар кеңінен қолданылады).

Түнде келе жатып, жүгері алқаптарының айналысында жанып тұрған шамдарды көріп, біздер баяғыда қолданып, қазір ұмытып кеткен, зиянды көбелектерді тұтқыштар екенін түсіне қойдым (түнімен жарыққа ұмтылып жиналған көбелектерді тор дорбасымен бірге ертеңіне өртеп жібереді).

Барлық жерде дәстүрлі егістіктермен қатар, пайдалы, экологиялық-экономикалық жағынан тиімді косметикалық, дәрі-дәрмектік дақылдар (сәлбен, шалфей, жалбыз, түймедақ т.б. сияқты) өсіру жақсы жолға қойылған. Мақсары егістіктерінде гүлін теріп жүргендер де көп, сірә, дәнімен қатар гүлін де пайдалану жақсы қолға алынған.

Бұндағы барлық егістіктер, қаланы көгалдандыру, барлығы да тамшылатып суғару арқылы іске асырылады (технологиясының түк қиындығы жоқ: резина-пластик түтіктерге су насоспен беріліп тұрады).

Моңғол Күре жақтағы атшабардың маңында жайылымдық жерлерді де суғарып жатқанын байқадым. Ал, атшабарға келсек, өте жақсы күтімде, түрлі аттардың түр-породаларын да қызықтадық. Қазақ маман араби жылқы туралы да бірталай дектер айтты, білгір маман екен, ол жылқының бірер сүйектерінің басқа жылқыға қарағанда кем болатынын да тілге тиек етті (біздегі биологиялық бар терминдерді біліп тұр). Бұнда да қытайлықтардың балалары келіп, атқа мінуді үйреніп, демалатын жағдай да жасалыпты, сірә, қытайлар балаларына қатты көңіл бөле бастаған сияқты (әрине, ақша болған соң ғой). Естуімше, балаларын мектепке берген ата-ана еш алаңсыз күні бойы жұмыстарымен жүре де береді екен... эххх, біздің ел неге солай істемейді десеңші! Ертемен баланы жұлқылап оятып, мектепке ұшасың, оны алып қайтуың керек, қосымша сабақ болса тағы апару... кейінгі кезде бір балаға бір күтуші қажет болды ғой!

Бұратала жақтағы, Арасан ауданында бір тамаша мұражай-террариумды тамашалаудың сәті түсті. Бұндағы бағымдағы негізгі жәндік үштісті кесіртке, яғни, сонау динозаврлардың замандасы, қазіргі күнде жойылып бара жатқан – тритон. Біздің Текелі тауларындағы суларда аздап болса да әлі күнге дейін кездеседі, алайда, «Қызыл Кітапқа» енгенімен, бізде бұндай, қолдан өсіру сияқты қамқорлықққа алынбаған. Мұражай демекші, жолбасшыларымыздан Құлжа музейін көрсек дегінімізде, біреуінен, «арнайы рұқсат керек» дегенін естіп қалғаным бар... Ал, бірде біраз бос уақытымыз болып қалып, дүкен-базарларды көрсек дегенге еш қарсылықсыз апарды (негізі, сауда жасау үшін де біраз өнер керек қой, менің бір керегеімді дүкеннің сыртынан іштегіге қарағанда екі есе қымбат бағаға ала салғаныма қасымдағылар әбден күлгені бар. Жергілікті қазақтар саудагерлермен жап-жақсы саудаласады).

Сауданы айтып қалған екенбіз... қайтарда Қорғаста көлік тосып отырып, Шымкенттік қазақтардың әйелі бар, еркегі бар, бір тобына кездесіп, біраз әңгімелестік. Сол Үрімшіге барады екен, товарларын апаратын жеріне дейін көлікке тиеп жіберіп, өздері соңынан жетеді екен. Ондай жеткізуші фирмалық автокөліктер алдамайтын көрінеді. Жас жігіт талай әңгіме айтты, Кореяға да барып жұмыс істепті, енді осылай жүруге мәжбүр... ақыры, «өз елімізде жақсы жұмысың болып ағайын-дос арасында, ойнап-күліп жүргенге не жетсін» деп түйіндеді. Көңілін ауладым: «- Біздің кейбір жігіттер... осы жаққа келіп, аздап ойнап-күліп, ішіп-жеп бар табысынан да айрылып қалғандарын да естігем, сендер ондайдан аулақ шығарсыңдар...». Жігіт бірдеме есіне түсті ме жадырай күлді, «Е ағасы, бастысы ақылыңды ішпеуде ғой. Бірде жерлестер жиналып, Үрімшіде қой сатып алып, көөке шығып тойлағанымыз біздің де бар еді...»... Біздің көлік келіп, жерлестерімізбен қоштасып, сәттіліктер тіледік.

...Экология мәселесін алдыға қойған үкімет бірталай нанымсыздау қадамдарға баратын сияқты. Дэн атайдың (қытайдың бағына туған) реформасы негізінде бұнда да жер адамдарға ұзақ мерзімде жалға берілген ғой, енді соны қайта алу үрдісі көп көрінеді. Біраз «мау» (бір гектар 15 мауға тең) жайылымға ие болған қазақ, қалмақ қазіргі саясат бойынша, ол жерге мал жаймай, өтемін алса, біраз пұл алады екен (олай болса мал бағып қиналып қайтпек). Осыдан болар, жалпы Шыңжаңда мал басы біраз азайыпты, бірақ, үкімет арзандауға жол бермейтін көрінеді (мысалы, қой бағасы бізден екі есе қымбат).

Көшпелілерді «отырықтандыру саясаты» деген бар, оның мағынасы: бір жерге бірдей үйлер салып, соған кіргізеді, ал, малын ірі кешендерде (өздері ферма деп қояды) ұстауға негізделген. Бұның артында, «балаларыңды оқыту, медициналық көмек көрсету, қамқорлық» дегендер болғанмен, саясат та болуы әбден мүмкін, еркіндік жоғалады (бұл елде, кезіндегі КСРО-дағыдай, өмірдің бар саласы саясиландырылған)...

Зиянды шегірткемен күрес те, экологияны сақтау тұрғысынан жүргізіледі, яғни улы химикаттарды қолдану барынша азайтылған. Оның орнына шегіртке қаптаған жерлерге тауық, күркетауық бағу жолға қойылған (бұл енді керемет үлгі!), құстарға дайын белокты жем. Шегірткелі айиақтарда құс бағып отырған шаруаларды көруге болады, дайын болғандарын сатып жатады, бағасы да жақсы. Ондай қауіпті жерлерге табиғи ала торғайларды (шегірткенің жауы) қолдану үшін, арнайы ұялар тұрғызылған (түк те қиындығы жоқ, қабырға сияқты кірпіштен арасында ұяшықтар қалдырылып қаланған), оның айналасына мал бармау және өсе бастаған балапандар қонақтау үшін үлкен тастар айналдырыла төгілген.

Осы жерде біздің бір маман өсімдік зиянкестерінің түр-түрлерін жергілікті мамандарға қарағанда 10-15 еседей артық білетіндігін көрсеткен еді, олар таңқалғандығын жасырмады, бір үлкендеу кісі: «Әрине, Сіздердің ғылыми жағынан алғанда негіздеріңіз өте жоғары. Әлі-ақ бізге дос мемлекет Қазақстан, ғылымы мықты дамыған ел болады, сенімдіміз» дегеніне ризашылығымды білдірдік.

Жайылымдарда, шабындықтарда тышқан тектес зиянкестер санын реттеу үшін жыртқыш құстарға арнап тұрғызылған арнайы бағаналар орнатылған. Былай үкіметтің экологияға баса мән беруі заңдылық та, өйткені пестицидтерді, минералды тыңайтқыштарды көптеп қолданудың салдары айтпаса да белгілі ғой (негізінен, экологиялық апат жақындығы сезілгендей, улануды анықтайтын басты индикатор құстар десек, оның жағдайын айттым). Бұндай жұмыстардың барлығын тиісті мемлекеттік мекемелер атқарады.

Есіме соғыстан кейінгі күрт дамыған Жапония түсті, олар да кейінірек ес жиып, зиянды заводтарды шет елдерге шығарған соң, ұмытпасам, өзендеріне 20-30 жылдан кейін ғана балық оралған еді. Ал, бұнда әзірге, ауыл шаруашылығында химияны кеңінен қолданбау мүмкіндігі жоқ, тамақ мәселесі алдыңғы қатардағы елде, солай болады да. Бір маманның айтуынша қытай ғалымы (атын ұмыттым), күріштің өнімін бір мау жерден бір тоннаға жеткізіп, содан бастап «көз ашылып, тамаққа тою басталған». Әрине, ғылымды ешкім жоққа шығара алмайды, дегенмен, егістіктің шарықтай дамуына агротехникадан басқа, үкімет қамқорлығы, арзан несиелер, арнайы нақты іске асатын бағдарламалар, еңбекқорлық, өсірген өнімді ұқсату, механикаландыру т.б. себептердің әсері зор екені көзге көрініп-ақ тұр. Бұл салада Дэн атайдың реформасы негізінде шаруаға жер беріліп, өнімнің оннан бірі салық есебінде алынып, тең жарымы шаруаның өзіне қалдырылған, қалғанын үкімет нақты бағамен сатып алған, ал, мал шаруашылығында (жергілікті қазақтар «темір қой» атаған) берілген мал басы бес жылдан кейін үкіметке қайтарылып, одан туған төлі өзінде қалдырылған қадамдар жатқанын біз жақсы білеміз...

Сайрамкөл сияқты өте әдемі жерлер (жайлаулар) қазіргі күнде темір тормен қоршалған, тіпті, әркімнің жайылымдары да солай сияқты. Жергіліктілердің айтуынша ондай жерлерден үкімет мал жайғанға қарағанда, туризм арқылы-ақ пайданы көбірек табады екен, кім білсін... ал, біздер, малды жайлауға шығарғаннан да қалдық. Қалай болғанда да, олардың жайлаудары біздегідей ат құлағы көрінбейтін қалың шөпті емес, сұйықтау (таулардан аққан су аз кездеседі, кей жерлерде мүлде байқалмайды).

 

Тіл мәселесі

Шыңжаңда тіл мәселесі толықтай шешілген, әрине, аз ұлттар мен ұлыстардың пайдасына емес. Барлық дерліктей аз ұлт өкілдері ханзуша сайрап тұр, ал, осы жақтың жергілікті қытайларының (іштен келгендер емес) да көбі ұйғырша (қазақша да деңіз) түсінетінін байқадым.

Қалмақтар тілін ұмытып қалғандай, Бұратола жаққа барғанда Шехар батыры бастап келген көшті еске алу үшін, төбе үстіне қойылған тамаша ескерткіш-кесене бар екен, ерінбей барып тұрып қарадым. Айналасы көгалдандырылған саябақ, біршама таза, дәретхана да қойылған, адам жүретін жолдар бар. Саябақ іші түгелдей тамшылатып суғарылуда. Моңғолдардың төбе басына қоятын үйген тас-оба стилінде жасалған (өз жерлерінің шекарасын белгілеу ретінде биік жерлерге сондай оба салады, онда адам жерленбеген, тек солардың құрметіне деседі). Айтуларынша, ол көш 12 мың шақырым жүріп, осы жерге жеткен, негізі, бұрынғы империялық орталық өкімет шекараны қорғауға осы көшпелілерді әкеліп қоныстандырған. Сол оқиғаларды еске алатын бір тамаша ән естідім (қалмақ әндері өте әуезді, денені шымырлататындай келеді), аударып берулерін сұрағанымда: «Аспанда ұшқан тырналар, саған айтам мұңымды... Артта қалған жерімді қатты сағындым... ыстық сәлемім... Сол қайғымды шиша арақ ішіп баспасам...»,- деген мағынада, алайда, сөздері қытайша. Мұңғұл күредегі, біздер сібе-қалмақ дейтіндер де сондай, яғни, шекараны қазақтардан қорғау үшін әкелінген...

Ұйғыр, қазақтар түгелдей өз тілінде сөйлейді, алайда, қазіргі жастар, әсіресе, қаладағылар ұмыта бастапты. Бұндағы чиновниктердің кейбірін әсіре Пекиншіл (екі сөздерінің бірі «Біздің ел тамаша, көсеміміз өте білімді» болып келеді) деуге болады, сондайдың бірінен оның мәнісін сұрағанымда, балаларының «-Сол тілді қайтем, ұлттық мектепті бітірсем, мықты оқуға да түсе алмаймын! Оны үйрену қосымша уақытымды алады...»,- дейтін көрінеді. Кейбірі, демалыстарда, «дәстүрді үйренсін» деп, балаларын ауылға жіберетін көрінеді (негізі, өз елімізде тұрып, көбіміздің баламыз қазақша білмесе, біз оларға не деуіміз керек?!).

Біз қолданбайтын жалпы түркілік сөздердің де біразын естідім, міне, соларды өзімізге қолдануға қоссақ оң болар еді. Мысалы, біздегі «Кеңсені, бұлар «Ирада» дейді екен, «Офисқа» қосымша (әсіресе, басқа елден қонақтар келгенде) осы сөзді де қолдансақ, дұрыс болар еді...

Бұндағы ұлттық аймақтар жергілікті адамдар негізінде құралған, мысалы, қазақ басым аудандар, қазақ ауданы делінеді, басшысы да қазақ болады. Ондай жағдайда қытайлар саны есепке алынбайды, мысалы, бір ауданда 450 мың адам бар екен, соның 150 мыңы ғана қазақ, соған қарамай, аудан қазақтікі аталады! Бірақ, ондай әкімдердің барлығы да қытай секретарьдың бақылап, басқаруында. Секретарь демекші бұндағылардың барлығы да, біздің «карта, бензин, шофер, квас, морожиняларымызды» қолдана береді, түгел түсінеді. Бұл, тарихтан білетінімздей, Шыңжаңның біздің елмен тығыз байланыста болғанын көрсетеді (тіпті, бұрынырақта Қытай Өкіметі КСРО-ға, «Шыңжаңды өздеріңе алыңдар» дегені де бар, ал банк системасы Советтік болған еді ғой. Ол енді келмеске кеткен уақыт, кезең. Қазір бәрі де басқаша, Қытай билігі Шыңжаңды шындап игеруге көшкен). Бұндай жерлерден басқа, бір ерекше жерлер көрінеді, сұрағанымда «дивизияның жері» десті (есіме Қытай Өкіметінің жартылай әскери құрамаларды молынан әкеліп орналастырғаны есіме түсе қалды!). Сондай жерлерде әжептеуір топырақ үйілген, қоршаусыз қытай молалары кездеседі, ал, мұсылман бейіттерін көрмедім (мүмкін жолдан аулақ қойғызатын болар (негізі, қазіргі күнде, әсіресе, ішкі жақтарында, ежелгі қытай дәстүріне келмегенімен де, мәйітті жерге қоюды тоқтатып та жатыр ғой).

Әулиешоқының етегіне тоқтағанда, төрт қазақ қариясы кездесе кетті! Әрине, «Ассаламалейкум» деп сәлем бердім! Оларда үйіріле кетті, атшабардағы бәйгеге бара жатыр екен, сұрақтарды жаудырады: «Қалай өттіңдер... Қазір виза бермейді ғой... Ел қалай...» бірге жүргендердің екеуінің қасыма жетіп келгенін байқап, аңқаулау қарияларға «Аман болыңыздар, алдымен құжаттарыңызды туралап, заңдылықтарды сақтаңыздар, сонда қиналмайсыздар ғой...»,- деп асыға қоштастым. Бізге жетіп жатқан хабарлардағыдай болса, биліктің момын қазаққа тиісетін жөні де жоқ-ау деген ойлар келді. Қазақ, ұйғыр мен дүнген емес, жалтақтау ғой! Бір маманы: «Біздің қазақ отырықтанған соң да, бір жақсысы ақысы аз болса да кез келген жұмысты істей береді! Мысалы, басқалар 70 мың сұраған жердегі жұмысты 30 мыңға да істей береді»,- деп қояды... ол «енді мақтаныш емес қой! Біліктілікті арттыру мәселесі ғой», дедім ішімнен. Момын қазақ демекші, шынымен солай ғой, бұрынғыдай емес, аз ұлтқа да бала саны екеуге шектелген. Бір ауылдық қазақтан «сол шектеуге қарамай туса қайтеді» десем, «ойбай атамаңыз! Ол өкіметке қарсы шыққанмен бірдей, ал, төрт айдан соң бала білінгенде, оны алады, тіптен туатын болса, оның арты жақсылыққа апармайды! Жаза да қолданылуы мүмкін...»,- деп үрейленді. Осы туралы автономдық чиновниктің көзқарасы басқашалау: «...босқа қажеті не? Бала туған соң, оған жауаптысың, болашағын ойлау қажет! Мысалы Үрімшіде, жақсы пәтер 100 мың доллар көлемінде, балаң ержеткенше, біреуіне бір үй алып қою керек! Өзім қазіргі күнде бір үй алдым, енді екіншісіне де ақша жинап жатырмыз. Оқу бітірген соң ЖОО-на түсу керек қой...» деді...

Қонақүйдің астындағы асханада, жас қазақ қыз ыдыс-аяқ жинаушы болып жүрді, бізге іш тартады. Амандасып, бірер сөз айтып қаламыз. Халықтар көптеген жылдар бірге тұрған соң, сөйлеу мәнері де өзгереді екен, біз сияқты қатқылдау сөйлемейді, сөзін созып, ыңылдай, мұрнынан айтады, қызықтау естіледі. Қарындасымызға қайтарда, сәттіліктер тіледік, «елге кел» дестік...

Бірде байқамай, түсінбестіктен, өз нөмерімде көбірек отырып қалыппын, сөйтсек, барлығы есік алдында мені тосып тұрыпты, соны, бірге барған жігіт, алқын-жұлқын кеп айта сап, өзі қайта жүгіріп кетті. Асыға-үсіге киіне сап, мен де жүгірген қалпы лифтіге отыра сап төмен түстім. Шыққан соң қарасам қызметтік лифтіге мініппін, төмендегі, жерастындағы қосалқы-шаруашылық бөлімінен бірақ шығыппын. Айнала өңшең көрпе тыс, анау-мынау көтерген қытай қыз-әйелдері, әлгілерден білген шетелше-қазақша-орысшамды араластырып жөн сұраймын. Бәрі иықтарын қиқаңдатады. Ақыры біреуінің қолынан ұстап машина айдағанды ымдап түсіндіріп жатып есікті таптым, бір қуыста екен! Мүлде басқа жақтан шыққан маған бәрінің ішек-сілелері қатып тұрып күлгені! Менің қысылғаным түк емес, мұнда ағылшыныңды қажет етіп жатпағандарын нақ анықтадым. Әрине, шет елге бара жатқандар, ғылыммен айналысқандар қажеттіліктен үйренеді ғой, ал өз еліңде соның қажеті не екен... «біздікі не тыраш» деген ой келді.

Түсінбесем де біраз қытайша ТВ хабарларын қарағаным бар, коммунистік идеологияны ғана көрсететін шығар деп ойлаған едім, байқауымша, ескі әскери әдістер қолданылатын тарихи фильмдер де, сосын, қызылдардың жеңгені туралы да фильмдер жеткілікті сияқты. Шетелдерде айтып жатқандай, бар сананы да ақырындап милитаризацияландырудан сақтасын делік...

Қазақ аймақтарындағы жер-су атаулары қазақша: Мұзарт, Бекет, Үйсін таулары деген сияқты (жергілікті картада ханзушалап тастады ма, ол жағын білмедім). Сол Тян-Шанның сілемдерін жағалай жүріп, өзіміздің Нарынқолдың тұсына да жеттік, шекара, өзен ортасымен өтеді. Сол жердегі заставаны 72-ші арырақтағысын 74-ші полк деседі. Бұрынғы тас белгі бар екен, кейініректе (КСРО заманы) болған заставаны музейге айналдырыпты, ағаштан салынған үй, біраз қора-қопсы және осыған байланысты әйелімен бірге тұрған қытай шекарашысы туралы бір әңгіме бар екен. Музейдің ішін аралап та көрдік, қару-жарақтарға, киім, әскери заттар үлгілері Отан Соғысы кезіндегі совет солдатының бейнесін көз алдымызға алып келгендей, яғни, қытай еліне КСРО-ның көмек-әсері қаншалықты болғанын нақты көресіз. Жергілікті әкім-қазақ «-Бүгін шекараға мен жауаптымын»,- деп қояды. Бұнысынан, қытай саясаты бойынша, «бұндағы әскерлер екі жақты, орталық пен Шыңжаңнан басқарылады...» екенін түсіне қойдым. Шынымен, қытай солдаттары жоқ болды, бірақ айнала түгел камера, шыбын ұшып өте алмас! Нарынқолымыз көрініп тұрды. Біреулерден естігенім, даулы аймақтар шешіліп, біраз жер соларға қарапты... анығын білмедім. Естелікке суретке түспек болғанымда, жергіліктер «болмайды» деп тоқтатты.

Жол бойындағы және кейбір мекемелер атаулары иероглиффен қатар араб графикасымен де жазылған. Бұрын мешіттер көп болған еді, қазір саны реттелді деседі, олары шын болар, бірен-саран кездеседі. Азан айтылмайды, бір қызметкерден (бұндағы мемлекеттік мекемелердегі жүргізушілер т.б. техникалық жұмысшылар да өздерін мемлекет адамы санайды) «мешітке барасыздар ма, жаназаға қатысу шектелмей ме» деп сұрағанымда, мардымды жауап ала алмадым. Құлжадағы орталық мешітті көргім келіп еді, уақыт ыңғайы және мүмкіндік те аса болыңқырамады...

 

Қауіпсіздік шаралары

Қауіпсіздік шаралары тым артық сияқты, жергіліктілердің айтуынша «ана ұйғырлардың қалаймақанынан (осы сөзді көп айтады, бізге де таныс болғанымен, қызықтау естіледі) соң және естіп қалғанымдай Шыңжаңға бұрынғы Тибет басшысы келгелі бері тәртіп тым күшейтілген». Бұлары енді анық: әрбір аудан арасында кеден! Алдын-ала рұқсат алуың керек! Көлік тоқтайды, өзің түсіп, арнайы кабиналардан және тексеру орындарынан өтесің. Барлық жерлерде қарулы сақшылар, олардың бәрінде форма және көбіне автомат (мылтық) болмағанмен келтек пен найзалары бар. Бұған тағы ақылы жолдардағы тоқтау орындарын қосыңыз.

Барлық мемлекеттік мекемелерде, қонақүйлерде сақшылар, бейнекамералар, тура бір темір тордың ішінде жүргендейсің. Олардың бәрі дерлік қоршалған, қоршаудың үсті жағы аранды темір торлар. Жанар-жағар май бекеттеріне кірерде жүргізушілерден басқа жолаушылардың бәрі көліктен түсіп тосып тұрасыз (көбінде арнайы жасалған орындар бар).

Бұнда интернет жүйесі жоқ, өздерінің біздегі «ватсапқа» ұқсас «вечат» атты желілері бар, көбіне сонымен хабарласады. Телефон тарифінің бағасы қолжетімді болу керек, барлық жерде сол біздегідей телефонға шұқшиған жұрт.

Бірде бір ауданға кірерде жолбасыларымыз құжаттарымызды алып кеденге кеткен еді, бір шәңкілдеген қытай келе қалып, бізге бірдеме-бірдеме деді. Жүргізуші айтып-ақ жатыр, оған қарайтын анау жоқ, бізге «түс те түс» деп ымдап тұр! Қасымдағы екеуміз қызық үшін, қолды бір сілтедік те теріс қарадық! Анау қояр емес, тағы қолды «кетші» дегендей сілтеп қойдық! Сол-ақ екен ол да, машинаны айналып келіп, есікті ашып, «ни хау!» деп ресми түрде, қолын шекесіне ұстап (честь, салют беріп), найзасын ұстай қалды! «Ендігі қалжыңымыз болмас» деп екеуміз күліп түстік! Сол кезде жолбасшымыз кеп, анаған бірдемелерді зіркілдеңкіреп айтып ұялтты...

Тіпті, такси көліктерінің де жүргізуші мен жолаушы арасына тор орнатылған. Біз де Совет дәуірінде өмір сүрдік, тоталитарлық жүйені әбден көргенбіз, дегенмен қазіргі күндегідей техниканы пайдалана отырып, мынандай система құрғанды көрмедік. Былай қарасаңыз, елдің көбіне жұмыс та тауып бергендей, бірі-бірін аңдып отырғандай сезінесің. Сондықтан қазақ баласына тағдыр маңдайына беруді нәсіп еткен тәуелсіздікті нығайта түсіп, шынайы бостандыққа қол жеткізіп, қолдан шығармауды жазсын дегің келеді еріксізден...

Менің көргенім, бір кездегі еркіндеу жатқан алып территориялы Шыңжаңның бір пұшпағы ғана. Сондықтан өзімше, өзіме бағдаршам-кумир санайтын Шоқан бабамызша (әттең ол кісідей ғұлама, ұқыпты, еңбекқор болсам, әлі де талай нәрсені байқар ма едім! Өзіме тән жалқаулық әсерінен, барған сапарымды жарты жылдан соң ғана баяндап отырмын, талай нәрсе, детальдар ұмытылып та қалған болар!) көргенімді жазып отырмын! Белгілі бір хронологияқ, күндік тәртіпті сақтамадым. Әрине, ондағы қандастарымызға зияны тимесін деп, саяси ахуалды мүлде тілге де тиек еткен жоқпын! Егер, қателеу пайым жасасам, немесе көргенім, байқағаным тура болмаса, оқушыдан кешірім өтінем!

Құлжа

Қарт Құлжа! Ескі Құлжа, кәрі Құлжа!

Керуен жолы! Түркінің әрі Құлжа.

Қасиетті топырағыңа бас иер ем,

Қабылдасаң, ұлыңдай, мені Құлжа.

 

Атағың бар! Кезінде дүрілдеген,

Жолай алмай жат жұрттық дірілдеген.

«Ақтаңдақ боп Алтышар неге тұр» деп,

Есіңде ме? Бұл жерге Шоқан келген.

 

Сан тарихтың қайнадың қазанында,

Талай қалдың жат жұрттың мазағына.

Құтқаруға талпынған Сыздық бабам,

Үміт үзген, Бадәулет заманында.

 

Содан бастап, қарт Құлжа кімге қалдың,

Соны ойладым, әр ойдың түбін шалдым.

Бұл күнде іздеп тұрмын! Көрінбейсің,

Сезгендеймін, бар мұңын кәрі шалдың.

 

Ол кәрі шал тарих қой, кемсеңдеген,

Қазіргілер, өлтіріп, көмсем деген.

Тас үй мен, темір торлар басып қалып,

Үміттерім үзілді, көрсем деген.

 

Россия, Америка, Ағылшынның,

Көзің көрді, саяси шапқындығын.

Байлап берген, Цзо Цзунтан, Шэн Шицайға,

Сан құрбанды, еске алып, жатсың бүгін.

 

Әлі тұрсың, Іленің аңғарында,

Жетесің бе, асқақты арманыңа?!

«Вольфрам, тантал, уран, мұнайларың»,

Сор болып жабысты ма, маңдайыңа...

 

Өзгеріп кеткенімен бәрі Құлжа,

Тәңіртауға қарап қой, кәрі Құлжа.

Ескірген дуалдарды көре алмастан,

Менің де ойым боп тұр, мылжа-мылжа...

***********************************

Сайрамкөл

Биік таулар төніп тұрған Сайрамкөл,

Көмкерілген, төңкерілген қайран көл.

Ежелден-ақ қазағымның жайлауы,

Сан қызықтың ордасындай сайран көл.

 

Тәңіртаудың құшағында тербеліп,

Сыбырлайсың, ерекше бір түрге еніп.

Аңсайсың ба бұрынғы өткен күндерді,

Тереңіңде сайрап жатқан күнделік.

 

Мөлдір суды енді кімдер кешеді,

Сағындырған күндерің бар кешегі.

Бір зат түссе толқынымен қақпайлап,

Шығарады көлдің өзі деседі...

 

Солай болар!

Тым таза ғой суық су,

Толқындарың жағалауды жуып тұр.

Кермек дәмің! Жасыл жайлау айналаң,

Табиғатың сұлулықтан тұнып тұр.

 

Тәңіртаудың бір ұшында Сайрамкөл,

Қазақ салған жағасында сайран көл.

Қазір қоршау!

Айналаңда темір тор,

Мүмкін дұрыс! Тиіспесінші! Қайран көл...

***********************************

Әулиешоқы

Әулиешоқы!

Алыстан мұнарландың,

Барғым келіп, қасыңа құмарландым.

Шиыр жолдар айналып жеткенінше,

Тағатсыздан, орнымда тұра алмадым.

 

Түр-түсің соншалықты неге сары?!

Өн бойыңнан сезілер тектің мәні.

Сағыныштың түсі ме... толғандырған,

Осы сұрақ көкейге келе қалды.

 

Биігіңе, шыңыңа көп қадалдым,

Байқадым, сырғып аққан жылға барын.

Ұқсаттым, тамшылаған көз жасына,

Беретін, сан тарихтың бір хабарын.

 

Әулиешоқы!

Көп ойға сала бердің,

Келіп тұрар өзіңе бара бергім.

Әулие болсаң, ұлыңды сыртқа теппе,

Әйтпесе, шоқы болып қала бергін...

************************************

Азкен Алтай (Азамат Ақылбеков)

Жетысуский

Abai.kz

 

 

5 пікір