Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 5753 4 пікір 29 Наурыз, 2019 сағат 15:33

Президент болмаймын!

Үйімде құс жастыққа жантайып, аузым болса, аңқайып, теледидар көріп отырғанмын, «Қашан шәй дайын болады?» деп өліп отырғанмын, бір кезде әйелім:

–Есік алдына нөпір халық жиналыпты! Сені шақырып тұр! –дегені. Есік алдына есіней шыққаным сол, он шақты жігіт мені көтеріп алды да, қара сүліктей лимузиннің ішіне лақтыра салды. Содан, зымырап отырып, Ақордаға келдік. Жаңағы жігіттер мені дырылдата сүйреп әкелді де, президент тағына ыңқ еткізе отырғыза салды.

–Бұл не? –деп сұрадым мен.
–Сіз бүгіннен бастап президентсіз. Халық сізді қалайды. –деді бірі.
–Ал, жарайды. Неге мен президентпін? Жоқ. Болмаймын! Президент болсам, жағымпаздар жаныма жиналып, өмір–бақи оңбаймын! –дедім мен.
–Боласыз! Халық сізді қалайды.
–Жарайды. Жасым тоқсанда ғой? Тоңқайып қалсам ше?
–Қырық жыл қыңқ демейсіз!
–Ойбай–ау, 130 жылға дейін кім бар, кім жоқ?
–Өлуге рұқсат жоқ!

Амал қанеки, қазіргі Тоқаевтан кейін президент болдым! Өзімше, жағымпаздарды жаныма жолатпаймын деп ант бердім. Сол күні кештетіп, үйіме келсем, есік алдында біреу қолын созып тұр. «Амандасқалы тұрған шығар?» деп ойлап, жанына келсем, өзімнің ескерткішім! Қолынан сүйіп, ішке кірдім. Әйелім айтады: «Жаңа ғана жағымпаздарың қойып кетті, дырылдатып, есік алдын ойып кетті...» дейді. Сәл шірене бастадым. Көңіл тоқ, жүрегім шоқ. Ертеңіне мені құттықтаушылар көшеге жиналыпты! Гүл шоқтарын лақтырғанда, жалп етіп, құлап қалдым. Таудай болып үйілген гүл арасынан басымды қылтита қарап едім, біреу келіп шашымды тарады, екіншісі үстімді гүл жапырақтарынан тазалай бастады, үшіншісі туфлиімді сабындап жуа кетті. Шірене түстім. Белім қақиды да қалды. Сөйлеуге ерінемін.

Президент болу рахат екен ғой? Жер қазбайды, шахтаға түспейді, мал бақпайды. Күн ұзақ кабинетімде отырып алып, кластастарыммен вацап арқылы хат жазысумен болдым. Оқта–текте, теледидардан мәлімдеме жасап қоямын: «Қазақстан қатындары! Давай, туа беріңдер! 21 мың жәрдемақыға елу тиын қосамын!» деймін. Деп жатып, алдыма келген торттан жеп жатып, оянып кеттім! Жаңағының бәрі түсім екен! Соның өзінде, кереуеттен шіреніп түстім ғой! Жо–жоқ, президент болмаймын! Неге дейсіздер ме? Айлығы аз екен...

Мұхтар Шерімнің facebook парақшасынан

Abai.kz

4 пікір