Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
3205 2 пікір 3 Сәуір, 2019 сағат 10:24

Алжир президенті Бутефлика жаппай наразылық шараларынан кейін отставкаға кетті

Алжир президенті Әбделәзиз Бутефлика сейсенбі күні бірнеше аптаға созылған наразылық шараларынан кейін отставкаға кететінін жариялады.

Бұл жөнінде Алжир мемлекеттік агенттіктері хабарлады. Алжир армиясы бас штабының басшысы Ахмед Гаед Салах оны қызметінен кетіру үшін тез арада шара қабылдауға шақырғаннан кейін, президенттің өзі отставкасын жариялады.

Әскерилер Бутефликаның төртінші мандат мерзімі аяқталғаннан соң, 28 сәуірде кетемін деген мәлімдемесіне қанағат тұтпады. Олар президенттің тез арада кетуін талап етті.

Алжир конституциясына сәйкес, президент отставкасынан кейін, оның қызметін парламенттің жоғарғы палатасының спикері Әбделкадер Бенсалах уақытша атқарады. Президент сайлауы 90 күн ішінде өтуі тиіс.

Алжирде наразылық шарасы 82 жастағы ел президенті алған инсультына қарамастан, бесінші мерзімге сайланатынын жариялағаннан соң басталды. Жаппай демонстрациялардан кейін, Бутефлика ұсынысынан бас тартып, сайлуды сәуір айына шегерген. Бірақ соған қарамастан наразылық шаралары жалғасып жатты. 30 наурызда жүздеген халық Алжир көшелеріне шығып, президенттің тез арада қызметінен кетуін талап етті.

Бутефлика – Алжир тәуелсіздігі үшін күрескен азаматтардың бірі. 1999 жылдан бері ел басқарып келді.

Abai.kz

2 пікір