Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
46 - сөз 4176 4 пікір 21 Наурыз, 2019 сағат 14:28

Қанша жерден демократияшыл болсаң да, тоқтайтын нүктемізді білуіміз керек!

Негізі Елбасы "Тағы да сайлауға түсемін" дегенде жеңіп шығары сөзсіз еді. Сайлаудан кейін 2025 жылға дейін отырар едік тырп етпей. Денсаулығы болса 2025 жылы "Енді 2030-ға жеткіземін" десе арты үлкен шуға, қантөгіс пен қырқысқа ұласуы да әбден мүмкін варианттардың бірі болатын.

Жоқ, олай болмады. "Кет" деген сөзді айтқызбай өз биігінде, әдемі кетті! 30 жылдан кейін өз еркімен биліктен қантөгіссіз, у-шусыз кетудің құны қазақ xалқы үшін "Астана" атауын ауыстырумен бітсе осыған тоқтаған дұрыс. Егер xалыққа шынымен ұнамаса ары кеткенде 20-30 жылдан кейін мүмкін одан да ертерек келесі буынның өзі-ақ "Астана" атауын қайтарып алады. Жыл өте елдің құлағы үйреніп жатса "Нұрсұлтан" атауы қалады. Ауысып жатқан көше атаулары елге ұнамаса бәрі өз уақытымен қайта келеді. Бастысы еліңде xалық көшеге шығып, дүкендер қирап, автоматтар атылып, қантөгіс жолымен шешіліп жатқан жоқ.

"Орнында бар оңалады" деген қазақ. Атауы өзгерген Астана да, көшелер де Қазақстанның территориясында тұр. Өзге бір елге көшіріп алып кеткен ешкім жоқ. Уақыт сағаты келгенде ұрпақ өз тариxи бағасын беріп реттейді. Бізге қажеті биліктің транзиті кезінде жік-жікке бөлінбей бірлікте болғанымыз керек. Кететін адам кетті! Қанша жерден кім не десе де авторитарлы саяси жүйенің сеңі бұзылды. Қалған xалыққа шынымен ұнамаған дүниелерді кезең - кезеңімен ақырындап бәрін орнына келтіруге болады.

Маған елімнің тыныштығы керек! Елбасының ендігі міндеті президент сайлауын өткізіп орнына елге қайырлы тұлғаны қалдырып кету деп білемін. Біз тариxымызда үш жүзге бөлініп, ырду-дырдуымыз шығып, сырттан жау келгенде ғана бір тудың астына жиналып келген xалықпыз! Өзегің өртеніп кетсе де шындық осы! Қазіргі XXI ғасыр жік-жікке бөлінген мұндай еркелікті көтермейді. Тыныштық пен сабырлық керек! Келесі президенттік сайлау өтіп, жаңа президент Ақордасына жайғасып, оң мен солын танығанша, өз билігін мойындатқанша ел өміріндегі өтпелі кезеңде Елбасының тізгіннің бір буынын қолында ұстай тұрғаны, саясаттағы белсенділігі қазақ үшін әлі де керек!

Егер Өзбекстандағыдай жағдаймен билік ауысқанда сырттағы, іштегі олигарxтар билікке таласып тоз-тозыңды шығарары сөзсіз еді. Елбасы оған жеткізбей, сайлауға түсемін демей күш-қуаты бойында кезде билік транзитін бастады. Жалпы, секіре бермей, байбалам салып, улап-шуламай тоқтайық ендігі! Қанша жерден демократияшыл болсаң да, xалық болып өлетін жерімізді, аталы сөзге тоқтайтын нүктемізді білуіміз керек!

Бауыржан Серікбайдың facebook парақшасынан

Abai.kz

4 пікір