Сенбі, 20 Сәуір 2024
3162 0 пікір 3 Сәуір, 2019 сағат 10:17

Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев Ақордада бірқатар кездесу өткізді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада ауыл шаруашылығы министрі С. Омаровты, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Б. Сұлтановты және ҚР-дағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А. Шәкіровті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровпен кездесу барысында Мемлекет басшысына министрлік жұмыстарының нәтижелері мен алдағы жоспарлары жөнінде баяндалды.

Қазақстан Президенті агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділікті және қайта өңделген өнімнің экспортқа шығарылуын арттыру үшін министрліктің алдына қойылған міндеттерді сапалы жүзеге асырудың маңызды екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылға дейін техникалардың жаңартылу қарқынын 2-ден 6%-ға және суармалы егіншілік жерлерін 1,4 миллионнан 2 миллион гектарға арттыру, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жоғары технологиялық жүйесінің кешенін пайдалану, егістік алқаптарын әртараптандыру, тұқым сапасын жақсарту, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану қажеттігін айтты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ірі қара малдың тұқымын зерттеу және қайта асылдандыру үшін заманауи технологияны енгізу, отбасылық мал шаруашылығын құру және пайдаланылатын жайылымдардың көлемін ұлғайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановпен кездесуде Мемлекет басшысына 2018 жылдың қорытындысы бойынша қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндалды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев барлық қажетті инженерлік-көліктік инфрақұрылымды іске қосуды көздейтін және 2019-2023 жылдарға арналған елорданың шағын құрылысы жөніндегі кешенді жоспармен танысты.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жеңілдігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін қабылданатын шаралар туралы, сондай-ақ жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі есепті тыңдады.

Соңында Мемлекет басшысы елорданы одан әрі дамытуға, соның ішінде қала көшелерін, саябақтар мен гүлзарларды лайықты абаттандыруға, тазалық пен тәртіпті сақтау үшін қала мәдениетін қалыптастыруға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровті қабылдау барысында Қазақстан Президентіне Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жұмысы туралы есебі, сондай-ақ, еліміздегі адам құқықтарының сақталуы жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың, соның ішінде кедей отбасылар мен көп балалы аналардың негізгі құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету, сондай-ақ сотталғандарға қатыгездік көрсету фактілеріне жол бермеу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеу қажеттігін айтты.

Соңында Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма беріп, құқық қорғау мәселесін жіті назарда ұстайтынын айтты.

Abai.kz

0 пікір