Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3348 0 пікір 30 Мамыр, 2011 сағат 07:36

Интернет-конференция: Бейбіт Қойшыбаев (басы)

31-нші мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.

Біздің конференцияның қонағы   «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының бірінші орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев  «Абай.кз» ақпараттық порталының оқырмандары тарапынан келіп түскен сұрақтардың алғашқы легіне жауап бере отырып: «Зиялылар тарихын зерттеушілер арасында өзара бәсеке болса бола берер,  бірақ, сөз жоқ,  азаматтарымызды бір-біріне жау етіп көрсету, әсіресе, соларды талдау орайында зерттеушілер арасында кәсіби бәсекелестік емес, таза топшылдық, жаулық сезімге бой алдыру бар. Өйткені, Қазақстанның тәуелсіз тарих мектебі  қалыптасқан жоқ» дейді.

«Абай-ақпарат»

- Ассаламағалейкум Бейбіт аға ! Әлеуметтік теңдік туралы жиі айтылып жүр.Қазір жұрт: «Кен орындары мемлекет меншігіне қайтарылуы керек.Кәсіпорындар жұмысшылар ұжымының меншігі болуы керек. Жер байлығы халық игілігіне жарасын» деп жүр. Осыдан келіп шығатын сұрақ: Демократиялық-әлеуметтік республикаға қалай қарайсыз?

31-нші мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.

Біздің конференцияның қонағы   «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының бірінші орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев  «Абай.кз» ақпараттық порталының оқырмандары тарапынан келіп түскен сұрақтардың алғашқы легіне жауап бере отырып: «Зиялылар тарихын зерттеушілер арасында өзара бәсеке болса бола берер,  бірақ, сөз жоқ,  азаматтарымызды бір-біріне жау етіп көрсету, әсіресе, соларды талдау орайында зерттеушілер арасында кәсіби бәсекелестік емес, таза топшылдық, жаулық сезімге бой алдыру бар. Өйткені, Қазақстанның тәуелсіз тарих мектебі  қалыптасқан жоқ» дейді.

«Абай-ақпарат»

- Ассаламағалейкум Бейбіт аға ! Әлеуметтік теңдік туралы жиі айтылып жүр.Қазір жұрт: «Кен орындары мемлекет меншігіне қайтарылуы керек.Кәсіпорындар жұмысшылар ұжымының меншігі болуы керек. Жер байлығы халық игілігіне жарасын» деп жүр. Осыдан келіп шығатын сұрақ: Демократиялық-әлеуметтік республикаға қалай қарайсыз?

- Әрине, дұрыс қараймын, құрметті інім.   Біздің еліміздің Негізгі заңында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады» делінген.  Адам мен оның өмiрi, адамның құқтары мен бостандықтары мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы екендігі де сонда шегелеп жазылған. Әлеуметтік теңдік туралы жиі айтылып жүргені - Конституциямен тұжырымдалған сол мәлімдеме мен нақты іс-дағды арасының алшақтап бара жатқанының салдары. Кен орындарының, жер байлығын өндіріп-өңдеумен шұғылданатын ірі кәсіпорындардың мемлекет меншігіне қайтарылғаны жөн, сондай әрекет - адал, әділ, мемлекетшіл көзқараспен жүргізіліп, басқарылған жағдайда - оларды шын мәнінде халық игілігіне айналдырудың  басты кепілі болады деп ойлаймын.

- Кісілік немесе Қазақ қайтсе қалады қазақ болып?

http://www.egemen.kz/

- Меніңше, бұл сұраққа ақылгөй ақсақалдың сілтемеде тұрған мақаласынан тәлімді жауаптар табуға болады. Дегенмен бұл кісінің жәй қатардағы адам емес, өзі айтқандай, пәлен жыл идеологияны басқарған жауапты қызметкер-қайраткер болғандығынан, елімізде жақсылықтармен қатар, кемшіліктердің орын алуына да тікелей қатысы болғанын ойлаған жөн.   Тіл туралы, дін туралы жақсы сөздер айтыпты, бірақ, елімізге күллі миссионерлердің қаптауы, сол кісі көрсеткен пәлен діни ұйымның шаңырақ көтеруі тәуелсіздіктің алғашқы айларында қабылданған дін туралы әсіредемократтық заңның қабылдануы салдарынан орын алды. Тіл жайында тәуелсіздіктен бұрын қабылданған заң ел ішінде үлкен өрлеу туғызған, жұрт орыс мектебіндегі балаларын қазақ мектептеріне ауыстыруға көшкен, орыс ағайындар арасынан да балаларын қазақ мектебіне беретіндер шыға бастаған. Бұл үдерісте сол кезгі үкімет жетекші рөл атқарған болатын. Мемлекеттік өмірді,  аймақтар мен салалардағы іс жүргізуді қазақ тіліне көшірудің кешенді жоспары мен кестесі жасалып, баспасөзде жарияланған-тын. Алайда идеологиялық тұрғыдан қамсыздандырылмағандықтан, мемлекеттік деңгейде отарсыздандырудың кешенді шаралары жасалмағандықтан да, сол игі ниеттің бәрі ұзамай кері кетірілді. Сол тұста біздің идеологиялық құрылымымыз экономикалық таңдау мәселесін де жіті қадағалап, басқаруы керек еді. Алайда, өкініштісі, ауыл шаруашылығын қайта құру - қазақтың кеңестік тұрпатта қалыптасқан дәстүрлі өмір салтын күйрету болып шықты. Ауыл тұрмысын жаңа талаптарға эволюциялық жолмен бейімдеудің орнына, мемлекеттік кеңшарлар (совхоздар) түгіл, базар экономикасына кірігуге әзір тұрған тұтынушылар кооперациясы мен ұжымшарларды (колхоздарды) да күштеп тарату дәріптелді. Мұндай жан-жақты ойластырылмаған тірліктің залалды салдарларының бірі - жұмыссыз қалған жұрттың орныққан жерінен қопарыла көшуі, ішкі миграцияның бей-берекетсіз өсуі, тіршілік қамымен  қалаларға ұмтылып, өз беттерінше баспана салып алуға тырысқан қазақтардың өкімет қатыгездігіне душар болуы. «Мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы - адам» деген ереженің бұлжымауы  басқа түгіл, билік төрелерінің санасында идеологиялық тұрғыда қамтамасыз етілмегендіктен солай болды ғой деп ойлаймын. Кісілік - өтпелі кезеңдегі өткен жолымызды әділ саралап, әр мәселеде жіберілген кемшіліктерді ашық талдау, дұрыс қорытынды жасап, қателіктерді түзей білуде. «Қазақ қайтсе қалады қазақ болып?» деген сауалдың жауабын кісілік ұғымымен байланыстырып іздеген ақсақалдың мақаласы оқырманына көп ой салары хақ. Әйтсе де, арба өз бетінше жүрмейді, оған ат жегілуге тиіс, ал әлгі мақаладағы пайымдар атты жетекке алғандай, яки, атты арбаның алдына емес, артына жеккендей әсерге бөлейді. Қазақ қазақ болып қалу үшін, оның мүддесін бірінші кезекте жыртатын өз мемлекеті болуға тиіс. Мемлекеттік тәуелсіздік туралы декларацияда ұлттық мемлекет құру көзделген, бірақ бұл мақсат - көп ұлттымыз деген жаңсақ пікір үстемдік құрып, қазақтың шектеулі келген тарихи құқтарын қалпына келтіруді көздейтін дұрыс идеология болмағандықтан да  - әлі күнге дейін декларация күйінде қалып тұр. Менің терең иланымым бойынша - қазақтың ұлттық мемлекетін құру ғана қазақты барлық құқтары қорғалған қазақ күйі қалдыруға және өзге ұлт өкілдерін де  қазақ елінің тең құқықты азаматтары етуге кепілдік бере алады.

- Армысыз Бейбіт аға!

1. Қазақстанның тәуелсіз тарих мектебі қалыптасты ма?

2. Бізде зиялылар тарихын зерттеушілер арасындағы өзара бәсекеде қазақ үшін басын ажалға тіккен арыстарды бір-біріне жау етіп көрсетудің нышаны байқалады. Әрине, пікір әралуандығының болғаны қажет қой. Бірақ тарих тұлғаларына тиісудің қаншалықты қажеттілігі бар? Бұл Отандық тарих ғылымы мен ұрпақ тәрбиесіне зиянды емес пе?

3. Қазақ тарихының ең қатпарлы, аз зерттелген кезеңі қай уақыт?

Қазақ баласы

- «Қазақ баласы» інімнің сауалдарына:

1. Қазақстанның тәуелсіз тарих мектебі  қалыптасқан жоқ.

2.  Зиялылар тарихын зерттеушілер арасында өзара бәсеке болса бола берер, бұл орайдағы пікір әралуандығының кездесуі ықтималдығын мойындау жөн, бірақ, сөз жоқ,  азаматтарымызды бір-біріне жау етіп көрсету, әсіресе, соларды талдау орайында зерттеушілер арасында кәсіби бәсекелестік емес, таза топшылдық, жаулық сезімге бой алдыру қате. «Тарих тұлғаларына тиісудің қаншалықты қажеттілігі бар? Бұл Отандық тарих ғылымы мен ұрпақ тәрбиесіне зиянды емес пе?» - тарихи тұлғалардың тарихқа сіңірген еңбегін әділ талдаудан ғылым да, ұрпақ тәрбиесі де зиян шекпейді. Тек сондай әрекеттерге жау көзімен қарау, өзін-өзі тым артық бағалайтындардың сондай оғаштау талдауға көзі түскенде «ұйқысынан айрылғанын» жария етіп, жеке басқа тиісумен шұғылдануы ғылымды да, сананы да  көркейтпейді.

3. Қазақ тарихының ең қатпарлы,  бірақ аз емес, ең көп зерттелген, бәрібір іргелі ұжымдық еңбекте дұрыс бағасын алмаған  кезеңі - кеңестік дәуір.

- Беке! Жақында қытайдың "Конфуций" атты фильмін көріп, одан Конфуцийдің ілімінде, салт-дәстүр ұстанымында қытайдың 10 мың ұрпағы тәрбиленгенін білдім. Егер біздің қазақ болып қалғымыз келсе, өткен бабаларымыздың асыл да, даналы дүниелерінен тағылым алатындай жағдай жасап барып қана тілімізді, ділімізді сақтай аламыз деген ой туды менде. Бұған қазір толық мүмкіндігіміз бар деген ойдамын. Сіздің пікіріңіз қандай?

Психолог

- Дұрыс айтасыз, құрметті Психолог, бұл үшін қазақ құндылықтарын дәріптеп, насихаттайтын, сананы жаулап ала алатын көркем-танымды ұлттық фильмдер жасалуға тиіс. Киношылар шет жұрттардағы фестивальдерге қатысып, солардың төрешілерінің көңілінен шығатын фильм түсіру арқылы жорымалы әлемдік деңгейге шығуды емес, қазаққа қызмет ететін ұлттық фильм жасауды мақсат ету керек. Шынайы ұлттық фильм өзінің жасаушыларын міндетті түрде әлемдік деңгейге алып шығады.

- Саяси қуғын-сүргіннің көзі тірі куәгерлері желтоқсандықтар емес пе, егер ақиқат тұрғысынан қарасақ. Бұл мәселеге неліктен билік осы тұстан келмейді деп ойлайсыз?

- Желтоқсандықтарды репрессиялау - кеңес өкіметінің ақтық тұяқ серпуімен ұштасқан қылмысы болып табылады. Біздің тәуелсіз мемлекетімізде олар ақталды, көбіне кейбір жеңілдіктер берілді. Еліміздің тарих ғылымы бұған жаңаша, әділ көзқараспен, заман талабына сай әдістемемен   қарап, оның ұзақ жылдарғы ұлт-азаттық қозғалыстың түйінді серпілісі ретіндегі ғылыми дәйегін жасауы керек еді. 2010 жылы шыққан көп томдық «Қазақстан тарихына» қарағанда, бас ғылыми ордамыз ондай қадамға барған жоқ. Соған қарағанда, желтоқсаншылардың  жыл сайын дәстүрлі түрде қала үкіметі өкілдерімен кездесіп, көтеріп жүрген мәселелерінің бірі - Желтоқсан көтерілісіне саяси баға  беру - тағы шешімін таппай қалуы ықтимал. Ғылым да, БАҚ та әлемдегі ұлы өзгерістердің бастауы болған, тәуелсіздікке жол салған осы белесті бұқара санасына жеткілікті дәрежеде сіңіруі қажет-ақ. Сонда Желтоқсан көтерілісі өзінің тарихи орнына сай саяси бағасын алады, сонда кеңестік соңғы саяси қуғын-сүргіннің көзі тірі құрбандары -желтоқсандықтарға деген көзқарас та өзгереді.

- Амансыз ба, Беке! Сіз Смағұл Садуақасұлы туралы алғаш мақала жазған азаматтың бірісіз. Жалпы осы қайраткердің бүгінгі насихатталуына көңіліңіз тола ма? 21 қаңтарда Астанаға жеткізілген оның сүйегінің күлі не себепті мемлекеттік дәрежеде лайықты орынға қойылмады? Оның 4 ай бойы жерленбей қалғанын немен түсіндіруге болады? Жалпы тәуелсіз Қазақстанда Алашқа неге көрнекті ескерткіш, монумент жоқ?

Рахмет!

Құрметпен, Бектұр Айшуақ

- Құрметті Бектұр, Смағұл Садуақасұлының мәйіт-күлі Мәскеуден әкелінер қарсаңда Астанада республикалық ғылыми-практикалық конференция болды, сонда қайраткердің қызметінің, артында қалған мұрасының бүгінгі насихатталу дәрежесі көңіл толтырмайтыны айтылып, атқарылуға тиіс нақты шаралар белгіленді. Ал оның не себепті 4 ай бойы жерленбегенін, неліктен мемлекеттік дәрежеде лайықты орынға қойылмағанын, бәлкім, анығына қанық тиісті лауазымдылар ғана түсіндіре алар. Менің ойымша, мұнда, жалпы, халықты тарихпен тәрбиелеу мәселесіне мән бермеу салқыны жатыр.  Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың атылған жақтарындағы бауырластар зиратына (іс жүзінде бір молаға тасталып)  жерленгені мәлім.  Белгілі тұлғалар жатқан сондай бейіт бастарынан топырақ әкеліп, Смағұлдың мәйіт-күлі қойылған қатарға символдық түрде жерлеу және естелік тақта яки ескерткіш орнату аса қиын шаруа емес еді, пантеон болмағанмен, тым болмаса сондай бұрыш бөлінгенде - азаттық күрескерлері аруағына тағзым етушілер қатары молая түсері кәміл-тін. Тәуелсіз елімізде неге Алашқа көрнекті ескерткіш, монумент жоқ дегенді де жоғарыда аталған салғырттықтан көрмеске амал жоқ. Халқымызды қасіретті тарихымызбен тәрбиелеуге мән бермеуіміздің өрескел салдары сол, жақында баспасөзде айтылғандай, Алаш қайраткерлеріне Семейдің орталық алаңына қойылмақ ескерткіштің тағдырын «қаланың көркін қорғаушы» төрт-бес белсендінің арызы шешіп тастапты. Егер тап осылай жалғана берсе, қазақы ұлттық-мемлекеттік бітімімізден біржола айрылып тынуымыз да әбден мүмкін.

- Бейбіт аға, өзіңіз жете зерттеген Бақытжан Қаратаев пен Алаш лидері Әлихан Бөкейхан көп нәрседе келіспеген. Тіпті Әлекең бір жерде Бақытжан Қаратаевқа қазақ тілін татар ағайынның мүддесіне жығып бердің дегендей қатты сын айтады. Басқа да Бақытжанға қаратып айтқан сыны жеткілікті. Осы арасын нақты түсіндіріп бере аласыз ба?

Ақтоты, Астана

- Құрметті қарындасым Ақтоты, былтыр менің «Рух-Сарай» атты танымды туындылар топтамамның 4-ші кітабы («Жекпе-жек», «Мәңгі бастау») шыққан еді, сонда осы екі тарихи тұлға көзқарастарындағы қайшылықтарды біршама түсіндіруге тырыстым.

- Беке! Осы Әкемтеатрдың бұрынғы-кейінгі басшылары алғашқы директор Дінше Әділұлын, театрды ұйымдастырушы Смағұл Садуақасұлын білгісі келмейді. Бұл олардың таяздығы ма, әлде аталған екі арысты  "менсінбегендіктері" ме?

Асан Жолдыбай

- Құрметті Асан, олардың да, театр жайында жазатын өнертанушылардың да мұндай немқұрайдылығының себебін мен де біле қоймадым. Діншенің туғанына 100 жыл толуын сол театрдың өзінде 2000 жылы сол кезгі директордың жәрдемімен және қатысуымен атап өткенбіз. Дінше директоры (көркемдік жетекшісі, бас режиссері) болған Ұлт театрының алғашқы маусымда 12 премьера ойнауы, төрт айда барлығы 20  спектакль қоюы көркемөнерпаздықтан кәсіби сахна өнеріне беттеудегі маңызды қадам болғаны анық. Халық комиссары Смағұл Садуақасұлы театр репертуарын молайтуға, спектакльдердің көркемдік сапасын көтеруге тікелей қамқорлық көрсетті. 1926 жылғы 11 ақпанда Ағарту халкоматының алқасы Ұлт театрының қызметі жайында Дінше Әділұлының баяндамасын тыңдап, талқылай келе қабылдаған қаулысымен  театрға «Қазақ Мемлекеттік Академиялық Театры» атауын берді. 1928 жылдың соңына қарай «бетінен қаны шыққан ұлтшыл» Дінше ОГПУ қармағына ілікті, «оңшыл-ауытқушы», «ұлтшыл-коммунист» Смағұл да сол шамада Қазақстаннан аласталды. Бүгінде сол заманда салынған тоталитарлық құлыпты ашуға, «ғұламалар» қалыптастырған «шындықты» айқындауға құлық жоқ тәрізді. Алғашқы репрессия толқынынан бергі сталинизм, неосталинизм салқындары біздің өнерпаздарымыздың, өнерді зерттеушілеріміздің санасына өшпестей болып мықтап ұялаған болуға керек, шамасы.

- Құрметті Бейбіт Қойшыбайұлы!

Бодандық кезеңінде, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бостандықсүйгіш ұлтшыл қазақ жастары Қарағандыда «ЕСЕП» («Елін сүйген ерлер партиясы»), Мәскеуде «Жас тұлпар» ұйымдарын құрғаны және ұлтшылдық іс-әрекеттері үшін түрлі жазалау шараларына ұшырағаны жұртшылыққа белгілі. Солардың жолын қуған бір топ жасөспірім оқушылар 1969 жылдың соңында, Павлодар қаласындағы №3 облыстық қазақ мектеп-интернатында (қазір №3 облыстық гимназия-интернаты) «Жас ұлан» атты жасырын саяси ұйым құрып, жұртшылықты отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген болатын. Ұйымды 1970 жылдың қаңтар айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК - КГБ) Павлодар облыстық басқармасы әшкереледі. МҚК-дағы тергеу аяқталған соң, облыстық партия комитеті ұсынған сценарий бойынша жалпы мектеп жиналысы, мектептің комсомол ұйымы жиналысы, ата-аналар жиналысы, педагогикалық кеңес, Павлодар қалалық комсомол комитетінің бюросы бірінен кейін бірі өткізіліп, жас ұландарға үсті-үстіне морольдық-психологиялық соққы берілді. Жиналыстарда мұғалімдер және комсомол белсенділері жас ұландардың саяси іс-әрекеттерін айыптаумен тынбай, жеке бастарын даттап, ата-аналарының да ар-намысын қорлайтын сөздер айтуға дейін барды! Ең соңында «Жас ұланның» белсенді мүшелеріне түрлі жазалау шаралары қолданылды. Атап айтқанда, 1970 жылдың сәуір айында өткен Павлодар қалалық комсомол комитеті бюросында ұйым жетекшісі: Қаниев Арман Бақтанұлы (осы жолдардың авторы), сондай-ақ ұйымның «комитет» деп аталған жетекші құрамының мүшелері: Бейсекеев Рашит Арайұлы, Жүнісова Айгүл Әшімқызы, Әлиева Гүлбаршын Қабдыкәрімқызы «Ұлттық саясат мәселесіндегі саяси-идеялық қателіктері» үшін деген айыппен БЛКЖО қатарынан шығарылды. Болат Какежанов, Сембай Құсайынов, Қайрат Қабылбеков, Алтын Махметоваға «Мектеп тәртібі мен ережесін өрескел бұзды» деген айып тағылып, комсомолдық есеп карточкасына қатаң сөгіс жазылды. Комсомол мүшелігінен шығарылған Арман Қаниев пен қатаң сөгіс берілген Сембай Құсайыновқа қосымша жазалау шарасы белгіленіп, 9-сыныпты бітірген соң «өз еркімен» мектептен қуылды және оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылды. Мұндай жаза комсомол қатарында жоқ жас ұландар: Қайролла Кәженов пен Саниял Мусинге де қолданылды, ал белсенділігімен ерекшеленбеген ұйым мүшелеріне ескерту жасалды. Ресми жазалаудың соңы астыртын саяси қысымшылыққа ұласқанын біз кейін сезіндік. Болат Какежанов, Алтын Махметова, Айгүл Жүнісова, Қайролла Кәженов сабақты жақсы оқығанымен, жоғары білім ала алмады. Қайрат Қабылбеков жоғары білім алғанымен, жоғары лауазымды қызмет істеуге өмірбаяндық дерегі сәйкес келмеді. Арман Қаниевтің (осы жолдар авторы) білім алу құқына қол сұғылды,сондай-ақ «КГБ-нің «қара тізімінде» тұрған саяси сенімсіз адамның туындыларын мерзімді басылымдарда жариялау - саяси қателік» деген сол кездегі партиялық ұстаным бойынша баспасөз бостандығына шектеу қойылды. Жария емес жазалау мен қудалаудың өзге де түрлерін бастан өткеркен ол кәмелетке толмай қара жұмыстар істеуге кірісті, орта мектепті әскер қатарынан оралған соң сырттай бітірді, жоғары оқу орнын да (ПМУ, филология факультеті) егемендік кезеңінде (1991-1995 ж.ж.) сырттай оқып, 40 жастан асқанда тамамдады. Ең қасіреттісі, Гүлбаршын Әлиева (1955-1975 ж.ж.) Алматыда, Шет тілдер нститутын бітіретін кезінде алты бірдей зорлықшы қарақшының қолынан қаза тапты, Рәшит Бейсекеев (1954-1990 ж.ж.) пен Айгүл Жүнісова (1954-1991 ж.ж.) жазылмас дертке шалдығып, дүниеден өтті, Сембай Құсайынов (1954-2005 ж.ж.) жол-көлік апатынан мерт болды. Жаратқан һақ жасөспірім кезінен қолыма қалам ұстағандықтан маған «Жас ұлан» оқиғасын кейінгілерге жария ету үшін осы күндерді көруді маңдайыма жазған секілді. Еліміз егемендігін алған соң, Павлодар облысының мемлекеттік мұрағатында (бұрынғы партмұрағат) сақталған «Жас ұлан» ұйымының ісі жөніндегі құжаттарға қол жеткіздім, облыстық, республикалық БАҚ арқылы жас ұландар жөнінде жарияланымдардың жарық көруіне бастамашылық көрсеттім. 1998 жылдың 26 мамырында ҚР Парламенті жанындағы Саяси жазалау шараларының құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның төрағасы С.А. Қасымовқа «Жас ұлан» ұйымының іс-әрекетіне саяси баға беру жөнінде өтініш те жаздым. Менің ойымша, қазіргі егемен елдік ұлықталған кезеңде, адамгершілік пен ар-ождан құрметтелген қоғамда кеңестік дәуірде екі жастың біріне жетпей тағдыр-талайы сергелдеңге ұшыраған жас ұландардың іс-әрекетіне саяси баға берілуге тиісті. Мұндай баға жас ұландардың о дүниелік болып кеткендерінің жаны жайлануы үшін, жер басып жүргендерінің көңілі орнығуы үшін керек, сонымен бірге кейінгі жастар мен жасөспірімдерді қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу мен ұлттық идеологияның іргетасын бекемдеу үшін де қажет. "Жас ұлан" ұйымы қоғам қажет еткен аймақта, қажетті мезгілде дүниеге келді. Кәмелетке толмаған мектеп оқушыларының саяси ұйым құрып, отаршылдыққа қарсы бас көтеруі жоғары билікке (сірә, КОКП ОК-не де) "Халықтар достығы лабораториясы", "Жүз ұлттың планетасы" атанған республикада байырғы халықтың ұлттық намысы мен төзіміне пәрменді сынақ жүргізу оң нәтиже бермейтіні жөнінде ой тудырып, отаршылдық саясатының қарқындылығын сәл болса да баяулатып, оған түзетулер енгізілуіне ықпал етті. "Жас ұлан" оқиғасынан кейін Павлодар қаласындағы бір балабақшада қазақ тобы ашылды, біраз уақыт өткен соң осы мектепке дейінгі балалар мекемесі "Ақ бұлақ" атты облыс бойынша тұңғыш қазақ балабақшасына айналды! Дүкен атаулары қазақша қойыла бастады. Сөйткен жас ұландар қазіргі кезде аңыз кейіпкерлеріне ұқсап, іс-әрекеттері ұмытылып бара жатқан секілді. Ал биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне - 20 жыл!

Құрметті Бейбіт Қойшыбайұлы! «Жас ұлан» ұйымының іс-әрекетіне саяси баға баға беру мәселесінің шешілуіне сіз атсалыса аласыз ба? Әлде кеңес беріп, дұрыс бағыт сілтейсіз бе? Бізге енді не істеу керек?..

Арман ҚАНИ, kaniar@mail.ru

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

«Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық ұйымының «Ертіс дидары» газеті редакторы.

- Құрметті Арман, мен «Жас ұлан» ұйымының іс-әрекетіне саяси баға беру жолындағы алғашқы қадам ретінде оның коммунистік режим кезіндегі астыртын ұлттық қозғалыстармен бірге ғылыми зерттеуге алынуы қажеттігін атар едім. Меніңше, сіздер өз тараптарыңыздан қолда бар құжаттарды жарыққа шығару, естеліктерді жинастырып, жариялау мәселелерін жасай берулеріңіз керек. Отандық тарих ғылымы әзірге Желтоқсан көтерілісіне де дұрыс баға берерліктей ғылыми тұжырымын қорытып ұсына қойған жоқ қой, сондықтан күдер үзбейік...

- Қадірлі Беке! Сіз сарысулық болған соң айтып жатырмын. Саудакенттегі Ықылас кесенесіне Қуаралда жатқан Ықыластың сүйегін жерлеу мәселесі жыр болып тұр. Бірі жақтайды, бірі қарсы дегендей айтыс-тартыс. Мәселен, композитор Ілия Жақанов, жазушы Пернебай Дүйсенбин Ықылас Дүкенұлының сүйегін Саудакентке әкеліп жерлеу керек десе, бұған ақын Дулат Шалқарбаев пен журналист Сағат Арын қарсы. Сіз қай жағындасыз? Жерлесіңіз Жұман

- Құрметті жерлесім Жұман, мен бұл мәселе бойынша біздің дәулетті елімізде былай істеген жөн болар еді деген ойдамын: Ықыластың Саудакенттегі ескерткіш-кешені ұлы қобызшы-композитордың өмір жолын, өнер тарихындағы қайталанбас орынын насихаттайтын, бәлкім, белгілі дәрежеде зерттеушілікпен де шұғылданатын іргелі мемориалдық мұражайға  айналдырылса, ол жерге Ықаңның зиратынан топырақ әкеліп қойылса, ал Қуаралда тыншыған оның басына осынау ұлы адамның өнеріне, әлемдік музыкаға өлмес үлес қосқан еңбегіне, өшпес даңқына лайық белгі (құлпытас-ескерткіш, күмбез) тұрғызып, сонымен бірге, әрине, зират пен мемориалды кешен арасына үзбей қатынап тұратын қазіргі заманғы автокөлік жолын салу, әуе қатынасын  орнату қолға алынса құба-құп...

- Бейбіт аға сіздің ұлтшыл жан екеніңіз жақсы белгілі. Ұлт келешегі туралы айтып жүрген ой-пікірлеріңізді орыс жанды, орыс тілді биліктің тыңдамайтыны жанды қинайды. Қазіргі билік тұрғанда қазақ тілінің Ақорданың, Мәжлістің, Сенаттың, Үкіметтің, Жоғары соттың төріне шығып, өзінің заңды орынына отырарына сіз шын сенесіз бе? Дүниежүзінің халықтары орыстармен халықаралық ағылшын тілінде жап-жақсы ұғысып жүр. Неге біз де солай етпейміз? Әлде әлі де орыс боданындамыз ба? Балаларымызға қосымша орыс тілін жабыстырғанша өзге маңызды пәндердің сағатын көбейтсек жөн емес пе? (Өз еркімен орыс тілін оқимын дегендерге қарсылық жоқ,әрине). Жалпы біз мың жылдан кейін де қазақ болып қала алатынымызға кепілдік бар ма? Жалаңтөс ініңіз

- Құрметті Жалаңтөс інім, қалайық-қаламайық - қазіргі билік тұғырында тұр, сондықтан оның назарын жанды, өзекті проблемаға үстін-үстін аудара беру парыз, үмітсіз - шайтан... Егер қазақтың ұлттық мемлекетін орната алсақ - біз мың жылдан кейін де қазақ болып қала аламыз.

- Әлеуметтік теңдік дегенді қалай түсінесіз кейбіреулер оны "комунистік режиммен" шатастырады. Жер байлығын жеке адамдар емес халық иеленуі керек емес пе?

- Жер байлығын жеке адамдардың иеленуі әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ете алмайды,  оны национализациялау және мемлекет меншігі ретінде халық игілігіне айналдыру қажет.

- Сіз Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің шығармашылығына қандай баға бересіз? Көптеген адамдар оны ортанқол ақын санайды. Тіпті кейбіреулер көп халтурщиктің бірі дейді. Ал енді кейбіреулер "Қазақ әдебиеті" гаазетінде аяғын жерге тигізбей мақтап жатады. Бұл қарама-қайшылыққа қалай қарайсыз? Осыған байланысты не айтасыз? Нұрлан Оразалин классик пе, жоқ әлде шынымен ортаңқол ақын ба? Жалпы оның шығармашылығы мемлекеттік сыйлыққа лайық па?

- Нұрлан Оразалиннің шығармашылығына білікті сыни пікірлер айтылып жүр, мақтау да жетіп-артылады, шындық, бәлкім, солардың ортасында шығар... Ал, жалпы, мемлекеттік сыйлықтың берілу тәжірибесі мен тәртібін жақсарту жолдары хақындағы ойларымды мен 1996 жылы «Әдеби қор жаршысы», 2007 жылы «Қазақ әдебиеті» газеттеріне жариялаған едім, солар 2010 жылы шыққан «Қарқара» публицистикалық хроника кітабыма енді. Жасырын дауыс беру екіжүзділікке апарады, үлкен әдебиет мүддесін ойлаған комиссия мүшесі үміткер шығармаға дауыс беру яки бермеу себебін жазбаша дәйектеп, пікірі мен бағасын ашық білдіруге тиіс және оны әдеби қауымнан жасырмау керек деп ойлаймын.

- Нұрлан Оразалин неге Жазушылар одағынан кеткісі келмейді? Мәңгілік төраға деген не пәле? Ұят емес пе? Жиырма жылдай басқарды емес пе? Қанағат қайда? Әлде Жазушылар одағының төрағалығынан кетсе, ешкім болмай қалам деп қорқа ма екен?! Әлде ақшаға қызығып отыр ма? Неге кейінгі кездері Жазушылар одағын халтурщиктер басқарып кетті? Әлде  Жазушылар одағын басқара алатын талантты ақын-жазушы қазіргі әдеби ортада шынымен жоқ па?

- Жазушылар одағы заман талабына сай ұйым болуға тиіс, бұл ретте мен әрдайым өз пікірімді ашық айтып келемін. Қазір де, өзіме қойылған сауалдарға жауап ретінде, әрі шешімін көптен тосып тұрған өзекті мәселе ретінде, барша  қаламгерлерге, тіпті Мемлекет басшысына мынандай арнайы ашық хат жолдауды қош көремін:

Жазушылар одағы басқармасының төрағасы (1996 жылғы Жарғы бойынша -  бірінші хатшысы) Нұрлан Оразалин одақты басқарып жүрген 15 жыл ішінде қызмет бабын асыра пайдаланудың неше түрлі үлгілерін көрсете келе, бүгінде қаламгерлер ұйымын жеке билеп-төстеушіге айналды. Н.Оразалиннің жазушыларға «қызметінің» кейбір «белестері» төмендегідей:

1) Уақыт талабы мен қалыптасқан жағдайға байланысты қаламгерлердің жылжымайтын мүлкіне заңды қожайын болып тұрған Әдеби қорды 1996 жылы Жоғарғы Сот судьясының сыбайластықпен ғана түсіндірілетін шешімімен заңсыз жойды. Әдеби қор меншігіндегі Шығармашылық үйдің жұмысын тоқтатып, іс жүзінде жауып тастады. Содан Шығармашылық үй әлденеше жыл бойы, үкімет тарапынан қаржы бөлініп жөндеуге алынғанға дейін,  азып-тозып, бос тұрды;

2) Жазушылар одағы мен Әдеби қор арасындағы Қызметтестік туралы келісімшартты елемей, Әдеби қордың басқаруындағы ғимаратты (Абылай хан, 105)  заңсыз жолмен, күшке салып қайтадан одаққа алуы салдарынан, ғимаратта отырған коммерциялық мекемемен жаңа келісімшарт жасасуға, сосын онымен көп жыл соттасуға мәжбүр болды;

3) Жазушылардың кезекті съездерін жарғылық мерзімнен екі-үш жылға дейін кешіктіріп өткізуді әдетке айналдырды.  Биыл өтуге тиіс съезді былтырғы мерзімді басылымдардың юбилейін атап өту үшін шақырылған,  одақ мүшелерінен гөрі оқырмандар көбірек қатысқан шығармашылық конференцияда (тым болмаса ұйымдық мәселе қарауға қақылы пленумда емес), заңсыз түрде Жарғыға өзгеріс енгізу арқылы «созып» алды (Жарғы бойынша мұндай өзгерту тек съезде жасалуға тиіс-тін);

4) Сол шығармашылық конференцияда «қабылданған» жарғылық толықтыру арқылы өзіне одақ мүлкін қадағалайтын «Құрметті төраға» деген лауазымды меншіктеді. Онысы жазушылар тарапынан үлкен наразылық туғызды. Баспасөзде (одақтың меншігіндегі басылымдардан басқа газеттерде) одақтың жалпы тыныс-тіршілігін қарастырған сыни мақалалар көптеп шықты. Алайда соларды не басқармада талқылау, не басқа ретпен ресми жауап беру шараларын жасамады;

5) Одақта құпия жолмен қалыптастырылған нақты ахуалдың астарын білу үшін бір топ жазушы басшылыққа ашық хатпен үн қатып, бір кездері қаламгер қауым атына алынған жылжымайтын мүлік тағдырын және соған байланысты басқа да жайларды  айқындап анықтап айтып беруді сұрады. Атап айтқанда, Шығармашылық үйде жұмыс істеуден жазушылар неге шеттетілді, қазір ол неге және қандай шартпен шетелдіктердің қонақүйіне айналдырылған? Шығармашылық үй жанындағы бақта кім қожайындық етіп жүр? Алматы қалалық әкімдігі 49 жылға берген көтерме базар кімге қызмет етуде? Алматы облысынан бөлінген алма бақ кімнің қолында? Астана қаласында жазушылар үшін алынған жерді кім пайдаланды? Одақтың негізгі ғимаратын кімдер және қандай шартпен пайдалануда? Одақтың Әдеби қорды жоюына қандай мұқтаждық болды, ол әрекетін одан кейінгі тірлігі ақтай алды ма? Қаржы-қаражат, шаруашылық мәселесін Одақ неліктен қалың қаламгерден құпия ұстайды, неге бұл жәйт ешқандай ашық талқылауға шығарылған емес? Мұның бәрінің жасырындығы мен «вето қоюға қақылы құрметті төраға» лауазымына құмартушылық арасында құпия байланыс жатқан жоқ па? Осы сауалдарға әлі күнге дейін ашық жауап берілген жоқ. Күмән көп, сондықтан, мұндай сұрақтарға айқын да ашық жауапты қаржы полициясы тиісті тексеру жұмыстарын жүргізсе ғана толық естіп, шүбә біткенді тарқатуға болатын сияқты;

6) Ұдайы, тұрақты түрде мемлекет меншігінде болып келген әдеби басылымдарды «жеке  меншікке өтіп кетті» деген жалған байбалам сала жүріп, Президент Әкімшілігінің жәрдемімен қоғамдық (жеке) меншікке алғаннан кейін, одақ басшысы оларды жазушылардың бәріне ортақ мінбер болудан қалдырды, бұлардағы қазіргі таңда орнатылған ішкі цензура, авторларды алалаушылық кеңес заманында да болған емес;

7) Одақ шығармашылық тыныс-тіршілік жайын, әдеби үдерісті талдап-талқылап отыру, оқырманға жету мәселелкері мүлдем «ұмыт қалдырған».

Осыларға байланысты, Жазушылар одағының басшылығын тездетіп жаңарту керектігін, Н.Оразалин мен оның командасын орындарынан босатудың мезгілі әлдеқашан келгенін айтар едім. Қаламгерлер ұйымында заман талабына сай шынайы шығармашылық  ахуал орнату үшін Президент Әкімшілігінің риясыз жәрдемі қажет екенін де еске салғым келеді.

(Жалғасы бар)

0 пікір