Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 6418 5 пікір 25 Наурыз, 2019 сағат 09:56

«Қыр баласы қол созады аспанға»

Бүгінде әлемдік дәрежедегі алғашқы қазақ әншісі атанып жүрген Димаш Құдайбергеннің халықаралық деңгейге көтерілгеніне екі жылдан артық уақыт өтсе де, ол туралы ақын Оңайгүл Тұржанованың кітапшасынан басқа тереңнен қузаған тиянақты дүние, тіпті Қазақстан көлемінде музыкатанушылық мақала жазыла қойған жоқ. Эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұрат осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Димаш. Когда жаждут крика» атты кітап жазып бітірді. Біз оқырман назарына сол кітаптың қазақ тіліне аударылған «Жер әлемді шарлаған қазақ әні» дейтін тарауын ұсынуды жалғастырамыз. 

(Жалғасы. Басы мына сілтемелерде: «Бағы бармен таласпа»Теңіз түптен тебіренеді,Димаштың дауысы және әлемнің 47 еліндегі бейтаныс таныстар), Димаштың динамикалық консерватизмі.

Осы тұрғыдан келгенде Димашқа объективті түрде жаһандану тұсындағы әлем халықтарының, субъективті түрде алғанда өз халқының әлеуметтік заказы деп қарау керек. Яғни ол қазақтың өнімі ғана емес, туған халқының көптен бергі талап-тілегінің, арман-аңсарының жемісі. Димаштың жолы – біздің жолымыз, Димаштың дүние айналған сапары – қоғамдық өмірде, әлеуметтік ой-санада жыл құсындай жаңалық, өрелі өзгерістер күткен біздің барлығымыздың арман-сапарымыз. Бүгінде «Димаш феномені» тақырыбына әркім әр тұрғыда тұрып қарап, өз пайымдауларын айтып жүр. Көпшілігі халық қазіргі эстрададағы жалғандыққа, талғамсыздыққа тойып бітіп, жаңа нәрсені күтіп жүрген қолайлы сәтте кенеттен маңдайы жарқырап Димаш шыға келді дегенге саяды. Енді біреулер оның жарқ етіп шығуы әлемде небір үлкен стандиондарды адамға оп-оңай лықа толтыра салатын талантты әншілер шау тартып, сахнадан кетер алдында жүрген дағдарысты тұсқа тап келгендігінен деп тұспалдайды. Қайсыбіреулер демократиялық жолдан тайған, жемқорлық жайлаған елде Димаш сияқты таланттардың топталып шыққанына және ғылымда, кинода, саясатта емес, дәл ән өнері саласынан шығып отырғанына таңданыс білдірсе, енді бір сарапшылар Қазақстанда Денис Тен, Генадий Головкин, Димаш тәрізді планеталық ауқымдағы пассионар жігіттердің бір уақыт кезеңінде бірден көрінуін бүгінде елде сөзден іске көшкен әлеуметтік орнықтылықпен байланыстырады. Шындық осылардың ортасында сияқты: иә, бүкіл салада да бүкіл есік құлыпқа салынып, тарс жабық тұрған болса Қазақстанда соңғы кезде қаулап шығып жатқан жоғарыдағыдай таланттар қайдан келген? Меніңше, жекелеген ұл-қыздарымыз болдырмасты болдырып жүр. Мігірсіз еңбек, дұрыс жаттығу, жалындаған жігерлерімен жолда кезіккен кедергі атаулыны оттай шарпып, күйретіп, жарып өтіп келіп дегендеріне жетіп жүр. Бұл жігіттер күнбе-күнгі шайқастарда шыныққан, шыңдалған нағыз жауынгер жігіттер, ешкім де, ештеңе де, ештеңе де бөгет бола алмайтын гиганттар. Бір мысал. 2013 жылы Әлішер Кәрімовтің «Славян базарында», 2014 жылы «Новая волна» конкурсында жолы болмады. Соңғы байқаудан кейін әншінің бұл конкурста өнерден басқаның бәрі бар екендігін мәлімдегені есімізде. Ал арада бір жыл өткенде Димаш Витебск конкурсында, және жыл аралатып Қытайдағы конкурста шын өнерге, шын шеберге тұсау жоқ екендігін дәлелдеп берді. Бұл қайраткерге, жігіт адамға тән мінез. Ендеше біздің ұятмэндердің қойып отырған кінәсіне тұп-тура керісінше Димаш нағыз еркек және жай ер-азамат емес, қазақтың сендер қарғадай шулап жоқтап отырған жауынгер батыры. Бірақ ол қазақты ұлықтауды сендер айтып отырған тар аяда емес, өзі биігіне шыққан планстарлық ауқымда түсінеді және туған халқын сол ауқымға лайық тәсілмен ұлықтауды діттейді. Яғни қазақты ұлықтау нәрсенің сыртқы белгілері (феномен) болса, оның ішкі белгілері (ноумен) де бар екендігін түсінеді. Бұл жерде ноумен, яғни сезіммен қабылдау арқылы білім табу – жоғарыда айтылғандай төлтума өнерді заманауи деңгейге трансляциялаудың жаңа технологияларын тауып, қолдану. Осы арқылы Димаш өткен дәуірдің қайта оралмас құндылықтарын бүгінде тарихқа айналып, өз бейнесімен бөлек өмір сүріп кеткен 2017 жылғы Singer байқауы үстінде-ақ қайыра еске салғанын біле бермеуіміз мүмкін. Әңгіме конкурстың бір турында Димаш орындаған белгілі «Бесінші элемент» фильмдеріндегі Дива Плавалагунаның ария-дансы жөнінде болып отыр. «Дива Данс» бірнеше опералық партиялардың музыкасын компьютерлік өңдеу арқылы жасалған, сол партиялардың біреуі (соңғы фрагмент) Бородиннің «Қыпшақ биінің» өңделген нұсқасы. Димаш компьютердегі электрон музыканы нотамен ойнағандай етіп, яғни музыкалық классификация бойынша ысқырауық регистрде орындайтындықтан фрагменттің дала музыкасы ретіндегі сипаты мамандар болмаса жай тыңдаушының құлағына білінбейді. Сондай-ақ Skreaming композициясының стакаттолар каскадымен келетін бір тұсы Димаштың өзі орындап жүрген Исаның «Желдірмесіндегі» «Ля-ля-ля-ку-ли-ля» деп ырғатылатын вокалдық әшекейлеуді еске салатынын да екінің бірі ажырата бермейді. Сол Skreaming-ді 2018 жылғы қыркүйекте Қытайдың Idol Hits Music Show жобасында орындаған кезінде Димаш композицияның дәл ортасына қазақша рэп қосып жіберді. Димашқа дейін филиппиндік тамаша әнші қыз KZ Тандинган Singer – 2018-де Rolling in the deep әнінің каверіне бір үзік рэп қатыстырған-ды, бірақ ол ағылшынша болатын, ал Димаш қазақша және онда жастарды ана тілін құрметтеуге шақырған сөздер бар. Сол шамада Қытайда өткен және бір концерт үстінде әнші «Хұсни-Хорланды» фортепианода өз сүйемелдеуімен орындады. Бізде дәстүрлі әндер осы саладағы вокалистерге ғана бейімделген ғой, оларды классикада, классикал кроссоверде орындағанда арнайы өңделген аспаптық партия жасалуы керек. Соған қарамастан кез келген әнді мәтінімен қоса бір естігеннен жаттап алатын даланың тума таланттарының тұяғы және мультиинструменталшы Димаш басқа елдің сахнасында осы қиын міндеттің де үдесінен сәтімен шыға білді.

Енді бір пара әңгіме әнші соңғы кезде өз шығармашылығындағы opera, pop, rock, sool стильдеріне қосып жүрген folk жөнінде. Қазірге дейін ол этник фолк элементтерді үш рет және үшеуінде де әуенмен қолданды. Алғаш Хунан тв 2018 жылы ақпанда өткерген гала фестиваль үстінде хрват музыканты Максим Мрвицаның пианодағы сүйемеліне вокализдік ноталарды дәл әуенмен қойып, тыңдаушыларын ғарыштық алыс қиырларға шым батырып әкеткені бар. Онысы көктемгі Singer-2018 байқауының гала-концертінде жұрттың алқауына шығарған Hello композициясына дайындығы екен: атақты американ әншісі Лионел Ричидің бұл белгілі әнінің каверінің аяғына қарай Димаш композицияның апофеоз бөлігін тағы да шығыстық бір әуенге құрды. Тыңдаған жанның көңілін көк сағымдай ойнатқан бұл бөлікті бірқатар жұрт азан деп тапты. Тіпті кейбір мұсылман бауырлардың ішінде зәуімде Димаш азан шақырар болса мешітте ине шаншар орын қалмас еді дегендері де болды. Димаш әндеріне коуч жасап жүрген жалғыз мұсылман музыка маманы Эмре Эджеленнің де пайымдауынша, Димаш вокализі азан табиғатымен үндес, тіпті түрік азаншылары айтатын нихавенд, хиказ мақамдарына келеді екен. Әрине, мешіт азанының вербальдық жағы болады, яғни онда Аллаға мадақ сөздер айтылады және уәзін өлшемімен тізілетіндіктен арабтар азаншыны муәзін дейді. Дұрысын Алла біледі, десек те бізге Димаш әуезінің дұға мақамына ұқсастығы бардай көрінді. Димаш бұл кесекті яһудилік хасид әні Hava nadila сияқты псаломдық кантилляциямен, басқаша айтқанда тәңіріге жалбарыну, дұға ету, тілек тілеу, яғни мантра, ригведа түрінде орындайды деу дәлірек болатын сияқты. Бірақ таза кантилляция емес, бір мұртымен басқа да бір қиырға әкетіп жатқандай көрініп еді сол жолы. Білгендей-ақ ойлаппыз: сол жылдың күзге салымында Димаш Сочиде «Грешная страсть» композициясының кульминациясындағы 3:30 уақытын бір таза этникалық фолк-элементпен өрнектеді, яғни шамамен он-он бес секунд бойы әуенді бір деммен, вибрато арқылы көмейлік деуге келетін өзгеше техникамен қайырып тұрды. Якутск қаласында тұратын Димаш фанаты Надежда Яковлева сол бойда комментарий арқылы: «Мен саха халқының көмей әніне ұқсас әуенді естідім» деп жазды. Оны өзге тыңдаушылар да іліп әкетті, тіпті ұлты орыс Елена Тихонова бұл әуенді «якут халық әні негізіндегі эпикалық «солтүстік шұғыласы» деп те жіберді. Әлбетте, бұлайша кесіп-пішіп айту үшін салыстырмалы зерттеу, соның ішінде спектрограммалық талдау жүргізу керек. Оның да уақыты келер, әзірге айтарымыз, көмей әуені саха яки алтай халықтарында ғана емес, әлемнің бірқатар халықтарының музыкалық дәстүрінде бар. Мысалы, ирландиялық белгілі әнші марқұм Долорес Оꞌ Р̛иордан рок стилінде айтқанымен кейде көмей әніне салып кететін. Немесе белгілі пианист-композитор Хавасидің The Storm feat композициясының Лиза Джеррард орындайтын нұсқасында вокализ бен ән аралығындағы фолкәуендер бұрқанып жатқан теңіз дауылының метафизикалық келбетін көз алдыға әкеледі. Батыста бұл техниканы «therme» дейді. Кеңес кезінде бурдон деп атайтын. Алтай кижиде, сахада кай дейтін атпен танымал. Бағзы түркіде теңізді кай, қайман деген, яғни кай техникасы теңіздің тылсым тұңғиығынан шығар психоделиялық дыбыс-көріністер сықылды дауыс аппаратының тереңінен, қолқа-жүрек тұсынан алынады. Алтайда кайдың каркыра, сыгыт, сыбыскы, коомей деп келетін бірнеше стилі бар. Димаштың осы кайға ұқсас әуенмен айтуы бір есептен реминисценция, яғни әнші ертеректе бір жерде естіп, санасында жатталып қалғанды өзі де білместен қайталайтын сияқты. Олай дейтініміз, Димаш 2012 жылы Ялтада өткен эстрада әншілерінің «Шығыс базары» конкурсына саха елінен келген Юлиана Кривошапкинамен (шын аты Уһуктуу) бірге қатысты ғой. Юлиана жан-жақты әнші, ол саханың осухай көмей әнінен бөлек тойук, дэгэрэн, чабырках тәрізді фолкәуендерін, сонымен бірге поп әндер де орындайды. Сол жолы Ялтада Уһуктуу хомус (варган, шаңқауыз) қосып, көмейден қайырып тұрып, кісінің сай-сүйегін сырқырататын бір медиативтік перформанс жасаған-ды. Әрине, Димаштың оны тыңдамауы мүмкін емес.

Десек те көмей әні – тамақты кернеп, қырнап айту қазақта да бар екендігін ескеруіміз керек. Әсіресе оның біздегі ең көрнекті үлгісі Сыр бойының әншілік, жыршылық дәстүрінде сақталған. Сонымен бірге бұл техниканы Шыңжаң өлкесінің қазақтары да қолданады. Мысалы, «Екі-ау жирен» әнінің кіріспе бөлігін Құрметжан Бағдәулетұлы көмейлік дыбыстарға құрады. Біздің MEZZO тобы да «Арго» әнінің каверінің интродукциясына соло түрінде осындай медиативтік перформингті сәтті кіріктірген. Демек, Димаш артистік түйсікпен көне хундардың тұқым теберігі болып саналатын саха мен қазақта сақталып қалған түркілік бағзы кай өнеріне көмей техникасын қосып, Таяу Шығыстағы мизрахи тәрізді өзінше бір стиль түзуі де мүмкін ғой. Музыка мамандарының бір керек жері де осы. Себебі, Димаш қолдана бастаған көмейлік релиздердің табиғаты өте күрделі, әрі ол гибридтік сипат танытады: ойымша, әнші қазақтың көмей әні мен азандағыдай көне түркідегі дыбысты таңдай арқылы мұрыннан жіберетін тойук стилі ортасынан өзгеше, ұнасымды үлгі пішкен. Егер дұрыстап тыңдаса, жоғарыдағы көмейлік, таңдай-мұрын ноталардың терең қойнауынан құлаққа «Елім-айда» бар бір дыбыстар да шалынар еді.

Бір сөзбен айтқанда, Димаш ұлттық саз өнерін заманауи эстрада арқылы үлкен сахнаға шығару төңірегіндегі әрекет-ниетінде қай халықтың да табиғатында бар этник әуендерге айрықша маңыз беретіні, бүгінде соны құлаққа көмес штрихтар арқылы ән құрылымына кіріктіріп жүргені аңғарылады. Мұның өзі ұлттық этник стильді таспадай өріп бір-ақ туынды жасауға, мысалы саханың «Хотой уонна Хомусы» сияқты кәделі музыкалық этно-рок-поп спектакльге әкелетін жолдың басы болуы да мүмкін. Әрине, болашақта. Ендеше Айша Ахмет сияқты жекелеген пікір білдірушілердің «Мәселе Димаштың әндерінде халықтың «көңіліне түрлі ой салатын» қазақы дауыс пен нағыз қазақи ырғақтың аздығында деп келетін сөздері еш сын көтермейді. Димаштың қазақтығы жоғарыдағы пікір иелерінің қарадүрсін ұлтшылдығынан жоғары тұр, оның ұлтшылдығы әлдеқайда кең де ауқымды, яғни қазақ мәдениетін, қазақ өнерін халықаралық деңгей талаптарына сәйкестендіріп, ұлттық сипатты интернационалистік сипатқа, интернационалистік сипатты ұлттық сипатқа кіріктіріп жіберу. Ал әзірге Димаш әр концертін, жекелеген нөмірлерін өзінің визит карточкасына айналып кеткен Welcome to Kazakhstan! эпикалық шақыру сөзімен аяқтап жүр.

(Жалғасы бар)

Мақсат Тәж-Мұрат

Abai.kz

5 пікір