Сенбі, 20 Сәуір 2024
Білгенге маржан 22712 2 пікір 3 Сәуір, 2019 сағат 09:36

Баланың бесігі – кең дүниенің есігі

Көшпелі ата-бабамыздан келе жатқан, әр отбасы төрінен орын алар қастерлі мұраның бірі - бесік. «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал» деген даналық сөздің қасиеті де ерекше.

Жоңғар шапқыншылығынан қырылған елдің қалдығы тоз-тоз боп беті ауған жаққа қарай босып, үдере көшкенде, аяғы ауыр жас келіншек жабдық-жарағы жоқ бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Төле бимен қатар келе жатқан кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай!» - депті. Сонда Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», - деген екен. Осы айтылған сөзде үлкен ой жатыр... Ертеңге деген үміт бар.

Бесік – атадан балаға, баладан келесі ұрпаққа жалғаса беретін киелі мүлік. Бабаларымыз мұны «Атасы өскен бесікте туа жатып өсіпті» деп те айтқан. Бесікті қастерлеу де содан қалған ұлағатты дәстүр. Сол себепті оны нәрестесіз бос тербетуге тыйым салынған, сәбисіз болса да құрметтеп, оның арқалығына ақ байлап, аяқ астынан жоғарыда ұстаған.

Ата-бабаларымыз бесікті көтерме және тербетпе бесік деп екі түрге бөлген. Көтерме бесік өткен қилы замандарда, үркіншілікте, күн-түн демей босқын аталған кезеңде пайдаланылған. Көтерме бесіктің тербетпе бесіктен айырмашылығы – оңай жасалуы. Қонақ көрпенің төрт бұрышы байланып, байлау жібін жылқының құйрық қылынан немесе жалынан арнайы есіп, ортасына сол нәрестенің денесіне шақ тақтай салынып, шүмек орналастырған. Мұны арнайы шебердің жасауынсыз-ақ әркімдер жол-жөнекей өз қолымен жасап, пайдаланған.

Ал тербетпе бесік – қазіргі өзіміз жасап, отырықты орында немесе көлікті көштерде пайдаланып жүрген бесік. Бесіктің нәресте бөлеудегі артықшылығы: біріншіден, нәрестенің дене құрамының түзу өсуі, екіншіден, нәрестеге жайлылығы, сенімділігі және тазалығы, үшіншіден, әртүрлі күтпеген нәрселерден қауіпсіздігі.

«Біздің қазақта бесік әкелу деген бар. Бұл салт әсіресе, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында сақталған. Тіпті бұл – Кеңес өкіметі кезінде де осы аталған өңірлерде маңызын жоймаған салт. Бесікті баланың нағашы әжесі әкеледі. Келін босанғаннан кейін өзін-өзі сыйлайтын кез келген ана міндетті түрде құдаларына құтты болсын айтып, қызының қал-жағдайын білуге келеді. Бұл – ана үшін парыз. Өйткені жатжұрттық болған перзентің «Ана» атанып жатыр. Ана болудың қандай екенін жүрегінен жұлып қызын ұзатқан әр ана жақсы біледі. Демек, қызының жағдайын білуге, құда-құдағиына құтты болсын айтып баруға әрбір қазақ әйелі міндетті» (Зейнеп Ахметова).

Нәрестені бесікке бөлерде ұйымдастырылатын ырымдар да жеткілікті. Мәселен, қасиетті арша, қылша немесе адыраспан сияқты өсімдіктермен «алас-алас, аласқа болмас талас» деп аластап Алла тағаладан шүкіршілікті нәсіп қылады. «Ұзын тілден, суық көзден, жаман сөзден сақта» деп жақсылық тілейді.

Бесіктің айналасында өтетін қуанышты жайттар да жетерлік. Мәселен, өмірге жаңа келген нәрестенің кіндігі түскен соң бесікке салады. Бесікке бөлейтін күні отбасы мен ағайын-туыстар, көрші-қолаңдар мерекелі сауық жасайды. Кей адамдардың әл-ауқатына қарай бесікке нәрестені бөлеу той-думанға ұласады, тіпті «бесік тойы» деп, ат шаптырып, көкпар да тартқан.

Қазақ үшін дүниеге жаңа келген ұрпағынан қымбат ешнәрсе болған емес. Сондықтан да оны алғаш бесікке бөлерде бесік жырын айту, құрметтеу әр ата-ананың міндетті борышы.

Серік Абылай

Abai.kz

 

 

2 пікір